Құлсарыда 17 жастағы баланы жабылып өлтірді деген бір топ күдіктілердің төртеуі әскерге кетіп қалған: Шырылдаған ананың сұхбаты

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында бір топ бала 17 жастағы Эльдар Аманбекті аяусыз тепкінің астына алып, пышақтап кетеді. Салдарынан бала оқиға орнында жан тапсырды. Марқұм жасөспірімнің анасының айтуынша, шабуыл жасаған 12 баланың төртеуі әскерге кетсе, қалғаны күні кешеге дейін бостандықта болған. Ұлының өліміне кінәлілер жауап беруін талап еткен марқұм жігіттің анасы Алтынай Шалтаева Orda.kz оқиғаның қалай болғанын, істің неге сағызша созылып, бастапқыда күдікті деп танылған жігіттердің жазадан қалай қашып әскерге кеткені жайлы сұхбат берді.
Алтынай, жалпы оқиға қалай болды, ұлыңыз қастандық жасалған жерге қайдан, қалай барды?
Оқиға осыдан бір жыл бұрын, 2024 жылдың 19 қаңтарында болды. Құлсары қаласындағы мейрамханадан ұлым қасында тағы төрт досымен бірге сол жерге олар көлікпен басқа досын алып кетуге барған. Олар көліктің ішінде досын күтіп отырғанда бір топ бала аяқ астынан шығып жабылып кетеді. Олардың жағдайды түсінуге де, қашып үлгеруге де шамалары болмаған. Бас салып теуіп, аяусыз соққының астына алған, шабуылдаушылардың қолдарында суық қарулары болған. Көлікте отырған ұлымның екі досы біраз соққылардан соң қашып үлгерген. Ал үшіншісі тепкінің астында қалса, Эльдар мен тағы бір балаға пышақ жарақатын салды. Ұлымның санына пышақ сұққан, ол күре тамырды кесіп өткендіктен, қан тоқтамай жедел-жәрдем келем дегенше, сол жерде жан тапсырды.
Неліктен олар дәл сіздің ұлыңыз отырған көлікке келіп шабуыл жасады, Эльдар оларды танитын ба еді? Шабуылдаушылар саны анықталды ма, бастапқыда 12 бала деген ақпарат тараған болатын.
Жоқ, менің ұлым да оның қасындағы достары да ол жігіттермен мүлдем таныс емес. Іс Құлсарыдағы ішкі істер бөлімінде қаралды. Тергеу барысында 12 күдікті ұсталған болатын, алайда, сол жердегі куәлердің айтуынша, ол жерде шабуылдаушылардың саны одан да көп болған екен. Ал енді неге дәл менің ұлым отырған көлікке шабуыл жасалды деген сұраққа жауап берер болсам, олар тергеуде біз сіздің ұлыңызды басқа балалармен шатастырып алдық деп айтты. Яғни, 1-ші ықшамауданмен 4-ші ықшамаудан арасында қақтығыстар жиі болып тұрады екен. Көлікте отырғандарды басқа жерден келгендер деп соққының астына ала жөнелген екен. Сол жердегі бейнебақылауда барлығы айдан анық көрініп тұр. Бірінші болып, шабуыл жасағандар мен нақты қанша бала болғанын да тергеуде анықтау аса бір қиындық туғызады деп ойламаймын.
Күдіктілер сол сәтте ұсталды дедіңіз, тергеу барысы қалай жүрді?
Тергеу Құлсарыда қаралды. Қылмыстық іс Атырау облысының кәмілетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Негізінде 13 бала ұсталды, біреуі осы шабуылды ұйымдастырған жігіт. Шабуыл жасаған жігіттердің алды 2000 жылғы болса ең кішісі 2008 жылғы. Бастапқыда ұсталғандар 2000 жылғы жігітті басты ұйымдастырушы ретінде көрсеткенімен, уақыт өте келе тергеу барысында олардың барлығы сөздерінен айнып, ары қарайғы жауаптарында оның есімін айтпаған. Сондықтан, тергеудің басында-ақ ол ұйымдастырушы күдікті статусынан алынып тасталды. Ақырында, қалған 12 баланың тек біреуі ғана Н. есімді16 жасар бала уақытша ұстау изоляторына жіберілді де қалғаны күдікті статусынан куәгерге айналып шыға келді. Изоляторға алынған Н.-ды тергеу кезінде көбісі Эльдарға пышақ сұққан сол деп айтқан соң қамаған екен. Сонымен қатар, тағы да бір бастапқыда ұсталған А. есімді жігіт 10 ай бойы қашып жүргені де анықталды. Менің түсінбейтінім, бейнебақылау камераларында 12 немесе одан да көп баланың шабуыл жасағаны айдан анық көрініп тұр. Олай болса неге тек біреуі ғана уақытша ұстау изоляторына жіберіледі? Мен осы сұрақты тергеушіге қойғанымда, бәрін тергейміз, кінәліні ұстаймыз деп маған 2025 жылдың қаңтарына дейін айтып келді.
Неге енді ғана қимылдай бастадыңыз?
Мен осы уақытқа дейін тергеу әділетті қаралады деп ойлап келдім. Әлеуметтік желіде уақытша ұстау изоляторында отырған Н.-ның 1 жылдан соң бостандыққа шыққанын көрдім де жабулы қазан жабулы күйінде қала ма деп ойладым. Менің жеке қорғаушыға ақшам жоқ. Барлығына өзім жүгіріп жүрмін. Кейбір нәрселерді заң тұрғысынан түсіне де бермеймін. Уақытша ұстау изоляторында отырған баланың анасы «16 жасар ұлыма әділетсіздік жасап жатыр деп соттан істі қайта тергеуге жіберу керек», – деп әлеуметтік желіде үндеу жасап, істі қайта тергеуді өтінген соң ұлы жақында бостандыққа шықты. Сонда барлығы босап, кейбіреулері әскерге кетіп қалып жатса, менің баламның қаны кімнің мойнында? Кім кінәліні анықтап, заң бойынша жазасын береді деген ой мені тергеушілерге қайта қоңырау шалып, осылай қоғамнан көмек сұрауға мәжбүрлеп отыр.
Бастапқыда күдікті деп танылған төрт бала қалайша әскерге кеткен ?
Негізі олар бастапқыда күдікті деп танылды, кейін аяқ астынан куәгерге айналып шыға келді. Мен нақтысын білмеймін. Алайда, әлеуметтік желіде үндеу жасаған Н.-ның анасының айтуынша, әскерге кеткен балалардың әкелері бұрын Жылыой ауданында құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Сол таныстарын пайдаланып, оларды жазадан қашу үшін әскерге жіберген.
Қазіргі таңда іс қай жақта қаралып жатыр, қайта тергеуге жіберілген сот ісі қай бағытта дамуда?
Енді іс Атырау қаласында қаралып жатыр. Жылыой ауданының прокуратурасымен қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі, яғни (пышақтарды денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы лайықталған басқа да заттарды қолданумен жасалған бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тергеу жүруде. Маған жақында тергеуші хабарласып, төрт күдікті қамауға алынып, жетеуі үйқамаққа жіберілгенін айтты.
Ұлыңызды мінез-құлқы мен қызығушылықтары қандай болды?
Эльдар өмірге сондай құштар бала еді. Сабағын жақсы оқыды, мектебінде белсенді оқушылардың бірі болды. Үй шаруаларына көп көмектесетін, қамқор, мейірімді бала болды. Барлығына үлгеріп жүрді, сенбі, жексенбі тойларда фотограф, мобилограф болып жұмыс істеп, өз ақшасын өзі тауып жүрді. Алматыға оқуға түсуді армандаған, шығармашылыққа жақын бала еді. Уақыт емші дейді ғой, бірақ, уақыт өткен сайын ұлыма деген сағыныш өзегімді тесіп барады. Тұла бойым тұңғышым болған соң, үмітім сөніп отыр. Әркім өз баласын қорғайды, бірақ, менің ұлымды енді ешкім де қайтара алмайды. Ұлымның қаны кімнің мойнында қалады? Менің бар ниетім кінәлілер өз жазасын алса деймін.


Orda.kz оқиғаға қатысты Атырау облысының полиция департаментіне хабарласты. Ведомстваның мәлімдеуінше, төрт адам қамалса, жетеуі үйқамаққа жіберілді.
«Тергеу барысында оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Күдіктілерге қатысты қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, соның салдарынан адам өліміне әкеп соқтыру және бұзақылық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен төрт күдікті қамауға алынып, жеті күдікті үйқамаққа жіберілді. Тергеу аясында барлық қажетті тергеу амалдары мен сот сараптамалары жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жіберіледі. 201-бабқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды», – деді полиция департаменті түсіндірмесінде.
Orda.kz алдағы уақытта істің өрбуін бақылауда ұстайды.
Жаңалықтар
- Мысырда қайтыс болған әйелдің денесі елге қайтарылатын болды
- «Ұятқа қалғандардың рейтингі»: Қай өңір көштен қалды?
- Лаңкестің қызы: Қонақ үйде мұғалімімен ұсталған 14 жастағы оқушының кім екені анықталды
- Аягөздегі сарбаздың өлімі: Менингитпен әскерге жіберген марқұм сарбаздан кім 4 млн айыппұл талап етті?
- Шымкентте миллионнан жоғары тұратын «жұмақ билеттері» сатылды
- Болат Назарбаевқа тиесілі базарда дау шықты
- Қазақ тілінің мәртебесін өзгертудің қажеті жоқ — Абзал Құспан
- Қордайда 15 жастағы қызды былтыр өз әкесі, биыл кіндік әке-шешесі зорлады
- Қонақ үйде оқушымен бірге ұсталған мұғалім туралы жаңа деректер шықты
- Әнші Қайрат Байбосыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді
- «Ағза саудасы»: Бүйрек сатушылар елімізден Түркияға үш адамды жібергені белгілі болды
- «Ақшамды қайтарсын»: Қостанайда құрылысшы өзін өртемек болды
- Марғұлан Боранбай бостандыққа шықты
- 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы көтеріледі
- Ұсталған LRT басшысы Тасмағанбетовке қарсы айғақ беруі мүмкін — БАҚ
- Абай облысының экс-әкімі жаңа лауазымға тағайындалды
- «Ресейге санкциялар арқылы қысым жасау керек» — Зеленский
- «51 млн артық төленген»: Ақтөбеде аудиторлар мониторинг жасаған мектептің 2 есепшісі жұмыстан шығып кетті
- Назарбаевтың көлеңкесінде: Сара Алпысқызы саналы ғұмырында не істеп кетті?
- «Мал қорадан шаршадым»: Өзіне қол салған сарбаздың ата-анасы сот шешіміне наразы