«Ескі Қазақстанның» көлеңкесі: Алматы облысының экс-әкімі Баталовтың ұлдары немен күн көріп жүр?
DALL-E нейрожелісі арқылы жасалды
Қазақстанда Баталовтар әулетінің екі тармағы бар. Екеуі де кәсіпкерлік пен бизнес саласында белгілі. Елбасының сенімді серігі, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың отбасы жұртшылық санасында «Ескі Қазақстанның» «алғадайларының» бірі ретінде қалды. Баталов әулетінің отағасы, жұбайы және қыздарының жылжымайтын мүліктері мен активтері туралы журналистер жиі жазады. Ал ұлдары жөнінде мәлімет бұған дейін мардымсыз еді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Orda.kz тілшісі зерттеу жасап көрді.
Әділбек Баталов – әулеттің үлкені
Әділбек Баталов — 1982 жылы 14 ақпанда дүниеге келген. Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы экономика университетін тәмамдап, кейін Ноттингем университетінің бизнес мектебінде, ал 2014 жылы Мәскеудегі «Сколково» басқару мектебінде білімін жалғастырған. Сол жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның мұнайды сыртқы өңдеу және маркетинг департаментін басқарды. 2015 жылдың маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының орынбасары болып тағайындалды. Әкесімен бірге Қазақстан волейбол федерациясы кеңесінде де біраз уақыт отырды.
2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін «Ескі Қазақстанның» көптеген өкілдерінің балалары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы қызметін доғарды. Әділбек те солардың қатарында кетті. Дегенмен оның басқа да жеке бастамалары бар.
Жұмбақ жер телімі мен жұбайының йога-бизнесі
Оның алғашқы жобасы – 2023 жылдан бері тіркелген «Баталов» жеке кәсіпкерлігі. Компанияның бюджетке қанша салық төлегені, нақты немен айналысатыны туралы мәлімет жоқ. Сот істерінде де, мемлекеттік сатып алуларда да аты кездеспейді. Бірақ ұйымға Алматы мен Алматы облысындағы жылжымайтын мүлік пен жерге қатысты бірнеше рұқсат пен лицензия берілген. Олардың арасында шынымен қызықты құжаттар бар.
Мәселен, Талғар ауданының әкімдігі осы ЖК атына жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат берген. Құжатта Баталовтың мекенжайы Ақмола облысы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел көшесі, 29/1 үй деп көрсетілген. Алайда мұндай мекенжай бұл өңірде жоқ, тек Астанада осыған ұқсас орын бар.
Тағы бір қызығы – Алматы әкімдігі де осындай рұқсат бергенімен, оңтүстік астанада ондай көше де, ондай нөмірі бар үй де жоқ.

Кейін Қарасай ауданының жер қатынастары бөлімі де дәл сол мекенжайға сілтеме жасап, жерге орналастыру жобасын бекіткен. Сонда Қазақстанның әр аймағында «қоныс аударып жүрген» бұл құпия мекенжайдың сыры неде? Оның үстіне бұл өңірлердің кейбірінде мұндай көше мүлде жоқ.
Ал енді түсінікті дүниеге келейік. Алматы қаласының құрылыс бақылау басқармасы Баталовқа Бостандық ауданындағы Жароков көшесі, 318 мекенжайындағы тұрғын үйді қайта жаңғыртып, қосымша қабат салуға рұқсат берген. Сонымен қатар сол ғимаратты тұрғын үй санатынан шығарып, жеке мақсатқа пайдалану құқығы да берілген. Қазір ол жерде бірнеше туристік компания мен йога-орталық орналасқан бизнес-орталық бар.
Осыдан кейін тілшіміз ғимаратты барып көрді. Шынында да орталық қызу жұмыс істеп тұр екен. Қоршауында FUN&SUN Kazakhstan мен Kaztour Corporate деген тақтайшалар ілулі тұр.
Тілшіміз бұл жерде туристік жолдамалар сатылып жатыр деп ойлап, суретке түсірмек болғанда, күзетші тыйым салды. Ол кадрларды өшіруді талап етіп, полиция шақырамын деп қоқан-лоқы көрсетті. Кейін әкімшіні ертіп келген соң «сабасына түсті». Әкімшілік бұл жердің тек кеңсе екенін, жолдама сатылмайтынын түсіндірді.
Айтпақшы, жоғарыда айтылған рұқсаттардан бөлек, Баталовтың атына Алматы облысында тағы бірнеше лицензия берілген. Бірақ олардың мекенжайлары да күмән туғызады.
Ең қызығы, осы ғимаратта «Happy Yoga Алматы» компаниясы орналасқан. Ол «Алматы» ЖК атына тіркелген, ал оның иесі – Әділбектің жұбайы Әлия Баталова. Ол 1984 жылы 26 қаңтарда туған. Қазір оған елден шығуға тыйым салынған. Дәл осы Әлия біз жоғарыда айтқан жұмбақ мекенжайдың сырын аз да болса ашты деуге болады.
«Аспаннан түскен» SNeG жобасы
Компания 2020 жылғы 9 қыркүйекте тіркелген. Жұмыс істеп келе жатқанына шамамен бес жыл болды. Бұл – бес қызметкерге дейін жұмыс істейтін шағын жеке кәсіпорын. Орналасқан жері – Алматы облысы, Талғар ауданы, Белбұлақ ауылы, Кенен Әзірбаев көшесі, 9А үй.
Құрылтайшысы әрі қазіргі басшысы – Әділбек Баталов. Ол ресми түрде бұл кәсіпорынды 2024 жылдың желтоқсанында басқаруға кірісті. Негізгі бағыты – мейрамханалары бар қонақүй қызметін көрсету (жол бойындағы қонақүйлерден басқа). Қазір компанияның тіркелген мекенжайы жоқ.
Жұмыс істеген жылдары компания бірнеше мәрте құрылтайшылары мен басшыларын ауыстырған. 2020 жылғы алғашқы тіркеу кезінде құрылтайшылар – Әділбек Баталов пен PG SOLUTIONS компаниясы болса, басшысы Константин Елисеев болған. 2021 жылы қазанда қайта тіркеу жүргізіліп, жалғыз құрылтайшы Баталов қалады. 2024 жылы тамызда басшылыққа Батыр Ысраилов тағайындалған, бірақ желтоқсанда қайтадан басқару Баталовтың қолына өтті.
Батыр Ысраиловтың есімін есте сақтағаныңыз жөн. Себебі ол жайлы біз талай айтамыз. Кей деректерде оның Баталовтарға жақын тұлға екені, олардың активтерін басқаруға жиі араласатыны айтылады. Бірақ әзірге сыртынан тон пішпеуді жөн көрдік.
Салық жағынан компаниядағы жағдай мәз емес. Бар болғаны 74 мың теңге төленген. Компанияның айыппұлдары мен өсімпұлдары бар. Активтері жоқ, ал еңбекақы қоры жылдан жылға азайып келеді. 2021 жылы шамамен 45 мың теңге болса, 2022 жылы екі есеге қысқарған, 2024 жылы 5,6 мың теңгеге дейін құлдыраған.
Компанияның нақты қызметін таба алмадық. Бірақ қызық сәйкестік кездесті: S.N.e.G Hotel & Restaurant қонақүй кешені бар. Бұл мейрамхана кезінде бизнесмен Алмас Абдығаппаровтың негізгі активтерінің бірі болған Parmigiano Group құрамына кірген. Алайда ол нысан 2024 жылғы наурызда жұмысын тоқтатты. Мүмкін, атауы жай ғана сәйкес келген шығар. Бірақ шын мәнінде Алмас пен Әділбек басқа жобаларда да бас қосқанын ескерген жөн.
Тізе қосқан ағайындылар
Бұл өзгешелеу жобаға әр кезеңде ағайындылар араласып тұрған. «Gen Co LTD» ЖШС 2016 жылы Нұржан Өтеповтің бастамасымен құрылған. Бір жылдан соң компанияға кіші інісі Исламбек Баталов қосылды, кейін басқару тізгіні ағасы Әділбек Баталовқа өтті. Сол тұста қатысушылардың қатарында тағы да Батыр Ысраилов пайда болды. Кейін оған Құлмазыра Белғожаева, Ахметжан Қайыров және Ғани Бағашаров қосылды.
2023 жылы компанияны Асқар Сабыров басқарды. Дәл сол жылы мекенжайы мен қызмет саласы өзгеріп, май өндірісінен шығып, дәнді және сүйекті жемістер өсіруге көшті.
2023 жылы мамырда «Gen Co LTD»-нің жалғыз құрылтайшысы «Fresh Fruit Kazakhstan» ЖШС болды. Айтпақшы, бұл компания біздің бірінші бөлімде сөз болған Жароков көшесі 318-үй мекенжайында тіркелген.
Құрметті дипломаттар мен сауда орталығы
ADK Property Development компаниясы 2016 жылы 16 мамырда тіркелген. Содан бері тоғыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл – шамамен 11–15 қызметкері бар жеке кәсіпорын. Алматы қаласының Бостандық ауданында, Сәтбаев көшесі, 90/21 мекенжайында орналасқан. Негізгі қызмет бағыты – тұрғын үйді жалға беру және басқару. Сарапшылардың айтуынша, бұл компанияға Riviera Park сауда орталығы тиесілі болуы мүмкін. Бұл – Алматыдағы ірі сауда кешендерінің бірі.
Құрылтайшылары – Әділбек Баталов, Мұртаза Арифов және Вагиф Хусейнов. Компания тарихында бірнеше өзгеріс болған: 2016 жылы алғашқы басшысы Вагиф Хусейнов болса, кейін бұл орынға Анар Қайырмекова, Алмат Құрманғазиев, Надежда Прощенко келді. 2024 жылдан бастап басшылық Алина Микаелянға өтті. Жылдар өте келе қатысушылар құрамы мен жарғылық капитал да ауысып отырған. 2024 жылдың жазында компания біраз уақытқа ME-com Logistics development деген атауға ие болып, қыркүйекте бұрынғы атына қайта оралды.
Айтпақшы, Мұртаза Арифов – Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы құрметті елшісі, ал Вагиф Хусейнов – Эстонияның құрметті елшісі. Баталовтың ұлының бизнестері серіктестерінің тегін адамдар емес екенін байқап отырған боларсыз.
Компанияның қаржылық көрсеткіштері уақыт өте едәуір өскен. 2016 жылы айналым бар болғаны 258 мың теңгенің шамасында болса, 2019 жылы 31 миллионнан асқан. 2023 жылы 79 миллионнан жоғары болған, ал 2025 жылы күрт өсіп, 170,9 миллион теңгеге жеткен.
Бармаглот және басқалары жайлы
Barmaglot Tashkent Ltd. атты жеке компания 2020 жылы 2 наурызда Астанада тіркелді. Бұл – бес қызметкерге дейінгі шағын кәсіпорын еді.
Алғашқы күннен бастап ресми басшысы Константин Елисеев болды. Құрылтайшылар қатарында Әділбек Баталов, Ілияс Жаңасқын, Айғазы Құсайынов және Parmigiano Group Finance компаниясы бар. Бұл – Абдығаппаров пен Баталов арасындағы тағы бір байланыстың ұшығы.
Бүгінде компания ресми түрде белсенді емес деп танылған. Ал Елисеевті біз бұған дейін де көрдік – ол біраз уақыт SNeG компаниясын басқарған. Ол өз оқиғасын storiesofca.medium жобасына айтып берген, біз қысқаша ғана мазмұндап өтейік.
Елисеев өзін қазақстандық кәсіпкер ретінде таныстырады және өткенде «Үлкен төрттікпен» (Deloitte, PwC, EY, KPMG) жұмыс істегенін жиі еске салады. Ол Түркіменстанда туған. 1994 жылы АҚШ-қа студенттік алмасу бағдарламасымен барып, кейін Ашғабадтағы Әлем тілдері институтын, ал экономика магистратурасын КИМЭП-те USAID грантымен тәмамдаған. Оқудан соң консалтингте еңбек жолын бастап, бірігу мен жұтылу жобаларымен айналысатын халықаралық компанияда серіктес дәрежесіне дейін көтерілген.
2018 жылы «төрттіктен» шығып, Қазақстандағы ірі мейрамхана мен девелоперлік холдингтің құрылтайшыларының бірі болды.
Құрылтайшылардың тағы бірі – Айғазы Құсайынов. Ол 1983 жылғы 20 қыркүйекте Алматыда дүниеге келген. Қазақ-американ университетін «қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Үйленген, үш баласы бар.
Оның еңбек жолы 2005 жылы Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінде басталды. Кейін Халықаралық білім беру корпорациясының вице-президенті болды. Одан соң Verum Group компаниясын ашты.
Білім саласындағы бұл бизнес оған әкесінен – профессор Әмірлан Құсайыновтан қалған. Әмірлан Құсайынов – Қазақ-америка университеті мен Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының негізін қалаушы. Корпорация басқаруына отбасының өзге мүшелері де араласады. Айғазы сонымен қатар Iqanat.kz қорының қамқоршысы және Қазақстанның кен өндіру палатасының тәуелсіз мүшесі.
Аттасы ма, әлде серіктесі ме?
«Ақ бұлақ» санаторийі ресми түрде 2013 жылы ашылған. Ол кезде нысан мемлекет меншігінде болған. Оның құрылтайшысы Алматы облысы әкімінің аппараты еді. Алғашқы басшысы Дамир Сұраужанов болса, кейін Орал Баядилов басқарған. Ол жылдары санаторий «санаторий-курорт ұйымы» ретінде тіркеліп, қызмет түрлері бірнеше рет өзгеріп, жарғылық капиталы ұлғайтылған.
2019 жылы жекешелендіріліп, иесі Raimbek Industrial and Logistic management ЖШС болды. Бұл – Raimbek Group құрамындағы компания. Осыдан соң басқарушылар да ауысты: 2022 жылы директор болып Талғат Іліпов келсе, 2023 жылғы қыркүйекте бұл орынға Батыр Ысраилов тағайындалды.
Біз басында Баталов әулетінің екі тармағы барын жайдан-жай айтпадық. Өйткені Ысраилов қазір тіпті басқа Баталовтарға тиесілі компанияны басқарып отыр. Бұл – Райымбек Баталовтың әулеті. Райымбек Әнуарұлы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы. Оның Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовқа ешқандай туыстық қатысы жоқ.
Санаторийдің қаржылық көрсеткіштері құбылып тұрған: 2015 жылы кіріс 7,7 млн теңге болса, 2016 жылы – 9,3 млн, 2017 жылы – 9,4 млн, 2018 жылы – 4,9 млн, 2019 жылы – 4,1 млн, 2020 жылы – 5 млн, 2021 жылы – 7,5 млн, 2022 жылы – 8,7 млн, 2023 жылы – 2 млн, 2024 жылы – небәрі 845 мың теңге, ал 2025 жылы – 1,3 млн теңге.
Бұл екі аттас әулет, яғни Баталовтар неге әртүрлі жобаларда қайта-қайта бір адаммен істес бола береді? Расымен, қызық әрі орынды сұрақ.
Ананың қанатының астында
«Алым Б.Ш.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жиырма жылдан астам уақыт болды. Компания 2003 жылғы сәуір айында Алматыда, Жетісу ауданында, Ратушный көшесі, 70 мекенжайында тіркелген. Серіктестіктің құрылтайшысы әрі көп жылдар бойғы тұрақты басшысы — Бағда Өтегенқызы Баталова. 2023 жылы ол басқаруды ұлы Әділбек Баталовқа уақытша беріп, компания бір жыл бойы оның атына рәсімделді, ал 2025 жылы қайтадан анасының қарамағына өтті.
«Алым Б.Ш.» серіктестігінің негізгі бағыты — жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару. Жұмыстың сипаты мен ауқымына қарағанда, Баталовтар әулетіне тән дәстүрлі кәсіптің бірі: сауда орталығы, бизнес-орталық немесе қойма секілді ғимаратты жалға беру.
Жиырма жылдан астам уақытта «Алым Б.Ш.» мемлекеттік бюджетке 2,6 миллион теңгеден астам салық төлеген. Дегенмен динамикасы әркелкі болған. Мысалы, 2015 жылы небәрі 123 мың теңге аударылса, 2016 жылы бұл сома үш еседен аса өсіп, келесі жылы қайтадан төмендеп, біраз жыл бойы 70–125 мың теңгенің арасында сақталған. Тек 2021 жылдан бастап жағдай оңала бастаған: 171 мың, кейін 260 мың, 285 мың теңге төленді. Соңғы екі жылда серіктестік айтарлықтай белсенділік танытты: 2024 жылы – 465 мың теңгеге жуық, 2025 жылы – 488 мың теңгеге жуық салық аударылды.
Кенже ұл
Исламбек Баталов 1994 жылғы 26 шілдеде туған. Қазір оның жасы — 31-де. Оның Дубайда білім алғаны белгілі. Әлеуметтік желідегі парақшасында жұбайы ретінде Ғайни Баталованы көрсеткен.
Оның алғашқы бизнес-жобасы — DaaS стартапы. Компания 2016 жылы Алматыда екі достың бастамасымен ашылып, кейін Исламбек Баталов серіктес ретінде қосылған. Ол өз қаражатынан 250 мың АҚШ долларын құйып, жедел жеткізу қызметін іске қосқан. Жоба небәрі бір айдың ішінде өзін-өзі ақтап шыққан.
Компания өркендеген тұста шамамен 40 курьері, скутер мен үшдөңгелекті көліктер паркі болған. Клиенттер қатарында ірі мейрамхана желілері мен халықаралық компаниялар бар еді. Солардың арасында бізге бұрыннан таныс Raimbek Group та бар.
Исламбек бизнеске қосылғаннан кейін фирма Жароков көшесіндегі 318 деген мекенжайға қоныс аударды. Алайда 2020 жылға қарай жағдайы күрт нашарлады. Бұл таңғаларлық жайт еді, өйткені дәл сол кезең курьерлік қызметтердің ең табысты жылы болатын.
Компания ең ірі табысын 2018 жылғы тамызда тапты. Еңбекшіқазақ аудандық сотында «DaaS Kazakhstan» ЖШС-нің Динара Жарасоваға қарсы ісі қаралды. Сол жылдың маусым айында Жарасова мас болып жүргізуші куәлігінсіз Subaru автокөлігімен серіктестікке тиесілі Lexus 570-ке соғылған. Сараптама шығынды 6 миллион теңгеге жуық деп бағалады. Жарасова кінәсін мойындап, сомамен келісті әрі өтемді бөліп төлеуді сұрады. Сот шешімімен ол «DaaS Kazakhstan»-ға 5 982 340 теңге, сондай-ақ мемлекет пайдасына 179 471 теңге мемлекеттік баж төлеуге міндеттелді.
2019 жылғы маусымның соңында Исламбек Баталов Талдықорғанда жаңа ұйым — «Tian-Shan expeditions» ЖШС-ін тіркеді. Компанияға туристік операторлық қызметке лицензия берілді. Алайда бүгінде ол «белсенді емес» деп танылған, яғни жұмыс істемейді.
2021 жылы Исламбек KICKSTOWN фирмасын басқарды. Әлеуметтік желілерде енді аяқ киім бизнесімен айналысатынын жазды. Бірақ 2022 жылы компанияны тастап, басшылықты Айбек Жәненовке тапсырды.
Автор: Артем Волков
Жаңалықтар
- Қырғызстан президенті Шахановтың қазасына көңіл айтты
- Ақмола облысында жол апатынан үш адам қаза тапты
- Алматыда көкке шығып, серуендеуге лайық әрі таптырмас 5 орын
- Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
- Үй, көлік, қомақты ақша ұсынды: Қонаевта бойжеткен зорлық көргенін айтты
- «Мектепке шабуыл жасалады»: Түркияда күдікті хабарлама жазғандардың бәрі ұсталып жатыр
- Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты жарияланды
- Қазақстанда жаңа мереке – Қазақтың тазысы мен төбеті күні пайда болды
- Space X бәсекелесі ұшырған зымыранының бірінші сатысын жерге қондырды
- Павлодарда қайтыс болған адамдарға «медициналық қызмет көрсетілген»
- ҚР ІІМ: Терроризм туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік қатаң
- Яна Легкодимованы өлтіргендер тергеу изоляторынан түрмеге жөнелді
- Пайызы 12 есе жоғары: Ақтөбеде күдікті заңсыз ломбард қызметін ұйымдастырған
- Мысығын бір сағат бойы кір машинасында «жуған» әйел жазаланды
- Болгариядағы парламенттік сайлауда экс-президенттің партиясы жеңіске жетті
- Сегіз бала көз жұмды: АҚШ-та ер адам туыстарының балаларын қырып салды
- Иран келіссөздерге делегация жіберу мәселесін әлі қарастырмағанын мәлімдеді
- Жетісу облысында болған жол апатынан 11 адам ауруханаға түсті
- Мұхтар Шаханов өмірден өтті
- АҚШ делегациясы Иранмен келіссөздердің екінші кезеңіне қатысу үшін Исламабадқа келді