Көп ақша табатын әйел отбасының ұйытқысы бола ала ма?

cover

ORDA қоғамдағы «ер адам әйел адамнан көп табыс табу керек» деген стереотип қазіргі таңда қаншалықты өзекті екенін анықтап білді.

Өмір алма-кезек. Қолдағанын қаласаң, өзің де қолдай біл!

Әлия Орманова, кадрлар бөлімінің басшысы:

«Біз 23 жасымызда отау құрдық. Шаңырағымыздың көтерілгеніне жеті жыл болды. Екі баламыз бар. Алайда, қаржы мәселесіне келгенде әлі де түсініспеушіліктер орын алады.

Мен – экономистпін. Тұңғышым дүниеге келіп, біраз үйде отырып қалдым. Артынан екінші балам туылды. Бір сөзбен айтқанда, өз саламда еңбек өтілім аз. Үйде отырып шаршап кеттім. Екі ұлымда ес білген бойда, жұмысқа шықтым. Басында түрлі ұйымдарға барып бағымды сынадым, алайда жұбайымның тарапынан ешқандай қолдау таппадым. Бірде осы орайда үйде үлкен жанжал орын алды. Өзім кекшіл адаммын, сондықтан жақсы жұмысқа тұрып, ешкімге тәуелді болмауға бел будым. Қазір экологиялық ұйымда кадрлар бөлімінде істеймін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Жалақым да жаман емес. Бастысы ешкімге тәуелді емеспін.

Қазір жұбайым мені мойындады. Бірақ әлі күнге дейін қанша жалақы алатынымды білмейді. Айтпаймын. Өзіме және балаларымның тәттілеріне, тіпті жинауға да жетеді.

Құпия болса да айтайын, күйеуімнен көбірек табыс табамын. Оның білмегенін қалаймын, мысын басқым келмейді».

freepik

Барлығы көрген тәрбиеге байланысты

Кімде ақша болса, сол адам да билік те болады. Бұл – материалистік теория. Жоғарыда аталған стереотиптің негізі болуы әбден ықтимал. Алайда, психолог Юлия Абдулина ол біздің сана-сезімімізде және ол тәрбиеге байланысты дейді.

«Ақша билік бермейді. Ол өзіңнің қажеттіліктеріңді қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Яғни, егер сенің ақшаң көп болса, сен өз қажеттіліктеріңді қанағаттандыра аласың. Жоқ немесе аз болса, сен өз қажеттіліктеріңе шектеу қоясың. Бірақ бұл жерде ақшаның отбасылық өмірге тигізетін әсерін жоққа шығаруға болмайды. Менің тәжірбиемде дәл осы қаржы тапшылығынан қирап тұрған отбасылар жиі кездеседі. Оларға күнделікті тұрмыс әсер етеді. Отбасыда ақша тапшылығы болса, әйел өз қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайды: демалысқа бармайды, көйлек сатып алмайды, қалап тұрған тамағын жемейді. Осы орайда отбасында жанжал шығады.

Бір ғасыр артқа шегінейік, әйел адамдарға жұмыс істеуге болмайды. Олар ешқандай табыс таба алмайды. Әйел адамның міндеті – ер адамға қосылып, артындағы ұрпағын асырау. Бастысы – тірі қалу. Бұл стереотип сол кезде, яғни, ер адам шынымен асыраушы рөлін атқарып жүргенде қалыптасқан. Әйел ер адамға тәуелді болды.

Бірақ қазіргі таңда әйел адам табыс табуға құқылы. Кейде тіпті әйелдер ерлерінен көбірек табыс тауып жатады. Бұл жерде жұп қандай шешімге келетіні маңызды. Себебі олар отбасын құрғанда құндылықтары әр түрлі болып келеді. Мысалы, егер әйел адамда ер адам өзінен көп табыс табу керек, ол асыраушы болу керек деген түсінік болса, ол оны талап ететін болады. Себебі, оның түсінігінде «ер адам міндетті» деген бар. Мұндай жағдайда ештеңе жасай алмайсың».

ihappymama.ru

Бірлік болмай - тірлік болмас

Психологтың айтуынша, келіспеушіліктен ортақ шешімге келу арқылы ғана құтылуға болады. Олар «мен осынша табыс әкелемін, оған осынша уақытым кетеді» деп алдын ала ақылдасып алса, ер адам басқа тірлікпен айналыса алады. Мысалы, үй шаруасымен айналысып, балаларын үйірмелерге апарады. Қазіргі таңда жұптар әдетте осындай ортақ шешімге келіп, кімнің көп табыс табатына аса мән бермейді.

«Тәжірбиемде әйел адам өз ерінен көп табыс табатын кездер жиі кездеседі. Ал еркек болса, шаңырақ көтергенде жақсы табыс тауып жүреді де, белгілі бір себептермен ондай қаражатты үйіне әкеле алмай қалады. Әйелде осы стереотип санасында бар, осылайша ол ызың, ызың, ызың етіп миын жейді. Миын жеуін тоқтатпайды.

Барлығы тәрбиеге байланысты. Әйелдің отбасында әкесі әрдайым асыраушы рөлін атқарған. Оның санасында ер адам – асыраушы деген бейне қалыптасқан және ол әйел адамға дұрыс көрініп тұрады. Ал шындыққа келер болсақ әркімнің тағдыры әр түрлі. Тұрмыс құрғанда ол жап-жақсы жалақысын алып, жұмыс істеп жүреді. Пандемия салдарынан табыс көзінен айырылып, үйде отырып қалады, ал әйелінің жұмысы жүріп жатады. Осы жерде әйел адамда «ол табыс табу керек» деген сенімі оянып, оны қайрау басталады. Осындай стереотиптер отбасылық өмірге кесірін тигізбесе, пайдасын тигізбесі анық.

Кейде әйел адам барлығын өз мойнына алып кететін жағдайларда орын алып тұрады. Олар рөлдерімен ауысады. Осы жерде әйел өзінің «әйел» екенін есіне алып, жарты жүгін жұбайымен бөлісуі керек. Барлығын өз мойнына алмау керек. Себебі, олар барлығын өзі арқалаймын деп, ер адамын әлсіретіп, мысын басып алады. Оны психологияда «еркекті кастрациялау» деп те атайды. Әйел көбіне білмей жатып барлығын өзі істеп, «Өзім жасаймын! Күш жұмсамай-ақ қой!» деген ой тастап, оны кастрациялайды. Сонымен қатар, ызыңдап миын жеуін де қоймайды».

ngs55.ru

Сонда, бәрі тәрбиеге байланысты деп жанжалдың бетін жылы жауып қою керек пе? Әрине, жоқ! Оны шешу керек. ORDA әйелінен әлдеқайда аз табыс әкеліп, қалай бақытты өмір сүру керектігін баяндайтын кейіпкермен байланысқа шықты.

Бақыт байлықта емес!

Алмас Дайрабай, жеке кәсіпкер:

«Мен 28 жасымда шаңырақ көтердім. Қазіргі таңда үш баланың әкесімін. Біз отбасылы болғанда жұбайымда да, менде де жоғарғы біліміміз болмады. Ақылдаса келе, әйелімді оқытамыз деген шешімге келдік. Сол кезден бастап экспедитор болып жұмыс істедім. Бірнеше жылда жұбайым қаржыгер болып шықты. Ісі бірден өрге домалады. 5-6 ұйымға бухгалтер болып жұмысқа орналасты. Осы жерде менің жалақым оның табысының жанында ойнамай да қалды. Сондықтан, кейде ол жұмысқа барып келу үшін балаларымды қарап, тамақтарын беріп, сабақтарын оқытатынмын. Бізде қаржы жағынан ешқашан ешқандай қиындықтар тумаған. Керісінше, оның жалақысы маған кәсібімді өзгертіп, бала кезден армандаған жеке кәсібімді ашуға өз септігін тигізді».

Қоғам өзгерген заманда адамды қалай өзгертуге болады?

Психологтың айтып отырған келісімге келу осы болса керек. Алайда, қоғам өзгерген заманда адамды қалай өзгертуге болатыны жайлы заңгер Ержігіт Сегізбай ORDA редакциясына пікір білдірді.

«Стереотиптер біздің санамызға тәрбие арқылы енген. Қазіргі таңда қоғам өзгеріп, құқықтар теңескен. Бірақ стереотиптер емес. Ер мен әйелдің құқығы бұрынырақта бізде тең болмаған. Ердің құқығы көп болып, мүмкіндігі де сәйкесінше көбірек болды. Ал әйел адам үйде отырғандықтан, ода табыс көзі болмаған. Сондықтан осы орайда «ер адам табыс табады» деген ой қалыптасқан.

Стереотиптің өзгеруіне қоғам дайын емес. Құқық теңдескенімен ол түбегейлі олай емес.

Стереотиптің қоғамда болмауы үшін оны бала кезден санаға солайынан енгізу керек. Жалпы бала тең құқылы қоғамда өмір сүретінін мектеп қабырғасында білуі керек».

depositphotos

Ақша бар жерде билік бар

Айта кетсек, 2018 жылғы 11 мың адам қатысқан сауалнамада 83% әйел ер адамның өзінен көбірек жалақы алуы керек деген ойын айтты. Оның 17%-ы ер адам өзінен аз жалақы әкелсе, құрметі жоғалатындықтарын айтқан.

Алайда, «Бір тоқсан» сериалының актриссасы Гайни Кукатова бұл стереотиппен келіспейді.

«Ер адам әйел адамнан көбірек ақша табу керек дегенмен келіспеймін. Ол ер адамның өзіне деген сенімі жоғары болуы үшін керек шығар?! Қазір әйел адам отбасын да, жұмысын да бірге алып келе жатыр. Негізі барлығы адамның сана-сезіміне байланысты. Егер жұп бірін-бірі шын сүйсе және әрдайым бірін-бірі түсінуге тырысса, ақша жағы оларда қиындық тудырмайды».

Instagram

Иә, айналып келгенде барлығы да санаға байланысты болды. ORDA осы орайда көпшілік алдында жүретін медиатұлғаларға хабарласты. Өкінішке орай, олардың пікірі редакцияға әлі де беймәлім.

Халықаралық еңбек ұйымы нарықта 2 млрд еркек және 1,3 млрд әйел жұмыс істейтіндігін мәлімдеді.

Қазіргі таңда Қазақстан түбегейлі тең құқылы болмаса да, соған нық қадам басып келе жатыр.

gender.stat.gov.kz/

Стереотип дұрыс немесе қате болмайды, оның барлығы адамның ыңғайына қарайды. Егер сізге ер адамның үйге көп ақша әкелуі дұрыс болса, біреуге ол мүлде маңызды емес. Бастысы – мақсатқа жету.

Қанша түрлі адам болса, сонша түрлі пікір бар. Өмір өзіңіздікі!

Стереотип қоғамда қалыптасқан түсінік.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар