«Дабыл»: отбасындағы педофилдікті экрандауға дәтім жібермеді

cover кадр фильмнен алынды

Қазақстан жыныстық зорлық-зомбылық әрекеті бойынша ТМД ішінде бірінші орында. ORDA осы тақырыпты алдыңғы материалында зерттеп көрген болатын.

Қоғамда тақырып әлі де «табу» (жасырын – ескерту ORDA) болғандықтан осы аурумен ауыратын науқастар саны қысқарар емес.

ORDA желіде педофилия тақырыбын қамтитын отандық өнімдерге сараптама жасады.

Нәтижесінде, тақырыптың, шындығында, «табу» екендігіне көз жеткізді.

ORDA педофилия тақырыбында алғаш шыққан қысқаметражды фильмнің режиссері Шыңғыс Рамазанмен байланысқа шықты. Картина - «Дабыл» деген атаумен, драма, триллер жанрында көрерменге жол тартты.

Түсірілім командасы тегін жұмыс атқарып, өздері қаржыландырған бұл жұмыстары қоғамға ой салып, аз да болса өз үлесін қосады деп сенеді.

Шыңғыс Рамазан, «Дабыл» қысқаметражды фильмінің режиссері, студент:

Редакция желіні зерттеу кезінде педофилия туралы дүниенің аздығына көз жеткізді. Сондықтан, педофилия тақырыбында қысқаметражды фильм түсіруге не түрткі болды деген сұрақ туындады?

«Өткен жылдың басында коронавирустың қарқынды таралуы кезінде біраз жаға ұстатарлық жаңалықтар назардан таса қалып қойды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде осы педофилия да бар. Оқшауланып, төрт қабырға да тұншықтық. Қоғамда ойып тұрып орын алған аты шулы тақырыптардың бірі осы емес пе?

Ой үстінде жүргенде, жаңалықтардан бес жасар қызды зорламақ болған педофилдің ойын жүзеге асыра алмай, ұсталып қалғанын көрдім. Түрткі болған осы жаңалық десем де болады. Фильмнің алғашқы кадрының шымылдығы да сол эпизодпен ашылады».

Тақырыпты жан жақты зерттедіңіз бе? Қандай мамандармен жұмыс істедіңіз?

«Сценарийге отырардың алдында тақырып аясындағы сұхбаттар мен деректі, көркем фильмдерді қарап шықтым.

Тақырыпты зерттедім. Мысалы, статистикалық мәліметтерге назар аударсақ, Қазақстанда педофилия өршу үстінде екенін байқаймыз. Мамандардың сөзіне сенсек, педофилдерді былайғы өмірде сыртқы түр-тұлғасына қарай анықтай алмаймыз. Өйткені олардың отбасы, бала-шағасы болуы мүмкін. Тіпті лауазымды қызметте де отырады екен.

Мен сценарийін өзім жаздым. Сондықтан, жазуды бастамас бұрын продюсерлермен ақылдасып көрдім, көпшілігі құптамады. Қашты, жиіркенді, қаламады. Бетін жылы жауып қойдым. Кейін арада жарты жылдай уақыт өткен соң, демеушілік жасауға досым ниетін білдірді. Сол кезде мен бірден сценарийді қолға алдым. Қайта зерттедім.

Көпшілік жағдайда мұндай педофилия отбасы ішінде орын алатындықтан, оны экрандауға менің дәтім жібермеді. Мен бұл ауыр тақырыпты терезенің ар жағына қойдым да, бер жағына ұрланған баланы орналастырдым.

Биылғы жылы педофилге қатысты 40 сот үкімі шықса, соның 1-еуі ғана психологиялық ауытқушылығы бар деп танылып, емделуге жіберілген. Бұл дегеніміз сәбиқұмарлықтың нағыз азғындық екенін және кез келген адам мұндай әрекетке баруы мүмкіндігін көрсетеді. Сондықтан да осы педофилия тақырыбындағы фильмдер көп болса жақсы болар еді!».

Сіздің түсініңізде «педофилия» деген не?

Pixabay

«Бұл – дерт. Жыныстық ауытқу. Айналадағы сәбилерден басқа барлық дүниеге көз жұма қарау. Барып тұрған арсыздық!»

Жақында редакция жүргізген зерттеуде психоаналитик зорлық көрген балалар іштен тынады, үлкендерге хабарламайды деген болатын. Ең таңқалдырғаны, мұндай жағдайдың 80 пайызы отбасынан шығады екен. Фильміңізде педофилияның отбасына қатысы бар ма?

«Өзім ауылда өскендіктен, мұндай затты естімеппін. Кейінгі 10 жылда педофилия терминімен таныс болдым. Осындай ауруға шалдығып жатқан адамдар қоғамды өзгертіп, төбе шашымызды тік тұрғызып жатыр. Барлығын заманнан көреміз ғой. «Заманды өзгертетін адамдар» дегенде жай әңгіме емес.

80% жыныстық зорлық-зомбылық отбасынан шығатыны сұмдық жағдай. Тіпті сенгің келмейді!

Фильмде отбасы болады. Сол отбасындағы «өгей» әкенің баланы педофилге ұсынғанын көрсетеміз. Менің ойымша сол 80%-ның 50%-ы өгей деген атты жамылған қарапейілділерден шығады. Бірақ барлығы бірдей демеймін, алысың болса да жақыныңнан артық болатын да жағдайлар кездеседі».

Фильмнің мақсаты не?

«Ұстазым Сатыбалды Нарымбетов бізге «көрермен бұл фильмнен не алады?» деген сұрақты жиі қоятын. Сондықтан да бірінші кезекте осы сұраққа жауап бердік. Біздің мақсат - ең алдымен педофилдердің көбейіп келе жатқанын көрерменге «Дабыл» қаға ескерту. Ата-ананың баланы ешқашан көзден тыс қалдырмау керектігін айту. Ал қалған мақсатты «кино тілі» өзі жеткізеді».

Түсірілім барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Сіздерді кім қаржыландырды?

«Түсірілім кезінде ең қиыны – бес жасар баламен жұмыс істеу. Оның сомдаған рөлі өте ауыр болғандықтан, кішкентай қызбен жұмыс жасау да сәйкесінше сәл қиындау болды. Осыған дейін біраз жобалар да жұмыс жасасам да, бұл жолы қиындықты толық сезіндім деуге болады.

Қаржыландыруға келер болсақ, бізді ешкім қаржыландырмады. Бұл – Жүргенов академиясының түлектері бірігіп, жұмылып түсірген жұмыс. Техника жағынан менің досым Әзізбек деген жігіт демеу болды. Ал барлық команда мен актерлік құрам тегін жұмыс істеді. Еңбегіміз жемісін көрсетеді деген ойдамыз».

Сұхбатыңызға рақмет!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар