LRT ісі: сотталушы Сағынтаевтан, Ахметовтен, Исекешевтен және Тасмағамбетовтен жауап алуды талап етуде
Фото: Zakon
LRT/BRT қылмыстық ісінде айыпталушы Ұлықбек Ачилов 23 қарашада астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында маңызды куәлік беріп, жоғары лауазымды тұлғалардан жауап алуды сұрады.
Ұлықбек Ачилов LRT, BRT желілерінің жобалары бойынша француздық SYSTRA компаниясымен консорциумда жұмыс істеген «Нұр-Трейд» компаниясының басшысы болды. Оған ұйымдасқан топ құрып, жетекшілік етті, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп, жымқырды деген айып тағылып отыр. Оған Қазақстан астанасындағы LRT желісін салу кезінде 5 млрд теңгенің ұрлығына қатысы бар деген айып тағылды. Тергеушілердің пікірінше, Ачилов жобаны басқару жөніндегі кеңесшілердің құнын жоғарылату арқылы қаражатты заңсыз иемденуге көмектескен.
23 қарашада жауап алу кезінде Ұлықбек Ачилов LRT тағдырын шешуде маңызды рөл атқарған жоғары лауазымды шенеуніктерді жауапқа шақыруды сұрады.
«Құрметті сот, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабының 5-бөлігіне сәйкес күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны айыптаушы және оны ақтайтын, сондай-ақ олардың жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар нақтылануға жатады. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган кiнәсiздiгi немесе кiнәсiнiң азырақ дәрежесi туралы барлық мәлiмдемелердi, сондай-ақ күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны ақтайтын немесе олардың жауапкершiлiгiн жеңiлдететiн дәлелдемелердiң бар-жоғын, сондай-ақ тергеудiң заңсыз әдiстерiн қолдануды тексеруге мiндеттi. Алдын ала тергеу органы жоба бойынша шешім шығарған тұлғалардан куә ретінде жауап алуға әуре болған жоқ. Заңға сәйкес сот сотқа дейінгі тергеудегі олқылықтарды жоймауы керек».
Ұлықбек Ачилов төмендегі тұлғалардан жауап алуды өтінді:
- Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-министрі, Республикалық бюджет комиссиясының бұрынғы төрағасы (2013-2014 ж.ж.) Серік Ахметов;
- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бұрынғы бірінші орынбасары, Республикалық бюджет комиссиясының бұрынғы мүшесі (2013-2014 жж.) Бақытжан Сағынтаев;
- Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бұрынғы орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі, Республикалық бюджет комиссиясының бұрынғы мүшесі (2013-2014) Әсет Исекешев;
- Қазақстан Республикасының бұрынғы Көлік және коммуникация министрі - Республикалық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі Асқар Жұмағалиев;
- Қазақстан Республикасының бұрынғы Қаржы министрі, Республикалық бюджет комиссиясының бұрынғы мүшесі (2013 ж.) Болат Жәмішев;
- Қазақстан Республикасының бұрынғы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Республикалық бюджет комиссиясының бұрынғы мүшесі (2013-2014 жж.) Ерболат Досаев;
- Астана қаласының бұрынғы әкімі, Астана қаласы бюджеттік комиссиясының бұрынғы мүшесі (2014 ж.) Иманғали Тасмағамбетов;
- Астана қаласының бұрынғы әкімі, Астана қаласы бюджеттік комиссиясының бұрынғы мүшесі (2014 ж.) Әділбек Жақсыбеков.
Сот бұл өтінішті Ұлықбек Ачиловтан жауап алу аяқталғанша ашық қалдырды.
Бұған дейін LRT ісі бойынша тағы бір айыпталушы Рашид Аманжолов та жоғарыда аталған тұлғалардан жауап алуды сұрап, тіпті олардың тұрғылықты жерін анықтау мүмкіндігінің жоқтығына сілтеме жасап, соттан оларды іздеуге көмектесуді сұраған болатын.
Алайда, судья Виктория Семёнова да соттың қылмыстық қудалау органы емес екенін айтып, өз шешімін түсіндіріп, өтінішті ашық қалдырды. Оның айтуынша, сотталушылар істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында тергеушіге арыз бере алады, ал бас тартқан жағдайда оның әрекетіне тергеу сотына шағым түсіре алады. Семёнова егер олар (Ахметов, Сағынтаев, Исекешев, Жұмағалиев, Досаев, Тасмағамбетов, Жәмішев және Жақсыбеков – ред.) сотқа келсе, олардан жауап алуға ешкім кедергі жасамайтынын баса айтты.
Алайда, Аманжоловтың адвокаттары айтқандай, шенеуніктерден жауап алу мәселесі сотқа дейінгі тергеу сатысында көтерілген. Бірақ тергеушілер оларды шақырудан бас тартты.
Тасмағамбетов және оның «кеңесі»
Қазан айының соңында сотта Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтың хаты оқылды. Ол хатта елорданың экс-әкімі Иманғали Тасмағамбетовті сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін айыптайды, бұл туралы Сұлтанбеков ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке жеке өзі хабарлаған.
- Тасмағамбетов басқарған кезде мен экс-әкімнің жемқорлық әрекеттеріне қатысты көптеген дәлелдемелерді жинадым. Мен Тасмағамбетов пен оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерін, басқа да лауазымды тұлғаларды әшкерелеп, Тасмағамбетовтің қылмыстары мен сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің барлық айғақтары мен дәлелдерін Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовке ұсындым. Бұл ретте Тасмағамбетов тергеу изоляторында жатқан кезімде менің үйіме, отбасы мүшелеріме бірнеше рет келіп, барлық кінәні өз мойныма алуға мәжбүрледі. Тіпті, Тасмағамбетов әйелімді жеке ұшағына шақырып алып, Мәсімов менің барлық айғақтарымды Тасмағамбетовке арамдықпен берді, сонымен бірге, маған бұл елден кетуге «кеңес берді» деп айтуға дейін барды, - деп судья Виктория Семенова «Астана LRT» ісі бойынша сот процесі кезінде Қанат Сұлтанбековтың хатын оқыды.
2017 жылы Қанат Сұлтанбеков (2006 жылдан бері Иманғали Тасмағамбетовтің басшылығымен алдымен Алматыда, кейін елордада жұмыс істеген – ред. ескертпе) ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы (пара алу) бойынша сотталған болатын. Апелляциялық сот оған 2,139 млрд теңге айыппұл салды.
Ол өз өтінішінде отбасы үшін қауіптеніп, 2017 жылы Тасмағамбетовтің кінәсін мойнына алуға келісіп, айыппұл төлегенін көрсеткен. Ол үшін әкесіне тиесілі үй мен коммерциялық ғимараттарды сатуға мәжбүр болыпты.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық