«Денсаулыққа қауіпті»: Әлем елдері тыйым салған дәрілерді Қазақстан неге сатады?
Қазақстанда дәріхана сөрелерінде еркін сатылып жатқан кейбір дәрілер шетелде немесе Еуроодақ елдерінде әлдеқашан нарықтан алынып тасталған. Олардың арасында бауырды зақымдайтын, тәуелділік тудыратын немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін дәрілер де бар.
Orda.kz редакциясы Қазақстанда рұқсат етілген, бірақ өзге елдерде тыйым салынған немесе қатаң бақылаудағы дәрілер туралы зерттеу жасап көрді.
Тілшіміз үш дәрінің құрамын қарап, қай елдерде, не себепті тыйым салынғанын анықтады. Сонымен қатар, адам ағзасына пайдасынан гөрі қауіпі едәуір дәрілер жайлы деректер жинады.
Қауіпті, бірақ рұқсат етілген Нимесил (Nimesulide)
Nimesulide — ауырсыну мен қабынуға қарсы өте көп қолданылатын дәрі. Қазақстанда ол «Нимесил», «Найз», «Нимика» деген атаулармен сатылып жатыр. Алайда Финляндия, Ирландия, Испания және Сингапур бұл дәріні бауыр жетіспеушілігіне әкеледі деп нарықтан алып тастады. Қазақстандағы дәрінің мәртебесі — рецептімен сатылатын ауырсыну‑қабынуға қарсы препарат.

Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (EMA) 2010 жылдары бірнеше рет зерттеу жүргізіп, қауіпі пайдасынан асып түседі деп қорытынды жасаған.
Финляндия мен Испания 2002 жылы нарықтан алып тастады. Олар «бауырға тигізген ауыр зақымы көптеген өлім-жітімге алып келді» деген тұжырымға тоқтаған. Бельгия, Ирландия және Мексика да осы себепті өнімді тоқтатқан. Ал Қазақстанда бұл дәріні дәрігердің нұсқаулығымен емін-еркін сатып алуға болады. Мемлекеттік деңгейде шектеу жоқ.
Психобелсенді «фенотропилдер»: Phenibut
Қазақстанда кейде дәрігерлер невроз, ұйқысыздық, емтихан алдындағы күйзеліс секілді жағдайларда Phenibut (Фенибут) препараттарын ішуге кеңес береді. Бірақ халықаралық деңгейде бұл препараттың қауіпсіздігіне қатысты талай дау туған.

Халықаралық мәртебесі
АҚШ-та Phenibut ресми түрде дәрі ретінде тіркелмеген. Ол тек тағамдық қоспа ретінде интернет-дүкендер арқылы сатылады және FDA (АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы) бұл өнімге ескерту хаттар жіберген.
Австралияда бұл зат Schedule 9 (тыйым салынған қауіпті заттар) тізімінде тұр.
Еуропа елдерінде (Германия, Франция, Италия, Литва, Венгрия) Phenibut-ке қатысты қатаң шектеулер енгізілген, кейбірінде ол заңсыз.
Қауіптері
Phenibut орталық жүйке жүйесіне әсер ететін психобелсенді зат. Ұзақ қолдану — тәуелділікке, эйфория сезіміне, кейіннен — абстиненция мен психикалық күйзелістерге әкелуі мүмкін. Ең қауіптісі — бұл туралы науқастарға ешкім ескертпейді.
«Phenibut — жасырын психотроп. Науқастар оны жай ғана тыныштандырғыш ретінде қабылдайды. Бірақ тәуелділік механизмі өте айқын. Әсіресе жасөспірімдер үшін бұл қауіпті», — дейді аты-жөнін жасыруды сұраған психиатр.
Қазақстандағы мәртебесі
Phenibut елімізде рецепт бойынша ғана сатылады. Алайда зерттеу барысында бірнеше дәріханадан рецептсіз сатып алуға болатыны анықталды. Адам өмірі таразының басында тұрған соң, бұл дабыл қағатын мәселе екенін айта кеткен жөн.
Ұйқы ашатын, бірақ күмән тудыратын дәрі — Modafinil (Provigil)
Modafinil — орталық жүйке жүйесіне әсер ететін стимулятор. Қазақстанда ол ұйқы бұзылуы, нарколепсия (ұйқы ұстамалары), апноэ синдромы секілді жағдайларда қолданылатын ресми тіркелген дәрі. Бірақ халықаралық тәжірибеде бұл затқа қатысты көзқарас біржақты емес. Бір елдерде ол қатаң бақылауда, енді бірінде допинг ретінде тыйым салынған.

Халықаралық мәртебесі
АҚШ-та Modafinil Schedule IV санатына енгізілген, яғни психобелсенді заттар қатарына жатады және рецептсіз сатуға болмайды.
Ұлыбритания мен Швецияда — тек дәрігер нұсқауымен беріледі.
Румынияда спортшыларға арналған допинг ретінде саналып, арнайы тізімге енгізілген.
WADA (Халықаралық допингке қарсы агенттік) 2004 жылдан бастап Modafinil-ді ресми түрде тыйым салынған препараттар қатарына қосты.
Қауіптері мен басқа да әсерлері
Modafinil көбінесе «қауіпсіз стимулятор» ретінде ұсынылғанымен, медицинада тіркелген жағымсыз әсерлер бар:
- Бас айналу, мазасыздық, жүрек соғысының жиілеуі;
- Кейде галлюцинациялар, психоз, терінің ауыр аллергиялық реакциялары (Stevens-Johnson синдромы);
- Ал ұзақ қолданғанда тәуелділікке және ұйқы-белсенділік циклінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Жасөспірімдер мен студенттер арасында бұл дәрі «зияткерлік допинг» ретінде танымал. Ол ұзақ уақыт бойы ояу жүруге көмектеседі, бірақ жүйке жүйесін шаршатады.
Қазақстандағы мәртебесі
Modafinil елімізде рецепт арқылы ғана берілуі тиіс. Алайда Orda.kz тілшісінің зерттеуінен соң, бірнеше интернет-дәріхана мен жеке дәріханаларда бұл дәріні рецептсіз алуға болатыны белгілі болды.
Сонымен қатар, препараттың допинг сияқты қасиеттері туралы спортшыларға, жаттықтырушыларға немесе жасөспірімдерге нақты ақпарат берілмейді.
Неге Қазақстанда рұқсат етілген?
Қазақстанда дәрілерді тіркеу мен сараптаманы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» жүргізеді. Бірақ сарапшылар бұл құрылымда халықаралық практикаға сай сараптама жасау жүйесі әлсіз екенін айтады.
«Кейбір дәрілерді тіркеу кезінде клиникалық зерттеу нәтижелері толық сұралмайды немесе сырт елдегі ескі тіркеуге сүйеніп шешім қабылданады. Бұл қауіпті», — деді фармацефт.
Orda.kz дәріханаларды аралап осы дәрілер жайлы сатушылар не дейтінін біліп қатты.
«Nimesulide — бұл ауырсынуды басады. Бірақ бауырға өте зиян. Бағасы 350 теңге сатылымы өте жақсы, рецепсіз бере береміз. Phenibut — бұл тыныштандыратын дәрі. Бұны да рецепсіз сатамыз. Бағасы 760 теңге. Modafinil — бұл дәрі бізде қазір жоқ», — деді дәріхана сатушысы.
Тілшіміз тек бір дәріханаға емес, бірнеше дәріхананы аралап көрді. Араларында бұл дәрілерді қандай ауруларға қолданатынын білмейтін фармацевтер де кездесті. Тоқсан пайызы осы үш дәріні рецепсіз, яғни дәрігердің нұсқауынсыз сатыла беретіннін айтты.
Қазақстанда Нимесулид пен Фенибут тіркелген Модафинил жоқ: Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Orda.kz порталына жолдаған ресми жауабында Нимесулид, Фенибут және Модафинил дәрі-дәрмектерінің елдегі мәртебесі туралы мәлімет берді.
Комитеттің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда халықаралық патенттелмеген атауы (МНН) Нимесулид болып келетін 23 препарат, ал Фенибут бойынша 8 препарат тіркелген. Бұл дегеніміз — аталған дәрілер еліміздің Мемлекеттік тіркеу тізімінде бар және заңды түрде айналымда деген сөз.
Сонымен қатар, www.ndda.kz порталы арқылы «Нимесулид» бойынша жағымсыз реакциялар туралы ешбір хабарлама түспеген. Ал «Фенибут» бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін 10 карта-хабарлама тіркелген. Бұлардың нақты мазмұны көрсетілмегенімен, мұндай есептер әдетте дәрінің жанама әсерлерін немесе күтілген нәтиже бермеуін сипаттайды.
Министрлік сайтында және DariKZ мобильді қосымшасында бұл дәрілерге арналған бекітілген медициналық қолдану нұсқаулығы мен сипаттамалар ашық түрде жарияланған.
Модафинил Қазақстанда тіркелмеген.
Белсенді заты «Модафинил» болатын дәрілер Қазақстанда тіркелмеген. Яғни, елде бұл затты ресми түрде қолдануға, сатуға және тағайындауға рұқсат жоқ. Сонымен қатар, бұл дәріге қатысты жағымсыз реакциялар немесе шағымдар тіркелмеген. Комитеттің жауабында дәрілердің сапасын бағалау мен тіркеу тәртібі туралы да егжей-тегжейлі баяндалған. Қазақстанда дәрілік заттардың сапасы — мемлекеттік монополия. Әрбір дәрінің немесе медициналық бұйымның партиясы елге әкелінсе де, жергілікті өндірістен шықса да, тіркеу куәлігінің мерзімі аяқталғанға дейін сапа бағалауынан өтеді.
Сонымен қатар, елде «даулы препараттар» деген арнайы тізім жоқ екені айтылды. Ал дәрілік заттарды тіркеу тәртібі EMA (Еуропалық дәрі агенттігі) және FDA (АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы) ұсынымдарына сәйкес үйлестірілген.
Қорытынды
Қазақстандағы дәрі нарығы халықаралық стандарттарға ілесе алмай отыр ма, әлде экономикалық мүдде қоғамдық денсаулықтан жоғары ма? Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін жүйелі тексеріс пен қоғамдық бақылау қажет. Әзірге күмәнді дәрілер еркін айналымда жүр, ал олардың салдарын науқастар ғана сезіп отыр.
Таразының бір басында адам өмірі тұр деп айтқымыз келеді. Бір адамның өмірі емес, бүтін бір мемлекеттің азаматтарының өмірі тұр. Сондықтан адамның денсаулығын күйрететін дәрілердің сатылуына немқұрайлы қарамау керек.
Жаңалықтар
- NASA: Artemis III – адамзаттың Айды қайта игеру жолындағы маңызды миссия
- Сталкингке қарсы заң жобасы: Қыз алып қашу — дәстүр ме, қылмыс па?
- Иран СІМ АҚШ әскери күштерін аумақтан тезірек әкетуге шақырды
- Судья Айгүл Сайлыбаеваның туыстары кісі өлімінің жан түршігерлік жай-жапсарын айтты
- Сарбаз оқпанда қалған пулемет оғынан қаза тауып, офицер 4 жылға сотталды
- Алматы көшесін «жасанды интеллектпен тазалай салған» қызметкер жұмыстан кетті
- Әл-Фарабидегі апат: Пактың «100 QR 02» жалған нөміріне қатысты іс тоқтатылды
- Алматыда жүргізуші бес адамды қағып, тағы бір көлікке соғылды
- Президент Берік Уәлиге «Абайға құрмет» акциясын лайықты деңгейде жүзеге асыруды тапсырды
- Дәрілерді бақылаусыз қолдану ұлттық қауіпсіздікке қатер: Антибиотик сату қатаңдайды
- Қызылорда облысындағы жұмбақ өлім: Құдықтан табылған 20 жастағы жігіттің өліміне оның 15 жастағы інісі күдікті болып шықты
- Талдықорғанда сарбаздың қазасына байланысты батальон командирінің орынбасары сотталды
- Мажарстанда жоғары лауазымды тұлғалардың жалақысы қысқарды
- Атышулы «Алтын Орда» базарындағы тексеру қорытындысы: Үстеме 85 пайыздан асып кеткен
- Атырау әкімінің орынбасары мен коммуналдық кәсіпорын басшысының орынбасары тергеуге ілікті
- «Нағыз апокалипсис»: Ақтөбе әр жаңбырдан кейін су астында қалады
- Сынған қабырғалары өкпесін тесіп өткен: 10 жасар бала кернеуі 6000 вольттық токқа түсті
- Үстіртте сирек кездесетін барыс фототұзаққа түсті
- Мұхтар Жәкішев шетелдік құдалықты сынағандарға жауап берді
- Алматыдағы Hilton қонақүйі жабылды: 170 қызметкер бір күнде жұмыссыз қалды