«Құлыбаевтың жер телімі»: Депутат Базарбек Астанадағы «алыптардың» алаяқтығы жайлы айтты
Фото: Ольга Ибраева
Астанадағы «Керуен» сауда орталығы маңындағы саябаққа қатысты бұрынғы мәселелер мен Forbes тізіміндегі жаңа есімдер қайтадан назарға ілікті, деп хабарлайды Orda.kz.
Аукцион болмауы керек еді
Елордадағы сол жағалауда орналасқан «Керуен» атты сауда мен ойын-сауыққа арналған орталықтың жанындағы саябақпен бірге жатқан жер телімі туралы да аяқ астынан сөз қозғалды. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар осы мәселені тілге тиек етті. Жиын үш қайнаса сорпасы қосылмайтын істердің басын шалғанымен, маңызды жағдайдың бірі — мемлекет мұқтажы үшін алынатын жер телімдері бойынша өтемақы төлеу жайы.
Депутаттар бұл жер телімінің бұрын аукцион арқылы 176 млн теңгеге сатылғанын, ал қазір әкімдік оны қайтарып алу үшін 1,08 млрд теңге төлеуге мәжбүр болып отырғанын атап өтті — бұл он есе көп.
Айта кету керек, бұл дау болған жер учаскесі кезінде Тимур Құлыбаевтың компанияларының біріне тиесілі болған. Ол туралы 2023 жылы жер мәселелері бойынша заңгер, қазіргі Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек алғашқылардың бірі болып мәлімдеген. Біз Бақытжан Базарбекке хабарласып, осы жағдайға қатысты пікірін сұрадық. Депутат бұған шын мәнінде таң қалғанын жасырмады:
«Бұл жер телімін республикалық жер комиссиясы — JER AMANATY бұрын қайтарып алған. Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық департаменті сотқа талап арыз түсірген. 2022 жылдың 15 қыркүйегіндегі сот шешімімен жер телімі мемлекет меншігіне өтуі тиіс болған. Одан кейін ол жер мемлекеттік қорға өтіп, «Ыңғайлы орта басқармасы» ММ балансына берілуі керек еді. Содан кейін сквер немесе саябақ жобасын әзірлеу қажет болатын», — деді ол.
Депутат учаскенің қалай сатылғанын, кейін оны қайтадан қалай тартып алғанын – бүкіл процесті зерттеу керек деп есептейді.
«Ең алдымен мына сұрақ қойылуы тиіс: бұл жерді аукционға кім шығарды? Қай мемлекеттік орган, қай лауазымды тұлға бұған жауапты? Олар жауапқа тартылуы керек. Бұл жер аукционға шығарылмауы тиіс еді, бұл сауда мүлде болмауы керек болатын».
Сонымен қатар, бағалау заңдылығын да тексеру қажет.
«Барлық материалды қайта қарап шығу керек. Қандай бағалау әдістері қолданылды, неліктен бұл телімнің бағасы 176 миллион ғана деп есептелді? Мүмкін, бағалау арқылы алыпсатарлық жасалып, құн жасанды түрде төмендетілген шығар — осылайша Астананың қақ ортасындағы тартымды жер телімі қалталы адамдардың қолына жылдам өтіп кеткен болуы мүмкін. Бұл жерде құқық қорғау органдары тереңірек қазуы керек. Мұнда күмәнді аукцион, күмәнді баға, күмәнді мәміле бар. Қазіргі таңда әкімдік осы күмәнді шарттармен жерді мемлекет мұқтажы үшін қайта сатып алмақшы», — деді Базарбек.
Депутат мәслихаттағы әріптестерін қолдайтынын және бұл іске өзі де тікелей араласатынын мәлімдеді. Қазір ол қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталуы үшін Бас прокуратураға арыз дайындап жатыр.
«Мұнда мемлекетке нақты залал келтірілген. Егер 2023–2024 жылдары бұл жер телімі кемінде 800 млн теңге тұруы мүмкін еді, ал ол небәрі 176 млн теңгеге сатылса, бағалау актісіне қол қойған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Осындай істер біздің көзімізден тасада жасалғаны өте өкінішті. Біз бұл жерді мемлекет меншігіне қайтардық деп ойладық. Шын мәнінде бізді алдап кеткен болып отыр», — деді ол.
Олар кедей емес
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге зер салар болсақ, бұл екі ЖШС-нің (Astana Real Property Development және Astana Luxe Retail) құрылтайшы — Compass Astana Company және Keruen Investments компаниялары. Сонымен қатар, үш бірдей ЖШС — Astana Real Property Development, Astana Luxe Retail және Keruen Investments — бір басшыға, яғни Таир Балғабековке тиесілі.


Сондай-ақ, ашық дереккөздерге сүйенсек, Таир Балғабеков Алматыдағы Esentai Tower нысанына иелік ететін және оны басқаратын белгілі Capital Tower Development компаниясының да бас директоры.
Таир Балғабеков — Қазақстанның ІІМ академиясының түлегі. Ол У.А. Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясынан «құқықтану» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған, сондай-ақ Ұлыбританиядағы Эксетер университетінде магистратураны тәмамдаған.
Балғабеков кейде бизнес-форумдарда сөз сөйлегенімен, БАҚ беттерінде сирек көрінеді және атышулы дауларда аты атала бермейді.
Алайда Esentai Tower — жұртшылыққа белгілі Қайрат Боранбаевтың активі. Ол Esentai Mall сауда орталығы мен Esentai Tower бизнес орталығының 50% үлесін 2016 жылы Forbes тізіміндегі долларлық миллионер, девелопер Сержан Жұмашовтан сатып алған.
Сонымен қатар, құрылтайшылар тізімінде Айдан Сүлейменова да бар — Қазақстанның алғашқы сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтың қызы, «Аяла» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және қазақстандық миллиардер Данияр Әбілғазиннің жұбайы.
Оның есімі Orda.kz жеке зерттеу арнаған атышулы «алма бизнесі» — Apple World ЖШС қатарында да айтылады.
Keruen Investments ЖШС-нің құрылтайшыларының қатарында — бизнесмен Қайрат Боранбаев бар. Ол мемлекетке активтерін қайтарған соң, қазақ қоғамын ұлардай шулатып қамауға алынған соң танымал болып кетті.
Екінші құрылтайшы — Capital Partners девелоперлік компаниясының негізін қалаушы, Esentai Mall және Esentai Tower-дің ортақ иесі Сержан Жұмашов.
Бұл кәсіпкерлер туралы толығырақ ақпаратты олардың Forbes рейтингіндегі орны аша алады:
- Тимур Құлыбаев — 2025 жылдың мамыр айындағы мәлімет бойынша Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері рейтингінде төртінші орында тұр. Оның байлығы — 5,3 миллиард доллар.
- Сержан Жұмашов (Жұмаш) — Forbes-тің 2024 жылдың қарашадағы дерегі бойынша, Қазақстандағы ең бай рантьелер (жерден, мүліктен және табиғи ресурстардан пассивті табыс табатындар) тізімінде жетінші орында болған. Оның табысы шамамен — 8,7 млрд теңге. 2020 жылы оның байлығы 143 млн долларға бағаланған.
- Айдан Сүлейменова — Forbes дерегі бойынша, 2024 жылдың қарашасында елдегі ең бай рантьелер рейтингінде оныншы орында тұрған. Оның табысы — 5,1 млрд теңге.
Міне, «Керуен» сауда орталығының маңындағы жер телімінің бұрынғы иелері болған «қалталы адамдардың» тізімі осындай. Аукционнан бұл жерді нақты қай компания сатып алғаны әзірге белгісіз. Бәлкім, бұл тізімге алдағы уақытта басқа да есімдер қосылатын шығар.
Orda.kz бұл жағдайды бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.
Автор: Анастасия Прилепская
Жаңалықтар
- Қазақстан азаматы Берлин қаласында Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды — Euronews
- Алматыда самокатшыларға қойылатын талаптар күшейтілді: Полиция қандай шешім қабылдады?
- Депутаттар заң жобасын таныстырды: Мұғалімнің оқушылар үшін жауапкершілігі азайды
- Ақтөбе облысында дрон құлап, құрғақ шөп өртке оранды
- Дәрігерлер өңешінде ине тұрып қалған сәбиге дер кезінде жәрдем берді
- Бурятияда қар көшкіні кезінде қазақстандық қаза тапты
- Тоқаев Андрей Бабиштің чех кәсіпкерлері делегациясын әкелгеніне ризашылық білдірді
- Тәшиевке төңкеріс әрекеті бойынша айып тағылды ма? Адвокат өз сөзінен бас тартты
- Заңсыз кіріс өндірілді: Ойын бизнесін ұйымдастырған шымкенттік 4 жылға сотталды
- Швейцария соты Гүлнәр Кәрімоваға қатысты істі тоқтатты
- Ақтаулықтар кәдеге жарату алымын төмендетуді талап етті
- Қамшыбек Тәшиев мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған: Экс-ҰҚК төрағасына ресми түрде айып тағылды
- АҚШ-та Трамптың бейнесі бар паспорт шығады
- Google қызметкерлері жасанды интеллектті әскери мақсатта пайдалануға қарсы
- Сәби саудасы мен еңбекке жегу: ІІМ қылмыстың топтардың ісін әшкереледі
- «Дружба» құбыры жабылды: Қазақстан мұнай экспортын қайда жібереді?
- Аргентинада Димаш Құдайберген атындағы кабинет ашылды
- Таяу Шығыстағы ахуал: БАӘ мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан шығады
- Дәрігерлер әйелден салмағы алты келіден асатын ісікті алды
- Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға өмір бойына ай сайын 1 миллион теңге зейнетақы береді