Елжан Біртанов жаңа қызметке тағайындалды
Фото Facebook / Гүлмира Каракөзова
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа қызметке тағайындалды.
Бұл туралы Қазақстан кәсіподақтар федерациясы медиа орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова мәлімдеді.
Қаракөзованың айтуынша, 13 наурызда Кәсіподақтар федерациясы кеңсесінде QazMed республикалық салалық медицина қызметкерлеріне кәсіподақ ұйымы төрағасының жаңа кеңесшісі ретінде Елжан Біртанов таныстырылды.
QazMed төрағасы Әлиакпар Мәтішев әлеуметтік әріптестікті дамытуда үлкен тәжірибесі бар Елжан Біртановқа медицина қызметкерлерінің үлкен үміт артып отырғанын атап өтті.
Әріптестері алдында сөйлеген сөзінде Елжан Амантайұлы медицина қызметкерлерінің мүддесін ілгерілету үшін бар тәжірибесі мен білімін жұмсайтынын атап өтті.
– Медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қорғау мәселелерінде кәсіподақтың рөлі маңызды. Денсаулық сақтау саласында әлеуметтік серіктестермен бірлесіп шешуге тиіс мәселелер әлі де бар, олар: медицина қызметкерінің мәртебесін заңды түрде анықтау, медицина қызметкерлерін штатпен қамтамасыз ету, мекемелер, жас мамандарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін лайықты еңбекақымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауды бірлесіп жалғастыру керек. Салалық келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажет, – деп Қаракөзова Елжан Біртановтың сөзін жеткізді.
Еске салсақ, Елжан Біртанов 2017-2020 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Коронавирустық пандемия кезінде Біртанов ауырып қалып, ауруының пневмониямен асқынғанын айтып, қызметінен кетті.
2020 жылдың қарашасында Біртановтың қамауға алынғаны белгілі болды. Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі Біртановқа қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғады. Кейін ол үйқамаққа алынды, ол бірнеше рет 2022 жылдың 28 қазанына дейін ұзартылды.
Тергеу барысында Қаржы мониторингі агенттігі Біртановтың ісін «қаржы жымқыру» дегеннен «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» санатына ауыстырды. Сонымен қатар, экс-министр ауырған кезде Тараздан Астанаға ұшу үшін санитарлық авиацияны заңсыз пайдаланды деген айып тағылды.
Нәтижесінде 2022 жылғы 28 қазанда сот Біртановтың санитарлық авиацияны пайдаланды деген айыбын ақтап, Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевті Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп тапты. Сот Біртановты бес жылға, Әбішевті төрт жылға бас бостандығынан шектеуге үкім шығарды.
Сонымен қатар, сот Біртанов пен Әбішевтен Денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына 1 млрд 350 млн 123 мың 129 теңге көлемінде материалдық шығынды, сондай-ақ азаматтық талапты қанағаттандыру үшін әрқайсынан 20 млн 251 мың теңгеден мемлекеттік баж өндіріп алды.
Үкімге түсініктеме берген Біртанов оның үстінен апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін айтты. Сондай-ақ ол көрсетілген соманы төлеуге ақшасы болмағанын мойындады.
2023 жылдың 10 ақпанында апелляциялық шағымнан кейін сот Біртановтың үкімін өзгеріссіз қалдырғаны белгілі болды.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық