Көпмиллиардтық қаражатқа салынып жатқан Ертіс үстіндегі көпір тағы өртенді

cover Фото: Павлодар облысы ТЖД

Павлодарда жыл басынан бері осымен үшінші рет Ертіс өзені  үстіндегі көпмиллиардтық қаржы жұмсалып салынып жатқан көпірде өрт шығып отыр, деп хабарлайды Orda.kz.       

Павлодар қаласындағы Ертіс өзені үстінде салынып жатқан көпір тағы да өртенді. Бұл — жыл басынан бері тіркелген үшінші осындай оқиға болып отыр.

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар 21 сәуір кешінде әлеуметтік желілерде пайда болды. Кадрларда құрылымның бір бөлігін қалың түтін басқаны көрінеді.

 

ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт туралы хабар түскен бойда нысанға өрт сөндіру бөлімшелері жіберілген. Көпірдің төртінші тіреуінде жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш қалыптың (опалубка) кей бөліктері жанған.

«Өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Қиын жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер тілсіз жауды жедел бақылауға алып, 160 шаршы метр аумақта қысқа мерзімде толық сөндірді»,  деп хабарлады ведомство. 

Өрт өршімей тоқтатылып, көпірдің негізгі конструкцияларына таралмаған. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда.

Бұл нысандағы алғашқы өрт биыл қаңтар айында болған. Сол кезде Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы автожолының учаскесінде салынып жатқан көпірдің №4 тіреуінде жылу тенті мен қалып жанған. Өрт аумағы шамамен 60 шаршы метрге жеткен. 

Ал 1 ақпан күні таңертең көпір тағы да өртеніп, бұл жолы №5 тіреуде жылу оқшаулағыш, қорғаныш жабыны және ағаш қалып элементтері жанған. Өрт аумағы шамамен 100 шаршы метрге жеткен.

Еске салсақ, Павлодарда Ертіс үстінен өтетін жаңа көпір құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, нысан қолданыстағы көпірден 40 метр қашықтықта, қаладан шығу бағыты бойынша оң жаққа қарай ығыстырыла салынып жатыр. Көпірдің жалпы ұзындығы 2,1 шақырымды құрайды, оның 400 метрі Павлодар жағында, ал 1,7 шақырымы Атамекен кенті жағында орналасады.

 Еске салсақ, 2026 жылғы 1 ақпанда Павлодар қаласында Есіл өзені арқылы салынып жатқан көпірде екінші рет өрт шыққан еді.

Оқи отырыңыз:




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар