Мәскеуге 24 млн теңге, Алматыға 13 млн теңге: Кабминнің бір жаққа ұшуы неше миллион теңге?

cover

ORDA.kz премьер-министр кеңсесі ұшып-тұру үшін бір жылға қанша қаражат бөлгенін және елі ішіндегі, шетелдегі қалаларға бір рет ұшу үшін неше миллион теңге қаражат жұмсайтынын анықтады.

Роман Склярдың іссапары мен 24 млн теңгенің қандай байланысы бар?

Orda.kz  анықтағандай, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі мемлекеттік сатып алу сайты арқылы кестесіз ұшып-тұру үшін бір жылға 578 млн теңге бөлген. Сатып алу бір көзден жасалып, тендер «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясына бұйырған. Яғни, тендерге басқа компаниялар қатыспаған соң, «Бүркіт» жеңімпаз атанған.

«Кестесіз жолаушыларды тасымалдау бойынша әуе көлігінің қызметтері» деген лотты Премьер-министрдің кеңсесі мемлекеттік сатып алу сайтына 2020 жылдың 2 желтоқсанында жариялаған. Осы бір ғана қызметті үкімет 578 млн теңгеге бағалаған. Тараптар келісімшарт арқылы қызметті 516 млн теңгеге орындаймыз деп келіскен және бұл келісімшарт 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды.  

Келісімшарттың одан арғы мәліметтерін тексеріп көрелік. Тапсырыс берушінің ресми атауы - «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі» мемлекеттік мекемесі деп белгіленген. Орындаушының ресми атауы - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.

Мемлекеттік сатып алу сайтының «ақы төлеу» бөлімінде кейбір тапсырыстардың ақысы жазылған. Мысалы, жыл басынан бері осы келісімшарт аясында «Бүркіт» әуекомпаниясы төрт тапсырысты орындады деп жазылған. Төрт тапсырыстың ақысы да қоса көрсетілген.

Мысалы, жыл басынан бергі ең бірінші тапсырыс – 800 нөмірімен кеткен. «Нұр-Сұлтан - Алматы - Нұр-Сұлтан» бағытына ұшу үшін 8 млн 149 мың теңге кеткен. Тапсырыстың атауына қарап, бұл 8 млн теңгеге шамамен Ералы Тоғжанов (Премьер-министрдің орынбасары) ұшты деп топшылауға болады. Оның үстіне, осы 22 қаңтар күні Ералы Тоғжанов Жамбыл облысының Қордай ауданына барған. Жолортада 21 қаңтар күні Алматыға тоқтауы мүмкін. Бірақ, маңыздысы бұл емес, маңыздысы Нұр-Сұлтаннан Алматыға ұшып барып, Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып келу үшін 8 млн 145 мың теңге бюджет қаражатының жұмсалғаны. Әдетте, қарапайым қазақстандықтар осы бағыттағы билетті 10-20 мың теңгеге алады.

801 нөмірлі тапсырысты қарап көрейік. Нұр-Сұлтан - Внуково бағыты. Яғни, үкімет мүшелерінің біреуі 26 қаңтар күні Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге ұшып барған. Сәйкестік болар, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр 26-27 үкіметтік делегациямен бірге Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барған екен. Бұл рейстің құны 17 млн 642 мың теңге. 802 нөмірмен Внуково - Нұр-Сұлтан бағытындағы тапсырыс орындалған.

803 нөмірмен 10 ақпан күні тағы да Нұр-Сұлтан - Внуково - Нұр-Сұлтан рейсіне тапсырыс жасалған. Бағасы 24 млн теңгеден асады. Рейс орындалған. Бірақ, 10 ақпан күні не Премьер-Министр, не үкіметтің басқа мүшелері Мәскеуге іс-сапарман бармаған. Өйткені, Премьер-Министрдің ресми сайтында дәл осы күнге сәйкес келетін іс-сапар туралы мүлде мәлімет жоқ. Не болса да,  24 млн 289 мың теңге төленген бұл рейспен кімнің ұшқаны белгісіз қалып отыр. №804 тапсырыспен Мәскеуге ұшып барған адам елге оралғанын көруге болады.

Төлемі жасалды деген тағы бір рейсті ашып көрейік. Арадағы тапсырыстар қайда кеткені белгісіз, бірақ орындалған тапсырыстар бөлімінде №809 тапсырыс тұр. Бағыты Нұр-Сұлтан-Ақтау-Нұр-Сұлтан. Құны 13 млн теңге. Рейс 10 наурыз күні ұшқан. Бұл уақытта да үкімет мүшелерінің ешқайсысы Ақтауға сапарламаған.

Премьер-министрдің кеңсесі не дейді?

Біз осы материалды әзірлеп жатқан кезде ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі Ербол Мәндібектің жазбасына қатысты түсініктемесін жіберді. Журналистер Асқар Маминнің баспасөз қызметінен қандай да бір түсінік беруді кеше сұраған еді.

Баспасөз қызметі Ербол Мәндібектің жазғаны шындыққа жанаспайды дейді. Бірақ, бір жылғы ұшуға 578 млн теңге бөлінгенін растады. Былтыр дәл осындай қаражат бөлініп, оның тек жартысын ғана жұмсадық дейді.

 — Қазақстандық мемлекеттік БАҚ-тың бұрынғы журналисі әлеуметтік желілерде таратқан Үкімет мүшелерінің ұшу шарттары мен оларды тасымалдау қызметтерінің құны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол жыл сайын Премьер-Министр мен оның орынбасарларының, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі төрағаларының ұшақпен ұшуларына 15-20 млрд теңге көлемінде республикалық бюджеттен қаражат жұмсалады деп жазды.

Іс жүзінде 2021 жылға ҚР Премьер-Министрі мен Премьер-Министрдің орынбасарлары бастаған қазақстандық делегациялардың аса маңызды ұшу сапарларын (литерлік рейстерді) жүзеге асыруға 578 млн теңге мөлшерінде шығыс қаражаты қарастырылған. Көрсетілген сома 2021 жылы көлік қызметтерін қамтамасыз етуге есептелген. Бұл ретте төлем қазақстандық делегациялардың орындалған нақты өңірлік және халықаралық ұшу жағдайлары бойынша төленеді.

Мысалы, 2020 жылы осы мақсатқа 578 млн теңге қарастырылса, іс жүзінде 275,6 млн теңгеге жұмсалды. Премьер-Министр мен Премьер-Министрдің орынбасарларында тек оларға бекітілген жеке ұшақтар жоқ, - деп хабарлаған премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Дереккөзіне сүйенсек, егер министр 1 сағат ұшса, жолаушылар алкогольсіз салқын сусындар мен жеңіл тамақтар ішіп-жейді, ал егер, 1-3 сағат болған кезде ыстық тамақ пен ыстық сусындар (шай, кофе) беріледі.

«Бүркіттің» бэкрандуы

Бұрын мемлекеттік телеарнада жұмыс істеген, қазір тәуелсіз журналиске айналған Ербол Мәндібек 16 наурыз күні әлеуметтік желіге үлкен пост жазды. «Бір-бір ұшақ ұстайды әуежайда» деген жазбасын 1,7 мың адам бөлісіп, тағы бір мыңнан астам адам пікір қалдырған. Елдегі ең ірі ақпарат агенттіктері мәтіннің түпнұсқасы мен аудармасын ақпарат ретінде таратты. Ербол Мәндібек ұсынған бірнеше фактіге тоқталсақ.

Премьер-министрге және оның төрт орынбасарына жеке-жеке ұшақ қарастырылған. Сөзім дәлелді болуы үшін суретті қоса ұсынып отырмын. Бір қызығы, Үкіметтің авиациялық шығындары еш жерде айтылмайды. Президенттің іс басқармасына қарайтын «Бүркіт» авиакомпаниясының сайтына кіріп көріңіз, супер-джеттер туралы бір түйір ақпарат жоқ.

— Премьер-министр Асқар Маминнің ұшағына артық адам отырмайды. Мәселен, өңірлерге жұмыс сапары кезінде вице-премьерлерге бөлек бизнес-ұшақ қарастырылған. Оған министрлердің міңгесуіне рұқсат. Бірақ, Бейбіт Атамқұлов секілді миллиардер министрлер мен «Самұрық-қазынаның» Есімов секілді жетекші менеджерлері жекеменшік компанияларға тапсырыс береді. Бизнес санаттағы ұшақтың 1 сағаты кемі 5000 евродан басталады. 10 сағат жалдасаңыз 50 000 евро. Ұлттық валютамен есептесеңіз шамамен 25 миллион теңге. Бұл-бір бағыттың ғана шығыны.

Ал, халықаралық ұшулар құны 40 000 евродан басталады. Жылына кемінде ішкі және сыртқы 30-40 жұмыс сапары жоспарланады. Оның шығынын есепшотқа соға беріңіз. Сомасы миллиардтарды құрайды. Сонымен, ұшақтан құшаққа секіріп жүрген Үкімет мүшелерінің авиациялық шығындары туралы бейресми дерек жоқ емес, бар.

— Премьер-министрді, 4 вице-премьерді және министрлерді, Сенат пен Мәжіліс төрағаларын туда-сюда тасымалдауға жыл сайын Республикалық бюджеттен 15 000 000 000-20 000 000 000 (он бес-жиырма миллиард теңге) қарастырылады. Орташа есеппен алсақ, соңғы он жылда келіп-кетіп жатқан пайдасы көк тиын Үкіметтің ұшып-қонуына ғана 200 000 миллиард теңгеге жуық ақша бюджеттен шығындалыпты, - деп жазады Ербол Мәндібек толық сеніммен.

Ол жазбасында министрліктің бірін, дәлірек айтсақ, Бейбіт Атамқұлов басқаратын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі іссапарларға кететін бір жылдық шығынын жазған. Мәндібектің айтуынша, бұл министрлік жылына 250-300 миллион теңгені қызметкерлерінің іс-сапарына жұмсайды. Orda.kz алдымен Атамқұловтың баспасөз хатшысына хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін сұрадық.

Атамқұловтың баспасөз хатшысы Мадияр Уақбаевтың айтуынша, министрлік бір жылда іс-сапарларға Ербол Мәндібек айтып отырғандай, 300 млн теңге емес, 100 млн теңге жұмсайды екен.

— 300 млн теңге деп жазғаны шындыққа жанаспайды. Министрліктің 2020 жылы іссапарларға жұмсаған қаражаты 115,3 млн теңге. Орталық аппараттың бүкіл қызметкерлерінің іссапарларына кеткен шығын осы. Комитеттерді қосқанда, министрліктің штаттағы қызметкерлері 1369 адам. 2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сенсек, штатта 1219 адам жұмыс істейді, - деді министрліктің баспасөз хатшысы Мадияр Уақбаев.

Orda.kz бұл оқиғаны назарда ұстап, мемлекеттік сатып алу сайтына  премьер-министрдің кеңсесі жүктеген рейстердің бағасы туралы ақпаратты жариялап отырады.

Күнімжан Айдарқызы

Нұр-Сүлтан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар