Қазақ елі Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды
Фото: instagram/ @sham_theatre
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің алыбы Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті. Ұлт руханиятында орны бөлек тұлғаны соңғы сапарға шығарып салуға Orda.kz тілшісі де куә болды.
21 желтоқсан күні актердің дүниеден өткені туралы белгілі болды.
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің алыбы Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр. Әртіспен қоштасуға мыңдаған адам жиналды.
Рәсімге мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Асанәлі Әшімовпен қоштасуға достары, әріптестері мен шәкірттері де келді. Театр залы лық толды, ішке сыя алмаған жұрт ғимарат дәлізінде және сыртта тұрды.
Театр фойесінде көрме ашылды. Экспозицияға Асанәлі Әшімовтің әр жылдардағы суреттері қойылды. Кинотуындыларынан алынған кадрлар мен жастық шағынан қалған фотосуреттер ұсынылды.
Алғашқылардың бірі болып журналистер алдында жазушы Смағұл Елубай сөйледі:
«Құрметті ағайын, бүгін Қазақстан халқы, қазақ халқы өзінің ардақты ұлы, әйгілі актер, ұстаз, - Асанәлі Әшімұлын ақтық сапарға шығарып салып отыр. Халық театрдың ішіне де, сыртына да сыймай кетті. Ол нені көрсетеді. Ол Асанәліге деген, осы алып тұлғаға деген махаббаттың жүрекке сыймай жатқанын көрсетеді. Ағамыз көзі тірісінде ғажайып бейнелерді сомдады. Әсіресе Бекежан, Шадияров сияқты батырлардың бейнесін сомдады. Сол батырлар арқылы бізді тәрбиеледі. Осы фильмдер шыққан кезде біз бала болдық. Сол фильмдердегі Асанәлі сомдаған рөлдер арқылы тәрбие алдық, қалыптастық, осындай батыр болғымыз келді және Қазақстан тәуелсіз болса екен дедік. Енді сол Асанәлі сомдаған батырлардың тәрбиесін көрген қалың қазақ халқы өзінің тәуелсіздігін қасық қаны қалғанша қорғайтынына кәміл сенеміз. Мінекей, алып тұлғаның халқына сіңірген еңбегі осы деп білемін. Жатқан жері жарық болғай, топырағы торқа болғай ағамыздың. Алла алдынан жарылқап, жаны жаннат төрінде шалқығай».
Қазақ өнерінің нарқасқасы Әшімовпен бірге «Қыз Жібек» фильмінде сұлу Жібекті сомдаған Меруерт Өтекешова көзіне жас алып:
«Қазақ киносы мен сахнасының киесіне айналған алып тұлға өмірден өтті. Бұл, әрине, орны толмас қаза. Ол кісімен бірге қоян-қолтық жұмыс істеген бізге де ауыр соққы. Ол қаншама мықты шәкірт тәрбиеледі. Өз ойын қағазға түсіріп, қандай керемет естеліктер мен кітаптар жазды. Ол бір өзі бүкіл бір буынды тәрбиеледі», – деп еске алды актриса.

«Қазақтың ұлы тұлғаларының бірі – актер, режиссер, жазушы, мықты адам мәңгілік сапарға аттанды. Ол артында көп өнегелі дүние қалдырды. Оның сомдаған рөлдері жастарға рух береді, кітаптары шәкірттері үшін таптырмас құрал. Оның ойнаған бүкіл рөлдері көз алдымда тұр. Біз өнер әлеміне қатар ендік. Асанәлі аға бізге көп үйретті. Сол үшін өзімді бақытты санаймын. Әуезов театрында мен ол кісіні әріптес, редиссер, актер ретінде жақын танып, мойындадым. Жақында қатар отырып телехабарға түстік. Мен мені түсіргеніне емес, Асанәлі ағаны түсіргеніне қатты қуандым», – деп ағынан жарылды Меруерт Өтекешова сөз соңында.
Өз кезегінде ақын Бақыт Беделхан да үлгі тұтар ағасына ақтық сөзін арнап:
«Асанәлі ағам өзі «Ұлылардың бәрі түсіме кіреді, сағынамын… Менің бұл дүниедегі қатарым сиреді, о дүниедегі достарым көп» деп жиі айтатын. Одан кейін «Ешкімді әуреге салмай, өзім де қиналмай, ұйықтап кетсем арманым жоқ, дейтін. Арманына жетті. Тілеуін Алла берген адам. Бұны қазақ «ақ өлім» дейді. Абыз жасқа келіп, бүкіл алты алаштың алақанында тұрып, ақ өліммен кетудің өзі бір бақыт шығар деп ойлаймын. Қазақта сөз бар «Өлімнің өзін өнегеге айналдыра біл» деген. Бұл ұлы қасиет, сондықтан да өлімі ғана емес, өнері де, артында қалған дүниесі де халыққа әлі де қызмет ете береді деп ойлаймын. Асекеңнің өмірі -өнеге, тағдыры -тағлым, ғұмыры - ғибрат болуға тиіс. Бүгін, міне, мәңгілік үйіне қарай апара жатыр. Жатқан жері жарық болсын, топырағы мамық болсын. Енді бүкіл алашын, бүкіл қазағын, бүкіл қазақ өнерін қанатымен қорғап жүрсін. Әруағы бәрімізді қолдасын», – деді інілік ізетпен.
Қаумалаған тілшілермен естелігімен бөліскен «Айгөлек» журналының авторы, ақын Қымбат Әбілдәқызы:
«Мені адал қыз деп, арқалы қыз деп, балажан қыз деп, далалық қыз деген сияқты маған бір таза теңеулер қоятын аға, еркелететін… Біз сыйлас болдық өмірде, дәмдес болдық, сапарлас болдық. Сахнадағы, кинодағы өнерінің жанкүйері болу өз алдына… Қандай тау тұлға! Айтатын сөз жоқ», – деп көз жасына ерік берді.
Қазақ сахнасының саңлағы, киноның кемел актері Алматыдағы Кеңсай-2 зиратында жерленді.
Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол Жамбыл облысында туған. Кино жолы ерте басталды. Студент кезінің өзінде 1958 жылы «Ботагөз» фильмінде алғаш рет экранға шықты.
Асанәлі Әшімовке шын мәніндегі халықтық даңқты Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильмі әкелді. 1972 жылы жарық көрген бұл картинаны шамамен 30 миллион көрермен тамашалады. Ол кезең үшін бұл – орасан табыс еді. Кейін де ел жадында қалған талай бейне жасады. «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Маньчжурлық нұсқа» фильмдері халықтың көкейінде.
Өнер жолында Асанәлі Әшімов 40-тан астам фильмге түсті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрында 50-ге жуық рөл сомдады. Бұл театрда ол 1963 жылдан бастап еңбек етті. Актерлікпен ғана шектелмей, режиссер ретінде де қолтаңбасын қалдырды. Әр жылдары «Қазақфильм» киностудиясында да қызмет атқарды.
Актердің қазақ өнеріне сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Асанәлі Әшімов КСРО халық әртісі атанды, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. 2017 жылы оған Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.
Жаңалықтар
- АХҚО сотының «Газпром» мен «Нафтогаз» ісі бойынша шешімі Қазақстан аумағында орындалмайды
- Қостанай облысында 14 жастағы жасөспірім бәстесіп суға секіріп, қаза тапты
- Венесуэлада 1300-ден астам тұтқын түрмені басып алды
- Ұрлықтың алдын алу шарасы күшейтілді: Фермерлерге арналған жағармай үш түске боялды
- Ақтау әуежайында асқазанына салмағы 1 келі болатын 114 капсула апиын жұтып, елге кірмек болған шетел азаматы ұсталды
- 27-29 мамыр күндері Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді
- Елімізде қатерлі ісік пен сирек ауруларға қарсы дәрі шығарылады
- Астанадағы балалар ауруханасында өрт шықты: науқастар эвакуацияланды
- Атырау облысында жасөспірімдер екі қатарласын соққыға жықты
- Ресей шекарасы маңында белгісіз дрондар байқалды: БҚО тұрғындары алаңдаулы
- Қытай ғарыш тарихында жаңа миссия: «Шэньчжоу-23» ғарыш кемесі ұшырылды
- БҰҰ-ның Гаагадағы халықаралық соты ереуілге шығу құқығы туралы шешім шығарды
- ШҚО тұрғындары мен ұйымдарының коммуналдық қарызы 1,5 млрд теңгеден асқан
- ИРСК: Ормуз бұғазы арқылы бір тәулікте 35 кеме өтті
- Пәкістандағы теракт: Жанкешті лаңкес жолаушылар пойызын жарып, 24 адам қаза тапты
- Қазақстан мен Гонконг қаржы ұйымдары арасында тікелей көпір қалыптаса бастады
- Шахмұрат Мүтәліп ERG компаниясының 39,3% акциясын сатып алды
- Атырауға келген Қуат Хамит айыппұл арқалап, ол қатысқан жарыста төбелес шықты
- Балқашта кафеде атыс болып, даяшы қыз жараланды
- Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасы бойынша үш қылмыстық іс тергеліп жатыр