«Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
Жақында депутаттардың мәжілістегі көтерген мәселесі «қыз алып қашу» болды. Олар күштеп үйлену үшін жасалатын ескі салтты сынап, қыздарды қорғау жайлы сөз қозғады. Алайда интернетте әрбір адамның сөзі хатталып, тарих болып сақталып-ақ жатыр. Әйелдің де адам екенін айтқан Әбенов те, Жаңбыршин де бұрын мұндай өткір көзқараста болмаған еді. Әрине, уақыт бәрін өзгертеді. Бірақ сонда да халықтың қалаулылары бірнеше жыл бұрын не дегені өте қызық.
Orda.kz «тұрақсыз» депутаттардың бұрынғы сөздерін қарап шықты.
Халық сайлаған Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин «қыз алып қашуды» сынады. Олар мұндай қылмысқа барғандарды қатаң жазаға тартуды талап етті.
«Қыз — тауар да, зат та емес, адам. Бұл оның бүкіл тағдырына, өміріне әсер етеді. Менің 3 қызым бар. Дегенмен құдалықтың дәстүр бойынша өткенін қалаймыз. Ал мынау қоғамның осал тұсы. Үлкен проблема. Мұндай істе қылмыстық жауапкершілікке тарту керек», – деді Жаңбыршин.
Ал Мұрат Әбеновтің сөзінше «қыз алып қашу» статистикасына қарасақ, жыл сайын көбейіп келеді. Ол үкіметті осы жағдайда қарекет қылмай отыр деп айыптады.
«Өткен жылы 13 оқиға сотқа дейін барған. Биыл Түркістан облысында сегіз айдың ішінде 18 рет «қыз алып қашу» оқиғасы болған. Мен бір емес, бірнеше рет қыздарды ұрлау бойынша арнайы бап енгізуді ұсындым», – деді Әбенов.
2016 жылы Мұрат Әбенов «Атамекен» ҰҚК басшысының орынбасары болғанда өзінің фейсбук парақшасына жазба жариялады. Жазбада ол досына қыз алып қашуға көмектескені жайлы айтты. Бұл оқиға 30 жыл бұрын болған. Депутаттың сөзіне қарасақ, ол алып қашқандарды «белсенді басқарған».
«Алып қашуға түрткі болған менің үзеңгілесім — досым. Кезінде бірге би үйірмесіне барғанбыз (әрине, сіздер, сене қоймассыздар, бірақ рас). Ол бізге өз жоспарын айтқан соң, кімнің не істейтінін шешіп алдық. Қылмыстың қаруы — сары такси, „волга ГАЗ 24“. Жүргізушісі жәбірленуші қыздың туған ағасы. Қылмысқа қатысы бар. Жәбірленуші алып қашқан кезде өз үйіне көршілес тұратын ағасының үйінде болды. Біз апайы үйде болғанда, кешке келдік. Апайымен алдын ала келістік. Ол бізге дастархан жайды, да „шаруасымен“ шығып кетті. Біз мәнті жеп, асықпай шай іштік», — деді Әбенов ерлігі жайлы баяндап.
Қазір депутаттың парақшасында бұл жазба жоқ. Мүмкін өзі өшіріп тастаған болар. Себебі заман өзгеріп, «қыз алып қашуды» ерлік санамайтын кезге келдік. Енді мұндай іс үшін тек табалайды. Қазір Мұрат Әбенов — қыз алып қашуға қарсы.
Оның депутат әріптесі Еділ Жаңбыршин де бұрын феминистік көзқарасын айтпайтын. 2022 жылы Ақтаудағы ереуілшілерге оның «ер адам сөйлегенде әйел үндемеуі керек» деген сөздері бүкіл Қазақстанды шулатқан еді.
«Мұнда көбі сөйлей береді, бірақ халықтың қаны үшін ешқайсысыларың жауап бермейсіңдер. Бұл жерде ешбір әйел сөйлемейді. Қазақтарда солай, еркек тұрған жерде әйел сөйлемейді», — деді Жаңбыршин.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сөздерді қызу талқылап, депутатты жыныстық кемсітушілік жасады деп айыптады. Azattyq тілшілеріне берген сұхбатында Еділ Жаңбыршин ақталып бақты.
«Қандай еркектің қасында әйел сөйлейді? Конституцияда жазылмаса да бізде ондай бар. Бұл елдің арандатуға еріп кетпеуі үшін, халықты сабасына түсіру үшін, мәселені бейбіт шешу үшін айтылған сөз болатын. Сондықтан мен адамның конституциялық құқығын бұздым деп санамаймын», – деп жауап берді депутат.
Содан 3 жыл өтпей Жаңбыршин өзін әйелдердің қорғаны ретінде көрсетуде. Бұған дейін де депутат ойын тез-ақ өзгерткен болатын. 2012 жылдан 2015 жылға дейін Ақтау әкімі болған кезде ол діни көзқарасы үшін сотталған Исматулла Әбдуғаппаровты қолдайтыны жайлы «Не хабар» газетіне берген сұхбатында айтқан болатын. Сол кезде БАҚ ақпараттарына қарасақ жарты миллионға жуық адам сопы Исматулланың соңынан еріп кеткен. Соның ішінде лауазымды орындардағы шенеуніктер де бар деп жазылды. Діни қайраткер 14 жылға сотталды.
«Мен Исматулланы дәстүрлі исламның уағызшысы деп санаймын. Оның қайраткерлігінен зиян көрмедім. Керісінше адасқандарды қайтарғанын көрдім. Оның нашақорларды рухани тазару арқылы дұрыс жолға салғанын, содан қоғамның бір дұрыс азаматына айналғанына көзіміз жетті. Одан мемлекетке қандай қауіп төнеді? Менің оны қолдаған себебім оның ұстанымынан бабаларымыз ұстанған ұстанымға кереғар келетін дүние көрмедім», – деді Жаңбыршин 2014 жылы.
Ал қазіргі таңда, 10 жыл өткен соң мәжіліс депутаты өзінің Instagram парақшасында әртүрлі діни секталарды белсенді түрде сынайды. Ол БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, экстремизмді қаралап, діни уағыздарды желілерден оқуға тыйым салуды талап етеді.
Оның үстіне 2022 жылы Еділ Жаңбыршин Назарбаевты сынап, «шал» деп атаған болатын.
«Әділ мемлекет құру үшін шалдың жүйесін өзгерту қажет. Әділ экономика құру үшін қыздары мен күйеу балаларының жүйесін қирату керек. Әділ қоғам құру үшін інісінің сектасын құрту керек», деп жазды Жаңбыршин өзінің әлеуметтік желісінде.
Ал Уикипедияда 2005, 2007 және 2021 жылдары оның тұңғыш президенттен алғыс хаттар алғаны жайлы деректер тұр. Ол кезде депутатты Назарбаев та, оның отбасының жүйесі де алаңдатпаған сияқты.
Жаңалықтар
- Оңтүстік Қазақстандағы кәсіпкерлерді жылдар бойы қорқытып келген қылмыстық топ
- Көлік қыздыруға бес минут жеткілікті- экология министрі
- Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың ісі бойынша бірнеше әскери жазаланды
- Шымкент антикорының бұрынғы орынбасарының соты қаңтарда болады
- Қайырымдылық қордың атын жамылған қылмыстық топ сотталды
- Маңғыстауда мектеп оқушысын ит талап тастады
- Сәкен Бибосынов бокстан ұлттық құрама сапынан шығып қалды
- Фитнес-жаттықтырушысын зорлау: аппеляциялық сот кейінге қалды
- Шерзат ісіндегі маңызды кезеңдердің бірі аяқталды
- «Сатираға байланысты емес»: Полиция QazNews24 паблигінің авторы не үшін қамалғанын айтты
- Қарақалпақ белсендісі неге өз еліне экстрадицияланды?
- Жұмыссыздық: Бүйрегін 9 млн теңгеге саудаламақ болды
- Жетісу облысындағы сарбаз өлімі: ықтимал себептер айтылды
- Сәтбаевтағы экологиялық жағдай туралы премьер-министрге есеп берілді
- Қызылордада жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды
- «Журналистерді босатуды талап етті»: Алматыда тағы бір белсенді пикетке шықты
- Қарағанды облысында жолаушылары бар автобус аударылды
- Сатиралық пабликтің авторын қорғаған тағы бір белсенді ұсталды
- Қонақ үйде өрт шықты: 10 адам мерт болды
- Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды