«Қанды бастама»: Қазақ қыздарын Ресейдің соғыс дрондарын құрастыруға қалай шақырады?

cover Коллаж: Orda.kz

16 сәуір күні БАҚ өкілдерінің бірі «Алабуга Старт» бағдарламасы: қазақстандықтар жаңа мамандық пен жұмысқа ие бола алады» деп жариялады. Онда тұрған не бар дейсіз ғой? «Алабуга Старттың» артында Орталық Азия мен Африка елдерінен келген қыздарды соғыс дрондарын құрастыру зауытына шақыру жобасы тұрғанын білмесек, біз де солай дер едік. Бұл дрондарды Ресей армиясы Украинаны басып алу үшін қолданады. Orda.kz редакциясы «Алабуга» арнайы экономикалық аймағы туралы не белгілі екенін және қазақстандықтарды қайда жұмыс істеуге шақырып жатқаны туралы баяндағалы отыр.

«Алабуга» жарнамасында не уәде етеді?

«Жобаның» соғыс дрондарын құрастыру туралы екенін жарнамалаған редакция ашып жазбайды. Мәтіндегі тұжырымдар түсініксіз: «адами капиталды дамыту», «жастардың мүмкіндіктерін кеңейту» және мектепті немесе колледжді жаңа бітірген 16-22 жас аралығындағы қыздар үшін кәсіби өсу мүмкіндігі туралы айтылады. Олар айына 860 доллар (450 мың теңге) беретінін айтады. Ал тұратын пәтер құны айына небәрі 23 мың теңге екенін жазады. Жоғары білімі жоқ және қарапайым отбасынан шыққан қыз үшін мұндай жұмыс «лифт» сияқты көрінуі мүмкін.

Алайда жарнама берушілер жалдаудың мақсаты Орталық Азиядағы адами капиталды дамыту емес, Ресейдің соғыстағы қолын ұзарту екенін ашық айтқан. Әрине, біреулер Ресей Федерациясының демографиялық мәселелерін шешіп, Ресей бюджетін толықтыруды көздеп отыр. 

«Жас қыздар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Олар: компанияда жаңа траектория бойынша өз жолын жалғастыру, жоғары оқу орнына түсу немесе Ресейде тұру», — деп жазған. Біз материалдан сөзбе-сөз алынған дәйекті келтіріп отырмыз.

Бәлкім «Алабуга» өзі туралы ақпаратты жасырған болар, содан қазақстандық БАҚ өкілдері не нәрсені жарнамалағанын да білмейтін шығар. Өкінішке қарай, мұндай болжам да сынға сылтау бола алмайды. Желіде Татарстандағы арнайы экономикалық аймақ туралы ақпарат көп және олардың көбі талқыланған.

«Алабуга» деген не?

«Алабуга» арнайы экономикалық аймағы — сонау 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Сондай-ақ Украинадағы соғысқа дейін ол қауіпсіз болған. Шетел компанияларының төрағалығы ашылды және шетелден инвесторлар келді. Көптеген салықтық жеңілдіктер шетелдік капиталды тартуға көмектесті. Тіпті «Алабуганы» Еуропаның ең тиімді экономикалық аймағы деп таныды. «Алабуга Политех» жобасы да жүзеге асты. Ол жерде студенттерді тікелей өндірістегі жұмысшы кәсібі мамандығына оқытты.

«Алабуганың» басшылығы өте мықты. Арнайы экономикалық аймақтың бас директоры — Тимур Шагивалеев (Татарстан мемлекеттік Кеңесінің депутаты), ал директорлар кеңесінде (Татарстан Республикасының президенті) Рустам Минниханов бар.

2022 жылы Ресей Федерациясының Украинаға толық басып кіруі инвесторлардың жаппай кетуіне себеп болды. Жаңа өндірістердің ашылуы және қолданыстағы өндірістердің дамуы күмән тудырып, сонымен қатар, АЭА-да жұмыс істейтін ер адамдар әскери комиссариаттарға тартыла бастады. «Алабуга Политех» жобасының болашағы да бұлыңғыр болды.

«Алабуганы» құтқару үшін оны мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға бағыттау туралы шешім қабылданды. Ресей билігіне ирандық үлгілерге сәйкес камикадзе дрондарын шығаратын зауыт қажет болды. 2023 жылы Washington Post басылымы «Алабугада» «герань» деп аталатын Shahed дрондарын құрастыруды локализациялағанын анықтады. Еске сала кетейік, бұл дронның бірі Қазақстанның Батыс аймағында құлағаны туралы жазған болатынбыз. 

Шын мәнінде «Алабуганың» ішкі саясатында жауынгерлік дрондар «қайықтар» деп аталды. ҰҰА құрастыру бойынша тағы бір жоба 2023 жылдың қаңтарында жүзеге асырыла бастады. Бұл жолы Алабуга тақырыптың дрондар туралы екенін жасырмады, алайда дрондар жай ғана өртті сөндіруде, аэрофото түсіруге және ауыл шаруашылығында қолданылады деп көрсетті.

Жұмыс қолының жетіспеуінен Алабуга басшылығы көптеген студенттерді дрондарды құрастыруға жіберді. Ал Татарстан Мемлекеттік Кеңесі (АЭА бас директоры Тимур Шагивалеев отыратын жерде) 2023 жылы кәмелетке толмағандарға «зиянды және қауіпті жағдайларда» жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынды. Бұл кездейсоқ емес, өйткені дәл осындай өндірістер қатарына дрон шығаратын кәсіпорын да жатады. 

2023 жылдың желтоқсанында «Алабуга» АЭА Еуропалық Одақтың санкциялар тізіміне енсе, 2024 жылы АҚШ Қаржы министрлігінің санкцияларына ілінді.

«Алабуга» кәсіпорны африкалық қыздарды қалай тартады?

«Алабугадағы» әдет-ғұрыптар мен «корпоратив мәдениеті» туралы Ресейдің «Протокол» тәуелсіз басылымы толығымен жазып, түсіндірді. Ол Татарстанда локализацияланған дрон құрастыру кәсіпорны қалай шетелдіктерді жаппай тарта бастағаны туралы жазды.

Алдымен «Алабуга» жұмысы тоқтап қалмас үшін ресейлік студенттерді тарту науқанын бастады. 

«Қазір политехте мыңға жуық студент оқиды. Олардың біразы Ираннан жеткізілетін «Shahed-терді» құрастыруға қатысады. Әңгіме 15-17 жас аралығындағы студенттер туралы. «Shahed-терді» құрастыруға қазір бар күш салынып жатыр», — деп жазды 2023 жылы Протокол басылымы.

«Алабугада» дрон құрастырушы студенттердің айлығы 30-40 мың рублді (190-255 мың теңгені) құрады. Қызметкерлер бұл туралы еш жерге жарияламау туралы келісімге қол қойды және олардың телефондары тексеріліп отырды. Ал бұл жобадан кету қиын болды (жобадан кету үшін 170 мың рубль төлеуге тура келді).

АЭА-да жұмыс істеу мен оқу оңай болмады. «Алабуга Политех» колледжінде 3 жыл ішінде басшылықтың қарым-қатынасы мен тапсырмалардың ауырлығынан 2 студент суицид жасады. 2023 жылы осындай жағдайлардың бірі туралы Ресейдің қалалық порталдар желісі жазған еді. Алайда олар өз-өзіне қол жұмсаған 17 жастағы бала «өмірде жағдайға тап болды» деген мәлімдемемен жариялады.

«Алабуганың» басқа студенттері «патриоттық тәрбиенің» әдістері туралы айтты. Олар қара жұмысқа тартылып, командалық ойын ойнауға мәжбүр болды. Жеңілгендері үшін оларды үлкен жаза күтіп тұрды. Мысалы: оларды пейнтбол мылтықтарымен атып немесе жаңбыр астында окоп қазу сынды жұмыстар істеді. Мұның бәрі дрондарды құрастыру жобасы толық іске қосылғанға дейін болды. Бейнені Татарстанның аймақтық БАҚ «116.ру.» жариялады.

Студенттерді жалдау әлі де тоқтамаған. «Протоколдың» мәліметінше, Украинаға қарсы соғыс басталған кезде, маман жетіспеуін азайту мақсатында «Алабуга» басшылығы Африкадан келген қыздарды жұмысқа тарту туралы шешім қабылдады.

«Алабуга Политех» колледжіне әлем елдерінің студенттерін шақыра бастады. Студенттерді тарту науқаны жүргізілгенімен, ол сәтті болмады. Өз еркімен Африкадан келген адамдар «Алабугаға» барғысы келмеді. Одан кейін олар Tinder және Badu сынды танысу қосымшалары арқылы адам тартамыз деп шешті», — деп жазды Протокол.

Африкалықтарды АЭА-ның Бас директоры Шагивалеев жеке өзі ойлап тапқан схема бойынша жалдады. Студенттерге Татарстанға жұмысқа бірге баруды ұсына отырып, танысу қосымшалары арқылы қыздарды «Алабуга» орнына тартты. Бұл айла жүзеге асты. 2022 жылы «Алабуганың» ішкі жаргонында «мулатка» деп аталатын африкалық әйелдердің бірінші партиясы арнайы экономикалық аймаққа келді. Қыздар басқа студенттерден оқшауланып, қара жұмысқа тартылды. Африкалықтар тазалау жұмыстарымен айналысып, фуралардан жүк түсіреді. Шамасы дәл осындай жұмысқа қазір қазақ қыздарын да шақырып жатыр.

«Қызметкерлер үш түрге бөлінді. Олар: «мулаттар», «тәжіктер» және ең жоғарғысы «мамандар». «Мулаттар» деп африкалық студенттерді айтады», — деп жазды Протокол.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Африка елдерінен 182 әйел келді. Бірақ АЭА-ның жоспарына бұл нәтиже жеткіліксіз болды. Қазір Қазақстанда жарнамаланып жатқан «Алабуга Старт» бағдарламасы бойынша Орталық Азия елдерінен қыздар келе бастады. Кәсіпорынға көп жұмысшы керек. Желіге жарияланған құжаттарда «Алабуга» 2025 жылы дрондарды құрастыратын жұмыскерлердің санын 2,6 мың адамға дейін көбейтуді жоспарлап отырғаны көрсетілді (2023 жылы 900 қызметкер жұмыс істеді).

«Алабуга Старт» тұзағы

«Алабуга» Орта Азияда жұмыскер қыздарды Қазақстаннан ғана іздеп жүрген жоқ. Сондай-ақ, осы схемамен олар Қырғызстаннан да қыздар іздейді. Бір жыл бұрын бұл туралы қырғызстандық Factcheck.kg

толығырақ ақпарат берген болатын.

«Алабугада» Орталық Азиядағы әйелдер үшін «мансаптық өсу» жүйесін де қарастырған. Мысалы, «сервис және қонақжайлылық» бағыты бойынша қыздар бастапқыда тазалықшы ретінде жұмысқа қабылданады, ал 75 мың рубль (қазіргі бағам бойынша 477,5 мың теңге) жалақысы бар әкімшіге дейін өсу үшін АЭА-да кемінде бір жарым жыл жұмыс істеу керек. Сонымен қатар олардың еңбек жағдайы жарнамадағыдай жақсы емес. Қырғызстандық БАҚ «Алабугадағы» дракондық жұмыс кестесі туралы айтты.

Өзбекстандық журналист Луиза Атабаева осы туралы зерттеу жасады. Ол БАҚ-тағы жарнаманы көріп, өзі «Алабугаға» жұмысқа орналасып көрмекші болды. Журналиске «жоғары технологиялық композиттік өндірісте» 52 мың рубль (331 мың теңге) жалақы ұсынған. «Өндіріс дегеніміз не?» деп сұрақ қойған Луизаға олар түсініксіз жауап берді. «Алабугада» жұмыс істеуге жалданған басқа қыздар журналиске «құрметпен қарайтындарын» айтты, бірақ сол әңгімеден кейін олар байланысты үзді.

2024 жылдың қазан айында халықаралық жанжал басталғаннан кейін «Алабугаға» Орталық Азиядан қыздарды жалдауға көшу керек болуы да мүмкін. АЭА-да жұмыс істеген африкалықтар The Associated Press журналистерімен байланысып, оларды соғыс дрондары өндірісінде жұмыс істеуге мәжбүрлегенін айтты. Ал «Алабуга Старт» бағдарламасы бойынша олар тамақтандыруды және «қонақжайлылықты» үйренуі керек еді.

Қыздар үнемі бақылауда болатын бірнеше сағаттық ауысымдар, жалақы туралы құрғақ уәделер және теріде шешек қалдыратын каустикалық заттармен жұмыс туралы бар сұмдықты жайып салды. Олардың айтуынша, қазір «Алабуга» толығымен дрон өндірісіне бағытталған. Зауытта жағымсыз атмосфера бар, көптеген африкалық әйелдер дөрекі қарым-қатынасқа шағымданды және олар көбіне қорғаныс құралдарынсыз зиянды өндірісте жұмыс істеуге мәжбүр болатынын айтты. Тұрғын үйге, авиабилеттерге, медициналық қызмет көрсетуге және оқуға жұмсалған барлық шығындар жалақыдан шегерілді.

Ғылым және халықаралық қауіпсіздік институтының негізін қалаушы Дэвид Олбрайт африкалық әйелдердің жалдануы туралы баяндама дайындады. Оның айтуынша, қазір «Алабуга Старт» бағдарламасының қатысушылары ұшқышсыз фюзеляждарды жинайды, бұл – біліктілікті қажет етпейтін жұмыс. Орталық Азия мен Африкадан келген қыздар бұл жұмысқа ресейлік кәмелетке толмаған студенттердің құқығы қаналмас үшін тартылады.

«Олбрайт ұйымының бағалауы бойынша, «Алабуга Политех» бағдарламасына қатысушылардың үштен бірі ғана дрон өндірумен айналысады, ал «Алабуга Старт» арқылы келген жұмысшылардың 90%-дан астамы дәл осы жұмыспен айналысады», — деп жазды Голос Америки.

Айта кетейік, Африкада «Алабуга» жалдаушылары Орталық Азиядағыдай әдістерді қолданған.

Маркетинг арқылы шабуыл: Қалайша «Алабуга» Таймс-скверге шықты?

2022 жылы татарлық АЭА сұмдық маркетингтік қадам жасады. Таймс-сквер жарнамалық тақтасында ақ бұлттардың арасында ұшып бара жатқан ұшақ бейнесімен «Үйге қайтатын уақыт келді» деп жазылған көк баннер пайда болды. Нью-Йорктің қақ ортасындағы билборд арзан емес. Ашық деректерге сүйенсек, Таймс-сквердегі трансляция күніне 5 мыңнан 50 мың долларға дейін тұруы мүмкін. 

«Егер олар орташа есеппен 30 мың доллар төлесе, бұл шамамен 1,5-2 миллион рубль (қазіргі бағам бойынша 15 миллион теңгеден астам) болады. Бірақ оның орнына олар көптеген тегін жарнамаға ие болды, сондықтан олар бұл құнды өндіріп алады», – деп пікір білдірді сарапшы Руслан Серазетдинов Татар-информ басылымына.

Расымен де БАҚ өкілдері Нью-Йорктегі жарнама туралы жарнама таратты. Алайда бұл «Алабугадағы» жалғыз PR әдіс емес. Ресейлік дрон өндірушілер қаржы жағынан қиналмайды және олардың пайдасын 45 есе артты. Бұл туралы ресейлік «Вёрстка» тәуелсіз медиасы жазды.

2024 жылы «Алабуга» АЭА‑да орналасқан және «Герань-2» дрондарын жинайтын «Альбатрос» компаниясы (олар Shahed-136) 955 миллион рубльден астам (алты миллиард теңгеден астам) табыс тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 61 %-ға көп. Таза пайда 4350% өскен. 2023 жылы 9,7 млн рубль (62 млн теңгеден астам), 2024 жылы 430 млн (шамамен 2,7 млрд теңге).

«Алабуга» ресейлік блогерлердің жарнамасына көп ақша жұмсады, бірақ нәтижеге көңілі толмады. Содан кейін маркетологтар «кең шұңқырға» танымал телеграм арналарынан жарнама сатып алуға шешім қабылдады. Олар ресейлік пабликтермен шектеле ғана қоймай, Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанға да науқан бастады.

Бір жыл бұрын Қазақстанда, Өзбекстанда және Қырғызстанда студенттер жоғары оқу орындарына түсуді және емтихан тапсыруды талқылайтын топтарда жарнамалық хабарламалар белсенді түрде таратыла бастады. Қазір олардың қарасы да жоқ. Өйткені «Алабуга Старттың»  YouTube арналары мен әлеуметтік желілері жойылды.

Аудиторияның мақсаты — шағын қалалардан немесе ауылдардан, негізінен білімі төмен, табысы аз немесе орташадан төмен отбасылардан шыққан қыздарды табу. 

«Алабуганың» пиаршыларына Қазақстаннан блогер қыздарды ресейлік АЭА-ға жіберу керек деген ой келді. Яғни, блогердің жарнамасы арқылы оның аудиториясын «Алабугаға» сендіру керек болды. Бұл ретте өңірлік блогерлерге, негізінен қазақ тілділерге артықшылық берілді. Көбі келісті (блогер студенттерді нақты қайда шақыратынын білмейді). Бірақ қазақстандық блогерлердің біреуі ғана баға бойынша оң жамбастарына келді.

Қазақ блогері «Алабугаға» баруға келіскен еді, бірақ сапардың сәті түспеді. Салдарынан қыз Ресейге кетпей жатып, Instagram-ға АЭА жарнамасы бар бейнені жариялады. Алайда біраз уақыттан кейін ол оны өз парақшасынан алып тастады.

«Алабуга Старт» промо-контенті студенттік пабликтерге жіберілді, колледждерде бағдарлама жарнамасы бар буклеттер таратылды. Жарнамаға жастар арасында танымал әртістер тартылды (мысалы, ресейлік әнші Инстасамка).

Қазір «Алабуга» жарнама бөлімі қайта жанданды. Алда талапкерлердің жоғары оқу орындарына түсу маусымы басталады. Әлеуметтік желіде жасөспірімдермен Business cats ойынын өткізетін посттар жиі пайда бола бастады. Бұл «Алабуга» орнына аттанатын алғашқы қадам.

«Колледжге түсу үшін сау мысықтарды өсіру және оларды тиімді сату, нарықта табысты сатушы болу және басқа дүкендерді табу жеткілікті», – деп мәлімдеді «Алабуга Политех» хабарламасында.
«Алабуга Политехке» түсу үшін бір ғана нәрсе маңызды Business cats бизнес-модельдеуінен өту. «Алабуга Политех» – қуаттылығы жылына 10 мың адам болатын білікті жұмысшы кадрларды даярлау жөніндегі бірегей білім беру орталығы», — деп Қырғызстанның бір мектептерінің Facebook парақшасында жарияланған.

«Алабуганың» жарнамалық науқаны тек PR ғана емес, қауіпті ойын. Мұнда қару-жарақ бизнесі, еңбек көші-қоны, агрессивті патриотизм және стероидты маркетинг бар. «Үйге қайтатын уақыт келді», – деп жазылған Нью-Йорктегі баннердегі үй, қай үй? Қайдағы үй?

Соғыс дрондарын құрастыру жайлы ақпарат қыздарға 2 жыл бойы насихатталып келе жатыр. Бұл жоба туралы желіде түрлі журналистік зерттеулер бар. Олай болса, неліктен тәуелсіз БАҚ өкілдері «Алабуга Стартты» жарнамалап, басын бәйгеге тікті? Қазақстандық журналистердің енді ғана колледж аяқтаған қыздарды қайда шақырып жатқаны туралы білмеуі мүмкін бе? 

Қорытынды шығаруды нендей іс болса да безбенмен қатар тартып, қара қылды қақ жаруға тырысатын, патша көңілді оқырманның құзырына қалдырдық.

Авторлар: Никита Дробны, Алина Пак

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар