Италияда Қысқы Олимпиада-2026 ойындарының ашылу салтанаты өтті
Фото: ҚР ҰОК
Қазақстан уақытымен 6 ақпаннан 7 ақпанға қараған түні Италияда Қысқы Олимпиада-2026 ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлем назарын өзіне аударған бұл тарихи шара италиялық мәдениет, заманауи технология мен спорт рухының үйлесімін паш етті, деп хабарлайды Orda.kz.
Ашылу салтанатының негізгі бөлігі Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында ұйымдастырылды. Сонымен қатар рәсім мен спортшылар шеруі Олимпиада жарыстары өтетін өзге де қалаларда – Предаццо, Ливиньо және Кортина-д’Ампеццода қатар өтті. Бұл – Олимпиада тарихындағы көпорталықты форматтың айқын көрінісі.
Итальян мәдениеті мен «Armonia» идеясы
Салтанаттың басты тақырыбы «Armonia» – италиялық тілде «үйлесім» ұғымы болды. Ашылу сәтінде дәл осы сөз аренаның үлкен таблосында жарқырап тұрды. Ұйымдастырушылар Италияның бай мәдени мұрасын антикалық кейіпкерлер, музыка және жарық шоуы арқылы көрсетті.
Сахнада әлемге әйгілі италиялық композиторлар – Джузеппе Верди, Джакомо Пуччини және Джоаккино Россини бейнелері пайда болып, итальян өнерінің классикалық дәстүрі жаңаша форматта ұсынылды. Ал антикалық образдар Италияның мифтер отаны екенін тағы бір мәрте еске салды.
Ашылу салтанатына әлемдік деңгейдегі жұлдыздар қатысты. Итальяндық әйгілі тенор Андреа Бочелли мен америкалық әнші Мэрайя Кэри көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Мэрайя Кэри сахнада әйгілі «Volare» («Ұшу») әнін орындап, аренаны шынайы мерекелік көңіл күйге бөледі.
Қазақстан ұлттық құрамасы
Қазақстан ұлттық құрамасы да салтанатты шеруге толық дайын күйде шықты. Ел намысын 36 спортшы қорғайды. Қазақстандық делегацияның туын алғаш рет Денис Никиша мен Аяулым Әмренова алып шықты.
Фото: Ақорда
Еске салсақ, 23 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың мүшелері Денис Никиша мен Аяулым Әмреноваға және Қазақстан паралимпиадалық командасының мүшесі Ербол Хамитовқа табыстады.
Қасым-Жомарт Тоқаев дүние жүзінің ең мықты спортшылары бақ сынайтын Италиядағы XXV Қысқы Олимпиада ойындары мен XIV Қысқы Паралимпиаданы айрықша маңызды оқиға деп атады.
«Әр азаматымыздың жетістігі – Қазақстанның жетістігі. Әр спортшының абыройы – барша қазақтың беделі. Жеңіске жету үшін талап пен табандылық керек. Сіздер шеберліктеріңізді шыңдап, аянбай еңбек еттіңіздер. Соның арқасында дүбірлі додаға қатысуға мүмкіндік алдыңыздар. Олимпиада чемпионы болу – әр спортшының арманы. Осы мақсатқа бір табан жақын тұрсыздар. «Ел сенімі – ерге жүк» дейді халқымыз. Баптарыңыз және бақтарыңыз қатар шауып, жүлдемен келесіздер деп сенемін. Барша халқымыз Сіздерге жанкүйер, тілекші болады. Бәріңізге сәттілік, жеңіс тілеймін! Көк Туымыз әрдайым биікте желбірей берсін!» деген еді сол кезде Мемлекет басшысы.
Денис Никиша – шорт-тректен 500 метр қашықтықта екі дүркін әлемнің вице-чемпионы. Ал Аяулым Әмренова – фристайлдан ұлттық құраманың мүшесі, Универсиада-2025 жарысының параллель могул сайысында күміс жүлде иеленген спортшы.
Фото: ҚР ҰОК
Айта кету керек, Олимпиада ойындарындағы кейбір жарыстар ресми ашылу салтанатына дейін басталды. Керлингтен аралас жұптар, әйелдер хоккей құрамалары, сноубордшылар мен мәнерлеп сырғанаушылар алғашқы бәсекелерін өткізіп үлгерді. Алғашқы медаль иегерлері 7 ақпанда анықталады.
Жалпы Олимпиада-2026 аясында 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ойындарға шамамен 2900 спортшы қатысады деп күтілуде. Спорт және туризм министрлігінің мәліметінше, Қазақстан қысқы олимпиадаға дайындыққа 13,3 млрд теңге жұмсаған.
Фото: ҚР ҰОК
Олимпиада алауы – екі қалада бірдей тұтанды
Ұйымдастырушылар Олимпиада тарихында алғаш рет алау жағу рәсіміне инновациялық тәсіл қолданды. Бір емес, екі алау шырағы орнатылды. Олимпиада оты Миландағы Триумфаль аркада және Кортина қаласындағы Пьяцца Дибона алаңында бір мезгілде жағылды.
Қысқы Азия ойындары – 2029
Салтанат аясында Қазақстан үшін маңызды жаңалық та жарияланды. 5 ақпанда Миланда Алматы қаласында Қысқы Азия ойындары – 2029-ды өткізу жөніндегі ресми келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин мен Азия Олимпиада кеңесінің президенті шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани қол қойды.
Фото: ҚР ҰОК
Осылайша Италияда басталған Қысқы Олимпиада-2026 ойындары тек спорттық бәсекелер ғана емес, мәдениет, ынтымақтастық пен халықаралық бірліктің жарқын мерекесіне айналды.
Айта кетсек, Италия өз тарихында Олимпиада ойындарын төртінші рет қабылдамақ. Оның ішінде бұл – елдегі үшінші қысқы Олимпиада. Бұған дейін қысқы Олимпиада ойындары Кортина-д’Ампеццо қаласында (1956 жыл) және Туринде (2006 жыл) өткен болатын.
Фото: ҚР ҰОК
Қазақстандықтар жарыс барысын Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly республикалық телеарналары тікелей эфирінен бақылай алады.
Оқи отырыңыз:
- 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының алауы Римде жағылды
- Қазақстан 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға 36 спортшы жібереді
- Геннадий Головкин қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өтуіне қатысты пікір білдірді
- Қысқы Олимпиаданы тікелей эфирден қайда көруге болады
Жаңалықтар
- Павлодарда жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған ана ұсталды
- Әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның жалғыз ұлы әлі табылмады: Жұбайы «Бармысың, бауырымға» жүгінді
- Президент ШҚО әкіміне инвестиция тартып, өңірдегі туризмді дамытуды тапсырды
- Қазақстандықтардың жартысы 340 мың теңгеден аз жалақы алады
- Француздардың контейнер кемесі соғыс басталғалы алғаш рет Ормуз бұғазынан сәтті өтті
- Сақал – сән емес, салмақ: Қазақтағы сақал-мұрт қоюдың мәні мен міндеті
- «Кеген–Нарынқол» трассасында жолды су шайып кетті
- 240 мыңнан астам мұғалім ЖИ қолданып үйренді: Тоқаев Сүлейменоваға міндет жүктеді
- Ақтөбе облысында жұртты қорқытып, бопсалап келген қылмыстық топ ұсталды
- Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар 6 жылға сотталды
- Никаб киюге шектеу: Заң қалай жұмыс істеп жатыр?
- Президент өкімімен әскери қолбасшылар тағайындалды
- Алматыда жасөспірімдерге тиісіп, көшені шулатқан тәжік балалары ұсталды
- Мәскеу — Челябі бағытымен жүретін пойыздың жеті вагоны рельстен шығып кетті
- Иран АҚШ-тың нысанаға алынуы мүмкін кемелерінің тізімін жасады
- 200 млн-ға жуық заңсыз табыс: Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ адамға үкім шықты
- Жамбыл облысында сарбаздың қазасына қатысты командирді тергеу аяқталды
- Трамп Макронның әйелімен қарым-қатынасы туралы әзілдеймін деп сынның астында қалды
- Ғашықтар туралы қазақстандық үздік 5 фильм
- «Менде оны үлгі тұттым»: Дмитрий Бивол Головкинмен кездесуі туралы айтып берді