Көшеде оқылған намаз: неге Орталық мешітке адам көп келеді?

cover Коллаж: Orda.kz

Өткен жұмада Алматы орталық мешітіне келген жамағат – көлік жүретін бөлігінде жұма намазын оқып, Мәметова көшесіндегі көлік қозғалысын тоқтатқан болатын.

Orda.kz тілшісі дәл сол мешітке барып, мән-жайды біліп қайтты.

Мешіт маңайында қайыр сұрағандардың көптігін байқауға болады. Әлеуметтік желіде тарап кеткен видео бойынша мәселенің анық-қанығын жұртшылықтан сұрастырды.

«Мәметова көшесін жапты. Полиция қызметкерлері бұған дейін тұрмайтын, алдыңғы жағдайдан кейін тұратын болды. TikTok-қа шыққаннан кейін келді бұл кісілер, адамдар жолға шығып кетпеуін қадағалап отырады, соның кесірінен біз – садақа сұрайтындарды қуып тастады. Имам полицейлерге хабарласады «қайыршылар бүгін көп, қайыршылар бар ақшаны жинап алады» деп. Полиция қызметкерлері айтады: «апай, мен сізді қумайтын едім, мына имамдар айтқаннан кейін істеуге тура келеді» деп. Имандары жоқ, сондай-ақ мешітте жұмыс істейді», – деді қайыршы. 

Тағы бір қайыр сұраушы жол ылғи да жабыла бермейтінін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, ондай жағдайлардың анда-санда болып тұратынын, дәлірек айтқанда барлығы адам санына байланысты. 

Жұма намазға келген жамағаттардың пікірінше – жолды жауып тастау мүмкін емес. Сондай-ақ, ол жағдайдың болуы жай ғана мешіттің аз болуынан.

– Мына жолды жабу мүмкін емес, жай ғана көліктерін тастап кеткен шығар. Меніңше адамның көп болуы – мешіттің аздығынан. Мен өзім такси жүргізушісімін. Былай-былай жүргенде әр мешітке кіріп жүре беремін. Бірақ мешіт аз біздің Алматыда. 

Ернар атты жұма намазға келуші бұны жай ғана сәйкестік болуы мүмкін екенін, намазға үлгермей қалған бір адамның жол бойында оқып тұрғанын өзге де жамағат соның жанына барып құлшылық еткенінен сондай жағдай тууы мүмкін екенін айтты. Оның ойынша оқиға солай басталып, кейін құлшылық етушілер жолға дейін шығып кеткен.

– Бұл бірінші рет болып тұр. Бір адам келіп үлгермей қалған ғой, содан жол бойында тұра салған. Солай-солай халық ол адамның жанына жинала берген. Сөйтіп жолға дейін шығып кеткен ғой.  

Ернар мешіттен алыс тұратын құлшылық етушілер де дәл осы мешітке неліктен келетінін айтты. Ернар да мешіттің аз екенін алға тартып, бұл болмаса Ақсай мешітіне немесе Жандосов көшесінің бойында орналасқан Байкен мешітіне баруға тура келетінін айтты. Сондай-ақ Ернар Алматыда мешіт салуға ниетті адамдардың бар екенін айтты. Оның сөзінше оларға әкімдік кедергі келтіреді.

– Мешітті жұмамен есептейді. Жұма намазда адам толмаса, демек басқа мешіт керек емес. Мешіт аз. Мысалы осы көшеде мешіт болса, сіз Абай көшесіне шықсаңыз ешқандай да мешітті көрмейсіз. Ақсайға немесе Жандосоваға бару керек болады. Мешітке келушілер көбейіп жатыр. Бұл менің өзімнің ойым. Алматыға мешіт керек, мешіт аз. Астанадағы Әзірет-Сұлтан мешітінің өзіне адам сыймайды, қыста ол қиын болады. Мешіт салатын адамдар бар, бірақ әкімдік оларға кедергі келтіреді. 

Сондай-ақ ол адамның сыймауынан мәселе туып жатса, полиция қызметкерлері не үшін мешіттің айналасын торуылдап жүргенін айтты. Оның сөзінше, мешітке келетін адамдардың бәрі де білімді емес, діни сауаты аз адамдардың да ниеттеніп келетінін, сол тұста жолды жаппауын қадағалайтындардың керек екенін айтты. Оның пікірінше, әлеуметтік желіге салынған видео ислам дінін қаралау үшін салынған.

– Жолды жаппауы керек қой. Жамағаттың бәрі білімді емес, білімсіздері де бар. Мен білмедім, менің ойымша исламды қаралау мақсатында жасалынған дүние ме деп ойлаймын. Жай ғана 10 адам жолда тұрып намаз оқыса, қалған адамдар да келіп жанына тұрып оқи береді ғой немесе бүлік шығарғысы келді. Полиция да сол кезде тиіскен жоқ. Егер тиіскен жағдайда арты төбелес болу мақсатында түсірген де шығар. Сондай да менде нұсқау бар. Айналып келгенде исламды кірлету мақсатында ғой. Қазір бәрі сонымен жұмыс істеп жүр дегендей. Тағы да айтамын бұл менің өзімнің ойым. 

Мешітке келген жамағаттан бөлек, жабылған көшенің бойында тұрған кафенің қызметкері де пікір білдірді. Ол тек сол күні ғана сондай оқиға болғанын жеткізді. Барлығы жолай кафеге кіріп, жолдың жабылғанын және адамның көптігі тек жұма намаз оқылатын кезде ғана болатынын, қалған күндері адам саны мүлдем азайып қалатынын айтты.

– Бір күні осылай болды. Жолай осы жерге кіріп, жол жабылып қалды. Ал адамдар сол жерде жолға отырып, намаз оқыды. Жұма намазы болғанда ғана адамдардың жиілеп кетеді. Ал басқа күндері олай емес. 

Сондай-ақ мешіттің күзетшісі де кассирдің сөзін растағандай болды. Оның пікірінше кейде адамдар көп болады, кейде аз болады. Күзетші көбінің жұма намазға кешіккеннен кейін, мешіт маңайында тоқтаған жерінен құлшылық ете салатындардың барын жасырмады. 

– Алдыңғы жұма күні менің кезекшілігім болмады, сондықтан да нақты не болғанын білмеймін. Жұрттың айтуынша көліктің көп болуынан жолда құлшылық жасады дейді. Әр жұма сайын мешітке келушілердің саны әртүрлі болады. Кейде көп, кейде аз. Кейбіреулері кешігіп келгендіктен мешіт маңайында тоқтаған жерінде құлшылық ете салады. Бірақ олардың құлшылықтары қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек қой.

Алихан есімді құлшылық етуге келген тұлға әр жұма сайын мешітке барғанымен алдыңғы аптада жолдың жабылғанын көрмегенін айтты. Өйткені ол кезде ол мешіттің ішінде құлшылық еткен. Оның сөзінше, адам санының көптігінен троутардың жабылып қалатын кездері болады. Сондай-ақ ол күннің тым ыстық болған кезде және жаңбырлы, салқын ауа райы болған кезде жұмаға келетіндердің саны азайып, жылы күндері жамағаттың көп болатынын жеткізді.

– Мен осы мешітке үйім жақын болғаннан соң әр жұма сайын қалмай келемін. Тротуардың жабылып қалатынын көргенмін, алайда жолдың жабылғанын көрмеппін. Алдыңғы жұмада мен мешіттің ішінде құлшылық еткеннен сыртта не болғанын көрмей қалдым. Ал адамдардың саны жазда, күн ыстық болған кезде немесе жаңбыр, салқын ауа райы болған кезде азаяды. Офисте істейтін жігіттер жиі келеді. Мен кететін кезде адамдар көбейетін кездері болады. Бірақ бұл немен байланысты екенін білмеймін. 

Айта кетейік, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасы (ҚМДБ) мұсылмандардың намазды арнайы орындарда оқу керек екенін ескерткен болатын. Оның ішінде жол бойында намаз оқуға болмайды. ҚМДБ-ның берген мәліметіне сәйкес, жолды жабу – төтенше жағдайлар қызметінің, яғни жедел жәрдем, өрт сөндіру көлігі немесе өз жұмысына асыққан адамдардың қозғалысына кедергі жасайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар