«Бұзақылық па, әлде топтасып өлтіру ме?»: Айтбек Амангелді мен оның тобы жауап берді

Шерзат Полаттың ісі бойынша атышулы сот аяқталғаннан кейін құқық қорғаушы Айтбек Амангелді мен оның адвокаттар тобына кәсіби біліксіздік жөнінде айып тағылды. Осы жағдайға қатысты қоғам олардың жауап беруін талап етті. Айтбек Амангелді Instagram парақшасында бейнеүндеу жариялап, қоғамды алаңдатқан барлық сұрақтарға ашық жауап беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
Ақыры журналист Назымгүл Күміспаеваның YouTube-арнасында Шерзаттың мүддесін сотқа дейін қорғаған бес адвокат пен құқық қорғаушы Айтбек Амангелдінің берген сұхбаты жарық көрді.
Наурыз айында Шерзаттың отбасы Айтым (Айтбек Амангелді) мен оның адвокаттар тобымен жұмыс істеуді тоқтатты. Сотқа он-ақ күн қалғанда істі жаңа қорғаушы Мейірман Шекеев пен оның тобы қолға алды.
Сұхбаттың алғашқы 40 минутынан кейін ең өткір сұрақтардың бірі қойылды. Неліктен бұл іс «топтасып кісі өлтіру» бабы бойынша қаралмады?
Адвокаттар алғашында күдіктілердің көбіне «бұзақылық» бабы қолданылғанын сот алдында ғана білгендерін айтты. Алайда кейінірек, 2024 жылдың қарашасында жүргізілген сот-медициналық сараптаманың нәтижесі белгілі болғаннан кейін бұл туралы білгендерін және Қаржаубай Нұрымовтың да мұны біліп, тиісті құжаттарға қол қойғанын мойындады.
«Бір адам — пышақ салған, екіншісі — оларды алып кеткен, үшіншісі — құқық қорғау органдарына хабарламаған. Тергеу барысында тек пышақтаған адамның ғана тікелей қасақана кісі өлтіру ниеті болғаны анықталған. Ал қалғандары «тек ұрып-соғуға» ниетті болған деп танылып, олардың әрекеті «бұзақылық» ретінде сараланған. Сондықтан барлығына бірдей бап қолдану заң аясында мүмкін емес», — деді адвокат Әбдірайымов.
Топ өкілдері тергеу құпиялығын еске салып, толық мәлімет бере алмағандарын айтты. Алайда неліктен бұл ақпараттың жалпы сипатта да жарияланбағаны түсініксіз қалды.
Асылбек Әбдірайымов адвокаттардың тек негізгі қылмыстық іспен ғана емес, марқұм Шерзаттың отбасының әкімшілік істерімен де айналысқанын атап өтті. Нұрғанаттың жерлеу рәсімінде Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамауға алынған.
«Оған көлік дөңгелектерін тесіп, полицей отырған көліктің алдына пышақ салғаны үшін ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігі ( Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) және 380-бап 2-бөлігі (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) бойынша екі іс қозғалған»,деді адвокат.
Бұл іс әлі де тергеліп жатыр.
Журналист бірнеше мәрте Айтбек пен адвокаттардың не себепті Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеудің «өзіне қол жұмсау» нұсқасын бірден құптағанын сұрады. Себебі, Қаржаубай әу баста бұл нұсқамен келіспей, оқиға орнында қара Kia көлігі болғанын және белгісіз іздер туралы нақты уәж айтқан еді.
«Қаржаубай — тергеуші де, сарапшы да емес. Ол — бауырынан айырылған адам. Оның эмоциясы бар, ол болжам айтуы мүмкін», — деп жауап берді Айтбек.
Кейін Айтбектің адвокаттар тобы бірнеше ресми өтініш бергеннен кейін, іс қайта сараланып, «өзіне қол жұмсау» бабы «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» деп өзгертілді.
Адвокаттар ауысқаннан кейін Мейірман Шекеевтің материалдарды ала алмай, біраз әуреге түскен. Бұрынғы қорғаушылар не қоңырауға, не хабарламаларға жауап бермеген. Саида Тәукелеева болса адвокат Мейірман Шекеевті бұғаттап тастаған.
Бұған жауап ретінде бұрынғы адвокаттар заңды рәсім сақталуы тиіс болғанын алға тартты.
«Мейірман тергеу органына ресми түрде: «Мен Қаржаубайдың мүддесін қорғаймын» деген хабарлама жолдап, қылмыстық іс материалдарын талап етуі керек еді», — деді Асылбек Әбдірайымов.
Ерлан Адаев болса, материалдарды беру үшін жеке өтініш беру керек болғанын айтты.
«Біз оларға ештеңе міндетті емеспіз. Алайда бәріміз осы іске уайымдағаннан кейін, егер өзі келіп, істің көшірмесін сұраса, берер едік», — деп түсіндірді.
Сот барысында істің ішіндегі маңызды бейнежазба, күдіктілердің тергеу изоляторындағы әңгімесі жазылған диск, жоғалып кеткені анықталды. Айыптау тарапының айтуынша, онда Шерзаттың өлімі болған түнге қатысты маңызды мәліметтер болған.
«Бұл диск қашан және қалай жоғалғанын білмейміз», – деді Айтбек.
Шерзат Полат қайтыс болған түні айыпталушылармен бірге болған екі қыздың әрекеті қоғамда ерекше наразылық тудырды.
Адвокат Карина Көшербаева қорғау тарапы тергеудің басынан бастап олардың әрекеттерін мұқият тексеруді талап еткенін айтады. Бұл жөнінде прокуратураға да, Бас прокуратураға да бірнеше рет жүгінген.
«Қыздар күдіктілермен бірге қылмыс орнына барған, не болып жатқанын көрген және кейін із жасыруға көмектескен. Олар қылмыс туралы хабарлауға мүмкіндігі бола тұра, олай істемеген. Біз олардың жүрген жерлерін тексердік. Байланыс болды. Бірақ прокуратура олардың қысыммен әрекет еткенін алға тартты», — деді Көшербаева.
Прокуратура олардың іс-әрекетінен қылмыстық құрам таппады. Алайда сот процесінің соңында жағдай өзгерді. Судья Ержан Жанұзақов жеке қаулы шығарып, бұл куәгер қыздарға қатысты қосымша тексеру жүргізу қажет деп шешті.
«Сот ақыры бұл іс бойынша құқықбұзушылық белгілері бар екенін мойындады. Енді кезек қайтадан тергеу органдарына өтті. Бұған дейін ескерілмеген уәждеріміз мәні бойынша қаралады деп үміттенеміз», — деп түйіндеді адвокат.
Адвокаттар, Қаржаубай өздерінен бас тартқанына қарамастан, сотқа дейін Шерзаттың отбасына көмектесуді жалғастырғандарын мәлімдеді.
«Қаржаубай бізден бас тартса да, 17-сі күні сот алдында өзі қоңырау шалып, «ертең мен не айтуым керек?» деп сұрады. Біз оны қолдадық. Не айту керек екенін, бәрін жазып, электронды түрде жолдадық. Келесі күні ол алғыс айтты», — деді Марал Жайлаубаева.
Еске сала кетейік, Талғарда қаза тапқан 16 жасар Шерзат Полаттың ісі бойынша үкім жарияланғаннан кейін адвокат Мейірман Шекеев Orda.kz сұхбат берді. Заңгер сот барысы мен қорытындысы туралы, сондай-ақ өртенген үй және Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты істердің қазіргі жағдайы туралы пікірін ашық айтқан еді.
Жаңалықтар
- Жезқазғандағы Медет Исламның ісі бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты
- Ердоғанның қарсыласы Экрем Имамоглу сотталды
- Сот залында айыпталушының анасы өзін-өзі өртемек болды: Адам ағзасын саудалаған қылмыстық топқа сот үкім шығарды
- Алматы әуежайында қызметкер қызды кепілдікке алған Машрапбек Баратов 11 жылға сотталды
- Алматыда газ құбыры жарылысынан бір көлік аударылып түсті
- Ақтөбеде парашютпен секірген курсант мерт болды
- Белгілі журналист Әлия Әшім оқырмандардан кешірім сұрады
- Қостанай облысында ер адам әйелі мен енесін өлтіріп кетті
- Амантай қажы бір әйелді баспалдақтан итеріп жіберді
- НЗМ-нің ата-аналары Перизат Қайрат ісінде жәбірленуші ретінде танылды
- Түрікменстанда Сердар Бердімұхамедовке «сұлтан» атағын беру ұсынылды
- Абай облысында қоластындағыларға айырсадақ атқан полиция басшысы орнын босатты
- Жамбыл облысында келінін қорлаған ер адам 10 күнге қамалды
- «Жоғары жалақы, жалған сыйақы»: Өскемен әуежайының бұрынғы басшылығын тергеу аяқталды
- Украинаның премьер-министрі отставкаға кетті
- «Қазақстандағы түрме азабы»: «Қара генерал» ісіндегі шезофрениямен ауыратын сотталушының қор болған ғұмыры
- Жезқазғанда «Шерзат ісіне» ұқсас қылмыстық іс қайта қаралып жатыр
- «Әкімдіктегі жемқорлық»: Ақтөбеде мердігерді қорқытып пара алған шенді әкімді сотқа шақырды
- Салық кодексіне өзгерістер енгізілді
- «Жетімін жылатпаған қазақ»: Қонаевтағы балалар үйінің жағдайы қалай?