Көк майсадағы элита: Назарбаев кеткеннен кейін гольф-клубта кім қалды?
Коллаж: Orda.kz
Алматыдағы «Жайлау» гольф-курортында жуырда елге танымал тұлғалар бас қосты. Ұлттық Audi Quattro Cup турнирі жай ғана спорттық дода емес, ескі достардың бас қосуына айналды. Көк майсада тек бизнес элитасы ғана емес, бұрынғы саясаткерлер де бой көрсетті. Қонақтар арасында Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Нұртай Әбіқаев және басқа да бұрынғы саясаткерлер бар.
Orda.kz тілшілері гольф клубында кімдердің гольф таяғын ұстағанын және неге гольф Қазақстанда жай спорт емес, Назарбаев дәуірінен бастау алған элита дәстүрінің белгісіне айналғанын анықтады.
Жетпістен асқандар алаңда
Гольф – төзімділікті қажет ететін ойын. Әсіресе, жасың жетпіске келгенде шыдамдылығыңды таныту керек болады. Ахметжан Есімов биыл 75-те. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін алаңға шығып, гольф таяғын қолға алады. Турнирде сергек, ширақ көрінді.
«Мен өзім гольфті қатты жақсы көремін. Бір кезде жаттықтырушылармен бірге шындап айналыстым. Бұл жай сән-салтанаттың белгісі емес, денсаулыққа пайдалы жақсы спорт түрі», — деген еді бір сұхбатында Есімов.
Есімов соққыларын жасап жатқан сәтте, Нұртай Әбіқаев та көзге түсті. Ол бүгінде сексеннің сеңгіріне таяған. Гольф таяғын бұрынғыдай қолға алмайды. Бұл турнирге, шамасы, ардагер ретінде келгенге ұқсайды. Әбіқаев – елбасының ескі досы әрі сенімді серігі екені белгілі. Бір кездері дәл осы Әбіқаев Қазақстан гольф федерациясын басқарған болатын.
Қатысушылар арасында ескі буынның тағы бір өкілі – Икрам Адырбек те бар. Бұрынғы дипломат, әкім, депутат. Жасы жетпістен асса да, бойындағы спортқа деген құлшынысы басылмаған.
Айтпақшы, бұл жолы гольф ардагерлері жеңіс тұғырынан көріне алмады. Турнирдің басты жүлдесін Қайрат Молдабаев пен Сәбит Төлегенов атты кәсіпкерлер бастаған команда иеленді. Енді олар Оман елінде өтетін әлемдік финалда Қазақстанның атынан бақ сынайды.
«Жайлау» — таңдаулылар мекені
Бұл гольф-курортқа екінің бірі кіре алмайды. Мұнда тынығуды, ойнауды қымбатқа түсетін рахат десек болады. Гольф алаңына аяқ басу тек қалтасы қалың, жағдайы бар адамдардың еншісінде. Ал мұнда өтетін турнирлер — спорттық жарыстан гөрі, элита арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтатын әрі кеңейтетін алаң іспетті.
«18 алаң, бес қолдан жасалған көл, 15 мың ағаш пен ерекше сұрыптағы шөп түрлері. Барлығы америкалық Palmer Course Design Co. компаниясының жобасы бойынша салынған», — деп жазылған курорттың ресми сайтында.
Мұнда тәртіп қатаң сақталады. Джинсы шалбар кию, спорттық киім немесе даңғаза әңгіме дегенге жол жоқ. Барлығы салтанатты, сыпайы әрі қымбат болуы тиіс.
Бұрын бұл нысанды «Көкмайса» компаниясы басқарған. Ол «еуразиялық үштік» — Патох Шодиев, Александр Машкевич және Ибрагимовтар әулетімен байланысты болған.
Ал қазір, eGov деректеріне сүйенсек, курорттың иесі ретінде Абдулазиз Омаров тіркелген. Бұл есім көпшілікке беймәлім. Ашық дереккөздерге қарағанда, ол Алматыда тіркелген «SUPER HUNTER ASIA» және «Dark & Hunter» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін басқарады.
Турнирдің ұйымдастырушыларына да тоқталмай кету мүмкін емес. Audi брендінің ресми дистрибьюторы Orbis Auto компаниясы. Бұл құрылымның иелері — Forbes тізіміндегі бауырлар Фаррух пен Сухраб Махмудовтар.
«Қазақстанда Audi Quattro Cup турнирі премиум деңгейдегі гольф алаңдарында өткізіліп, кәсіпкерлерді, топ-менеджерлерді және брендтің тұрақты клиенттерін біріктіреді. Сондай-ақ гольфтің заманауи әрі интеллектуалды спорт түрі ретінде дамуына үлес қосады», — дейді ұйымдастырушылар.
Назарбаев және элитаның дәстүрі
Гольф Қазақстанға спорттан емес, саясаттан келді. Бұл ойынды елде ең алғаш мәртебе мен билік белгісіне айналдырған — Нұрсұлтан Назарбаев еді.
Оның ресми сайтында ашық жазылған:
«Тұңғыш президент гольф спортына ерекше әуес. Елбасы бұл спорт түрімен айналысып қана қоймай, әйгілі саясаткерлер мен кәсіпкерлер қатысатын халықаралық турнирлерге де жиі шығады».
Дәл сол кезеңнен бастап елде жаңа гольф-клубтар бой көтерді: Nurtau, Burabay Golf Resort және «Жайлау».
Бұл клубтар кейіннен жабық кабинеттердің жаңа түріне айналды. Мұнда спорт жайы емес, келісімшарттар, тағайындаулар мен одақтар талқыланды.
Кім елбасының серігі болып алаңға шықса, ол «өз адамы» саналатын. Бұл — сенім мен жолының ашықтығын білдіретін ерекше белгі еді.
Гольф федерациясы
Қазақстан гольф федерациясына отыз жыл толды. Алайда аттас компания ресми түрде тек 2018 жылы — Нұртай Әбіқаев қызметінен кеткеннен кейін тіркелген. Қазір федерацияны марқұм миллиардер Әліжан Ибрагимовтың ұлы — Даврон Ибрагимов басқарады.
Құрылтайшылардың тізімі де назар аударайық: Тимур Құлыбаев, Ахметжан Есімов, Қайрат Боранбаев, Өмірзақ Шөкеев, Қайрат Мәми, Иманғали Тасмағамбетов, Еркін Қалиев, Владимир Школьник, Икрам Адырбек, Даврон Ибрагимов, Ербол Бұхарбаев және Қайрат Мәжібәев.
Бұрын бұл қатарда Әсет Исекешев пен Бауыржан Байбектің де есімдері болған.
Солайша, гольф алаңдары біртіндеп «ықпалдылардың дипломатиялық» сахнасына айналды.
Бүгінде Назарбаев билікте жоқ, бірақ оның дәуірінен қалған жол-жоралғы мен әдеттер әлі де жалғасып келеді. Қартайып, қуаты қайтса да, әлі де ойыннан тыс қалмаған саясаткерлер бар.
Автор: Зарина Файзулина
Жаңалықтар
- Астанадағы тұрғын үй кешенінде лифт кенеттен құлап, бір адам қаза тапты
- «ҚазМұнайГаз» Қарашығанақтағы үлесті арттырмақ: ұлттық компания «Лукойл» үлесін сатып алуы мүмкін
- Белсенді Мирболат Мырзатайұлы 4 жылға сотталды
- «10 жастағы баланың қолын сындырып, бұраған»: Ақтөбелік ана әлімжеттік көрген ұлы үшін әділдік сұрады
- «Мен қызымды қорғадым»: Анасы мен баласы бұрынғы күйеу баласын өлтіргені үшін 15 жылға сотталды
- Ақмола облысының әкімі «Хабар» тілшісінің сұрағына шүйлікті
- Астана Мәскеудің қол астында ма? Қазақстан Польшада ұсталған тыңшыны қайтаруға барын салып жатыр
- Стамбұл мэрі 2352 жылға сотталуы мүмкін
- Бишімбаевтың әкесінің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болды
- Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов әжетханаларды жеке өзі тексеретінін айтты
- Прокурор Яна Легкодимованы өлтіргендерге өмір бойы түрме жазасын талап етті
- Александр Машкевичтің Лондонда зираты табылды
- Бишімбаевтың анасы сотта келінінің өлімін есіне алып, көзіне жас алды
- Ақтөбеде 8,9 млн шығын келтірген алаяқ әйел сот залынан босатылды
- «Педофил — Алланың барына дәлел»: Имам дау болған сөзін түсіндірді
- Қазақстан Екатерина Биволды ұстау үшін Ресеймен байланыс орнатты
- Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апаты: Тергеу аяқталуға жақын
- 12 адамның өмірін қиған жол апаты: Жансақтау бөліміндегі 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы белгілі болды
- Жоқшылық: Ақтаудағы «Қазақтелеком» қызметкерлері Бағдат Мусинге шағымдарын айтты
- Ресей — Қазақстанның Құдай қосқан көршісі — Тоқаев