«Интернетсіз қалдық»: Түркістан облысында бес ауыл бір айдан бері байланыссыз отыр
Фото: Дилара Иса
Түркістан облысы Бәйдібек ауданында қатты желден байланыс мұнарасы құлап, бес ауыл байланыс пен интернетсіз қалған. Ауыл тұрғындары жарық пен ауыз судың да жыры бітпей қойды деп налиды.
«Ауыз суды есекпен тасимыз»
Интернеті өшкен Жыланды ауылының тұрғыны Мықтыбек Жұмановтың айтуынша, көршілес жатқан Қызыл арық, Амансай, Талап, Түйетас ауылдары да байланыссыз қалған. Тұрғындар туған-туыстың хабарын білмек былай тұрсын, жедел жәрдем қызметі мен төтеншеліктерді шақыра алмай әлекке түскен.
— Түркістан облысында бес ауыл бір айдан бері байланыссыз отыр. Қатты жел тұрды да, интернет өшті. Білесіздер, қазір оқудың бәрі интернетке байланған. Мұғалімдер мен оқушыларға обал болды. Күндіз сабақ өтеді. Түнде қырға шығады, ол жерден таппаса ауылдарды аралап сабаққа дайындалады, журнал толтырады. Осылай интернет іздеп ауыл кезіп кетті. Қайда барамыз, кімге айтамыз? Әкімдік құрғақ уәде береді, орындамайды, - дейді ол.
Жыланды ауылындағы жүз елуге тарта отбасында сегіз жүзге жуық адам тұрады. Тұрғындар мал асырап, егін егіп күн көреді. Газ жоқ. Көшелеріне төселген асфальттің өзі ескірген. Интернеттен бөлек тіршілікке ең қажетті деген жарық пен судың жайы да ауыл халқын алаңдатады.
— Ала жаздай жарық пен судың азабын көрдік. Трансформатор күйіп кетті. Жарық болмаған соң су да тоқтады. Бала күнімізде ауыз суды есекпен таситын едік. Енді осындай дамыған заманда немерелерім де суды есекпен тасып жүр. Бұл сұмдық қой, - дейді ауыл тұрғыны Мақұлбек Айдарбеков.
Жыланды ауылының тұрғындары жарықтың сөнуіне тек трансформатордың күйіп кетуі емес, электр сымдары тартылған бағаналардың шіріп кетуі де себеп дейді. Олар бағаналардың қойылғанына елу жылдан асқанын айтып, балалар тоққа түсіп қала ма деп алаңдайды. Ауыл ішіндегі бағаналардың көбі қисайған, үп еткен желден электр желісі үзіліп кетеді. Кей бағаналардың түбіне бетон құйылған, кейбірінің жанына қазық қағып, сыммен байлап тастаған.
«Интернет пен байланысты қалпына келтіруге уақыт керек»
Жыланды ауылындағы интернеттің өшуі, жарықтың жиі сөнуі мен ауыз судың жырынан аудан әкімшілігі хабардар.
Боралдай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Сыздықбаев ауыл тұрғындарының талабымен таныс. Ол электр бағаналарының шірігенін білгенімен, оны ауыстыру құзырында емес екенін айтады. Бұл электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған компанияның міндеті.
— Электр бағанасы шіріген. Оған шығып жөндеу мүмкін емес. Мамандар шақырып, тексерттік. Компания ауыстырамыз деді. Алмастырады деген үмітпен күтіп отырмыз, - дейді Сыдықбаев.
Бәйдібек ауданы әкімдігі ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Сейсенғали Арыстанбаев та бес ауылда интернет пен байланыс үзілгенін растайды. Оның айтуынша, құлаған мұнараны қалпына келтіру әзірге мүмкін емес. Жаңа байланыс мұнарасы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы алынады. Сол үшін интернет пен байланысты қалпына келтіруге уақыт керек.
Авторы: Дилара Иса, Шымкент
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық