"Forbes-Kazakhstan" журналы елдегі ең беделді бизнесмендердің тізімін жариялады

cover

"Forbes Kazakhstan" журналының қазақ бөлімі елдегі ең беделді 50 бизнесменнің рейтингін жариялады. Журнал жасаған тізімде миллиард доллардан асатын байлығы бар кәсіпкерлер де, экс-шенеуніктер де, қазір билікте отырған лауазымды адамдардардың жақын туысқандары да бар. ORDA. тілшісі журнал жасаған беделді бизнесмендер тізіміне шолу жасап шықты.

Т.Құлыбаев Фото: forbes.kz

Елдегі ең беделді бизнесмендер тізімінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеу баласы, елдегі ең бай адамдардың бірі 54 жастағы Тимур Құлыбаев көш бастап тұр. Журналдың мәліметінше, Құлыбаевтың байлығы 2,9 млрд доллар.

Б.Өтемұратов. Фото: vernycapital.com

Жуырда "БТА банк" шағымынан кейін активтері бұғатталып, кейін қайта бұғаттан босатылған 63 жастағы олигарх Болат Өтемұратов тізімде 2-орында тұр. Журналдың қазан айындағы мәліметінше, оның байлығының көлемі – 2,8 млрд доллар. Оған активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі үштікке кіретін ForteBank-тің 87,27% тиесілі. Бұған қоса, Нұр-Сұлтандағы, Венадағы және Мәскеудегі "Ritz-Carlton" қонақ үйлері мен Ақмола облысындағы "Rixos Borovoe" қонақ үйі толықтай Өтемұратовқа тиесілі. Сонымен қатар оның тау-кен, мұнай-газ және телекоммуникация салаларында да активтері бар.

В.Ким.

Қазақстандағы ең бай адам Владимир Ким елдегі ең беделді бизнесмендер тізімінде 3-орында тұр. 60 жастағы кәсіпкер Қазақстанда мыс өндіретін ең ірі кәсіпорын "Қазақмыс корпорациясына" иелік етеді. Бұл корпорация мыстан өзге алтын, күміс, қорғасын шығарады. Журналдың мәліметінше, қазір Кимның байлығы 4,1 млрд доллар.

В.Ким. Фото: time.kz

4. Вячеслав Ким, 51 жаста. Kaspi.kz-тің басты акционерлерінің бірі, әрі директорлар кеңесінің төрағасы.  Журналдың мәліметінше, оның байлығы 639 млн доллар.

А.Ибрагимов. Фото: erg.kz

5. Алиджан Ибрагимов, 66 жаста. Қазақстанда түрлі-түсті және сирек металл өндіретін "Eurasian Resources Group" корпорациясының ірі үлескері. "Еуразиялық банк" АҚ-ның президенті. Журналдың мәліметінше, Ибрагимовтың байлығы 900 млн доллар.

Н.Смағұлов. Фото: hommes.kz

6. Нұрлан Смағұлов, 55 жаста. Ол құрамына автомобиль және оның қосалқы бөлшектерін сататын, автомашиналарды жөндеу мен күту қызметтерін атқаратын"Астана Моторс" пен "Mega" сауда ойын-сауық орталығы кіретін "Astana Group" компаниясының иесі. Журналдың мәліметінше, Смағұловтың байлығы 490 млн доллар.

А.Рахымбаев.

7. Айдын Рахымбаев, 48 жаста. Ол BI Group құрылыс холдингі директорлар кеңесінің төрағасы. Журналдың мәліметінше, Рахымбаевтың 514 млн доллар байлығы бар.

Қ. Боранбаев.

Тізімде 8-орында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариғаның құдасы Қайрат Боранбаев тұр. 54 жастағы кәсіпкер"Алмалы "активтерді басқару компаниясына", "Кемикал" мұнай-химия компаниясына", минералды су шығаратын "Алекс" ЖШС-ға, "Қазтурбожөндеу "Холдинг компаниясына"иелік етеді. "Қайрат" футбол клубының президенті. Журналдың мәліметінше, Боранбаевтың 519 млн долларға татитын байлығы бар.

А.Белович.

9. Александр Белович, 65 жаста. Құрылыс саласындағы "Базис-А" корпорациясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы. Қазіргі уақытта оны ұлы Павелмен бірге иеленеді.

М.Ломтадзе.

Елдегі ең танымал банктердің бірі "Kaspi Bank" АҚ-ның ірі акционері 45 жастағы Грузин азаматы Михаил Ломтадзе елдегі ең беделді бизнесмендер тізімінде 10-орында тұр. Кәсіпкер.

Р.Сәрсенов.

Беделді бизнесмендердің тізімінде 71 жастағы Рашит Сәрсенов 11-орында тұр. Ол тізімдегі жасы ең үлкен кәспкерлердің бірі. Журналдың мәліметінше, оған "Нұрбанк" АҚ акцияларының 90,31%-ы, "Виктория" сақтандыру компаниясының 100%-ы және Helios автожанармай құю станциялары желісі тиесілі. Журналдың мәліметінше, оның 632 млн доллар байлығы бар.

К.Рақышев.

Елдегі ең танымал саясаткерлердің бірі Иманғали Тасмағамбетовтың күйеу баласы 41 жастағы Кеңес Рақышев беделді бизнесмендер тізімінде 12 орында тұр. Оған "Fincraft Инвестициялық үйі" АҚ-ның 50%-ы (бұрынғы "БТА Секьюритис" АҚ), "Fincraft Resources" АҚ-ның 95,85% -ы (бұрынғы SAT & Company), "Fincraft Group" ЖШС-ның 100%-ы (бұрынғы "Novacom Corporation" ЖШС) тиесілі. Рақышев – "Fincraft Resources"АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. "Атамекен" ҰКП Қазақстанның жас кәсіпкерлер қауымдастығы президиумының төрағасы. Журналдың мәліметінше, Рақышевтың 890 млн доллар байлығы бар.

Д.Әбілғазин.

13. Данияр Әбілғазин, 51 жаста. Оның отбасының Ресейден мұнай өнімдерін импорттаумен айналысатын "Petrosun" ЖШС-да, "Автогаз Трэйд" ЖШС-да, "Sinooil" ЖШС-да, "Prime case" ЖШС-да үлестері бар. Журналдың мәліметінше, Әбілғазинның 432 млн доллар байлығы бар.

Е.Тәтішев

14. Еркін Тәтішев, 44 жаста. Ол – Kusto Group-тың мажоритарийі әрі директорлар кеңесінің төрағасы. Журналдың мәліметінше, Тәтішевтың байлығы – 400 млн доллар.

Т.Турлов.

15. Тимур Турлов, 33 жаста. Кәсіпкер және қаржыгер, "Фридом Финанс" ИК инвестициялық комитетінің бас директоры және басшысы, сондай-ақ Freedom Holding Corp халықаралық компаниясының негізгі иесі.

Э.Огай.

16. Эдуард Огай, 51 жаста. Ол "Қазақмыс корпорациясында" 30%, "Қазақалтын" АҚ-да 19% және "Қаражыра"АҚ-да 20,1% активтерге тікелей иелік етеді. Осы жылдың маусым айында бизнесмен "KazakhmysCopper" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол - 2018 жылдан бастап Нидерландыда тіркелген KCC B. V компаниясы арқылы "Қазақмыс "корпорациясы" ЖШС құрылтайшысы. Журнал қазан айында Огайдың байлығын 228 млн доллар деп көрсеткен.

С.Сейтжанов.

Беделді бизнесмендер тізіміндегі жасы ең үлкен кәсіпкердің бірі – Серікжан Сейтжанов. 71 жастағы кәсіпкер тізімде 17-орында тұр. Оның әулетінің мұнай, құрылыс және қонақ үй бизнесі саласындағы ірі компанияларда үлесі бар. Журналдың мәліметінше, Сейтжановтар отбасының байлығы – 349 млн доллар.

А.Кәріпжанов.

18. Айдан Кәріпжанов, 49 жаста. Ол - Шоқпар, Софиевка және Арқалық жел электр станциялары құрамына кіретін "Visor Kazakhstan" ЖШС-нің құрылтайшысы. Сонымен қатар бизнесменнің бірнеше ІТ-компанияда үлесі бар. Байлығының көлемі – 201 млн доллар.

О.Новачук.

19. Олег Новачук, 49 жаста. Ол – KAZ Minerals PLС-тің басқарма төрағасы және Владимир Кимнен кейін 7,65% үлесі бар екінші ірі акционері. Бизнесмен сондай-ақ "Agricole" ЖШС-нің (Алматы облысында тазартылмаған майлар мен тоң майлар өндірісі) иесі. Журналдың мәліметінше, қазан айында Новачуктың байлығы 287 млн долларға жеткен.

Э.Ким.

20. Эдуард Ким, 55 жаста. Ким – "Technodom Operator" АҚ-ның негізін қалаушы әрі иесі, оның құрамына Қырғызстандағы аттас компания да кіреді. Сонымен қатар кәсіпкердің "Технодом Сервис" ЖШС-де үлесі бар. Журналдың мәліметінше, оның байлығы – 231 млн доллар.

М.Сейсембай

Бір кездері ірі банк пен коммуникация саласындағы ірі компаниялардың үлескері болған кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай (54 жаста) тізімде 21 орында тұр. Ол – Seimar Investment Group басқарушы компаниясының негізін қалаушы.

Қ.Мәжібаев.

22. Қайрат Мәжібаев, 52 жаста. "Resmi" компаниялар тобы"  ЖШС-ның президенті, "Атамекен" ҰКП төралқасының сауда комитетінің төрағасы. Журналдың мәліметінше, Мәжібаевтың 148 млн доллары бар.

А.Сұлтанғазин.

23. Алмас Сұлтанғазин, 56 жаста. Алмас Сұлтанғазин Sulpak және Alser сауда желілерінде мажоритарлық үлеске ие. Бұдан бөлек, оның Warner Bros халықаралық компанияларының қазақстандық өкілі болып табылатын "Sulpak Cinema" ЖШС-да үлесі бар.

А.Клебанов.

24. Александр Клебанов, 57 жаста. Ол – "ОАЭК" АҚ-ның 50% акциясына ие, сол арқылы оған "ОАЭК" АҚ, "Каустик" АҚ, "Павлодар Водоканал-Северный" ЖШС, "Астана-ЕРЦ"ЖШС-дағы үлестер тиесілі. Бұдан басқа, бизнесмен "АИФРИ "ЦАТЭК Инвест"АҚ-ның 19,24% - ын иеленеді. "ОАОЭК" АҚ және "ОАЭК"АҚ директорлар кеңесінің төрағасы

А.Байтасов

25. Арманжан Байтасов, 50 жаста. Байтасов – MuzzOne және НБТ (Қырғызстан) телеарналарының, "Бизнес-FM" радиостанциясының және businessfm.kz ақпараттық сайтының иесі. Сондай-ақ оның "Forbes Kazakhstan" және "Forbes Georgia" журналдарында, "Jet Airlines" авиакомпаниясында, icon телекоммуникациялық компаниясында үлестері бар.

Е.Әбдіразақов.

26. Құрамына бірнеше сақтандыру, заңгерлік компания және микроқаржы ұйымы кіретін "Centras Group"-қа иелік ететін Елдар Әбдіразақов ең беделді бизнесмендердің арасында 26-орында тұр. Қазір оның жасы 44-те.

Б.Қаниев.

27-орында 50 жастағы кәсіпкер Берік Қаниев. Ол – құрамына мұнай, тау-кен, логистикалық және жарнамалық комапаниялар кіретін Lancaster Group-тың ірі акционері.

Б.Байсейтов.

28-орында тұрған 62 жастағы Бақытбек Байсейтов – "Банк ЦентрКредит" АҚ-ның ірі акционері. Журнал оның байлығын 211 млн доллар деп көрсеткен.

Р.Баталов.

29-орында 50 жастағы кәсіпкер Райымбек Баталов. Ол – құрамына "Raimbek Agro", "Райымбек-Алко", "Райымбек групп плюс", "City Fair Trade ltd", "Raimbek-Grain&Co", "Raimbek Milk", "Raimbek ILM" компаниялары кіретін Raimbek Group-тың негізгі иесі.

Н.Әлиев.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев үздік 30 бизнесменнің қатарында. Ол тізімдегі ең жас кәсіпкерлердің бірі. Қазір Әлиевтің жасы 35-те. Ол – "Capital Holding" инвестициялық ЖШС-ның иесі, "Транстелеком" АҚ-ның акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.

Д.Ыдырысов.

Журнал тізімінде 31-орында тұрған Дінмұхамед Ыдырысов – "Ордабасы" ҚК-ның негізін қалаушы әрі иесі. Журналдың қазан айындағы мәліметінше, Ыдырысовтың байлығы – 125 млн доллар.

Ғ.Есенов.

32-орында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы, Алматының экс-әкімі Ахметжан Есімовтың күйеу баласы Ғалымжан Есенов. 38 жастағы Есенов елдегі танымал бактердің бірі АТФ банкқа иелік етеді.

С.Кан.

Forbes тізімінде 33-орында тұрған 52 жастағы кәсіпкер Сергей Канның бірнеше ірі компанияда үлесі бар. Журнал қазан айында оның байлығын 269 млн доллар деп көрсеткен.

А.Мырзахметов

34-орында 51 жастағы кәсіпкер Абылай Мырзахметов тұр. Ол "Фараб комбинаты" ЖШС-ның тең иесі, бірнеше облыс пен министрлікті басқарған Асқар Мырзахметовтың туған інісі. Абылай Мырзахметов өзі де 2001-2002 жылы министр болған. Ол қазір "Атамекен" ҰКП-ның басқарма төрағасы.

С.Жұмашев.

35- орында Сержан Жұмашев. "Forbes-Kazakhstan" журналының мәліметінше, құрылыс компаниясы мен жылжымайтын мүлікке иелік ететін 55 жастағы кәсіпкердің байлығы 143 млн доллар.

Е.Нығматулин

"Forbes-Kazakhstan" елдегі ең беделді 50 бизнесменнің қатарына мәжілістің қазіргі спикері Нұрлан Нығматулинның бауыры Ерлан Нығматулинды да қосқан. 58 жастағы Е.Нығматулин тізімде 36-орында тұр. Ол "Вираж Сервис Карағанды", "Auto logistic Карағанды" "Qaz Qarbon", "Shygys Ondiris", "ЭКО ГлобалИнвест", "Ұлытау Нан" деп аталатын ЖШС-лардың жалғыз құрылтайшысы.

А.Балушкин

37-орында Анатолий Балушкин. 50 жастағы кәсіпкер "Азия Авто" АҚ мен "БИПЭК Авто" АҚ-ның бақылаушы акционері. Журналдың мәліметінше, оның 153 млн доллары бар.

Қ.Итемгенов.

38-орында 49 жастағы кәсіпкер Қайрат Итемгенов тұр. Ол елдегі ең ірі "Ақ-Ниет" фармацептика компаниясының иесі. Бұған қоса, Итемгенов Қазақстанның 12 қаласында филиалы бар "Europharma" дәріхана желісін басқарады.

Б.Аблязимов.

Мұнай және газ саласындағы ірі компаниялардың үлескері Бахаридин Аблязимов ең беделді бизнесмендердің арасында 39-орында тұр. Журналдың қазан айындағы мәліметі бойынша, оның 89 млн доллар байлығы бар.

С.Терещенко.

Қазақстанның алғашқы премьер-министрі Сергей Терещенко беделді бизнесмендердің арасында 40-орында тұр. 69 жастағы экс-шенеуніктің елдің оңтүстік облыстарындағы бірнеше ірі компанияда үлесі бар.

А.Лаврентьев.

41 жастағы кәсіпкер Андрей Лаврентьев ең беделді 50 бизнесменнің тізімінде 41-орында тұр. Ол машина жасау саласындағы бірнеше компанияның үлескері.

Б.Оспанов.

Танымал меценат, кәсіпкер Бауыржан Оспанов ең беделді бизнесмендердің арасында 42-орында тұр. Ол "Zhersu" корпарациясының иесі.

С.Қожабаев.

43-орында 61 жастағы кәсіпкер Сайдулла Қожабаев. Ол Қазақстандағы ең ірі электротехникалық Alageum Group компаниялар тобының негізін қалаушы және жалғыз акционері. Қазан айында "Forbes-Kazakhstan" журналы оның байлығын 99 млн доллар деп көрсеткен.

А.Мыңбаев.

"Forbes-Kazakhstan" журналы жасаған ең беделді бизнесмендердің тізімінде ұзақ жылдан бері мемлекеттік қызмет атқарып келе жатқан танымал шенеунік Сауат Мыңбаевтың немере інісі Алмас Мыңбаев та бар. 47 жастағы А.Мыңбаев тізімде 44-орында тұр. Журнал қазан айында оның байлығын 79 млн доллар деп көрсеткен. Ол NOMAD Life және Nomad Insurance сақтандыру компанияларының иесі.

Р.Мухоряпов.

45-орында 36 жастағы Рамиль Мухоряпов. Ол тізімдегі ең жас бизнесмендердің бірі. Мухоряпов құрамына Chocolife.me, Aviata/Chocotravel компаниялары, Chocomart.kz, Lensmark.kz интернет-дүкендері, Chocofood.kz азық-түлікке тапсырыс беру және жеткізу қызметі, iDoctor.kz дәрігерлерді іздеу сервисі және "Рахмет" мобильді қосымшасы кіретін Chocofamily Holding-тың негізін қалаушысы әрі иесі.

В.Джуманбаев.

46-орында 47 жастағы бизнесмен Владимир Джуманбаев. Оған "Алтыналмас" АҚ-дағы акциялардың 30%-ы және "Қаражыра"АҚ-дағы акциялардың 20%-ы тиесілі. "Forbes-Kazakhstan" журналының қазан айындағы мәліметінше, Джуманбаевтың 171 млн доллар байлығы бар.

Е.Балфанбаев.

"Forbes-Kazakhstan" журналы елдегі ең беделді бизнесмендердің қатарына AlinEX құрылыс-материалдарының бренді құрамына кіретін Alina Group-тың президенті Ерлік Балфанбаевты да қосқан. Ол тізімде 47-орында тұр. Қазір оның жасы 56-да.

Е.Сүлейменов.

Ең беделді бизнесмендер тізімінде 48-орында "Олимп" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің жалғыз құрылтайшысы әрі директоры Ерлан Сүлейменов тұр.

А.Құдайберген.

Ең беделді бизнесмендер рейтингісінде 49-орында мұнайгаз және тау-кен өндіру салаларының жабдықтарын өндіретін "Centrasia Group" холдингінің негізін қалаушысы әрі басқарма төрағасы Алмас Құдайберген тұр.

А.Ли

"Forbes-Kazakhstan" журналының елдегі ең беделді 50 бизнесмен тізімін Aviate, Ticketon онлайн сервистерінің, Arbuz.kz онлайн-супермаркетінің негізін қалаушы Алексей Ли түйіндеп тұр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар