«Қиямет қайымның ортасындамыз»: Пәкістандағы қазақтарға Қазақстан билігі неге көмектеспейді?

cover Фотода Пәкістандағы қазақтар, Хамид Уллах

Атажұрттан алыстаған ағайын әлемнің түкпір-түкпірінен үн қатып, туған жерге қайтуды армандап жүр. Ғасырлар бұрын қазақтар қоныс тепкен өзге мемлекеттер оларды құшақ жая қарсы алды деп айту қиын. Ал бүгінде олардың ұрпағының жағдайы не болып жатыр? Пәкістандағы қазақ бауырымыз Orda.kz сайтына хабарласып, көмек сұрады. 

Кейіпкеріміз Хамид Уллах Жорабай Пәкістанның Карачи өңірінде тұрады. 76 жастағы анасы, әйелі, 5 баласы бар. Ата-бабалары әуелі Қазақстаннан Ауғанстанға көшкен. Олардың қоныс аударғанына 200 жылдан асып кеткен көрінеді. Ауғанстанда «алмағайып заман» басталып, бір топ қазақ отбасы 1983 жылы Пәкістанға келеді. Карачи провинциясын мекендеген қазақтар 42 жылдан бері сол өңірде. Хамидтың руы — керей, сарбас. Провинцияда бұл рудан 20 отбасы, сонымен қатар қаңлы руынан да отбасылар бар. Пәкістан билігі бұларға босқын құжатын берген. Ал кейіпкеріміз бұл құжатпен жүру күн өткен сайын қауіп төндіріп жатқанын айтты. Себебі елде босқын мәртебесі барларды тексеріп, оларды өз еркінсіз Ауғанстанға «айдап» жатқан көрінеді. Босқын құжатымен аурухана да, мектеп те, үкіметтік жұмыс та қабылдамайды екен. Жарығы мен газы жоқ елдімекенде отырған қазақтар телміріп, Қазақстаннан хабар күтіп отыр. 

«Карачиде 40 қазақ отбасы бар еді. 10 күн бұрын оның төртеуін Пәкістан полициясы ұстап әкетіп, Ауғанстанға жіберді. Пәкістанның құжатын бізге бермейді. Көшіп келгенде құжатымызға «ауған» деп жазып берген. Сол басымызға бәле болып тұр. Өзбегің бар, қырғызың бар, қазағың бар, бәріне «ауған» деп жазған. Мен 1993 жылы туғанмын. Бірақ құжатқа 1983 жыл деп жазып берген. Олар аты-жөніңді ғана сұрайды. Қалғанын өздері толтырады. Жылыңды да, туған күн, айыңды да сұрамайды. «Босқын» құжатын алғандардың бәріне туған жылы, айы мен күнін «01.01.1983» деп жазып берген», – дейді Хамид Уллах Жорабай. 

Пәкістандағы бір топ қазақ отбасы 2008 жылдан бері Қазақстанның Пәкістандағы елшілігінің есігін күзетіп келеді.

«Негізі 2008 жылдан бері елшілікке барамыз, келеміз. Бұрын басқа елші еді. Ол бізге елге оралуға ешқандай мүмкіндік бермеді. Елші ауысқаннан кейін тағы есік жағаладық. Алла разы болсын, бұл елшіге Ержан Қыстафин бізді елге жіберуге барынша тырысып бақты. Ол біздің ауылға бірнеше рет келіп, жағдайымызды өз көзімен көріп те кеткен. Елге қайтаруға бар күшін салатынын айтып уәде берді», — дейді қазақ бауырымыз. 

Ержан Сансызбайұлы Қыстафин 2021 жылдың 18 мамырынан бастап – Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған. Енді 4 жыл бойы елшінің уәдесін орындамауына не кедергі болып жатыр деген сұрақ туындайды. Хамид Пәкістандағы қазақтар 1 күн, 1 түн бойы жол жүріп баратын елшілік қызметін жақсы атқарып жүргенін айтты. Елшіліктегілер әлі күнге дейін хабарласып, қазақ отбасылардың жағдайын біліп отыр. Олар енді Қазақстанның жауабын күтіп отыр.

«4 жыл бұрын Астанадағы СІМ-ге арыз жаздық. Арызымыз қабылданды. Кейін елшіліктен бізге хабарласты. Олар Пәкістандағы елшілікке келуімізді сұрады. 5-6 адам болып бардық. Елшіліктегілермен көрістік. Олар Қазақстанның қай өңірінен екендігімізді сұрады. Біріміз Қарағанды, біріміз Қызылорда дедік. Қолымызда бірде-бір қазақ екендігімізді дәлелдейтін құжатымыз болмай тұр. Мен бұның бәрін елшілікке де көрсеттім. СІМ-ге де жібердім. Олар сендердің қазақ, өзбек не қырғыз екендеріңді қайдан білеміз деп, ДНҚ сынамасын алды. Бірінші анама ДНҚ сынамасы жасалды. Нәтижесінде анамды «қазақ» деді. Кейін біз, тағы оншақты адамның қаны «қазақ» болып шықты. 6 ай бұрын Қазақстаннан құжаттар келді. Сауалдарды толтырып жіберуімізді сұрады. Біз құжатты толтырып елшімізге бердік. Елшіміз Қазақстанға жіберді. Алайда ол жақтан әлі күнге дейін ешқандай хабар келмеді», — дейді Хамид Уллах. 

Қазақстан толтырып жібер деген құжат мазмұны төмендегідей.

Қазақстанның Пәкістандағы елшілігі құжатты жібергеннен кейін арадағы хат-хабар үзіліп отыр. Бұл елшіліктің келесі іс-әрекетін бөгеп тұр екен. Ал Хамид Уллах балаларының болашағына алаңдап отыр. Пәкістандағы өмір күн өткен сайын қиямет қайым болып жатқан көрінеді. Пәкістандағы этникалық қазақтар Қазақстанның қай өңірі болса да тұра беретінін айтып, бастысы Пәкістаннан шығаруын сұрап отыр. Әрі жоғарыда аталған 40 отбасының ішінде кейіпкеріміз ғана қазақша сөйлеп, жаза алады. Қалғандары аты-жөндерін айтуға ғана қауқарлы екен. 

«Пәкістандағы жағдайдан өздеріңіз де хабардарсыздар. Жағдайымыз өте нашар. Қазір босқындарды үйінен ұстап әкетіп, Ауғанстанға жіберіп жатыр. Жұмысқа баруымыз да күн санап қиындап барады. Ұсталып қалсақ, бізді де Ауғанстанға жібереді. Біз кетсек, бұл жақта перзенттеріміздің жағдайы не болады? «Ұрпағымыз жойылып кете ме?» деп қорқамын. Біздің ата-бабамыз кетті, әкеміз кетті, енді біз кетсек, бұлар тарихын ұмытады. Әрі балаларымызға ешқандай мектеп жоқ. Әр отбасыда 5,6, 10 баладан бар. Оларды мектепке қабылдамайды. Бізге «пәкістандық емессіңдер, босқынсыңдар» дейді. Пәкістан үкіметі жақсы жұмыс та бермейді. Аурухана да қабылдамайды. Газ жоқ, жарық жоқ. Жұмыс жоқ. «Қызыл қиямет» болып жатыр. Күн өткізуіміздің өзі қиындап барады».

Пәкістан билігі «босқындардың» соңына неге түсті? 

2025 жылдың 22 сәуірінде Үндістан мен Пәкістан арасында қақтығыс болып, 26 адам қаза тапты. The Times of India басылымының хабарлауынша, шабуылды Пәкістанда орналасқан «Лашкар-е-Тайба» радикалды тобының диверсиялық қанаты «Қарсыласу майданының» содырлары жасаған. Енді екі ел арасындағы жағдай ушығып барады. Сондықтан Пәкістан билігі елдегі барлық босқынды қуып әлек. Олар босқындарды шекарада тәліптерге береді. Ал тәліптер оларды не істегісі келсе де, өздері біледі. Кейіпкеріміз Пәкістан полициясы Ауғанстанға қуып шыққан 4 отбасымен жақында ғана хабарласқан. Олар жағдайдың қиын екенін, алдағы уақытта не боларын ойлаудың өзі қорқынышты екенін айтқан. 

Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» радикалды қозғалысы Ауғанстандағы билікті 2021 жылдың тамызында басып алған болатын. Бұған дейін Orda.kz сайты Талибан билігі әйелдерге тек ер адамдармен ғана емес, басқа әйелдермен де ашық сөйлесуге тыйым салғанын хабарлады. Тәліптер саясаты билікке келгелі адам құқығын таптап жатыр. Ауғанстанда әйелдерге білім алуға, спортпен айналысуға, ер адамсыз саяхаттауға, сұлулық салондарына немесе әйелдерге арналған баспаналарға баруға тыйым салынған.

 «Жалғыз жолаушы» YouTube арнасының жетекшісі Санат Ілиясұлы Пәкістандағы Карачи провинциясына табан тіреп, ол жердегі қазақтардың тұрмысын біліп қайтқан. Бейнеден кейіпкеріміздің де отбасы және жұмысымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен таныса аласыз.Хамид Уллах Жорабай және бір топ этникалық қазақ алмағайып заман орнаған Ауғанстанға қайта бас сұғуға қорқады. Олар елге қайтудың бар мүмкіндігін қарастырып, Orda.kz ұжымынан ақпараттық қолдау білдіруді өтінді. Хамид Уллах жоғарыдағы ақпаратты журналистерге мамыр айында бүкпесіз айтып берді. Жағдаймен толық танысқаннан кейін біз елшіліктің не айтатынын біліп алуды жөн көрдік. Елшіліктегілердің айтуынша, бұл мәселе бойынша Еңбек министрлігіне қарасты Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама басқармасы жауап береді екен. Яғни, олар өтініш білдірушілердің нақты қазақ екендігін анықтап, тексеріп, егер қазақ болған жағдайда Қазақстанға келуіне рұқсат беріп, қалаға орналастырып, оларға қолайлы жағдай жасап беруі тиіс. Біз ол жердегі қызметкерлерге де хабарластық. Алайда сұрағымыз жауапсыз қалды. «Өңірлерден хабар біліп беремін» деген осы істің басы-қасында жүрген қызметкер «із-түзсіз жоғалды». Елшінің айтуынша (аты-жөнін жариялаудан бас тартты), Пәкістандағы қазақтар Қарағанды, Түркістан облысы және Ақмолаға барамыз деген. Ал енді сол өңірдегі бұл іспен айналысатын мамандар қолдарында қазақ екендігін дәлелдейтін бірде-бір құжаты жоқ адамдарды қабылдаудан бас тартқан. Orda.kz Еңбек министрлігіне қарасты Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама басқармасына ресми сұрау жіберді. Алайда осы уақытқа дейін бірде-бір жауап ала алмадық. 

Бірақ Пәкістандағы қазақтардың жағдайынан үнемі хабардамыз. Отанына қайтуды аңсаған Хамид Уллах Жорабай Айт мерекесінен алдын 24 сағат жол жүріп, Пәкістандағы Қазақстанның елшігіне барған. 12 сағат бойы оны кеңсеге кіргізбеген.

«Күтіп отыра бердім. Ішке шақырды. Елшіліктегілермен кездестім. Олар маған «сіздердің босқын құжаттарыңызды үкімет қабылдамай отыр. Қазақ екендеріңізді дәлелдейтін ешқандай құжат жоқ» деді», — дейді Хамид Уллах.

Атажұртқа қалай болмасын қайтуды көздеген Пәкістандағы қазақтар енді елшіліктен виза жасап беруді өтініп жатыр. 

«Бізге визаны Пәкістаннан бересіздер ме, Ауғанстанға өткізіп, сол жерден бересіздер ме, бәрібір, бастысы елге қайтарсаңыздар болды» деп ұсыныс айттым. Біз Қазақстан үкіметінен ештеңе күтпейміз. Көмек сұрамаймыз да. Біз өз ақшамызға барамыз. Барған соң да «бізге көмектес» деп қол жаймаймыз. Баспана тауып, жұмыс істеп өз күнімізді өзіміз көріп кетеміз», — деді ол. 

Хамид Уллах Ауғанстандағы қазақтармен әлі күнге дейін байланысын үзбеген. Оның айтуынша, бір апта бұрын Ауғанстандағы 8 қазақ отбасы атажұртқа оралған. Олардың да қолында қазақ екендігін дәлелдейтін ешқандай құжат болмаған екен. Айта кетейік, қазақстандық блогер Ернар Алмабек те мамыр айында Ауғанстаннан Сабыр есімді қазақты елге әкелді.

«Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі виза дайындап берді. Олар өз ақшаларын жұмсап Қазақстанға кетті. Ауғанстаннан 2-3 отбасы болып кетіп жатыр», — деді Хамид Уллах. 

Пәкістандағы қазақтар өзге мемлекеттегі этникалық қазақтардың бәрі елге оралып жатқанын, Пәкістандағылар ғана елшіліктің есігіне телміріп жүргенін ашына айтты. Кейіпкеріміз «виза бермесе, Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымдануға мәжбүр боламыз» деп әңгімесін тәмамдады. 

Айта кетейік, атажұрттан жырақтаған Ауғанстан қазақтары туралы тілшіміздің материалынан оқи аласыз.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар