Eurasia базарының экс-директорына іздеу жарияланды

cover

Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты «Еуразия» базарының экс-директорын қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялау туралы шешім шығарды.

Тергеу судьясы ашық отырыста Алатау ауданының прокурорымен келісілген тергеушінің «Еуразия» базарының бұрынғы директоры Игорь Овсянниковқа қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялау туралы өтінішхатын қанағаттандырды. Бұл туралы Orda.kz тілшісі хабарлайды.

Овсянников Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Аса ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікке ілінген.

Сот күдікті Овсянников 2014 жылдың қаңтарынан бастап 2016 жылдың наурыз айына дейін Алматы қаласында алаяқтық және сенімге қиянат жасау арқылы «Еуразия» сауда базарын саламыз деген сылтаумен кәсіпкерлердің қаржысын иемденіп алғанын анықтады. Сөйтіп, оларға аса ірі көлемде материалдық шығын келтірген.

  • 6 сәуірде Овсянников осы қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылды.
  • 7 сәуірде күдікті Овсянниковтың әрекеті Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен сараланды.
  • 8 сәуірде тергеуші күдіктіні іздеуге жариялау туралы қаулы шығарды.
  • 12 сәуірде сотқа тергеуші Тұрғымбаевтан күдікті болмаған жағдайда екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат түсті.

Тергеу барысында Овсянниковтың қайда екенін анықтау мүмкін болмады. Мәліметтер базасына сәйкес, 2022 жылдың 22 қазанында базар сатылғаннан кейін күдікті Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өтіп, қылмыстық қудалау органынан қашып кеткен.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар