Қазақстанда тыңшылық жасады деген өзбекстандық профессор туралы не белгілі?

cover ЖИ жасаған иллюстрация

Өзбек қызметінің хабарлауынша, Астанада тыңшылық жасады деген күдікпен 46 жастағы Икболжон Корабоев ұсталған. Осы ақпарат тарағаннан кейін  Orda.kz тілшісі оқиғаның мән-жайын университеттен, Ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен және Өзбекстан елшілігінен анықтауға тырысты.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары жасырын дереккөздерге сілтеме жасап, Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген Өзбекстан азаматы Корабоевтың 3 шілдеде ұсталғанын хабарлады.

Алайда университет өкілдері Корабоевтың қазір оқу орнында жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Сонымен бірге оқу орны оның ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

«Maqsut Narikbayev University Икболжон Корабоевтың қазіргі уақытта университетіміздің профессоры емес екенін хабарлайды. Оның ұсталғаны туралы өзге ақпаратты алу үшін құзырлы органдарға жүгінуді сұраймыз» деп жауап берді университеттің баспасөз қызметі. 

Orda.kz редакциясы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де түсініктеме алу үшін сауал жолдады.

Ішкі істер министрлігі редакцияға Корабоевты ұстауы мүмкін органға жүгінуге кеңес берсе, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ақпаратты тек ресми сауал негізінде беретінін мәлімдеді.

Редакция жауап күтіп отырған кезде тілші Қазақстандағы Өзбекстан елшілігі мен консулдығымен байланысуға тырысқан. Алайда ол жақтан да түсініктеме алу мүмкін болмаған. Телефон қоңыраулары әр уақытта бірнеше рет үзілді.

Өзбекстан билігі де бұл жағдайға қатысты әзірге пікір білдірмеді.

Корабоевтың туыстарының бірі шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында оны ұстау кезінде Өзбекстан консулдығы қызметкеріне ақпарат берді деген айып тағылғанын айтқан. Алайда Корабоевтың нақты қандай мәліметті кімге бергені және қылмыстық істің қандай дәлелдерге негізделгені әзірге белгісіз.

Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабында (тыңшылық) көзделген жаза – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Белгілі болғандай, Корабоев Астанада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен тұрған. Ол сондай-ақ Жаһандық және өңірлік басқару орталығын басқарған және Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің зерттеу институтымен ынтымақтастық орнатқан.

Редакция оқиғаның одан әрі қалай өрбитінін бақылауда ұстайды.

Бұған дейін Қазақстанның әскери атташесінің көмекшісі Әнуар Бәкібайдың  Польшада Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деген айыппен ұсталғаны туралы жазған болатынбыз. Кейін ол Польша мен Беларусь арасындағы тұтқындар алмасуы аясында босатылды.

Сол кезде Польша аумағында ұсталған Қазақстан азаматы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке күш-жігерінің арқасында босатылғаны туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар