«Қарқаралыдан шыққан өрт Баянауылға жетті»: Мал-жан аман ба?

cover Фото: Бейнеден кадр

Павлодар және Қарағанды облыстарындағы өрт 45 мың гектар жерге дейін аумақты шарпыды. 1 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Ауқымды өрт жайлы өрт сөндірушілердің чаттарында «сурет пен видеоны таратпаңдар» деген хаттар жүр.

 Orda.kz тілшісі сол жақтың тұрғындарына хабарласып мән-жайды сұрастырды.

Өрт 45 мың гектар жерді шарпыды

6 қазан күні Қарқаралы ауданы Қоянды ауылында құрғақ шөп жанып өрт шықты. Өрт өршіп, бой бермей құтқарушылар келді. ТЖМ ақпаратына сүйенсек, Желтау кентінен 18 адам, оның ішінде 8 бала эвакуацияланды. Қазіргі таңда Қарағанды мен Павлодар облыстары шекарасындағы өрт аумағы 45 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұған дейін біз Павлодар және Қарағанды облыстарындағы өрт аумағы бір тәулікте жеті есеге ұлғайып, 21 мың гектар жерді шалғанын жазған едік. 

Өрт сөндіру жұмыстарына қатты жел, таулы аймақ пен жолдардың болмауы қиындық туғызып жатыр.

Фото: ТЖМ

Оқиға орнында төтенше жағдай вице-министрі Ерлан Нұрпейісов пен өңірлердегі төтенше жағдайлар департаменттерінің далалық штабтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда Айыр, Шоптықөл, Қызылшілік, Атантай және Теректі елді мекендеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Осы уақытта Павлодар облысында 10 мың гектар жерді қамтыған өрт Баянауыл ауданында оқшауланды. Өртті сөндіру үшін Шалқаркөл көлінен және жақын маңдағы ұңғымалардан су алынды. Жалпы көлемі 64 тонна болатын 29 су төгілді. 

«Сабырға шақырамын»

Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов халықты сабыр сақтауға шақырып, күш пен құралдардың жеткілікті екенін мәлімдеді.

«Мен және облыс әкімінің орынбасары осы жердеміз. Жалпы өрт сөндіру жұмыстарына 386 адам, 64 бірлік техника, сонымен қатар төтенше жағдайлар және қорғаныс министрлігінің тік ұшақтары жұмылдырылған. Қадірлі жерлестер, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде көмек көрсету, қаржы жинау бойынша әртүрлі үндеулер таратылуда. Осыған орай ұйымдаспаған көмектер дұрыс емес екенін ескерткім келеді. Қазіргі таңда барлық қажетті күш құралдарымыз жеткілікті. Сарбаздарымыздың тамағы, демалатын орындары, сонымен қатар жанар-жағар майдың барлығы қамтамасыз етілді. Сондықтан қазіргі таңда бар өрт сөндіру жұмыстары жеткілікті деңгейде ұйымдастырылған. Сіздерді сабырлылыққа, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Кез келген уақытта төтенше жағдай министрлігінің немесе департаментінің ақпаратына сеніңіздер», — деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов. 

Өрт кезінде қара тапқан жігіт пен зардап шеккендер

6 қазанда өрт сөндіруші-құтқарушы Хали Хайрат қаза болды. 1991 жылы дүниеге келген азамат 2014 жылдан бері азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп келген. 

Фото: ТЖМ
«Ведомствоның Апат медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді»,  деп мәлімдеді ТЖМ. 

Жергілікті «Сарыарқа» телеарнасында оның спортпен шұғылданғаны, отбасы құрмақ болғаны жайлы айтылды.

Ал Шөптікөл ауылындағы дала өртін сөндіру барысында бес адам зардап шекті. Олар Қарқаралы ауданындағы Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы жайлы осы аурухананың меңгерушісі Берік Тілеубаев айтып берді.

«Төрт адамның жағдайы тұрақты, ал олардың біреуінің жағдайы өте ауыр — денесінің 35%-ы күйік шалған. Зардап шегуші реанимацияға орналастырылып, дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады Берік Тілеубаев.

Тұрғындар не дейді? 

Қарқаралы ауданында түтін мен оттан елдің малы қырылып жатқаны жайлы ақпарат шыққан болатын. Желіде өрт арасындағы жылқы, сиыр малының бейнежазбасы тарады.

Orda.kz тілшісі Қарқаралы ауданының тұрғындарына хабарласып, «мал-жан, аман ба?» сұрастырды.

Қарқаралы тұрғыны, мал шаруашылығымен айналысатын Сағатбек Қалым есімді азамат өзі тұратын аумақта ондай шығын болмағанын айтты.

Бізге жіберген  бейнежазбасында ауқымды өрттің көрінісін көрдік.

@qoljazbalar

Павлодар және Қарағанды облыстарындағы өрт 45 мың гектар жерге дейін аумақты шарпыды. 1 адам қаза тауып, 5 адам зардап шекті. Ауқымды өрь жайлы өрт сөндірушілердің чаттарында «суретке түсірмеңдер, таратпаңдар» деген хаттар жүр. #Qoljazba #журналистіңқойындәптері #Qoljazbajanalyqtary #қолжазбажаңалықтар #қолжазба #рекомендации #қолжазба

♬ оригинальный звук - Qoljazba

Тағы бірнеше адамға хабарласып көрдік. Олар да мал шығыны болмады деп хабарлады.

Ал аудан әкімі «мал шығыны жайлы ақпарат ресми емес» деп фермерлерден ондай ақпарат таратпауды сұраған  бейнежазба жариялады.

«Құтқарушылар қажетті азық-түлік, су және техниканы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген. Ауданның азық-түлік дүкендерінде қажетті өнімдер, су және т.б. бар. Әр түрлі техника кедергісіз тұрғын пункттерге жетуге мүмкіндігі бар. Өрттің таралуы жалғасуда, бірақ ол тұрғын пункттерден қауіпті қашықтықта. Малдың қырылуы туралы ақпарат түскен жоқ, біз фермерлермен тұрақты байланыста отырмыз. Тағы да тұрғындардан жалған ақпарат таратпауын сұраймын, бұл жедел штабтың жұмысын бұзады», — деп мәлімдеді Әділжан Арғынов.

Ал бүгін «Вечерняя Караганда» газеті өзінің telegram арнасында өрт сөндірушілер чаттарында тараған «сурет пен видеоны таратпаңдар» деген хаттарды жариялады.

 

Таңғы 10:12-де жарияланған жазбаны telegram арна қазір алып тастады. Нақты ақпаратты іздеп тілшіміз басқа да жергілікті тұрғындарға хабарласып көрді.

Ақыры желіде тарап кеткен  бейнежазбадағы малдардың иесін тапты. Өрт пен түтін арасында қалған малдың бейнежазбасы тарағанын есіңізге салайық.

Сол малдың иесі, Қарқаралы ауданының тұрғыны Алпысбай мырзаға сөйлесіп көрдік. Ол бейнежазбаны жас бала түсіріп, елді шошытқанын айтты. Малының бәрі аман екенін де қоса баяндап берді.

«Мал-жанымыз аман. Кеше бір бала жалған сөйлеп, менің малымды түсіріп Tik-tok-қа салып жіберіпті. Енді ол балаға бейнежазбаны өшір деп хабарласып жатырмыз. Халық арасында дүрбелең болып, туған туыстарым қоңырау шалды. «Амансың ба? Малың қырылып қалыпты ғой» деп. Алпыс малын тастап қашты деген жас баланың істегені ғой», — деді Алпысбай мырза.
«Жаңа учаскелік полиция келіп кетті. Жалған ақпарат таратасыңдар деп. Бұл сол баланың салып жібергені ғой. Жасыратын түгі жоқ,  өрт болды. Өзіміз өрттен бас сауғаладық. Мал-жанымыз аман», — деді Алпысбай мырза.

Сондай-ақ Дана Мырзашева Tik-tok-қа Қарқаралы ауданының Шөптікөл ауылына өрттің таяған сәтін жариялады. Бұл өрт сөндіруші қызметкерлеріне де, қарапайым тұрғындар мен малға да оңай болмады.

Өрт сөндіруге 62 адам және 81 техника жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысындағы өрттің сөндірілгенін хабарлады.

Фото: ТЖМ

Қазіргі таңда өрттің қанша аумақты шарпығаны анықталып жатыр.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар