Мәслихат депутаты мемлекеттен субсидия алып, қаражатын казиноға ұтқызған

cover

Алматы облыстық мәслихатының депутаты Бекет Әбішев миллиардтаған теңге субсидияны алаяқтық жолмен алды деген күдікке ілінді. Полицияға оның бұрынғы бизнес-серіктері шағымданған.

Кәсіпкерлердің айтуынша, депутат 3 млрд теңгеге жуық ақшаны таңқурай өсіріп, оны Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттаймын деп алған екен. Көрші елдер Қазақстанның жеміс-жидегіне тәуелді емес екені айдан анық болса да Ауыл шаруашылығы министрлігі оған жыл сайын жүздеген миллион теңгенің субсидиясын, ал Аграрлық несие корпорациясы жеңілдетілген несие беріп келген. Бекет Әбішев бұл ақшаның көп бөлігін інісінің компаниясы арқылы өз шотына аударып отырыпты. Тіпті, 160 миллион теңгесін казинода ұттырып жіберген. Шағымданушы кәсіпкерлердің, депутаттың және есепсіз қаржыны сол депутатқа берген Аграрлық несие корпорациясы өкілдерінің пікірін рет-ретімен баяндауға тырыстық.

Кәсіпкер Ержан Хайрлиев Бекет Әбішевтің досы әрі бизнес-серігі болған. Оның айтуынша, екеуі және тағы бірнеше кәсіпкер бірігіп, 2018 жылы үлкен шаруа бастауға уағдаласыпты. Жұмыс басталып, мемлекеттен субсидияның алғашқы легі түскенде Әбішев жалған құжат жасап, шоттағы жүздеген миллион теңгені өзіне аударып алған көрінеді. Шағымданушылардың дәлел ретінде әкелген құжаттарында Бекет Әбішевтің жеке шотына 2,2 млрд теңгеден астам қаржы аударылғаны көрсетілген.

«Біз 2018 жылдың қарашасында 700 млн теңгедей несие алдық. Райымбек ауданындағы 400 гектар жерге таңқурай егеміз деген міндеттеме алғанбыз. Жобаны бастап, мен кепілге құны 170 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік ретінде 2 мың гектар жерімді және жүк сақтау қоймасын қойдым. «Tengty Land» ЖШС құрып, оның директоры болдым, ал Әбішев компанияның «гаранты» болды. Әбішев «менің атымда ештеңе болмау керек, ертең мен депутат болам, сол кезде таза болуым керек» деді. Ол да 480 млн теңгенің жылжымайтын мүлкін кепілге қойды. Ақша түскен соң ол сылтау тауып, ұрыс шығарды да, «екеуміз бірге жұмыс істей алмайды екенбіз, мен өзім айналысам, субсидияны да өзім алам, компанияны сат» деді. Сол аралықта тағы 700 млн теңге субсидияны компанияның атынан электронды өтініш беріп алып алған. Есепші, менеджердің бәрі өз адамы, мен қолда билігі жоқ директор болып қалдым. Таңқураймен мүлдем айналыспадық. Бір жылдан кейін ол Серік Үсембаев деген адамды тауып әкелді де, компанияның құжаттарын соған аудардық. Мен компанияны 2019 жылы 160 млн теңгеге оларға саттым.  Құжат жүзінде барлық міндеттемелер компанияның жаңа қожайынына аударылса да, олар мені борышкер есебінен шығармады. Несиенің ақшасын да, субсидияны да өздерінің есеп шотына аударғанмен, 700 млн теңге қарыз әлі күнге менің мойнымда», – дейді кәсіпкер Ержан Хайрлиев.

 Ержан Хайрлиев

«Алаяқтық әрекетін жүзеге асыруға мүгедек інісін пайдаланған…»

Хайрлиев компаниядан шығып кеткенмен, кепілдегі мүлкі қалып қойған. Есесіне депутат өзінің атынан қойған 480 млн теңгенің жылжымайтын мүлкін несие төленбесе де кепілден шығарып алған екен. Арада екі жыл өткенде бұрынғы директор мемлекет қаражатын талан-таражға салып, субсидияны заңсыз алды деген айыппен тергеуге шақырылады. Сол кезде Хайрлиев барлық құжатты қайта көтертіп, сот сараптамасын жүргізеді. Нәтижесінде депутат жалған мөр жасатып, бұрынғы серіктестіктің атынан жүздеген млн теңгенің субсидиясын тұрақты алып отырғаны анықталады. Бір қызығы, негізгі ЖШС-ден бөлек Әбішев ондаған шағын компанияның атынан да субсидия алуға өтініш беріп, оның бүкіл өтініші мақұлданып келген екен.

«Менің үстімнен тергеу басталып, 183 млн 300 мың теңгені заңсыз алды деп айыптады. Мені қамауға алу туралы да қаулы шыққан. Ақыры бұл ақшаға қатысымның жоқ екенін, бір тиын да алмағанымды, барлық қаражаттың тікелей Бекет Әбішевтың есеп шотына түскенін мемлекеттік сот сараптамасы арқылы дәлелдеп шықтық. Менің атымнан қол қойылып, ол ақшаны банктен Әбішев шешіп алған кезде, мен Ресейде бір ай бала-шағаммен демалыста болғанмын. Қаражатты өзінің мүгедек інісінің атынан ашылған «Әбішев» жеке кәсіпкерліктің есеп шотына аудартып, оны қолма-қол ақшалай алып отырған. Сол кезде бірден қылмыстық іс қысқартылды.

Бірақ «Tengty Land» ЖШС атынан 183 млн теңге ғана емес, жалпы сомасы 700 млн теңгенің субсидиясы алынған. Сонда ақшаны берушілер де, тергеушілер де әлгі қалған 500 млн қаражатты неге іздемейді? Өйткені, бұл тапсырыспен ашылған іс. Мен кінәсіз екенім дәлелдегенде, барлық қаражатты іздеу бірден тоқтатылды. Бірақ ол ақшаға тағы кімнің қатысы бар екенін, кімнің алғанын анықтап, мемлекетке қайтару керек қой?! Құзырлы органдар олай жасаған жоқ, істі жылы жаба салды.

Қудалаудан бөлек, 2020 жылы мені төрт жігіт соққыға жығып, өлімші етіп тепкіледі. Шабуыл дүкеннің ішінде тұрған бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Бет-ауыздарын тұмшалап, арнайы дайындықпен келген қылмыскерлерді әлі күнге полиция ұстаған жоқ. Бір ай жансақтау бөлімінде жатып, аман қалдым. Ондағы мақсат – мені өлтірсе қаржының да сұрауы болмайды, барлық кінәні маған жаба салу еді» дейді кәсіпкер Хайрлиев.

100 гектардың тек 1 гектарына көшет егіп, 183 млн теңге субсидия алған…

Кәсіпкердің айтуынша, «Tengty Land» ЖШС мен «Драган» ЖК арасында келісімшарт түзіліп, 766 млн теңгеге 730 мың қарақат көшетін 400 гектар алқапқа отырғызу көрсетілген. Алайда, субсидия бөлінгенмен, «Бен Конан» сортты көшет сол қалпы өсірілмеген.

Сондай-ақ, депутаттың басқаруындағы компаниялар 2019 жылы мемлекеттен 183 млн теңгенің субсидиясын алып, 100 гектар жерге 666 мың 700 дана бүлдірген өсіруі тиіс болған екен. Бірақ, іс жүзінде тек бір гектар жерге ғана көшет отырғызылыпты. Шағымданушылардың сөзінше, алаяқтыққа құрылған мұндай жобалардың саны өте көп. Мемлекеттен алған ақшаның жалпы сомасы үш миллиард теңгеге жуықтайды екен.

Қазіргі таңда кәсіпкер Ермұхат Саматтың арызы негізінде депутат Бекет Әбішевтің үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арызда депутат осы іспен айналысқан өзге компанияның өкілдеріне құжатта көрсетілген сорттан басқа, сапасыз өскіндерді 100 млн теңгеге сатқаны, соның кесірінен шаруалардың шығынға ұшырағаны айтылған.

«Бекетті 2005 жылдан бері білеміз. Ол Мадина Хайыпова деген бухгалтерімен осы алаяқтық әрекеттерін бірге жасады. Мадина оның тек есепшісі емес, екеуінің арасында бір бала бар. Әйелімен заңды түрде ажырасқан. Бірақ, бүкіл байлығы сол ажырасқан әйелінің атында жазылып тұр. Мені шошындырғаны, мемлекетті, шаруаларды осыншама шығынға батырған адам қалай депутат болып сайланды? Мұндай адамға депутаттық мандатты қалай ғана сеніп тапсырды?

Бекеттің үстінен 108 рет қарсы шағым жазыппыз. Сол кезде оның мөрді қолдан жасағаны, бұрынғы директордың атынан қол қойғаны, Хайрлиевтің электронды кілті арқылы өзге офистегі компьютерден субсидия алуға тапсырыс бергендігі, сол субсидиялық қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, қалтасына басқаны анықталды. Миллиондар Әбішевтың карточкасына түсіп отырған. Соған қарамастан ол әлі күнге дейін депутат болып отыр. Мұндай адамдармен біз қалай жаңа Қазақстан құрамыз?

Депутат болғаны өз алдына, Әбішевтің алаяқтық әрекетін толық дәлелдеп берсек те, құзырлы органдар оны әліге дейін жауапқа тартқан емес. Әбішевтің жымысқы әрекетін анықтау үшін керемет із кесуші немесе тәжірибелі экономист болудың қажеті жоқ, ол алаяқтық әрекетін өте қарабайыр жолмен жүзеге асырған. Біздің қолымызда қылмысты дәлелдейтін құжаттың бәрі бар», – деді кәсіпкердің қоғамдық қорғаушысы Береке Хайрлиева.

 Береке Хайрлиева

Казинода бір күнде 160 млн теңге ұтылған

Бекет Әбішев мәслихаттың депутаты ғана емес, Алматы облысы мәслихатының «Экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика мәселелері бойынша» тұрақты комиссия мүшесі. Облыстық мәслихаттың ресми сайтында 43 жастағы депутаттың «Almaty Berry Plants» ЖШС-нің бас директоры екені жазылған.

Ол шағымданушылардың бүкіл айтқанын жоққа шығарып отыр. «Бар болғаны, олар мені малина нарығынан шығарып тастамақшы» деп ақталды. Бекет Құдайбергенұлы, өзінің субсидия алғанын да, жүздеген миллион теңгені казиноға ұтқызғанын да жасырмады. Айтуынша, өзгелер айтқандай 3 миллиард емес, 1,8 миллиард теңгенің субсидиясын алған екен.

«Мен бизнеспен айналыспаймын, ондай құжаттарым да жоқ. Бизнестің бәрі інімнің атында. Шағымданып жүрген Болат, Ержандар маған жала жауып отыр, мен де оларды сотқа беріп, іс қозғатайын деп жатырмын. Құзырлы органдар бұған дейін де маған қарсы 18 рет іс қозғап, 8 рет сотқа берді. Үстімнен 6 рет қылмыстық іс ашылып, артынша жабылды. Қазір екі қылмыстық іс жүріп жатыр. Оны да жапқызам. Мен шаршадым, қазір бүкіл бір адвокаттық конторды жалдадым.

Бұлар бізге «субсидияны өздерің алыңдар» деп қолхат жазып берді, біз осылайша ақшаны алып отырдық. Енді келіп арыз жазып жүр. Мені малина нарығынан шығарып тастамақшы. Үкіметтің ақшасына жоламай-ақ қояйыншы деп былтыр кәсіпті тоқтаттым. Бірақ, қудалау әлі жалғасып жатыр. Прокурорлармен жақсы ма, білмеймін, әйтеуір Таразда, Алматыда, Алматы облысында менің үстімнен қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаменті ашады, ІІМ жауып тастайды, солай жалғасып келе жатыр», – дейді бұрынғы серіктеріне ренжіген депутат.

Ал, казиноға ұтылып қалған қаражат үшін Бекет Әбішев досын айыптап отыр. Айтуынша, банк карточкасын досы алып кетіп, ішіндегі 160 миллион теңгесін құмар ойынға ұтқызып алған көрінеді. Алайда, осыншама қаражатты қолды қылса да депутат досының үстінен арызданбаған.

Есесіне жанындағы бухгалтері Мадина Хайыпова бес жарым жылға сотталыпты, сот оған бас бостандығын шектеу жазасын қолданған.

«Егер мен осыншама ақшаны жеп қойсам соттап жіберер еді. Қасымдағы Мадина 5,5 жылға бас бостандығынан шектелген. Ол шетелден 100 мың көшет әкеліп, оны 500 мың етіп жаздырған. Содан сотталды. Мен халыққа жақсылық та жасамайын, үкіметтің ақшасына бұдан былай жоламайын деп жобамды жауып тастадым. Төрт жылда 1,8 млрд теңге шамасында субсидия алдым. Бір жыл болды субсидия алмағаныма», – дейді Бекет Әбішев.

«Бұл мемлекеттің ақшасын ұрлау…»

Арада бес жылға жуық уақыт өткенмен несие де қайтарылмаған, субсидия да мақсатты түрде жұмсалмаған. Бірақ осыншама мол қаражаттың қайда кеткенін Аграрлық несие корпорациясы кеш біліп, депутатты қасындағы үш адамымен қоса сотқа беріпті. Корпорацияның Алматы облыстық филиалы өкілдерінің мәліметінше, депутаттың бұл әрекеті әу бастан-ақ теріс мақсатқа жоспарланғанын көрсетеді. Корпорациясы депутаттан несие мен шығынды өндіру үшін екі жылдан аса соттасқан.

«Оларға Аграрлық несие корпорациясы несие берген. Қаржы аударылған соң біз Нарынқолдағы алқапқа барып, көшеттің өспегенін, қурап қалғанын көріп, жағдайды орталыққа хабарладық. Ақша мақсатты түрде жұмсалмаған. Астанадан мамандарды шақыртып, жағдайдың мәз емес екенін көрсеттік. Сарапшылар көшеттің құжатта көрсеткен саннан әлдеқайда аз екенін, әрі қурап кеткен деген қорытынды берді. Бір сөзбен айтқанда, жобаның болашағы жоқ деді.

Әбішев «Tengty Land» ЖШС иесі болды. Оларға субсидия да түскен. Субсидияны ауыл шаруашылығы министрлігі берген. Олар субсидияға несиенің бір бөлігін жабуы тиіс еді. Алайда, депутат Әбішев және оның қасындағылар бізден алған несиені де, субсидияны да жаппаған соң, 2020 жылы сотқа жүгіндік. Соттың қаулысы 2022 жылдың ақпанында шықты. Құжаттар жеке сот орындаушыларында. Бірақ, Әбішев несие аларда кепілге қойған мүлкін кепілден шығарып алған. Оның Елтай ауылдық округінде тіркелген кепілдегі жерін қайтарып берген Орталық аппараттағы адамдар жұмыстан шығарылып, сотқа тартылып жатыр. Одан кейін Әбішев қандай жобаларға қатысып, мүлкін кімге аудартқанын білмейміз. Бір сөзбен айтқанда, олардан ақшаны қалай қайтаратынымыз белгісіз. Ол тек бізден ақша алатын кезде өзін көрсеткен. Басқа облыстағы жобаларға өзі тікелей қатыспайды, өзін көрсетпейді. Өйткені біз өзге әріптестерімізге хабар береміз. Сондықтан ақша алатын басқа да жобаларға өзінің адамдарын кіргізіп қояды.

Біз экономикалық тергеу сотына арыз бердік. Әбішев Бекеттен мемлекеттің ақшасын өндіру туралы соттың қаулысы бар. Ары қарай қылмыстық іс тағы қозғалу керек, өйткені бұл мемлекеттің қаржысы. Алматы облысындағы филиал бойынша ең үлкен проблема осы Әбішев пен оның қасындағы адамдарға қатысты. Ашығын айтқанда, бұл мемлекеттің ақшасын ұрлау. Мемлекеттен заңсыз алынған субсидияны антикор мен экономикалық тергеу департаменті іздеу керек. Қаражаттың қайтарылмауы біздің филиалға қиындық тудырып отыр», – деді Аграрлық несие корпорациясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрсұлтан Искенов.

 Нұрсұлтан Искенов

Шағым айтқан кәсіпкерлердің сөзінше, Антикор да, Экономикалық тергеу департаменті де бұған дейін іс қозғағанмен, белгісіз себептер арқылы жабылып қалған. Редакция ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының атына ресми сауалхат жолдады. Ал Алматы қалалық Полиция департаменті депутаттың үстінен тергеуді жуырда бастаған.

«Алматы қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасының мәліметінше, аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Бекет Әбішевке қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот экономикалық сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс ҚР ҚК 190-бабы бойынша қозғалды. Оның қортындысын тергеуші өз қолына алғаннан кейін тиісті процессуалдық шешімді қабылдайтын болады», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар