Қазақстандық қыз Камбоджада құлдыққа түсті – оны қамап, ұрып-соғып, аш ұстаған
Фото: Коллаж Orda.kz
Ханшайым Сағадатова әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарға үндеу жасап, құрбысының өмірі мен денсаулығына қатты алаңдайтынын айтты. Оның айтуынша, Камбоджаға жұмыс істеуге кеткен құрбысы қытайлық компанияда құлдыққа тап болып, артынша полицияның қолына түскен. Қазір ол төрт күннен бері тамақсыз, адам төзгісіз жағдайда қоймада қамалып отыр. Orda.kz оқиғаның барлық мән-жайын анықтады.
Нәпақа табамын деп, тұтқынға түсті
Біз Ханшайыммен сөйлесіп, оның құрбысының қиын жағдайға тап болғанын білдік. Алайда жәбірленуші мен оның отбасы «ұят болады» деп атын атамады, олар бұл жағдайды ел білсе, абыройымызға нұқсан келеді деп алаңдайды.
Жат елде зардап шеккен қыз Текеліде дүниеге келіп, сонда өскен (қазір қала Жетісу облысына қарайды). Мектепті аяқтаған соң, Ланьчжоу қаласындағы қытайлық жоғары оқу орнына «Логистика» мамандығы бойынша оқуға түсті. Алайда, пандемия кезінде оның оқу гранты уақытша тоқтатылып, ол Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қытайлық компанияға келісімшарт бойынша жұмысқа орналасқан, дәл сол жақта ол Ханшайыммен танысып, достасқан.
Оқу барысында бойжеткен қытай тілін ғана емес, ағылшын тілін де жетік меңгеріп, сұранысқа ие маманға айналды. Университетті бітірген соң басқа қытайлық компанияға жұмысқа орналасып, өткен жылдың желтоқсанында Камбоджаға жол тартты. Оған кеңседегі жеңіл жұмыс, жайлы тұрғын үй, тамақтану және 5 мың доллар жалақы уәде етілді. Барлық тапқан ақшасын қыз ата-анасына несие жабуға жіберіп отырған екен.
Алғашында компания келіссөзде уәде етілген барлық жағдайды жасаған. Құрбысымен видеоқоңырау кезінде қыз Ханшайымға тұрмыс-тіршілігін көрсетіп, алған әсерлерімен бөлісіп отырған.
«Ол алғаш барған кезде кешкісін сөйлесіп тұратынбыз. Бәрі жақсы еді, бір бөлмелі пәтер, төсек, жуынатын бөлме, тамақ беретін асханаларына дейін бар болатын. Яғни, басында барлығы келісімшарт бойынша жүрді», – деді біздің сұхбаттасушымыз.
Алайда арада бір ай өткен соң құрбысы компанияның «шектен шыға бастағанына» шағымданған. Жұмыс берушілер оған тым көп міндет жүктеп, шамадан тыс жұмыс істетуге мәжбүрлеген. Қыз бұл жағдайға наразылық білдіріп, келісімшартты бұзатынын айтты. Бірақ кетуге оқталғанда, менеджер оның паспортын тартып алып, кампустан шығуға тыйым салды.
Қазақстандық қыз мазасызданған сайын, менеджер оған айқайлап қана қоймай, қол көтере бастаған. Кезекті жанжал кезінде басшысы оны ұрып-соққан. Сол кезде жергілікті құрбысы полиция шақырған. Алайда құқық қорғаушылар шетелдікті қорғаудың орнына, оны қамауға алды. Қытайлық компанияның өкілі полицейлермен сөйлескеннен кейін, оны заттарымен бірге алып кетіп, түрмеге жапқан. Қазір оны ұстаған камерада не жуынатын жер, не төсек, не тамақ жоқ, оларға тек қара су ғана береді. Сондай жағдайда ол тағы бірнеше жергілікті әйелмен бірге отыр.
«Қазір оның паспортының қайда екені белгісіз, құрбым қазір темір торы бар бір қоймада, жерде ұйықтап, аш жатыр. Яғни, ұсталған күннен бері дұрыс тамақтанбаған. Өкінішке қарай, оның денсаулығында, яғни жүрегіне қатысты да диагнозы бар. Ол өте тәрбиелі, ақылды қыз, еңбек етуге кеткен еді, бірақ құлдыққа түсіп қалды», – деп алаңдайды Ханшайым.
Ол құрбысының орналасқан жерінің геолокациясын жіберді. Қазақстандықтар қауымдастық чатында біреу оны барып көруді және тамақ апарып беруді ұсынды.
Қазақстан елшілігі жауапқа бір ай уақыт керек деп отыр
Ұсталған кезде қыз полицияға ескі батырмалы телефонын тапсырып, смартфонын тығып үлгерген. Қазір ол анда-санда ата-анасына, Ханшайымға және Қазақстан консулына хабарласып отыр. Дегенмен дипломаттарымыз оны құтқару үшін асығып отырған жоқ сияқты. Туыстары бірден Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігіне хабарласқан. Бұл елшілік Камбоджа мен Лаосқа да жауап береді. Екінші хатшы-консул Әлімжан Өмірзақов Камбоджа СІМ-не ресми хат жолдап, жауаптың бір айдан кейін болатынын айтқан.
Біз қыздың әпкесімен байланысқа шықтық. Ол туыстарының абдырап қалғанын және елшіліктің ұстанымына қатты алаңдайтынын айтты.
«Елшілік көмектеспейді десе де болады. Олар қасына бір адам жіберіп, адвокат жалдай алар еді немесе ең болмағанда қандай да бір қолдау көрсетсе ғой. Ол қалай бір ай шыдайды – білмеймін, өйткені жүрегінің ауыратыны тағы бар. Қазір ол жақта өте ыстық, 40 градусқа дейін жетеді. Оның үстіне, кез келген сәтте телефонын тартып алуы мүмкін, сонда бізбен байланыссыз қалады», – деді әпкесі алаңдап.
Қамаудағы қазақстандық қыздың құрбысы да дипломаттардың әрекетсіздігіне наразы. Ханшайым консулға өзі хабарласып, құрбысын құтқару үшін қандай шаралар қабылданатынын сұраған, бірақ дөрекілікке тап болған.
«Бүгін консулмен сөйлестім, есімі – Әлімжан. Алдымен ол маған орынсыз уақытта қоңырау шалғаным үшін айқайлады. Мен кешірім сұрадым, бірақ ол маған үш қазақстандықтың біреуді ұрлап, соққыға жыққаны туралы оқиғаларды айта бастады. Олар сол үшін сегіз ай түрмеде отыр екен. Мен оған құрбымның жағдайы мүлде басқа екенін, оны еш себепсіз ұстап отырғанын айттым. Ал ол маған мен тыңдап отырған жоқсың деп ашуланды.
WhatsApp арқылы біздің тілші консул Әлімжан Өмірзақовпен байланысқа шықты. Ол бізге СІМ баспасөз қызметіне жүгінуге кеңес берді. Дегенмен, қыздың өзі кеше елшілікке хабарласқанын және қызметкерлер оның мәселесін шешу үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Ол бізге кеше хабарласты. Біз жұмысты бастадық», деп қысқа қайырды.
Сондай-ақ, дипломат қазақстандық қыздың қай компанияда жұмыс істегенін білесіздер ме деген сұрағымызға Sangam Resort & Casino деп жауап берді. Біз бұл резорттың суреттерін интернеттен іздей бастадық. Бірақ бұл ақпаратты қыздың құрбысы да, туыстары да растаған жоқ. Ханшайым құрбысының кеңседе жұмыс істегенін айтады.
Әр жағдайға дайын болу үшін біз GPT чатында бұл иероглифтердің Sangam Resort&Casino дегенді білдіретіндігін қайта тексердік. Жасанды интеллект бұл нұсқаны жоққа шығарып, қытай тілінен «San’an тобы» немесе «San’an Group» деп аударылатынын хабарлады.
Ал қыздың әпкесі оның Камбоджадағы жұмысы туралы толығырақ айтып берді. Белгілі болғандай, ол сол жерде криптовалютамен айналысқан.
«Бастапқыда оны логист ретінде шақырған. Бірақ барған кезде мүлдем басқа фирмаға тап болғанын көрген. Бұл компания криптовалютамен айналысқан, бірақ заңды түрде емес. Олар жасырын жұмыс істеген. Сіңлім мұны білген соң жұмыстан кетіп, елге қайтқысы келген, бірақ оның төлқұжатын тартып алған», – дейді Камбоджада ұсталған қазақстандықтың туысы.
Әпкесі мен құрбысының айтуынша, оған ешқандай айып тағылмаған. Қызды ұстаған кезде екі-үш күнге ғана алып кететіндерін айтқан. Бірақ ол қазір төртінші күнін түрмеде өткізіп отыр. Не істеу керектігін туыстары білмейді. Оған баруға да, адвокат жалдауға да ақшалары жоқ. Олар тек бұл оқиғаның қоғамға жария болып, елшілік оны тезірек босатып алуына үміттеніп отыр.
СІМ-нен әзірге ресми пікір алған жоқпыз.
Жаңалықтар
- Ақтөбеде тоңып отырған ауыл тұрғындары президент пен әкімге үндеу жасады
- Бас прокуратура Тоқаевқа Досаеваны жауапқа тартуға ұсыныс жолдады
- «Бір адам қаза тапты»: Түркістан облысында мемлекеттік қызметкерлер тұратын үйде жарылыс болды
- Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділовтің соңғы өлеңдерін жариялады
- ERG сатыла ма? Миллиардер Ибрагимов активтер үшін талас-тартыс барын меңзеді
- Өзбекстан президенті қызына тағы бір жылы орын тауып берді
- Қырғызстанда қыз сүйісіп тұрған жігітінің тілі мен ернін тістеп жұлып алды
- Тоқаев Ресейдегі «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қойды
- Жеті жылдық тозақ: Петропавлда күйеуінен күнде таяқ жеген әйел мүгедек болып қалды
- Дәрігерлер елемеген қауіп: шизофрениямен ауыратын ер адам көршісін 27 рет пышақтады
- Жолда дөрекілік көрсеткен ІІМ магистранты қызметіне қайта оралды
- Қазақстанда ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынады
- «Педофил — Алланың барына дәлел»: Нұр-Мүбаракта имам жұрттың жағасын ұстатты
- «Қазақстанды танытқаныма мақтанамын» — Рыбакина жанкүйерлеріне үндеу жасады
- Грузияда құлаған Түркияның ұшағындағы барлық әскер қаза тапты
- Ақмола облысында балықшы мұз астына түсіп кетіп, көз жұмды
- Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді
- Грузияда Түркияның әскери ұшағы апатқа ұшырады
- Жамбыл облысында 12 оқушы тамақтан уланды
- Мәскеуде Тоқаевты «Жоғары мәртебелі» деп қарсы алды