«Қолымды бір ай жумаймын»: Лепсі ауылына келген Олимпиада чемпиондары не айтты?

Жетісу облысынының тау баурайындағы Лепсі ауылына кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспановтың шақыртуымен Олимпиада жүлдегерлері мен қатысушылары — Демеу Жадыраев, Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбай, Махмұт Сабырхан келіп, жергілікті халықпен және оқушылармен кездесіп қайтты.
Табиғаты әсем жердің халқы дәстүрлі жолмен бауырсақ, қымызымен спортшыларды қарсы алды.
Orda.kz тілшісі сол іс-шараға барып, атақты спортшыларға өз сауалын қойды.
Әлеуметтік желіде атақты «би» ретінде таралып кеткен Демеу Жадыраевтың хитке айналған қыздыру жаттығуы жайлы сұрады.
Еске сала кетсек, бұл жаттығу әлеуметтік желіде жұрттың назарын аударған болатын.
«Қолымды бір ай жумаймын»
Лепсі ауылының Мәдениет үйінің сыртқы қашасына дейін қызыл кілем төселіп, оқушылар екі қатарға тізіліп шат-шадыман көңіл күймен спортшыларды қарсы алды.
Спортшылар бәрінің қолынан алып өтті.
Іс-шараға кіріп бара жатқан оқушылардың әңгімесі назарымызды аударды. «Мә, менің қолымнан ұстады!», «Менің қолымнан да ұстады» деп 3 оқушы мәз болып мәдениет үйіне кіріп бара жатты.
«Бір ай жумайсың ғой кем дегенде» деді бір бала. «Мен тіпті жумаймын» деп қояды екіншісі.
«Олимпиада ойындарын өзім көрдім. Біз дзюдомен айналысамыз, осы Лепсінің спорт интернатында оқимыз. Маған спортшылардың жарысы қатты ұнады», — деді 7 сынып оқушысы Сартай Өміржан.
Болашақта спортшы боламыз деген оқушылар көздері жанып, спортшыларға ерекше ықылас білдірді.
Кезекпе-кезек тұрып сауалдарын қойды. Ақан Дамир есімді Азия чемпионатының қола медаль иегері де чемпиондарға өз сұрағын қойып, қуанышын жеткізді.
Сондай-ақ Айбек пен Нұрбек Оралбайдан еркін күреспен айналысатын Дәурен және Мәулен Оразаев есімді егіз бала бата сұрап, өскенде солар сияқты чемпион болғысы келетіндерін айтты.
Оларға Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай батасын берді.
Айбек Оралбай бауыры екеуінің жеңісі мен жеңілісі алма-кезек жүреді деді. Азияда өзінің жеңіп, Нұрбектің жеңіліп қайтқаны секілді осы жолы өзінің бағы шаппаса да бауырының жеңісіне шын қуанғанын жеткізді. Олимпиададан жүлде ала алмағанымен, алдағы уақытта Демеу Жадыраев секілді 2 рет олимпиадаға қатысып, жүлдемен оралуға тырысатынын айтты.
«Спортшылардың өмірі қысқа. 30-35 жасқа дейін спортта жүреді. Демеу ағаның осылай шығып отырғаны бізге үлкен мотивация. 35 жасқа дейін осылай бабымызда жүру бізге де бұйырсын. Соған еңбек етеміз. Олимпиада ойындарына бару да мен үшін жеңіс болды. Үлкен тәжірибе жинап қайттым. Келесі олимпиада ойындарында осы жолы жіберген қателіктерімізді жібермей, дайындалып, ары қарай жолымызды жалғастырамыз», — деді ол.
Сондай-ақ ол балаларға жаттықтырушыны тыңдап, сабақты да қалдырмай жақсы оқып, ағылшын тілін меңгеру дұрыс екенін айта кетті. Қажырлы еңбекпен биік шыңға шықса, теледидардан көріп отырған отбасы қуанып, әрбір танысы мақтан тұтатынын баяндап, балаларды тек білім алып, еңбек етуге шақырды.
Айбек Оралбай өзіне халықтың қолдауы үлкен мотивация болғанын, келесі жарыста барынша жеңіске жетуге тырысатынын жеткізді.
Боксшы Махмұт Сабырхан Азия чемпионатына дайындалып жатқанын және алда ел үмітін ақтауға тырысамын деді.
«Осы жолы бұйырмады. Алда енді Азия чемпионаты, содан соң әлем чемпионаты болады. Ендігі Азия чемпионатына 54 келі салмақ дәрежесінде шығамын. Ал келесі Олимпиада ойындарында 51 келі салмақ дәрежесінде шығу жоспарда бар», — деді Махмұт Сабырхан.
Нұрбек Оралбай алда үлкен дода тұрғанын, қазақ елін тағы да қуантуға тырысатынын айтты.
«Міне, Лепсі ауылына қонақ болып келіп қалдық. Алланың қалауымен осы ауылдан да спортшылар шыға берсін. 2028 жылы алда үлкен дода Олимпиада ойындары тұр. Оның алдында екі әлем және Азия чемпионаты бар. Елді қуантып, жеңіс әкелеміз деген үміттеміз», — деді Нұрбек Оралбай.
Демеу Жадыраев Лепсі халқының ашық-жарқын, шат көңілмен қарсы алғанына риза болғанын жеткізді.
«Бауыржан ағамыз дүбірлі додадан кейін спортшыларды Лепсіге қонақ ретінде шақыруды дәстүрге айналдырған. Міне, сол дәстүрлі жолды жалғастырып, біз де келіп қалдық. Қарсы алып жатқан елге мың да бір алғыс! Біз де кезінде Олимпиада чемпиондары келгенде қуанып, біраз уақытқа дейін мотивация алып, ерекше ынтамен жаттығу жасап жүретінбіз. Осындай дәстүрді жалғастырып жатқан ұйымдастырушылар мен Бауыржан ағаға рахмет! Бәрін құшақтап, бәрімен суретке түскіміз келеді. Уақыт тығыздығына байланысты осылай асығыс кетіп барамыз. Айып ете көрмеңіздер», — деді Демеу Жадыраев.
Демеудің атақты «биі» немесе Париж төрінен жолдаған сәлем
Сондай-ақ Демеу Жадыраев желіні жарған, жұрт «би» деп ойлап қалған хит-қыздыру жаттығуы жайлы айтып берді. Парижде неге сол жаттығуды жасадыңыз дегенімізде, ол жарысқа келе алмаған жаттықтырушысы Боранбек Темірғалиұлына үлкен экран арқылы жолдаған сәлемі екенін айтты.
«Сол кезде Боранбек Темірғалиұлы менімен бірге Париждегі Олимпиада ойындарына бара алмаған болатын. Содан Франциядан жолдаған сәлемім болатын. Бір жағы ол жақта 10 мың халық отырғаннан соң іштері пыспасын деп жасаған бір өнерім еді. Бұл жаттықтырушымның өзінің төл жаттығуы. Бір орында тұрып жүгіру жаттығуы десек болады. 2007 жылдан бері сол кісінің қолында болдық. Білген-түйгенін үйретіп келді», — деді Демеу Жадыраев.
Сондай-ақ Демеу Жадыраев Олимпиада ойындарының алдында Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» кітабын оқып жатқанын айтқан болатын. Тілшіміздің «оқып болдыңыз ба?» деген сұрағына күлді де «аз қалды» деп жауап қайтарды.
Лепсі спорт интернатының директоры да өз қуанышын жасырмады.
«Біздің жас спортшыларымыз үшін өте керемет кездесу болды. Осындай кездесу ұйымдастырып отырған Бауыржан ағамызға алғысымызды білдіреміз. Осындай спортшыларымызды көрген оқушыларымыз «біз де сондай биік белестерді бағындырсақ» деген оймен ұйықтап, ертеңіне сондай арманмен оянады деген үміттеміз. Сол кісілердің жолын біздің оқушыларымызға берсін. Лепсі спорт мектебінен осындай әлем чемпиондары, Олимпиада чемпиондары шыға берсін. Барлық келген спортшыларымызға алғыс айтамыз. Ары қарай да үлкен спортта табыс тілейміз!», — деді мектеп директоры Елдос Әбікенов.
Бұл мұғалімдер мен оқушыларды қинап әкеліп қоятын іс-шара емес-ті. Жас спортшылар мен кішкене балалардың көз алдында қажырлы еңбек пен жігерінің арқасында биік тұғырға шыққан спортшылар тұрды.
Назарларыңызға жергілікті БАҚ «Alakol tv» түсірген бейнежазбаны ұсынамыз.
Жаңалықтар
- Руслан Желдібай президенттің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды
- Алматының бұрынғы бас сәулетшісі 11 жылға сотталды
- Мемлекет басшысы Иорданияға барады
- Абай облысының әкімі болып Берік Уәли тағайындалды
- Алкоголь және думанды кештер: Атыраудағы қарттар үйінде не болып жатыр?
- Сотталған полицейлердің сыры: қыздар мен гурман тағамдар, миллиондаған ақша
- Лифттегі шабуыл: зардап шеккен баланың жағдайы жақсарды
- Қазақстан мұнайын тасымалдау нысанына дрондар шабуыл жасады
- Назарбаев қалады: Қарағандыдағы даңғыл атауын өзгерту туралы петиция қабылданбады
- Сөзге қалған қырғыз президентінің жиені спортшымен шаңырақ көтерді
- Саясат үшін төбелес: екі қазақстандық әйелге 120 мың доллар айыппұл салынуы мүмкін
- ШҚО-ның жаңа әкімі тағайындалды
- Түрмедегі екі мыңнан астам әйел бостандыққа шығуы мүмкін
- Пәтерде адам азаптаған полицейлер сотталды
- «Ахляк» бақшасындағы жанжал: Баланы тұншықтырған қызметкерлерді қалай жазалады?
- Тараздағы топтық зорлау ісі: екі қыз өздерін зорлағандарға тұрмысқа шыққан
- Оқулықтар қайта-қайта өзгертілгені үшін 16 млрд теңге шығын келді
- АҚШ, Ресей және Украина өкілдері Сауд Арабиясына жиналды
- «Зардап шеккендер бар»: Екібастұзда сауда орталығының төбесі опырылып түсті
- Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары ауысты