«Хуторсыз Талғар, сынған әйнек, дүрбелеңге түскен туыс»: Хасан Қасымбаевтың соңғы соты қалай өтті?
Фото: Orda.kz
10 қараша күні Алматы облысы Талғар қаласында Хасан Қасымбаевқа және серіктеріне қатысты сот үкімі шықты. Судья Айнагүл Түктібаева Қасымбаевты «адам ұрлау», «қорқытып ақша алу» және «қылмыстық топ құру» баптары бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Екі айға созылған сот отырысы өз мәресіне жетті.
Orda.kz тілшісі сот басталған сәттен бері сот отырыстарына қатысты.
Сонымен қатар, қалған бес сотталушы да түрлі мерзімге сотталды:
- Руслан Әлиев – 8 жылға;
- Мадияр Қалымжанов – 9 жыл 6 айға;
- Сайлау Ақтанов – 8 жыл 6 айға;
- Нұрмұхаммет Сұлтанбеков – 22 жылға;
- Данияр Асқаров – 8 жылға сотталды.
Еске салсақ, Қасымбаевтың ісі бойынша сот процесі 20 тамызда басталған. Айыпталушылар қатарында алты адам: Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров.
Оларға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша: «адам ұрлау», «қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» және «қорқытып тартып алу» қылмыстары бойынша айып тағылған. Қасымбаев үш бап бойынша да кінәлі деп танылды.
Соттағы ахуал
Үкім шығатын күні сот ғимараты орналасқан көшеде көлік қозғалысы тоқтап, жол жабылды. Тәртіп күшейтіліп, ғимарат алдына Қасымбаевтың туыстары жиналды.
Сот залына кірген соң, Хасанның анасы журналистерге наразылық білдіріп:
«Екі ай бойы келмедіңдер, ал бүгін үкім шығатынын естіп, бәрің жетіп келдіңдер. Залдан шығыңдар, алыс жақтан келген туыстарымыз кірсін. Басынан бері жазып жүрген Orda.kz тілшісі қалсын», — деді.
Осы сәтте эмоцияға берілген Хасан Қасымбаев өз-өзін ұстай алмай, екі операторды итеріп, әйнекті сындырды.
Судья залға кіріп, үкімді оқи бастағанда, Хасанның туыстары жәбірленушілердің сотқа келуін талап етіп, шу шығарды. Алайда судья өтініштерге қарамастан үкімді жалғастырып оқыды.
Айыпталушылармен қатар Қасымбаевтың қорғаушысы Ерлан Меңдешевке қатысты да қаулы шығарылды.
Бұл қаулыға қатысты Меңдешев тек Oda.kz тілшісіне сұхбат берді. Ол соттағы өрескел заң бұзушылықтарды баяндады.
Екі айға созылған процесте бірнеше адвокат пен айыпталушылар судья Түктібаеваны істен шеттету туралы өтініш берген, бірақ барлығына оң жауап ала алмады.
Сонымен қатар, жәбірленуші тарап айыпталушылардан 22 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап еткен. Судья бұл қаражаттың 9 миллионын ғана қанағаттандырып, айыпталушыларға ортақ төлеуді міндеттеді.
Тергеу мен сот барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екені дәлелденген жоқ.
«Орда» тілшісі Хасан Қасымбаевпен тілдесті. Бүгін 12 жылға сотталған Хасан Қасымбаев сот үкіміне қатысты пікірін қысқа ғана білдірді.
«Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірақ оны біржақты қарастырды. Сіздер сот процесін басынан бақыладыңыздар, бәрін өз көздеріңізбен көрдіңіздер», — деді ол сабырлы үнмен.
Еңсесі түскен Қасымбаев әңгімесін жалғастырғысы келмеді. Қорғау тарапы аппеляциялық арыз беруді жоспарлап отыр.
Айыпталушының жұбайы Зүлфия Қасымбаева да үкімге қатысты пікір білдірді:
«Әділдік жоқ. Бүгін соған көз жеткіздік. Дәлелсіз 12 жылға соттады. Біз күресуді жалғастырамыз», — деді ол журналистерге.
Соттағы соңғы сөзінде Қасымбаев өзін «Хуторлық топтың басшысы» деп атаған айыптауларды жоққа шығарып, кінәсін дәлелдейтін ешбір айғақтың жоқ екенін мәлімдеген еді. Ол қоғамда резонанс болған соң, елді тыныштандыру үшін «құрбан» болып отырғанын бір неше рет айтты.
Айта кетейік, Қасымбаев соңғы сөзін айтқан күні оның әйелі Зүлфия:
«Әділ шешім шықпаса, өзімізді өртейміз», — деген болатын.
Осы сөзге сенген Талғар қаласында шынымен де қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, сот ғимаратының маңында өрт сөндіру көліктері келді.


Тілшімізге «жай ғана сақтық үшін» тұрғандарын айтты.
Айтса айтқандай, 2024 жылғы 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Полаттың ісі бүкіл Қазақстанды дүрліктірді. Сол істен кейін «Хутор» деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топтың бар екені және оны Хасан Қасымбаев басқарады деген ақпарат тарады.
2024 жылғы 15 қазанда Талғар аудандық әкімдігінде қызмет атқарған Аслан Қасымбаевтың жұмыстан кеткені хабарланды. Ресми сот деректеріне сәйкес, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев атышулы «Қорғас ісі» бойынша куәгерді өлтірді деген айыппен түрмеде отыр.
Осылайша бүкіл елді дүрліктірген істің нүктесі қойылды. Дегенмен Талғарды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған қылмыстық топтың бар-жоғы сол күйі ресми түрде анықталмады.
Жаңалықтар
- ӘЧ–2026: Бельгия G тобында жеңіске жетті, Иранның тағдыры кейінірек шешіледі
- Мектепке жөндеу жүргізілмесе де 78 млн теңге төлеген шенеуніктер жазаланды
- Астанада жолаушылар автобусы өртеніп кетті
- Жетісу облысындағы тасжолда түнгі жол апаты болып, бес адам қаза тапты
- Алматыда неге жарық жиі өшіп, бағдаршамдар істемей тұр?
- БҰҰ: Есірткінің жаңа түрлері нарықты жаулап барады
- Бітім жайына қалды: АҚШ пен Иран бір-біріне соққы жасады
- Францияда аптап ыстыққа байланысты ядролық реакторлардың жұмысы уақытша тоқтатылды
- ӘЧ-2026: Алғашқы екі аптада турнирге 3,6 миллион көрермен келіп, рекорд жаңартты
- Тоқаев әскерге шақыру, ант қабылдау және запасқа шығару рәсімдерінің жаңа тәртібін жариялады
- Ажырасқандардың жеке сот орындаушы ақысын екі жақтап төлеуі — Конституцияға қайшы
- Екі жыл бойы алимент төлемей, 4,7 млн теңге қарыз жинаған тұрғын жазаланды
- Тарихи сәт: Мәжіліс соңғы отырысын өткізді
- Қазақстан Иран портында жерді жалға алып, мұхитқа шығуды жоспарлап отыр
- Ұлттық футбол құрамасы Талғат Байсуфиновтың орнына жаңа бас бапкер іздеп жатыр
- Гүлнәр Бажкеноваға қатысты сот екінші шілдеде басталады
- Жер телімін алып беремін деп 33 адамды алдаған маман сотталды
- ҚР СІМ: Қазақстандықтарға шенген визасын алу жеңілдейді
- Астанада Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың денесі жер қойнына тапсырылды
- Қазақстандықтар енді БАӘ-де жүргізуші куәлігін оңай айырбастай алады