Қуат Хамитов Қазақстанда басшылық қызметке тағайындалды

cover Фото: sports.kz

Қазақстанның аралас жекпе-жек өнеріндегі ең танымал спортшылардың бірі Қуат Хамитов Алматы облысының күрес федерациясы вице-президенті қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Orda.kz.        

Федерация өкілдері оның жаңа қызметке не себепті таңдалғанын түсіндірді.

Өткен аптада Алматы облысының күрес федерациясында бірден үш жаңа вице-президент тағайындалған. Олардың қатарында Қуат Хамитовпен бірге кәсіпкер Ерсұлтан Бөбей, Қазақстан кубогінің екі дүркін жеңімпазы Әлібек Әбдіқасымов бар.

«Қуат, ең алдымен, грек-рим күресімен айналысқан, спорт шебері. Ол Алматы облысында күреспен шұғылданған. Сондықтан осы жерде туып-өскен адамның бүгінде туған өлкесіне пайдасын тигізуге мүмкіндігі бар деп есептейміз.
Оның спорттағы беделі мен көпшілікке танымалдығы федерацияға, жарыстарға және спортшыларымызға қосымша назар аударуға, жастар арасында күресті насихаттауға және аудиторияны кеңейтуге көмектеседі», – деді федерация өкілдері. 

Федерация баспасөз қызметі Қуат Хамитовтың кәсіби спортшы ретінде үлкен спорттық және өмірлік тәжірибе жинағанын атап өтті.

«Ол спортшы психологиясын жақсы түсінеді және өз білімін жас балуандарға бере алады. Оның есімі кәсіби спортта кеңінен танымал, ал жекпе-жектері үнемі үлкен қызығушылық тудырады. 
Оны таңдауда ең алдымен спортшылар арасындағы беделі, тәжірибесі және федерацияға пайдасын тигізу мүмкіндігі ескерілді. Оның энергиясы мен кәсіби тәжірибесі біздің команданың жұмысына жақсы қосымша болады деп сенеміз»,  деп мәлімдеді федерация. 

Жаңа қызметінде Қуат Хамитов спортшылармен және жаттықтырушылармен жұмыс істеп, күресті насихаттау мен дамыту бағыттарына жауап береді.

Жаңа қызметтегі міндеттері туралы Қуат Хамитов өзінің негізгі мақсаттарының бірі «күрестегі ішкі мәселелерді шешу» екенін айтады.

«Біздің басты міндетіміз – күресті дамыту және болашақ Олимпиада мен әлем чемпиондарын дайындау. Жастарды ынталандырып, облыстағы спорт инфрақұрылымын дамытуға күш саламыз. Сонымен қатар күрестің ішкі мәселелерін шешеміз», – дейді спортшы. 

38 жастағы Қуат Хамитов Қазақстандағы аралас жекпе-жек спортының танымал өкілдерінің бірі. Ол Alash Pride және WBK лигаларында чемпион атанған. Сондай-ақ Fight Nights Global ұйымында өнер көрсетіп, чемпиондық атақ үшін таласқан.

Хамитов жас кезінде күреспен айналысқан. Соңғы жылдары бірнеше рет RAF лигасында күрес шебері ретінде де өнер көрсетті.

Сонымен қатар ол поп-ММА жекпе-жектеріне қатысып қана қоймай, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары назарын жиі аударатын мәлімдемелерімен танымал.

Спортшы әсіресе Қазақстан футболына қатысты сыни пікірлерімен де көпшілікке белгілі.

Енді Қуат Хамитов өзінің спорттағы тәжірибесі мен танымалдылығын Алматы облысындағы күресті дамытуға бағыттамақ. Федерацияның негізгі мақсаты – жастарды спортқа тарту, күрестің бұқаралық сипатын күшейту және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жағдай жасау.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар