«Ішіңде бөпе бар»: 14 жастағы оқушыны босандырған дәрігерлер жантүршігерлік жағдайды баяндады
Фото: Orda.kz
Жүктіліктің 39-апталығына жетіп, толғақ қысқан оқушы балалар гинекологы жоқ аудандық ауруханада босанды. 14 жастағы жас ана мен 2770 грамм болып дүние есігін ашқан нәрестенің жағдайы жақсы.
Orda.kz тілшісі ауданға барып, тұрғындармен, аудан әкімімен және дәрігерлермен тілдесіп қайтты.
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сыныпта оқитын 14 жастағы қыз сабақ үстінде толғатып, ауруханада босанды.
Дәрігерлер білмедік, педагогтар байқамадық деп ақталып отыр. Оқушы бір ай бұрын жүрегі айнып тұрғанын айтып, мектеп медбикесіне шағымданған.
Осыған дейін жазғанымыздай, оқиға 13 қазанда болды. Сағат 11:30 шамасында оқушы сабақ кезінде ішінің қатты ауырғанын айтып, ұстаздар анасын шақыртқан. Оқушыны анасымен бірге аудандық ауруханаға жеткізген. Басында дәрігерлер ісік болуы мүмкін деп күдіктенеді. Тексеру кезінде оның жүкті екені анықталып, сол күні сағат 17:25-те ұл бала дүниеге келді. Нәрестенің салмағы — 2 770 грамм. Ана мен баланың жағдайы жақсы.
«Өзі кішкентай бала. Әкелгенде жүкті деп ойламадық. «Ішімнің ауырғаны қоймай жатыр, ішім» деп жылады. «Ішіңде бөпе бар, біздің айтқанымызды тыңда» деп түсіндіріп босандырып алдық. Себебі қалаға жіберуге кеш болды. Ағза босануға дайын келді», — дейді аудандық аурухана қызметкері Айгүл Майлыбаева.
Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, оқушыдан жүктілік белгілері бұрын байқалмаған.
«Жасөспірім 13 наурызда жоспарлы скринингтен өткен. Қанда, нәжіс анализінде өзгеріс болмады. Шағым айтпады. 28 мамырда лагерьге, шілдеде мектеп үйірмесіне анықтама алды. Ол «071», «025» тек инфекциялық ауруы жоқ деген анықтама. Қыз жүкті адамға мүлде ұқсамады», – деді бас дәрігер.
Ауыл арасында мектепте оқушы кең киім киіп жүрді деген әңгіме бар. Бірақ мектеп директоры оқушының оқу барысында өзгеше белгімен көзге түспегенін айтады.
Директордың сөзінше, оқушының ата-анасы 2021 жылы ажырасқан. Үш жыл бойы әкесінің қолында болған балаларды 2024 жылы тамызда анасы өз қамқорлығына алған. Әкімдік жалғызбасты ана ретінде оған үй берген.
«Балалар әкесімен тұрғанда шешесі ешқандай тәрбиемей айналыспады, қасында болмады. Шешесі Ақтөбеде, тағы басқа жақтарда жүрген. 2024 жылы тамыз айында барып, үш баланы өз қолына алады. Әкімнен үй сұрады. Әкімдік жалғызбасты ана ретінде үй береді. Үйдің жағдайы өте керемет, үйдің ішінде барлығы бар», — деді мектеп басшысы.
Оның сөзінше бала 10 қыркүйекте мектеп медбикесіне келген. «Жүрегім айнып тұр» деп майлы тамақ жегенін айтқан. Медбике сол кезде: «етеккірің келіп жүр ме?» деп сұрайды. Оқушы «келіп жүр» деп айтады. Анасына дәрігерге апаруын, құсып жүргенін айтады. Анасы қаралғанын, «тамағы ісіп кетті» деп ем алғанын айтқан.
«Анасы қызының күнде Екпетал деген жерге жаяу барып, алма теріп келетінін айтты. Қыз білсе, жасырар еді. Сабаққа қатыспай, қашып жүруші еді. Жаттығу да жасамас еді деп ойлаймын», – дейді мектеп басшысы.
Мектеп әкімшілігі мен аудандық білім бөлімі оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ауданда қыз баланың жүкті болып қалу жағдайы алғаш рет тіркеліп отыр.
Отбасы су тасқынынан кейін салынған жаңа үйлерге көшіп келген. Көршілердің дені бір-бірін әлі танымайды. Кейбірі қыздың пысық екенін айтады.
«Анасы жалғызбасты. Қызы пысық, ашық болатын. Ешқандай оғаш қылық байқалмады. Болған жағдай бәрімізді таңғалдырды», – деді көршісі.
Жәбірленушінің үйі де, күдіктінің үйі де құлыптаулы тұр, көршілер ештеңе айта алмады.
Аудан әкімдігінен жәбірленуші мен күдікті тарапқа мемлекеттен жалдамалы үй берілгенін білдік.
«Оқушының анасын жақсы танимын. Қаратал ауылдық округіндегі су тасқыны кезінде Ойылға келді. Жолдасымен ажырасқан. Көмек беруге тырыстық. Тұрғын үй кезегіне тіркедік. 2024 жылдың аяғына қарай жаңа үй бердік. Күдікті азамат та Ойылдан. Соңғы кезде денсаулығына байланысты ауырып жүрді. Отадан шықты. Жаңағыдай әрекетке барады деп ойлаған жоқпыз. Оларға да кезінде жаңа үй бердік. Үйінің апатты жағдайына қатысты жаңа үй алды. Ауданда осындай жағдай бірінші рет болып тұр. Бәріміз бұндай жағдайдың болғанына қиналып жүрміз», — деді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.
Қазіргі таңда оқушы дәрігерлердің бақылауында. Күдікті қамауда. Полиция мен қамқоршылық органдары мән-жайды анықтап жатыр. Шешесінің өгей әкесінен зорлық көрді деген қыз облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Жасөспірімге психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
«Балаға өзім барып шықтым. Жағдайы қалыпты. Психологиялық көмек көрсетіледі», — деді облыстық балалар құқын қорғау басқармасының басшысы Әліби Латып.
Ал Ақтөбе облыстық білім басқармасы келесі аптада Ойылда «Бала тәрбиесі» бойынша облыстық кешенді семинар өтетінін айтты.
Автор: Ардақ Ерубаева
Жаңалықтар
- Әл-Фарабидегі апат: Пак Zeekr көлігіне неліктен жалған нөмір тағып алғанын айтты
- Президент құттықтады: Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс даңқы залына жазылды
- Қазақстандықтар автонесие алуды азайтты: Сұраныс бір жылда 11%-ға төмендеді
- Президент қорғаныс министріне армияны цифрлық тұрғыдан жетілдіруді тапсырды
- «Бойка немесе Цистерон». Қырғызстанда ақсақал жылқыларға шетелдік лақап ат бермеуді сұраған
- Тоқаев АҚШ пен Иран арасындағы келісімді құптады
- Вискиді даяшы ішті ме? Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін жалмаған Пак прокурордың сұрағына жауап беруден бас тартты
- Санкцияны айналып өту тәсілі ме? Еуропалық көліктер Ресейге қытайлық брендпен жеткізіліп жатыр
- Трамптың уәдесіне қарамастан, Иранмен келісімге келу мәселесі өте күмәнді
- Әл-Фарабидегі жол апаты: Сотта жаңа жәбірленуші пайда болды
- Белфастта мыңдаған адам нәсілшілдікке қарсы наразылыққа шықты
- Блогер Қайсар Қамзаның шетелдік досы сүндетке отырып, мұсылман болды
- 107 күндік соғыс аяқталды ма? АҚШ пен Иран келісімге келсе де, шарттары әлі белгісіз
- Зейнеткер өз қызын сотқа беріп, алиментін бет күтіміне жұмсамақ болған
- АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келісім туралы мәлімдемелерден кейін мұнай бағасы төмендеді
- Женевада G7 саммитіне қарсы мыңдаған адам наразылыққа шықты
- Зеленский: Біз Трамппен кездесу туралы келістік
- Жетісу облысында көпбалалы ана күйеуін өлтірді деген күдікпен қамалды
- Швейцария халқы тұрғындар санын 10 миллионмен шектеуге қарсы дауыс берді
- Алматыда трансформаторлық қосалқы станция өртенді