Қазақстанда табиғи өнімдер неге негізінен экспортқа бағытталған?

Алматы облысындағы Алмалыбақ ауылында фермерлер, агрономдар мен ғалымдар ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын ғана емес, оның болашағын да талқылау үшін бас қосты, деп хабарлайды Orda.kz. Мұнда «Дала күні» аясында көрме, конференция және тәжірибелік егіс алқаптарына экскурсия ұйымдастырылды. Алайда басты әңгіме көгалдандырылған көріністер туралы емес. Күн тәртібінде — топырақтың тозуы, қарашірік тапшылығы, еттегі гормондар және химиясыз ауыл шаруашылығының келешегі болды.
Іс-шара Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында өтті. Қонақтар қатарында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бар.
«Дала күнін» Қазақстан президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды. Академия президенті Ақылбек Күрішбаев мәселені ашық айтты:
«Қазір еліміздегі егістік жерлердің жартысы құнарын жоғалтып жатыр. Қарашірік болмаса, сәбіз де, бидай да, экспорт та болмайды».
Академия мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 90 миллион гектарға жуық жер эрозияға, тұздануға және шөлге айналуға бейім. Бұл — ел аумағының шамамен үштен бірі. Топырақ құнарсызданып, ылғалын жоғалтып, атмосфераға көмірқышқыл газын бөле бастайды.
«Соңғы 30 жылда топырақтағы органикалық заттардың мөлшері 30–35 пайызға азайды. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне және бағаның өсуіне тікелей қауіп», — деді Ақылбек Күрішбаев.
Шешім қандай?
Жауап – органика мен көміртегіге негізделген тәсілдерде. Яғни, топырақты қалпына келтіретін дәстүрлі әдістерге қайта оралу қажет: сидерат егу, компост қолдану, дақылдарды алмастырып егу және жерді мүмкіндігінше аз жырту. Сонымен бірге, «көміртекті полигондар» құру ұсынылды – бұл тозған жерлерге көпжылдық өсімдіктер мен орман белдеулерін отырғызуды көздейді. Мұндай тәсіл топырақтағы көміртегіні ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы Қазақстандағы барлық парниктік газдардың шамамен 10 пайызын шығарады. Егер агроөнеркәсіп жүйесі өзгермесе, еліміздің 2030 жылға дейінгі климаттық мақсаттары — яғни 325 миллион тонна көмірқышқыл газы шегін сақтау — қағаз жүзіндегі жоспар күйінде қалуы мүмкін.


Сұраныс бар, нарық жоқ
Экологиялық таза әрі пайдалы өнім өндіру тиімді әрі заманауи бағыт болып көрінгенімен, органикалық ауыл шаруашылығын дамытуда кедергілер аз емес. Органикалық егіншілік федерациясының өкілі Евгений Климовтың айтуынша, фермерлердің көбі нені өсіру керек екенін де, оны кімге және қалай сату керектігін де толық түсінбейді.
«Пандемиядан кейін халықтың қызығушылығы артты. Адамдар денсаулықтың дұрыс тамақтануға тікелей байланысты екенін түсіне бастады. Бірақ органикалық өнім әлі де күнделікті қажеттілік емес, элиталық тауар ретінде қабылданып отыр», — дейді ол.


Қазір Қазақстанда органикалық өнімдердің негізгі бөлігі — астық пен майлы дақылдар — шет елдерге, әсіресе Еуропаға экспортталады. Ал ішкі нарық әлі қалыптасу кезеңінде. Бұл жағдайдың бір себебі — мемлекет минералды тыңайтқыштарды субсидиялағанымен, химиялық қоспасыз жұмыс істейтін шаруаларға қолдау көрсетілмейді.
«Біз топырақты тоздырып жатқан шаруашылықтарға қаржы бөлеміз. Ал жерді қалпына келтірумен айналысатындарға – ештеңе жоқ. Барлығы керісінше», — дейді Евгений Климов.
Егістік алаңындағы тәжірибе
Институт жанындағы демонстрациялық алқаптарда нут, соя, полба, спельта ұнынан пісірілген нан және бидайдың жас өскінінен алынатын витграсс сияқты дақылдар өсірілуде. Бұл өнімдер салауатты өмір салты мен балалар тағамын өндірушілер арасында сұранысқа ие.
«Тофуға арналған соя, шайлар, глютенсіз ұн — бәріне сұраныс бар. Бірақ мұндай өнімдерді тек өсіру жеткіліксіз. Тұтынушыға да, фермерге де түсіндіру қажет», — дейді органикалық егіншілік зертханасының қызметкері Марина.
Қазақтың жылқысы – расымен экологиялық таза ма?
Жиын барысында көпшілікті таңғалдырған мәлімдеме айтылды: Мәжілісте Қазақстанда сатылатын жылқы етінің 80%-ынан гормондар мен антибиотиктер табылғаны жария етілді.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің өкілі Ержан Сырғали бұл деректерді былай түсіндірді:
«Өсуді жеделдететін стимуляторлар бақылаусыз қолданылып жатыр. Біз базарлардағы өнімдерді зерттедік — тіпті “экологиялық таза” деп саналатын жылқы етінен де гормондар анықталды. Бұл – денсаулыққа қауіпті, қатерлі ісікке алып келуі мүмкін. Біз үндемейміз, ал сандар өз шындығын айтып тұр».
Не істеу керек?
Евгений Климовтың айтуынша, Қазақстанда 300 мың гектардан астам жер ресми түрде органикалық ретінде сертификатталған. Алайда ол жерлерде өсірілетін өнімдердің басым бөлігі шетелге экспортталады. Ішкі нарыққа қолжетімді әрі сапалы органикалық өнім өндіру — енді туындап отырған маңызды міндет.
Қазақстанда органикалық өнімге деген негізгі сұраныс — көкөніс пен жеміс-жидек түрлеріне. Ең көп қажет етілетіндері — картоп, сәбіз, қызылша. Сонымен қатар сояға да қызығушылық жоғары. Бұл дақылдан вегетариандық және паназиялық ас мәзіріне сай өнімдер: соя еті, сүт, тофу, спаржа, лапша және түрлі соустар дайындалады.
Ауыл шаруашылығы жаңа бағытқа бет бұра ала ма?
Қазақстанға дәл қазір экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту ауадай қажет. Бірақ бұл үшін халыққа химиялық заттардың зиянын және табиғи өнімнің артықшылығын жүйелі түрде түсіндіру қажет.
Фермерлерге арналған нақты тәжірибелік үлгілер ұсынылуы тиіс. Яғни, минералдық тыңайтқыштар мен пестицидтерден бас тартып, біртіндеп экологиялық өнім өндіруге көшуге мүмкіндік беретін демонстрациялық алаңдар құрылуы керек.
Іс-шараны ұйымдастырушылар айтылған барлық ұсыныс пен ғылыми тұжырымды арнайы резолюцияға енгізетінін мәлімдеді. Алайда түйткіл бұрынғыдай: қаржы тапшылығы және жүйелі аграрлық реформаның жоқтығы.
Қазақтың жері үнсіз тозып барады. Ал фермерлердің алдында күрделі таңдау: мол өнім ала ма, әлде топырақты құнарлы күйінде сақтай ма?
Жаңалықтар
- «Тарихи мұра»: Қазақстандағы көне таңбалар бар жерге Қытай компаниясы зауыт салады
- Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына жарты миллиард доллар инвестиция салады
- Тілін кесті: Ақтөбеде саябақта тоқ соққан баланың анасы кінәлілерді жазалауды талап етті
- Азаматтыққа қабылдау үшін қазақ тілі мен тарихын білу талаптары өзгеруі мүмкін
- Наразылық пен балалардың үндеуіне қарамастан, Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмек
- Қызылордада полицияны басынған жасөспірімдер мен олардың ата-аналары жазаланды
- Алматы Сеулге айналды: Үнді фильмінің түсірілімі қаланың келбетін қалай өзгертті?
- Ректор болу үшін 200 мың доллар төлеген Айман Мұсақожаева алаяқтарға жем болды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- «Ем-домды карцерде жасады»: Денсаулығы нашарлаған Думан Мұхаммедкәрімнің түрме басшылығына жазғаны
- Тасмағамбетовтің күйеу баласы украиналық «БТА Банкті» сатылымға шығарды
- «Бір кереует 1,2 млн теңге»: Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасындағы былық ашылды
- «Азаттық радиосы» журналистері Сыртқы істер министрлігін сотқа бермек
- Алматы тауларында жоғалған ҚБТУ студентінің мүрдесі табылды
- Дикий Арманның сыбайласы Дубайдан экстрадицияланды
- Тоқаев Назарбаев айырылған лауазымға ие болды
- Ресейде тағы бір қазақстандықты «мемлекетке опасыздық жасады» деп 17 жылға соттады
- Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды
- Назарбаев дәуірінің ізі: ҚТЖ-ның жаңа басшысы Талғат Алдыбергенов туралы не белгілі?
- Жамбыл облысының тұрғыны көмекке келген фельдшердің кеудесіне оқ атты