Екінші дүниежүзілік соғыс: Кеңес одағы ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

Екінші дүниежүзілік соғысқа ресми деректерде 1 млн 200 мыңнан аса отандасымыз қатысқаны айтылады. Бұл деген сөз республиканың әрбір төртінші тұрғыны әскер қатарына шақырылды. Мәңгілік ұмытылмайтын қасіретті соғыстың нәубеті әрбір шаңырақты күйретіп, орны толмас қайғы әкелді. Дәл осы күні Orda.kz редакциясы кеңестік идеология айтқызбай келген 106-шы дивизия жайлы бірер ауыз сөз қозғауды жөн көрді.
Кеңестер өлімге аттандырған қазақ боздақтары жайлы
Жақында ғана Германияның ең белді 49 компаниясы мәлімдеме жасап, кезінде нацистік идеяны басшыларының қолдағанын мойындады. Ол жайлы сәл кейінірек айтамыз. Қазір кеңес одағы тікелей өлімге аттандырған қазақтардан құралған атты әскер жайлы сөз қозғамақпыз.

1942 жылы соғысқа Ақмоладан да дивизиялар жасақталды. Соның бірі — жауға қылыш ұстап, жеткілікті қарусыз шайқасқан 106-қазақ ұлттық дивизиясы.
Orda.kz тілшісі «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, тарихи деректерді зерттеуші, алғаш 106-қазақ ұлттық салт атты әскер дивизиясының толық құрамын түгендеп, алғаш дивизия туралы анықтама құжаттарын тапқан, телеграф бұйрықтары мен жауынгерлердің аты-жөндерін анықтап шыққан — Макка Қаражановаға хабарласып, мән-жайды сұрастырды. Ол бізге көп жерде айтылмай келген деректер мен көп жерде жарияланбаған фотоларды берді.
Бір өкініштісі, Қаражанованың өзінің осы із-түзсіз кеткен қазақ жауынгерлері жайлы, соның ішінде 106-қазақ дивизиясы жайлы ақпараттарды салып отыратын сайтына шабуыл жасалыпты. Қазақ дивизиясы жайлы ақпараттарды жариялауға кім кедергі болуы мүмкін? Ішіңіз білсін.
«Менің ақпараттарды салып отыратын сайтым болған. Өкініштісі, 2022 жылы оны хакерлер жойып жіберді. Ол америкалық платформада ашылған мықты сайт болатын. Оны жоюға өте мықты білікті, арнайы мамандар кіріспесе, бұзылуы оңай сайт емес еді», — деді Макка Қаражанова.
Макка Қаражанова 2015 жылы әлеуметтік желі арқылы хабарсыз кеткен қазақ солдаттарын іздейтін еріктілердің басын қосқан. Ақмарал Шалақова, Әсет Ерназаров, Күлән Нұрмұхамедова және Макка Қаражанова мен Украинаның зерттеушілері бірігіп жұмыс істеп жатқандарын айтты. Екінші дүниежүзілік соғыста әлі күнге хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан солдаттарын анықтап, іздеп жүрген бұл топқа өз аталарын жоқтап хабарласатындар өте көп. Суреттер арқылы, архивтарды ақтару арқылы еріктілер барынша жауынгерлер жайлы ақпаратты тауып беріп жатыр.
«2010 жылдан бері біз екінші дүниежүзілік соғыста майданда қаза тапқан қазақ сарбаздары жайлы іздестіріп, есімдерін анықтау жұмыстарымен айналысып келеміз. Диаспора жанынан осы мақсатта архивтік және зерттеу жұмыстарына бағытталған арнайы топ құрылды. Алғашқы сұхбатымда не себепті бұл іске кіріскенімізді түсіндірген едім: біз Харьков пен Харьков облысын азат ету үшін Қазақстанда құрылған дивизиялардың қатысқанын дәлелдегіміз келді. Сол кезде Харьков бойынша ресми деректерде шайқастарға қатысқан қазақ жауынгерлері саны небәрі 50 адам деп көрсетілген. Бұл — Отаны үшін жанын қиған сарбаздарымызға жасалған үлкен әділетсіздік», — деді Макка Қаражанова.
Ол жазушы, жауынгер Баубек Бұлқышевтің хатындағы: «Мен газетті оқып отырып, Харьков маңында шайқасқан қазақтар азат еткен Украин жерін сүйіп жатқанын білдім» деген сөздерін негізге ала отырып, зерттеуді бастағандарын айтты. Расымен қаза болған қазақ жауынгерлерінің зираттары осы жерде жатыр. Макка Қаражанова алғашқы маңызды нәтижеге архивпен жұмыс істегенде қолдары жеткенін айтты.
«Алматыда құрылған 38-атқыштар дивизиясының Харьков маңында шайқасқаны жайлы құжаттар табылды. 1942 жылдың мамырында бұл дивизия қоршаудан аман шығып, кейін Сталинградқа жеткенде оның құрамында бар болғаны 150 жауынгер қалған еді. Бірақ шайқас туын аман алып барған. 1943 жылдың 1 наурызында бұл құрам 73-гвардиялық атқыштар дивизиясы деп қайта аталды. Сол кезеңде бізге әскери атташе Руан Кемали тарапынан сұраныс түсті. Осылайша бізге Харьков маңында із-түзсіз кеткен 106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының тағдырын анықтауға кірісіп кеттік», — деді Макка Қаражанова.
Зерттеу тобы мен жан түршігерлік деректер
106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының тағдырын анықтауға мына мамандар атсалысты:
- әскери тарихшы Леонид Карцев;
- археолог әрі тарихшы Татьяна Крупа;
- зерттеуші Макка Қаражанова;
- зерттеушілер Люсия Оксак пен Александр Билим;
- Красноград өлкетану музейінің директоры Наталья Швец бастаған ұжым.
Макка Қаражанова зерттеу нәтижесінде тапқан архивтегі құжаттар оларды есеңгіретіп тастағанын айтты:
– Дивизия қабылдау актісіне сәйкес – 4091 адам;
– 269-атты әскер полкінде – небәрі 25 мылтық;
– 288-полкте – 16 мылтық;
– 307-полкте – 10 мылтық;
– артиллериялық дивизионда – 13 мылтық;
– күзет взводында – 7 мылтық.
Барлығы – 3220 жауынгерге 3100 жарылғыш оқ дәрі. Маққа Қаражанованың сөзінше, мұндай қаруы бар жауынгерлерді соғысқа дайын әскерилер деуге мүлде келмейді. 106-шы атты әскери дивизиясы жауынгерлерінің 90 пайызы қазақтардан тұрды. Қаражанова эшелондар келіп жетісімен, дивизия полктері бірден таратып, 6-атты әскер корпусына бөлініп берілгенін айтты.
«1942 жылдың 10 мамырында корпусқа майдан қолбасшысы, маршал Тимошенко Харьков түбіндегі неміс шебін бұзып, Красноградқа жылжуға бұйрық береді. 12 мамырда біздің дивизия корпус құрамында ұрысқа кіреді. Төрт күн ішінде олар әуеден атқылауға, үзіліссіз бомбалауға тап болғанына қарамастан, 140 шақырым жол жүреді. 16 мамыр күні таңғы сағат 4-те олар Красноград шетіндегі қиян-кескі шайқастарға қатысады», — деді Макка Қаражанова.
19 мамырда 6-кавалерия корпусын (оның құрамына 106-қазақ кавалерия дивизиясы кірген) «Оңтүстік» атты немістің танк мінген әскери құрамалары қоршауға алды Макка Қаражанованың сөзінше, фронт қолбасшысы маршал Тимошенконың бұйрығын алғаннан кейін, генерал Носков басқаратын корпус сегіз күн бойы күші басым, мұздай қаруланған немістермен жан аямай шайқасып, 57-ші және 6-армиялар шегініп кетіп қалғанша ұрысты тоқтатпаған.

Оқ-дәрі мен азық-түліксіз қалған корпус талқандалды, ал оның тірі қалған сарбаздары бөлініп, басқа майдандастарына жетуге тырысты. Макка Қаражанова бізге 106-қазақ кавалерия дивизиясында қызмет еткен мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты, хабарсыз кеткен Уәли Өтебаевты іздегенін айтты.
«Олардың көбі сол ұрыста тұтқынға түсті. Мен 106-шы қазақ кавалерия дивизиясында қызмет еткен мемлекеттік қауіпсіздік лейтенанты Уәли Өтебаевты іздеумен айналыстым. Ол үйіне жан тебірентерлік хаттар жазған адам. Дегенмен оның туған інісі Болат Өтебаев ағасының тағдыры жайлы көп нәрседен хабарсыз еді. Тұтқынға түскен Уәли куәгерлердің айтуынша, лагерьде қарсылық көрсеткендердің ұйымдастырушысы болған. Уәлидің қай күні, қай жерде қаза тапқанын інісіне хабарлау маған бұйырыпты. Ол бір жылдан астам уақыт Полтава облысындағы Хорол әскери тұтқындар лагерінде болған. Халық бұл жерді «Хорол шұңқыры» деп атаған. Бұл атаудың өзі-ақ қандай азапты жағдайда болғанын аңғартады. Мемлекеттік қауіпсіздік кіші лейтенанты Уәли Өтебаев 1943 жылдың сәуірінде қашпақ болған кезінде атылған», — деді Макка Қаражанова.

«Қолымызда қылыштан өзге қару жоқ»
90 пайызы қазақтардан тұратын 106-шы атты әскери дивизиясы жауынгерлерінің құрамында болған, аман қалған Сыдық Түменбаевтің естелігін Abai.kz порталы жариялапты. Онда ол немістердің тұтқыны болғанын, елге оралғанда қуғын-сүргін көргенін сол кездегі Карлаг лагеріне отырып шыққанын айтады.
«1942 жылы мамырда ұрысқа кірдік. Қолымызда қылыштан өзге қару жоқ. Сөйтіп жүріп шабуылға шықтық. Содан үш-ақ адам тірі қалдық. Дәл сол күні соғыс қанша адамның өмірін жалмағынын өз көзіммен көрдім ғой. Бұл – тек бір күндегісі ғана. 1942 жылы шілдеде кезекті шабуылға шыққан біз қоршауға түсіп қалдық. Қыркүйекте Шепетовканың төңірегінде 18 мың адам немістердің тұтқынына түстік. «Тұтқындарды Германияға әкетеді екен» деген сыбыс шыққан кезде 55 адам қашуға бел байладық. 1943 жылы 20 ақпанда жеті адам тұтқыннан қашып шығып, Қызыл Армияға қосылдық. Соның бірі ақмолалық досым Файыз Ысқақов болатын. Бірақ, 1943 жылы 4 наурызда бізді комендатураға жіберді...», — деді Сыдық Түменбаев.
4 мыңнан аса жауынгер мен офицердің ішінен аман қалғаны санаулы ғана. Көбі тұтқынға түсіп, соғыс лагерлерінде қаза тапты немесе елге оралған соң, репрессияға ұшырады. Аман қалған Сыдық Түменбаев өз еліне оралған соң көрген қорлығы жайлы былай дейді:
«Өз еліміздің түрмесінде азаптап, қинаудың неше түрін көрсетті, сатқын деді. Мені он жылға соттап, Воркутадағы НКВД-ның лагеріне жіберді. Науқасыма байланысты кейін Қарлагқа ауыстырды. Ақыры 1953 жылы ақпанда үйге оралдым», — деді Сыдық Түменбаев.

Ұзақ жылдар бойы 106-шы дивизияның тағдыры беймәлім болып келді. Бұл халқымыздың басынан кешкен ауыр қияметтерінің бір парасы.
Бір өкініштісі, жақында ғана ежелгі мифологияны зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай Астанадағы ескерткіштегі QR кодта қазақша деректер жоқ екенін айтқан болатын. Онымен қоймай дәл осы 106-шы дивизия туралы мүлде ақпарат жазылмаған.
«Бірде-бір қазақ есімі жоқ»
Макка Қаражанова бізге тағы бір маңызды мәліметті айтты. Оның сөзінше Соль-Илецкіде құрылған 196-шы атқыштар дивизиясының 80 пайызы этникалық қазақтардан тұрған.
«Қазақстаннан соғысқа 1 миллион 200 мың адам шақырылды. Бұл Орынбор облысындағы марш роталар мен басқа да құрамаларды есепке алмағанда айтылған дерек. Мысалы, Соль-Илецкіде құрылған 196-атқыштар дивизиясының 80 пайызы этникалық қазақтардан тұрған. Тағы 10 пайыз қосылғанда, бұл ұлттық дивизия ретінде тіркелетін еді. Сталинград түбіндегі шайқастарда, Калач-на-Дону маңында, дивизия қоршауға түсіп, түгел дерлік жойылды. 17 000 жауынгердің ішінде шамамен 500-і ғана тірі қалған. Бұл дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталды», — деді Макка Қаражанова.
Тарихтағы тағы бір ақтаңдақтың бірі — жау өтіне аттанып қырылып қалған этникалық қазақтар жайлы деректердің әлі айтылмауы. Макка Қаражанова осы толығымен дерлік жойылған 196-атқыштар дивизиясы жайлы жарық көрген кітапта бірде-бір қазақ есімін жоқ екенін көріп, іші қан жылағанын айтты.
«2007 жылы осы 196-дивизияның екінші қалыптасу тарихы туралы «Батальоннан Армияға дейін: 196-Гатчина Қызыл Ту атқыштар дивизиясының жауынгерлік жолы» атты кітап жарық көрді. Мен үзінділерін оқыдым. Шынымды айтсам, кітапты соңына дейін оқи алмадым. Ішім қан жылады. Ондағы барлық кейіпкерлер — орысша есімдер. Ал шын мәнінде олардың 80 пайызы — қазақтар еді. Солардың да тек 10 пайызы ғана орыс тілін аздап меңгерген. Бірақ олар туралы бір ауыз сөз жоқ. Соль-Илецкідегі мектеп жанында бір кездері музей болған, алайда ол жерде де қазақ жауынгерлері жайлы дерек өте аз. 13 600 орыс тілін білмейтін сарбазды шайқасқа кім бастап кірді? Олармен кім тілдесті? Бұйрықты кім берді? Ең бастысы — олардың есімдері неге ұмыт қалды, неге олар жайлы жеке кітап жазылмады?», — деді Макка Қаражанова.
Ол бұл жағдайдың өз қолымыздағы іс екенін атап өтті. Макка Қаражанова тарихқа тереңінен үңіліп, естеліктерді сақтауға шақырады.
«Менің ауыр сауалыма жауап ащы әрі қарапайым ғана. Бұл – біздің өз қолымыздағы іс. Бұл естелікті өзіміз ғана сақтап қала аламыз. Әр халық өз батырларын мәңгі есте қалдыруға ұмтылуы керек. Алайда қазіргі кезде біз көбінесе интернеттен тапқанымызды ғана қайталап айтамыз, тереңірек үңілмейміз. Мысал ретінде айтайын. Қазақ интернет кеңістігінде төрт қыздан құралған танк экипажы туралы аңыз тараған еді. Оларды қазақ әйелдер экипажы деп сипаттайды. Бұл тақырыпта бірнеше автор кітап та жазды. Бірақ олардың ешбірі Подольск қаласындағы Орталық архивке барып, шынайы құжаттарды іздемеген. Бұл қыздардың есімдері халық жадында жоқ. Құжатпен расталмаған соң, мұның бәрі жай аңыз ғана. Кітап шығаруға табылған ақша, нақ архивтерде жатқан құжаттарды зерттеуге табылмай ма?», — деді Макка Қаражанова.
«Кеңес одағында 18 миллион адам лагерлерге қамалды»
Украинаның Харьков қаласында тұратын қазақтың қайсар қызы Макка Қаражанова өзінің ешқандай соғысты жақтамайтынын, зорлық-зомбылық дегеннің бәріне қарсы екенін айтты. Оның есімі аталмай кеткен, жаудың өтінде қаза болған құрбандарды іздеп ескі архивтерді ақтарып, табанынан таусылып жүрген себебі — әділдікке ұмтылу. Ол мына заманның өзінде соғысты өз көзімен көрген соң, елді соғысты дәріптеуді доғаруға шақырды.
«Мен қашан да пацифист болдым. Мен үшін кез келген зорлық-зомбылық — қабылдауға, төзуге болмайтын қылмыс. Иә, соғыс тақырыбын зерттедім, себебі әділдікке ұмтылдым және қазақ жауынгерлерінің ержүрек, қайсар болғанын көрсеткім келді. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың қазақстандықтың 600 мыңнан астамы қаза тапты. Бірақ соғысты өз көзіммен көріп, тірі пендеге жасаған қатігездікті сезінген соң, бүкіл Қазақстан халқына айтқым келетіні бір-ақ нәрсе. Соғысты дәріптеуді доғарайық. Бейбіт өмір — баға жетпес құндылық. Соғысу — ерлік емес. Көп жағдайда ол — қолбасшылардың қателігі, жаңылу және ажал құшумен тұйықталатын жол. Ерлік — ештеңеге қарамастан, жанын шүберекке түйіп жасалады. Әр ерліктің артында қасірет жатыр. Қан майданда аман қалып, жақындарымен қауышатындар өте аз. Соғыс деген — ананың көз жасы, жесірдің зары, жетімнің үміті үзіліп, үнсіз қыстыға жылағаны», — деді Макка Қаражанова.
Сонымен қатар зерттеуші кеңес өкіметінің өз азаматтарына қалай қарағаны туралы бірнеше дерек келтірді. Ол Кеңес одағының да Германия секілді халықты қанап, лагерлер салғанын айта кетті. Сонымен қатар ол соғыстан мүгедек болып қайтқан солдаттарды КСРО қасақана ажалдың аузына тастағанын баяндап берді.
«Кеңес одағы да, нацистік Германия сияқты, өз халқына қарсы озбырлық жүргізді. Лагерлер жүйесі соғыстан әлдеқайда бұрын — 1930 жылы құрылған. Сол уақыттан бастап 18 миллион адам лагерлерге қамалды. Жазасын өтегендер лагерлерде 1953 жылға дейін отырды — демек, «өз халқына қарсы соғыс» фашистерсіз-ақ болып келген. Соғыстан кейін тұтқыннан босап, елге оралған солдаттар бірден қайтадан кеңестік лагерлерге қамалды. Он жылға кеткендер болды, кейде одан да көп жылға сотталғандар бар. КСРО соғыстан мүгедек болып қайтқан жауынгерлерге бейімдеу жүйесін құрмады. 1945 жылы олардың саны 2,5 миллион болған. Көмектесудің орнына оларды оқшаулады, ал кейбірін қасақана ажал аузына тастады. Мысалы Валаам аралындағы соғыс мүгедектері үйін айтуға болады. Онда қол-аяғы жоқ мүгедектер суық пен аштықтан қайтыс болған. Мүгедектік бойынша зейнетақылар тек 1956 жылы ғана енгізілді. Із-түзсіз кеткен сарбаздардың отбасылары ешқандай көмек алмады. Керісінше, олардың балалары «халық жауының баласы» ретінде қараланды», — деді Макка Қаражанова.
Германия нацист басқыншылардың қателігін мойындады
Жақында ғана Германия билікке нацистердің келуіне ықпал еткен, 49 неміс компаниясы Германияда ұлттық-социалистердің билігін нығайтуға жауапкершілік алғанын мойындады. Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 80 жылдығы қарсаңында жарияланған бірлескен мәлімдемеге қол қойғандардың қатарында Adidas, Bayer, BASF, Bosch, BMW, Commerzbank, Deutsche Bahn, DHL, Hugo Boss, Mercedes-Benz, Lufthansa, Rheinmetall, Siemens, Volkswagen және басқа да концерндердің басшылары бар. Мәлімдемеде 1933 жылы ұлттық-социалистердің билікке келуі сол кездегі негізгі шешімдерді қабылдағандардың үлкен қателіктерінсіз болмас еді деп еске салады.
«Өз пайдасын ғана ойлаған көптеген неміс компаниялары мен олардың басшылары осыған қатысқан» деп жазылған Frankfurter Allgemeine Zeitung газетінде жарияланған мәлімдемеде.
Бұл мәлімдемелер 7 мамыр күні Die Zeit, Süddeutsche Zeitung и Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымдарында жарияланды.
Мәлімдемеде қазіргі Германия компаниялары өз жауапкершіліктерін сезінетіні және демократияның қыл өтпейтін құрылымын есте сақтайтыны атап өтілген.
«Біз бәріміз бірге өшпенділікке, кемсітушілікке және антисемитизмге қарсы тұрамыз. 1933 жылы және одан кейін де тым көп адамдар үнсіз қалды, көздерін жұмып, көрмегендей болды» деп жазды мәлімдемелерінде.
Deutsche Welle телерадиосының орыс тіліндегі нұсқасы да бұл ақпаратты жариялады.
Бұл жағдай — кез келген ұлттың ұрпағы бабаларының жіберіп алған қателігін саралайтынын көрсетеді. Қазақ халқы бастан кешкен тарихи зобалаңдар — ұлт жадымызда мәңгі сақталуы тиіс ақиқат. Мысалы, 1932–1933 жылдары жасанды ашаршылық салдарынан қазақ халқының саны 6,47 миллионнан 2,1 миллионға дейін қысқарды.
Бұл — адамзат тарихындағы ең ірі демографиялық апаттардың бірі. Саяси қуғын-сүргін кезінде де, Желтоқсан оқиғасы кезінде де ақтаңдақтар бар. Сол секілді екінші дүниежүзілік соғыстың да айтылмай қалған, ескерілмей қалған оқиғаларының бірін баяндап бердік, қадірлі оқырман.
Енді тәуелсіздікке қол жеткізген, ойы азат өскелең ұрпақ тарихымыздағы ақтаңдақтарды түгендеп, ғасырларды қайта парақтап жазатыны анық.
Жаңалықтар
- Шерзат ісі: Ағайынды Тоқтаубаевтар мен кім-кімді аяусыздықпен ұрды?
- «Нұрғанатты да, Шерзатты да, Қаржаубайды да ұрмадым»: Азамат Тоқтаубаев сотта жауап берді
- Ердоған мен Зеленский жанында: Анкара манында зілзала болды
- Көксу өзеніне құлап кеткен ер адамның денесі табылды
- Әйелін терезеден лақтырған майор: Қызылордалық полицей жас жұбайын мүгедек етті
- Қорқытып, кейін соққыға жыққан: «Дикий Арманның» досы мен оның бандасы сотталды
- «Аяушылықпен тебу, хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым»: Нұрбол Тоқтаубаевты судья сөзінен ұстады
- Қадыровқа қарсы шыққан: Алматыда шешен белсендісі ұсталды
- «Тергеушілер мені де, інімді де ұрды»: Шерзаттың сотында Нұрбол Тоқтаубаев сөйледі
- Мигрант зейнеткердің денесін бөлшектеп тастаған
- Зеленский Стамбұлдағы келіссөздің сәтсіз өтетініне сенімді
- Шерзаттың соты: Дархан Әскентай адвокатынан бас тартты
- Имам ер адамдарға гинеколог болу харам екенін айтты
- Шерзаттың ісі: Күдіктілердің адвокаттары істі қайта тергеуді сұрады
- «Қылмыс әлемінің серкесіне қаржы бөлді»: Амандық Баталовтың күйеу баласын Қырғызстанда іздеп жатыр
- Анасының жанайқайы: Сотта Шерзатты жабылып ұрған сәттің видеосы көрсетілді
- «Фашист, нацист»: Қазақша мәзір беруден бас тартқан кафе кешірім сұрады
- Шавкат Рахмонов Өзбекстан азаматтығын алды – UFC
- «Уыс-уыс шаш, жұлынған тырнақ»: Ақнәрдің өлімін полиция жылы жаба салмақ па?
- «Қауіпті»: Америкалықтар Temu бағдарламасын сотқа беріп жатыр