«Мен үшін Мұқағали – Пайғамбар. Оның әлемі – жұмақ мекенім»
el.kz
Осыған орай, ORDA өмірін Мұқағалиды тануға арнаған ақын Бақыт Беделханмен сұхбаттасты.
Сіз үшін Мұқағали кім? Мұқағалитануға қалай келдіңіз? Оның нәзік жанын толық тани алдыңыз ба?
«Мен үшін Мұқағали – Пайғамбар, Пайғамбар ақын. Мағжан Жұмабаев та айтады ғой «мен күннен туған, ғұннан туған Пайғамбармын» деп, ал Мұқағали өз күнделігінде «менің құлағыма бір тылсым үн келіп, сыбырлайды, соны елестетіп отырып жазамын» деген. Бұл – Пайғамбарлық. «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген». Мен үшін ол – сол сұмдық сырдың жұмбағын ашып, бүкіл өлеңнің құдіретін, өлеңнің қасиетін, өлеңнің сиқырын танып, сөз патшасын тағына қойған адам. Әрине, Мұқағалиды тану, оның тылсым жұмбағын шешу өте қиын. Ең бастысы біз сезіне алуымыз керек, ұғына алуымыз керек, түсіне алуымыз керек.
Мұқағалиды тануға деген талпыныс жалғаса береді. Өзі айтқандай «мен ХХІ ғасырдың құрдасымын, бәлкім одан арғысының да». Сол сияқты Мұқағали жаңа толқын, жаңа дәуір, жаңа кезеңдерді де жаңғыртып, жандандырып, соларға да қызмет ете беретін ұлы тұлға. Өз тағдырын өзі болжап, өз тамырын тереңге жалғап кеткен ақын. Сондықтан да бұл Мұқағалиды тану тоқтамайды.
Мен Мұқағалиды танимын деп талпынып келген жоқпын. Мұқағали 12-13 жасымда түсіме үш рет кіріп, содан кейін мен қолыма қалам алдым. Осылай өнерге, өлеңге келген адаммын. Сол үш рет түсіме кіргеннен кейін, шешем жеті шелпек пісіріп кемпір-шалды, көрші-қолаңды шақырып, құдайы тамақ беріп, «атаң қолдап-қоршап жүр екен, әруағы қолдасын» деп ниет қылған. Содан кейін Мұқағали әлемі аңсарымды аудартады да, сағындырады да тұрады. Ол әлем мен үшін – Жұмақ мекенім сияқты».

«Өз ұлтының тәуелсіздігін аңсаған азаттықтың ақыны – Мұқағали Мақатаев» дегенге келісесіз бе?
«Мұқағали – өз ұлтының тәуелсіздігін, азаттығын, еркіндігін аңсаған ең адал, таза, кіршіксіз тұлғалардың бірі. Оның кез келген шығармасы социализм шеңберінен шыққан. Цензураның шеңгелінен де шығып кеткен еркіндігі бар еңселі ақын. Жырлары ерекше. Қарапайым туған жер болсын, Отан туралы болсын, ел, жер, бесіктегі сәбидің өзін жырға қосып «босатшы, кәні, бөпенің аяқ-қолын матамай» дейтін. Соның өзі еркіндік. Мұқағалидың кез келген поэзиясының астарын қарасаң - еркіндіктің лебі есіп тұрады. Сондықтан да ол азаттықты аңсаған, еркіндікті мақсат-мұрат қылған, тәуелсіздікті ту еткен ақындардың бірегейі деп айтуға болады».

«Әдебиет порталында» ақынның өлеңдері жиі сынға алынады. Ақынның даралығын сынға алуға бола ма? Осыған деген көзқарасыңыз қандай?
«Әлеуметтік желі деген талай адамның жетім өкпесін желпілдететін нәрсе ғой... «Әдебиет порталы» да, оның ішінде білетіні бар, білмейтіні бар, түсінетіні бар, түсінбейтіні бар, тобыры да бар, барлығы қосылып пікір айтады. Соның бәрімен Мұқағалидың асқақ рухын аласартуға болмайды. Оны сынап жүргендер сынық сүйем пәруардігер пенделер. Асқар Сүлейменовтың бір-ақ ауыз сөзі бар. «Мұқағалидың таңдамалы өлеңдерін шығарайық деп жатырмыз» деген кезде, Сүлейменов «Мұқағалидың таңдамалы емес өлеңдері бар ма?! Бәрі таңдамалы!» деп айтқан. Сол бағаның өзі үлкен жетістік, үлкен өлшем. Сондықтан мен порталмен келісе қоймаймын. Мұқағалиды сынап-мінеп, әңгіме айтып кемшілік іздеп тырнақ астынан кір іздегенше, әркім өзі айнаға қарап, әңгіме айтуды үйренсін.
Абай ақылдың ақыны болса, мен үшін Мұқағали ақынның ақыны. Былай қарағанда, тап-таза, мөп-мөлдір періштені кірлетіп, соны сынауға бола ма?!
Ал Мұқағали дәл сондай адалдықтың, тазалықтың, мөлдірліктің, кіршіксіз ғажайыптың символы. Тұрсынжан Шапай ағамыздың бір сөзі бар еді «мен періштені көріп, шошып кеттім» дейді. Сол сияқты Мұқағали жырларының мөлдірлігімен, ар жағындағы адалдығын көріп, шошып, үркіп жүргендер оны сынауы мүмкін. Ал шын түсінген адамның түйсігі содан былғана қояды деп ойламаймын».

Жұртшылық ақынды лирик ақын ретінде таниды, оның басқалар білмейтін қандай қырымен бөлісе аласыз?

«Әрине, жалпылама айтқанда оны лирик ақын, сыршыл ақын деп таниды. Мұқағали азаматтық рухы биік, эпикалық тынысы кең, лирикалық дүниесі жұмақтай адам. Оны ақын ретінде ғана емес, жазушы-драматург ретінде, аудармашы ретінде, тіпті сыншы ретінде қарауға болады. «Мен» деген сыншылардың айта алмайтын дүниелері оның күнделіктерінде қалбырланып айтылған. Сондықтан, ол – жан-жақты, ерекше тұлға. Мұқағалиды лирик ақын деп қана бағалау - оның асқақ рухын аласарту, беделін төмендету. Олай етуге болмайды. Ол – ұлы тұлға. Тұлғаға сегіз қырлы бір сырлы деген сияқты барлық қасиеттер жарасады. Мұқағали оған әбден лайық!
Ол әр жанрға қалам тартқан қырлары ғой. Пенде ретінде ол кісінің әулиелігі талай жұрттың аузында аңыз болып жүр. Мұқағали бата берген, арқасынан қаққан, маңдайынан сипаған, ықыласын білдірген адамның жерде қалғаны жоқ. Өзінің інілері болсын, қарындастары болсын, кішкентай балалар болсын «мен Мұқағалидың батасымен, ықыласымен осындай болдым» дейтін артынан ерген жастар қаншама?! Солардың бірі қарындас, бірақ қатарлас Фаризаға деген бір ықыласының өзі оны аспандағы ерекше жап-жарық жұлдызға айналдырды. Фариза апамның өзінің де айтатыны бар: «Мұқағали бүкіл шығармашылығымның прожекторы. Үлкен прожектор жағып берді». Бұл бір Фариза ғана, бірақ оның артынан ергендер қаншама?! Соңғы 30 жылда, тәуелсіздік алғалы жастар осы Мұқағали арқылы өлеңге, өнерге, руханиятқа келіп жатыр. Міне, тәрбиенің көкесі қайда жатыр...».
«Мұқағали бүкіл шығармашылығымның прожекторы. Үлкен прожектор жағып берді».
Фариза Оңғарсынова

Мұқағали Мақатаев «менің достарым жоқ» деген. Осы орайда, ақында дос бола ма?
«Мұқағалидың Фаризаға «жігітінен қазақтың дос таба алмай, қызда болсаң мен саған мұң шағамын» дегенінен шығып тұрған әңгіме ғой. Ақынның жалғыз досы оның махаббаты. Ол біз ойлағандай ет пен терінің арасындағы желік емес, ақынның махаббаты деген 18 мың ғаламды қамтитын, Алланың нұрын сезінетін, табиғатын, тылсымын ұғынатын құдіретті күш. Сол махаббаты – досы. Сондықтан ақын да дос болады. Махаббат болған жерде дос болады, дос болған жерде махаббат болады. Бар боп тұрса, жоқты аңсайтын, жоқты бар ғып қабылдайтын ақындардағы тылсым түсінік. Ал Мұқағалидың досы – оның махаббаты. Сол кіршіксіз, мөлдір махаббатының арқасында биыл 90-ға келер еді. 45 жыл фәниде, 45 жыл бақида. Былай қарасаң, құстың қос қанатындай ғұмыр. Қазақ айтпақшы, «екі дүниенің рахатын көр, екі дүниенің бақытын көр». Менің Мұқағали көкем сол екі дүниенің бақытын көріп жатқан рух. Арғы дүниеде жатып, бергі дүниенің берекесін бесіктей тербетіп жатқан бақытты ақын. Ол – асқақ және мәңгілік».
Сұхбатыңызға рақмет!
Жаңалықтар
- «Орталық Азия – Қытай» форматы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде нақты шешім үлгісі болады
- Негізгі тестілеуден бір апта өтпей жатып 86 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды
- «Әскерге күштеп әкетіп жатыр»: Заңгер рейдтердің қай жері заңды, қай жері заңсыз екенін түсіндірді
- Қазақтың дауылпаз ақыны Олжас Сүлейменов 90 жасқа келді
- Қатаң жазаға дайынмын: Сұлтан Сәрсемалиев сотта қылмысын мойындады
- Владимир Зеленскийдің ең жақын серігі Андрей Ермак тергеу абақтысынан шықты
- Стамбұл–Измир тас жолында жолаушылар автобусы аударылды: Көптеген жарақат алғандар бар
- Құрбан айттың құрметіне — 27 мамыр демалыс күні
- БАҚ: Алматы облысында полиция бастығының орынбасары әйелін қызметтік көлікпен қағып өлтірді
- БАӘ аумағына дрондар шабуыл жасады: Олардың бірі атом электр станциясы маңына түскен
- Желіде Павлодардағы ХҚКО-да түсірілді делінген видеоның жай-жапсары белгілі болды
- Атырауда қайын жұртын қырып тастаған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот процесі басталды
- Павлодар алюминий зауытында екі жұмысшы жарақат алды
- Куба дәл Иран сияқты енді АҚШ-қа қарсы әскери әрекеттерге дайындалып жатыр
- АҚШ-та авиашоу кезінде екі әскери жойғыш әуеде соқтығысты
- Түрмеде жатып бизнес жасап, бостандықтағы азаматтардың қалтасын қаққан адамға жаза қосылды
- Астанадағы LRT пойыздарының жолда «тұрып қалған» себебі белгілі болды
- Ақтөбелік емші Динара Сәтжан мен Баян Алагөзоваға тиісіп, істі болды
- Қырғыз президенті БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі сайлау алдында әлем көшбасшыларына үндеу жасады
- АҚШ пен Иран келіссөзді қайта бастау үшін тағы да бір-біріне талап қойды
