«Кідірместен оқ жаудырды»: Түлкібастағы Төрехан Төрәліні өлтіргендер әлі күнге ұсталмады
Суретті Төрехан Төрәлінің туыстары жіберді
Осыдан тура екі апта бұрын Түркістан облысының Түлкібас ауданында қанды қылмыс болды. Түлкібас станциясында тұрған топ жігітке біреулер оқ жаудырып, оқиға орнында 17 жастағы Төрехан Төреәлі қаза тапты. Үш адам жараланып, ауруханаға түсті.
Orda.kz тілшісі оқиға орнына барып, істің мән-жайын анықтап қайтты.
Содан бері тұрғындарды үрей билеп, өңірден тыныштық кетті. Арада 14 күн өткеніне қарамастан, тұрғындар әлі де қорқып жүргендерін айтады.
Қатты дауыстан сескенгендердің бірі – қанды қылмысты өз көзімен көрген Динара Бейсембаева. Дәріханадағы фармацевт сол күні түнгі ауысымда болғанын айтады. Ол дәріхана еденін жуып, суды төгуге шыққан екен.
«Еденді жуып, суды төктім. Сол кезде отшашу атылғандай дауыс шықты. Қарасам, қолдарында мылтық бар екен. Басында ешкім айқайламады, сондықтан пранк па деп ойладым. Кейін біреуі «аяғым» деді, екіншісі «өлді, жүрегінен атты» деді. Сол кезде «не істедіңдер?» дедім. Кейін жараланғандар бинт сұрап келді, ал атқандар лезде көлікке отырып, кете барды», – дейді куәгер.
Екінші қараша күні Тимур Төреәлінің есінде мәңгілікке қаралы күн болып қалмақ. Сол түні 20 жастағы жігіт туған бауырынан айырылды. Мектепті биыл ғана аяқтаған Төрехан көзіне дәрі алу үшін орталыққа шыққан. Топ болып тұрған ағасы мен достарына амандасқан. Көзді ашып-жұмғанша оқ тиіп, көз жұмған.
Төреханның ағасы:
«Мен машинада отырдым. Інім далада тұр еді. Күтпеген жерден оқ атылды. Барлығымыз тығылдық. Қараңғы жақтан бір адам жүгіріп келе жатты. Қолында АК мылтығы бардай көрінді. Өзім әскерде болғанмын. Мен бір адамды көрдім. Артқы жақтан тағы екі адам келді. Барлығын оқ жаудырып, біз көлік ішінде тығылып қалдық. Аяусыз үш минуттай оқ атты. Досым жерде «аяғым» деп айқайлады. Інім ес-түссіз жатты. Кеудесіне оқ тигенін көрдім, дәл жүрек тұсынан», – дейді Тимур Төреәлі.
Тимур қарапайым отбасының баласы. Өзі де, інісі де алты баланың ортаншысы. Биыл оқуға түсе алмаған марқұм Төрехан уақытша дәнекерші болып жұмыс істеп жүрген. Көзі ауырып жүрген.
«Ауруханаға жеткенше бауырым өз қолымда қайтыс болды. Сенген жоқпын, аман қалады деп үміттендім. Жақсы жаңалық естігім келді, бірақ інімнің өмірден өткенін айтты. Бауырымды енді көре алмайтыныма сенбеймін, әлі келіп қалар сияқты күтіп отырмыз. Оның да, біздің де еш кінәміз жоқ еді. Інім дәріханадан көзге тамыздық алуға шыққан», – дейді Тимур Төреәлі.
Оқиға кезінде тағы оншақты адам болған, басым бөлігі – оның сыныптастары. Атыс басталғанда біразы қашып, кейбірі көлікке тығылып үлгерген. Өзі де досымен кешкі серуенге шыққан.
«Ешкіммен ерегісіп жүрген жоқпын, шабуыл себебін түсіне алмай отырмыз. Осындай жауыздықты сездік. Бір секундқа кідірмей оқ жаудырды. Оқиға орталық көшеде, жап-жарық жерде болды. Қазір ойласам, жас бала мен анасы кетіп бара жатса да оққа ұшар ма еді?!» – дейді куәгер.
Қазір біреуі ғана ұсталған. Полицияға өзі келген. Қасындағы екі адамның кім екенін айтпай отыр. Қалғандары табылмай қалады деген қорқыныш бар. Марқұмның туыстары кінәлі адамдар жазасыз қалатынын уайымдайды.
«Біз басында отшашу деп ойладық. Артыма қарағанымда екі адам жүгіріп келе жатты. Үшінші адам көліктен келіп, санымнан атты. Қап-қара киінген, қара маска таққан. Қолдарынан АК көрінді. Бәріміз түсінбей, құладық. Тоқтамай атқан соң көліктің астына тығылдық. Аяғыма үш жерден оқ тиген. Саныма, балтырыма, табаныма. Ауруханада санымнан 44 бытыра шықты. Әлі қанша бытыра қалғанын бір құдай білсін», – дейді жәбірленуші.
Түркістан облысының полиция департаменті өзге күдіктілер әлі ұсталмағанын растады. Тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Көшенің қақ ортасында тұрған жігіттерді атып, қаша кеткен баскесерлердің әрекеті бейнебақылауға түсіп қалған. Бірақ жәбірленушілер оларды әлі көрмегенін айтады.
Жастай қыршын кеткен Төрехан Төреәлінің өмірі Шерзат Полаттың жағдайы секілді кімді де болсын бейжай қалдырмайтыны анық. Бір өкініштісі, мылтықпен тайраңдап, заңды белшеден басқандардың бірде біреуі бір айдың жүзі болып қалса да әлі күнге ұсталмады. Бұл құзырлы органдарға үлкен сын. Ал бойын үрей билеген тұрғындардан маза қашты.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Жаңалықтар
- Алматы маңында пластик бұйымдарын шығаратын цех өртенді
- Венесуэланың уақытша президенті АҚШ-пен мұнай келісімі арқылы табысқа кенелетіндерін мәлімдеді
- Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жүздеген жүк көлігі жиналды: Не болып жатыр?
- Аида Балаева: Үй мәселесіне қатысты орынсыз пікірлер буллингке ұласып бара жатыр
- Пентагон басшысы 2028 жылғы президент сайлауына түсуі мүмкін деген ақпарат тарады
- Дастан Сәтбаев ««Бернлидің» негізгі құрамында да үздік ойыншы атанды
- «Стик бермесең өлтіремін»: Астанадағы сауда орталығында пышақ ұстаған жігіт жұртты шулатты
- Құрылтайдың ресми сайты іске қосылды: Депутаттардың жұмысын осы жерден бақылауға болады
- Бірінші сыныпқа 380 мың оқушы барады: Мектептер оларды қабылдауға дайын ба?
- Алматыда самокат мінген ер адам бордюрге соғылып, қаза тапты
- БАҚ: АҚШ Мәскеуге Трамп, Путин және Зеленскийдің саммитін өткізуді ұсынды
- Роналду «Әл-Наср» сапында жеңіс голын соғып, 1000 голдық тарихи межеге жақындай түсті
- Якутияда қарттарды бопсалап ақша алып жүрген Қазақстан азаматы ұсталды
- Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Қасіреттен қарусыздануға дейін
- Талғарда ер адам жеті жасар қызды бұтаның арасына қарай сүйреді деген күдікке ілінді
- Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Аймахан Шерханның адвокаттары апелляциялық шағым түсірді
- БАӘ-де қаза болған екі қыздың денесі Дубайдан елге жөнелтілді
- Бақытжан Базарбек өзі қағып кеткен адамға қатысты жаңа мәлімет берді
- «Бұндайларға рақым жоқ»: Садыр Жапаров «халық жауларын» жазалауға шақырды
- Түркістанның 100 тонна еті Алматыда 20 пайыз жеңілдікпен сатылады