Көрінбейтін бүйрек саудасы: Ауған әйелдері балаларын осылай аштықтан сақтап отыр

cover Коллаж Orda.kz

Ауғанстанның Герат қаласында ауыр кедейлікке тап болған әйелдер отбасын асыраудың жалғыз жолының бірі ретінде бүйрегін сатуды қарастырып отырғанын айтады, деп хабарлайды Orda.kz Amu TV дерегіне сүйеніп.      

 Amu TV жүргізген зерттеу нәтижесінде қаладағы кейбір жекеменшік клиникаларда бүйрек сату жасырын түрде жүзеге асырылатыны анықталған.

Amu TV бұл мәселе туралы екі әйелмен сөйлескен. Олардың бірі өзін бүйрегін сатуға күйеуі мәжбүрлегенін айтса, екіншісі балаларын асырап, қарыздарын өтеу үшін бірнеше рет бүйрегін сатуды ойлағанын айтқан.

Герат тұрғыны Фатима күйеуі алдымен өзінің бір бүйрегін сатып, кейін оны да бүйрегін сатуға мәжбүрлегенін айтты. Қазір аса ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан әйел денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, балаларын тамақтандыру үшін ауыр жұмыс істеуге мәжбүр.

«Күйеуім менің бір бүйрегімді сатты. Ол өз бүйрегін де сатқан. Қазір қалған бүйрегім де дұрыс жұмыс істемейді. Күйеуім мені бүйрегімді сатуға мәжбүрледі. Қазір денсаулығыма байланысты көптеген қиындыққа тап болып отырмын», – дейді Фатима. 

Әйелдің қауіпсіздігі үшін оның аты-жөні өзгертілген.

Ал Герат қаласының 8-ауданында тұратын Арифа есімді әйел ауыр кедейлік кесірінен бүйрегін бірнеше рет сатуды ойлағанын айтты. Оның айтуынша, балаларын тамақтандырып, қарыздарын өтеу қажеттілігі оны осындай қадамға баруға итермелеген.

«Иә, алдымен мен де осыны ойладым. Кейін көршілеріміздің үш-төртеуі қиындыққа байланысты бүйректерін сатуға мәжбүр болды. Өйткені олардың күйеулері жұмыс істемейді, жұмыс жоқ», – деді Арифа. 

Ол бір күні үйіне келгенде балаларының бірін аштықтан ес-түссіз жатқанын көргенін еске алды.

«Көршілерден нан сұрадым. Олар өздерінде де нан жоқ екенін айтты», – деді әйел. 

Amu TV жүргізген зерттеу Гераттағы кейбір жекеменшік клиникаларда бүйрек сату жасырын түрде жүргізілетінін көрсетті. Сауда барысында сатып алушы мен сатушы арасында келісім жасалады.

Зерттеу барысында кейбір танымал жекеменшік клиникалардың дәрігерлері мен қызметкерлері де бұл іске қатысы бар екені анықталған. Amu TV жинаған мәліметке сәйкес, Гератта бір бүйректің бағасы 100 мыңнан 200 мың ауғаниге дейін жетеді. Бұл шамамен 1 527–3 053 АҚШ долларына тең.

Ал бүйрек ауыстырып салу операциясының құны 200 мыңнан 500 мың ауғаниге дейін, яғни шамамен 3 053–7 634 доллар тұрады. Тілшілерге сұхбат берген дәрігерлер бір бүйрекпен өмір сүрудің денсаулыққа белгілі бір қауіп төндіретінін ескертті.

Дәрігер Мұхаммад Хошанг Салехидің айтуынша, бір бүйрегі қалған адамдарда қан қысымының жоғарылауы және басқа да денсаулық мәселелерінің пайда болу қаупі артады. Ал бір бүйрекпен қалған әйелдер жүктілік кезінде қосымша қиындықтарға тап болуы мүмкін.

«Біріншіден, бір бүйрегі қалған адамдарда қан қысымы жоғарылауы мүмкін. Бұл денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Екіншіден, бір бүйрегі қалған әйелдер жүктілік кезінде түрлі асқынуларға тап болуы ықтимал», – деді дәрігер. 

Зерттеу барысында сұхбат берген басқа дәрігерлер де бір бүйрекпен өмір сүретін адамдардың қалған ағзасында қысқа, орта немесе ұзақ мерзімде түрлі мәселелер туындауы мүмкін екенін айтты.

Герат тұрғындарының әңгімелері мен журналистік зерттеу нәтижелері Ауғанстандағы көзге көрінбейтін бүйрек саудасының ауқымын көрсетеді. Аса ауыр экономикалық жағдай кейбір тұрғындарды қарыздарын өтеу және отбасын ең қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ағзасын сатуға немесе оны сатуды ойлауға мәжбүр етіп отыр.

  

Біз 2024 жылы Қазақстанда ағза сату мен сатып алуға  заң жүзінде тыйым салынғандықтан, көптеген азамат заңсыз әрекетке баратыны туралы жаздық. Қазір донорлар тапшы, отаға кезекте тұрғандардың саны күн санап артып келеді. Сондықтан кейбіреулері донор табу үмітімен «қара нарыққа» жүгінуге мәжбүр болған. Мақаланы толықтай төмендегі сілтеме арқылы оқи аласыз.

Түркістан облысы, Арыс қаласының тумасы Ербол бүйрегін сатып, қарызынан құтылмақ болды. Бірақ алаяқтардың қолына түсіп, өмірі астан-кестең болды. Ербол Orda.kz редакциясына қалай алданып, бүйрегінен де, ақшасынан да айырылғанын айтып берген еді.

Бір жалдан кейін, яғни 2025 жылы сәуірде Наурызбай аудандық сотында 23 сәуір күні бүйрек сатқандар мен бүйрек алушылардың сот отырысы өтті. 

 

2025 жылдың шілде айында Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында адам ағзасын саудалаған қылмыстық топтың соты аяқталды. Заңсыз бүйрек алып, бүйрек сатқан алты айыпталушыға судья Еркін Майшынов үкім шығарды.

Сот отырысында үкімді естіген айыпталушының анасы үстіне спирт құйып өз-өзін өртемек болды. Сот қылмыстық топтың басшысы ретінде айыпталып отырған Бауыржанды (есімі өзгертілген) 8 жыл бас бостандығынан айырды. Ол сот залында қамауға алынды.

Тақырыпқа қатысты ұсынамыз:



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар