Дариға Назарбаеваның күйеуі Қаңтар оқиғасынан кейін QazaqGaz-дан қалай ақша алды?

cover Фото: Orda.kz

Үкімет активтерді қайтарып жатырмыз деп есеп беріп жатқанда, қашқын олигархтар өз ақшаларын заңды жолмен қайтарудың айласын тапты. Қадірлі оқырман, олигархтардың қалай көзбояушылық істегенін Orda.kz тілшілерінің зерттеу бөлімі QazaqGaz ұлттық компаниясын мысалға келтіре отырып, баяндап береді. Ұлттық компания еншілес ұйымдарымен бірге Дариға Назарбаеваның күйеуімен байланысты құрылымдарға сот арқылы шамамен бір миллиард теңге төлегенін анықтадық. Сонымен халықтың қазынасы болып отырған ұлттық компанияның ақшасын олигарх Қайрат Шәріпбаевтың қалай алғанына тоқталайық.

Мұның бәріне еліміздегі сот жүйесінің өзі мұрындық болып отырғанын айтсақ, тіпті таңқалмайтын да шығарсыз. Әуелі біз бұл жайлы мүлде жазамыз деп ойламағанымызды айтайық. Басында тілшілеріміз QazaqGaz-дың бұрынғы басшысы Қайрат Шәріпбаевтың (тұңғыш президенттің үлкен қызының қазіргі күйеуі) ұлттық компанияға келтірген залалды өтегені туралы ашық деректерді іздеген еді. Алайда аяқ астынан олигархтардың заң арқылы ақшаларын қалай қайтарғандарын анықтадық.

Қаңтар оқиғасына дейін Қайрат Шәріпбаев елдегі бүкіл газ саласын өз уысында ұстаған адам. 

Бірақ қызметінен кеткеннен кейін де компания неге екені белгісіз оған қатысы бар фирмаларға жүздеген миллион теңге аудағаны белгілі болды.

Біз Шәріпбаевпен байланысты компаниялардың пайдасына шығарылған сот шешімдерін таптық. Бұрын бұл ЖШС-тер тендер мен конкурстарда заңсыз жеңіске жетіп отырған. Ал қазір QazaqGaz-дың еншілес ұйымдарынан сот арқылы миллиондарды өндіріп алып жатыр. Біздің есеп бойынша, дәл осылайша Шәріпбаев 996 951 410 теңге қайтарып алған.

«Мұндай жағдай қалай жүзеге асты?» деген орынды сұрақ туындайды. Бұл ұлттық компания заңгерлерінің кәсіби біліксіздігінен бе, әлде қандай да бір бейресми келісімдердің арқасында мұрты қисаймай отыр ма?

Делдалға шамамен 700 млн теңге төленген

Мысалы, 2023 жылғы 24 қаңтарда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша, QazaqGaz-дың еншілес компаниясы — «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС-інен «Ақтөбе РГС» ЖШС пайдасына 669 млн теңгеден астам қарыз және 20 млн теңгеден аса мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарылған. Көріп отырғаныңыздай миллиондар қайта қалтасына түсіп жатыр.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

Іс жүзінде «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» QazaqGazAimaq атты бауырлас компаниясынан ішкі бағамен газ сатып алудың орнына, делдал – Шәріпбаевпен байланысы бар «Ақтөбе РГС» компаниясынан шикізатты қымбатырақ сатып алып, артық төлем жасаған.

Бұл — Қайрат Боранбаев өзінің «Азия-Газ Чунджа» ЖШС арқылы 14 миллиард теңгеден астам қаржыны шығарған схемамен бірдей. Дәл осы іс бойынша кәсіпкер түрмеге қамалып, мүлкінен айырылған болатын. Алайда «Ақтөбе РГС» ЖШС-не қатысты жағдай мүлде бөлек: мұнда ірі сомалар туралы сөз болып жатса да, әлі күнге дейін қылмыстық іс те, күдіктілер де жоқ.

Ұлттық компанияның заңгерлері сотта Шәріпбаевқа неге жеңіле салды?

Осыған дәлел — сол Алматы қаласындағы сот 2023 жылғы ақпанында тағы да «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС-інен «SmartHighTech» ЖШС пайдасына 6 миллион теңгеден астам қаржыны өндіріп алу туралы шешім шығарған. Сот шешімінде ұлттық компания өкілдерінің сот отырысына мүлде қатыспағаны жазылған. Олар сотқа шақырылғанына қарамастан, неге келмегендерін хабарламаған және істерін сырттай қарамауды сұрап та өтініш бермеген. Соның нәтижесінде QazaqGaz-дың еншілес ұйымына қарсы талап-арыз толық қанағаттандырылған.

2023 жылдың наурызында дәл сол сот инстанциясы жеңілдетілген (жазбаша) өндіріс тәртібімен Шәріпбаевпен байланысты тағы бір компания — «IT-Avennues» ЖШС пайдасына тағы бір шешім шығарды. 

Бұл жолы да жауапкер — «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС — талап арызға жауап қайтаруға да жарамаған. Сондықтан талап толық көлемде қанағаттандырылды. Нәтижесінде компания талапкерге 9 миллион теңгеден астам қаржы төледі.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

«IT-Avennues» компаниясының құрылтайшылары туралы ақпарат оны «Информ систем» ЖШС-іне алып келеді, ал бұл ұйымның иесі ретінде Қайрат Шәріпбаевтың қызы — Қорлан Шәріпбаева деп көрсетілген.

 

Сәуір айында «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» компаниясының заңгерлері дәл осы компанияға (IT-Avennues) тағы бір сот процесінде жеңіліп қалды. Бұл жолы талап сомасы 40 миллион теңгеден асты. Қайткен күнде де, QazaqGaz-дың еншілес ұйымының өкілдері Шәріпбаевқа жем болмау үшін барынша қарманып қалған. Олар осы ЖШС-пен аффилирленген лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Істің қозғалуының себебі — делдалдық қызметтер көрсету мен тауарларды жоғары бағамен жеткізді деген күдік.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

«Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін талапкерге төлем уақытша тоқтатылды. Талапкермен байланысы бар компания өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын және бұл жағдай жауапкердің мүддесіне зиян келтіруі мүмкін екенін ескере отырып, қарызды, мемлекеттік бажды және сот шығындарын өндіру туралы талап негізсіз деп есептейміз. Бұл мәселе қылмыстық іс толық аяқталғаннан кейін ғана қаралуы тиіс», — деген жауапкерлер.

Алайда мұндай уәжге қарамастан, сот QazaqGaz-дың еншілес ұйымын жығып берді. Осылайша «IT-Avennues» ЖШС пайдасына 40 017 600 теңге берешек пен 1 200 528 теңге мемлекеттік бажды өндіру туралы шешім шықты. Ал бұл қылмыстық іс нақты неге байланысты қозғалғанын қоғам әлі күнге дейін білмейді.

Мамыр айында «IT-Avennues» ЖШС QazaqGaz-дың тағы бір еншілес ұйымы — «Азиялық газ құбыры» ЖШС-ін сотта жеңіп шықты. Бұл жолы ұлттық компаниядан шамамен 150 миллион теңге өндіріп алынды.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

Осы кезеңде Қайрат Шәріпбаевпен байланысы бар тағы екі компания — «Soft Technology Utilities» ЖШС және «КазЭнергоЭкспорт» ЖШС — «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС-інен сот арқылы тағы шамамен 45 миллион теңге өндіріп алды. Сот шешімі бойынша газ компаниясы тек қарызды ғана емес, адвокаттарға кеткен шығындарды да өтеуі тиіс болды. Бұл ретте жауапкер тарап сотта барлық міндеттемелерді жеткізушілер алдында уақытында орындағанын мәлімдеген. Алайда сот жауапкердің төлем жасалғанын немесе берешек сомасының азайтылғанын нақты дәлелдей алмағанын айтты. Соның нәтижесінде, сот өсім көлемін сәл ғана қысқартып, талапты қанағаттандырды.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

Сондай-ақ «IT-Avennues» ЖШС ұлттық компаниясы – «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның өзінен тікелей ақша өндіріп алды. 2023 жылдың ақпанында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты ұлттық компанияны осы ЖШС пайдасына 5 миллион теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттеді. Сотта QazaqGaz заңгерлері талапты мойындамағанымен, кәсіпорын қызмет көрсеткенін, орындалған жұмыстар актілері мен қарыз барын растайтын есепке алу актілері бар екенін, шарт бойынша ешқандай шағымдардың болмағанын түсіндірген.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

Бітімгерлік келісімдер ұлттық компанияның пайдасына шешілмеген

Қадірлі оқырман, QazaqGaz және оның еншілес компанияларының Шәріпбаевпен байланысты компанияларға едәуір қаржыны бітімгерлік келісімдер аясында да төлегені белгілі болды.

Мәселен, елордадағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың ұйғарымы негізінде «QazInfo Tech Systems» ЖШС мен QazaqGaz арасында бітімгерлік келісім бекітілген. Келісім аясында ұлттық компания 2020 жылғы 9 қыркүйекте жасалған SCADA HIGH-LEIT NS жүйесін сервистік қызмет көрсету және әкімшілендіру туралы шарт бойынша 72,9 млн теңге төлеуге келісім берген.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

Тағы бір бітімгерлік келісім бойынша газ холдингі — QazaqGaz «SmartHighTech» ЖШС-не шамамен екі миллион теңге төледі.

Ссылка на скачивание файла - Скачать.  

Бұл сот шешімдерінің көзді тарс жұмып қойып, неліктен Назарбаевтың күйеу баласының пайдасына шешім қабылдағаны жайлы тек қана болжам жасауға болады. Қайткен күнде де бұл әлі де болсын Назарбаевтардың еліміздегі ықпалы бар екенін көрсетеді. Жұрт қазіргі QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешовтің газ саласында бір триллион теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталғаны туралы даулы мәлімдемесін жақсы біледі. Алайда осындай атышулы мәлімдемеден кейін ұлттық компания бірде-бір атышулы қылмыстық істі өзі бастамағаны таңқалдырады. Үн-түнсіз соттың шешіміне бас шұлғып отырғаны отырған... Шамасы атан түйедей мысы басым біреулердің алдында қауқарсыз.

Көлік прокуратурасы ұлттық компанияның қаражатын қайтарып беруге тырысып бақты

Дегенмен, Дариға Назарбаеваның жұбайы келтірген залалды өндіру бойынша бір жай бар. Бірақ бұл істе талапкер газ компаниясы емес, Алматы көлік прокуратурасы болған. Ал жауапкерлер қатарында Шәріпбаевпен аффилирленген «Inform System» ЖШС мен «Angel Partnership» ЖШС секілді компанияларымен қатар, ұлттық компанияның атышулы «еншілесі» — «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС те болған. 

Ссылка на скачивание файла - Скачать.   

Прокуратура сотта ұлттық компания бюджетінен 133 280 000 теңге заңсыз шығарылғанын дәлелдеп шықты. Бұл ЖШС-термен жасалған мәмілелерді сот жарамсыз деп таныды.

Бұл ұрлыққа қатысы бар «Бейнеу – Шымкент газ құбыры» ЖШС қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па? Бұл бізге де, халыққа да беймәлім ақпарат. Сондай-ақ, прокуратура жымқырылған қаражатты қайтарып алды ма, ол да белгісіз.

Дегенмен, мемлекеттік органның ұлттық компанияның қолдауынсыз-ақ мәмілелерді жарамсыз деп тануға қол жеткізгені – өз алдына үлкен көрсеткіш. Егер QazaqGaz өзін жүндеп жатқан заңсыздықтарды айтып, әділдікті талап ететін болса, активтерді мемлекет қазынасына қайтару әлдеқайда оңайырақ болар еді. Бәлкім тіпті сол кезде газ тарифтерін көтерудің, болмаса шетелдік инвесторлармен тиімсіз келісімшарттарға отырып жүрудің де қажеті болмас еді. 

Orda.kz бұған дейін газ саласын Дариға Назарбаеваның күйеуі Қайрат Шәріпбаев басқарған кезеңде қандай қаржылық алаяқтық жасалғаны жайлы жазған еді. Сот кабинетін зерттеп қарап, осы іс бойынша үкімді оқып шықтық. Онда тек процестің өзі ғана емес, оның егжей-тегжейі ашық көрсетілген. Миллиардтарды олигархтың қалай алғаны жайлы мына материалдан оқыңыз.

Сонымен қатар Orda.kz Дубайдағы виллалардың қай ақшаға алынғанын зерделеп көрді. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы үнемі ішкі тарифтің зияны жайлы мәселе желеу етіп, миллиардтаған теңгені газ төлейтін кәдімгі түбіртектерді басып шығаруға жұмсаймыз деген сылтаумен қалтаға басқанын анықтаған едік. 

Мақаланың түпнұсқасын мына жерден оқи аласыз.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар