«Қолымды скотчтап, аузыма зорлап дәрі тықты»: Тоқаевқа үндеу жолдаған ана әділдік сұрайды

cover Жасанды интеллект

Мамыр айының 27 күні Түркістан облысында жалғызбасты ана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған болатын. Өз үндеуінде әйел адам емдеу орталығында көрген қорлығы туралы айтқан. Әйелдің сөзіне сенсек, бұл емдеу орталығы — айдың күннің аманында адамды ұрлап әкетіп, бостандығынан айырып, қорлайтын жер. Ал орталықтың сөзіне қарасақ, әйел алаяқ әрі нашақор адам. 

Orda.kz тілшісі журналистік зерттеу жасап, оқиғаның мән-жайын оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрді.

Алдымен оқиғаның анық-қанығын анықтау мақсатында біз Фаузия Ахметоваға (емханадан қорлық көрген жалғызбасты анаға) хабарластық.

«Қолымды скотчпен байлап, аузыма зорлап дәрі тықты»

Оқиға 25 сәуір күні болған. Таңғы сағат 5:30-да бейтаныс 3 ер адам Фаузия Ахметованы өз үйінің алдынан алып кеткен. 

«3 ер адам болды. Біреуі сол сауықтыру орталығының директоры. Есімі – Нұрислам. Мен олардың көлігіне өзім отырдым. Содан кейін қызымды қолымнан жұлып алды да, көліктің ішінде телефонымды тартып алды. Ішімнен бір рет ұрып, белгісіз бағытқа жүріп кеттік. 1,5 сағат өткеннен кейін мені Шымкент қаласына алып бара жатқанын түсіндім. Мені белгісіз бір коттеджге алып келді», – деді Фаузия Ахметова.

Фаузияның сөзінше, коттеджде 3 күн бойы оған ешкім ештеңе түсіндірмеген. Яғни, ол өзін не үшін алып кеткенін, бала-шағасына жауапты болып кімнің қалғанын білмеген.

«3-тәулікте мен өз-өзіме қол жұмсауға тырыссам, маған тым болмаса жедел-жәрдем көмекке келетін шығар деген оймен қолымды тілгілеп тастадым. Алайда олар менің жарамды емдеудің орнына менің қолымды скотчпен байлап, ұрып-соғып, буындырып, зорлап тұрып аузыма дәрі тықты». 

Кейін Фаузияға белгісіз бір құжаттарға қол қоюды ұсынған. Алайда әйел қол қоюдан бас тартқан. Одан соң оның қолын скотчпен байлап тастаған. 5-күні жедел-жәрдем шақырып қалар деген оймен ол өз-өзіне қол жұмсауға тағы да ниеттеніп, қолын тілген. Алайда тағы да оның қолына ешқандай ем жасамаған.

«5-6 еркек маған жабылып, ұрып-соғып, тепті. Коттеджде менен басқа тағы да кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер болды. Ол жерде белгілі бір уақытта телефон береді екен. Мен телефоны бар бір науқасқа жалынып, туысқандарымның нөмірін жазып бердім. Сөздің шыны керек, ол жерге түскеннен кейін, менің қолдарым қалтырай беретінді шығарды. Ұмытшақ бола бастадым. Әлгі телефоны бар науқасқа осылардың бірі болуы керек деп, 10-15 шақты нөмір жазып бердім». 

Фаузияның айтуынша, ол отбасылық жағдайына байланысты өз туыстарымен сөзге келіп қалған. Кейін оның отбасына емдеу орталығы оларға психологиялық көмек көрсетеміз, татуластырып береміз деп үгіт-насихат жүргізгені белгілі болды. Олардың сөздеріне сенген туысқандары Фаузияны соларға табыстап жіберген.

«Мені ұрлап кетердің алдында 1-2 күн бұрын ол туысқандарымыз мені психологқа барып, татуласуға шақырған болатын. Мен оған келіспеген соң, олар осы емдеу орталығына жүгінген. Басында көлікке отырған кезде мен жай сөйлесіп, кейін түсіп қаламын деп ойладым. Алайда олай болмады, мен қалай сенсем, туысқандарым да бұл емдеу орталығына солай сенген ғой».

Туысқандары келіп құтқарып қалғаннан кейін, Фаузия құзырлы органдарға шағым жазған. Бірақ басында полицейлер оның шағымын қабылдамай, кейін резонанс туғаннан соң ғана ісін қараған.

«Бұл істі қазір 2 департамент қарап жатыр, Шымкент қаласына қарасты Абай ауданында «суицидке дейін жеткізу» фактісі бойынша қаралып жатса, Түркістан қаласында «адам ұрлау» фактісімен қаралып жатыр».

Фаузияның сөзінше, осы шулы оқиғадан кейін оған көмек сұрап хабарласқан адамдар көбейген. Оған емдеу орталығынан қорлық көрген адамдар хабарласып, қорыққандықтан ешкімге тіс жармай жүргендерін айтқан. 

«Соңында мені 102-мен алып кетті. Сол алып бара жатқан кезде тергеушілер менің көзімше сол емхананы тексерді және олардың лицензиясы жоқ екенін айтты. Ал жауап алу кезінде олар полиция қызметкерлеріне «лицензияны жасауға әрекет жасап жатырмыз» деп жауап берді».

Фаузияға «психологиялық көмек» көрсеткісі келген кімдер және олар не дейді?

Orda.kz редакциясы бейтарап болған соң, оқырмандарымызға істің мән-жайын безбенмен қатар тартып қойып, таразының екі басында көрсетуді жөн көрдік. Сондықтан тілшіміз «Көмек» орталығы өкілдеріне хабарласты. Емдеу орталығының Шымкент қаласында орналасқан басшысы мен психолог маманы бізге жауап беруден бас тартты.

«Әзірге ешқандай да сұхбат бере алмаймын. Өйткені мен құқық қорғау органдарына ешқандай жауап бермейтінім туралы қолхат жазып бергенмін. Қазір тергеу процестері жүріп жатыр, мен сізге еш нәрсе айта алмаймын. Кейін уақыты келгенде мен сізге хабарласамын сол кезде сұхбат беремін», – деп жауап берді Нұрислам есімді Шымкенттегі емдеу орталығының басшысы.

Осы жағдайдан кейін біз Айман есімді тағы бір сол орталықтың қызметкеріне хабарласқан болатынбыз, бірақ ол тек қана адвокат арқылы жауап бере алатынын айтты.

Бұл жұмбақ орталық жайлы тілшілеріміз жан-жақты ақпарат жинап көрді. 

Фаузияның айтуынша,  Шымкентте орналасқан «Көмек» орталығы осы. 

Бұл орталық туралы пікірлерді оқып отырсақ, алғыс айтып жатқан адамдардың да бар екенін көруге болады.

Ал емдеу орталығы Фаузия Ахметованың әрекетін «алаяқтық және нашақорлық» деп отыр. Орталық мұның бәрін ақпараттық шабуыл деп, жалған ақпарат таратқандарын алға тартады.

Фаузияның өзі бұл ақпараттарды жоққа шығарды. Orda.kz редакциясы екі жақтың тартысын ары қарай бақылап, ақпарат таратады.

Редакция «Көмек» емдеу орталығы туралы ақпарат алу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жіберді. Алайда жауабы әлі келмеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін тілшіміз 25 күн ішінде 4 рет зорланған жасөспірім қызбен сұхбаттасқан еді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар