Боранбаевтың қайтарған компаниясы бір пәтерде: 35 млрд теңгелік мұнай активінің тағдыры не болмақ?
Коллаж: Orda.kz
Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевтың мемлекетке өткізген мұнай компаниясының кейінгі тағдыры қандай болды? Бұл іске бір пәтерде тіркелген жекеменшік фирмалардың қандай қатысы бар?
Orda.kz істі зерттеп көрді.
Бұл оқиғаның бастауы 2023 жылдың қазан айына барып тіреледі. Сол кезде Қайрат Боранбаевқа тиесілі Phystech II мұнай өндіру компаниясының акционерлері құны 35,417 млрд теңге тұратын 100 пайыз акцияны мемлекетке өтеусіз тапсырған еді.
2024 жылдың желтоқсанында Ұлттық әл-ауқат қоры «Самұрық-Қазына» Қаржы министрлігінен Phystech II компаниясының 100 пайыз акциясын 8,1 млрд теңгеге өз акцияларын орналастыру арқылы сатып алғанын жариялады.
Нәтижесінде 2025 жылы қор бұл келісімнен кейін таза активтердің 21,4 млрд теңгеге өскенін хабарлады. Сонымен бірге Phystech II компаниясы 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендіру тізіміне енгізіліп, оны бәсеке бар ортаға беру жоспарланған.
Жеке серіктеспен жаңа компания құру
2025 жылғы 20 қазанда меншік иесі ауысқаннан кейін Астана халықаралық қаржы орталығында жаңа құрылым — North Karazhanbas Ltd тіркелді. Оның тең құрылтайшысы — MGA Holding Ltd жеке компаниясы. Ал бұл компанияның иесі ретінде қазақстандық азаматша Гүлмарал Мырзағарина көрсетілген.
АХҚО мәліметінше, жаңа компанияның жарғылық капиталы 16,6 млрд теңге.
Жер қойнауын пайдалануға қатысты мұнай активі мемлекеттік басқару аясына өтті, кейіннен ол жаңа компания арқылы бірлескен басқару нысанына көшірілді.
Алайда мәміле құны мен қатысушыларға қатысты сұрақ көп. Себебі активтің жалпы құны 35,4 млрд теңге, ал мәміле сомасы небәрі 8,1 млрд теңге. Бұл айырмашылықтың себебі түсіндірілмеген. Сондай-ақ мемлекеттік активтің қалайша жекеменшік үлеспен бірігіп кеткені де беймәлім. Себебі үлес көлемі жарияланбаған.
Ең бастысы жеке серіктестің кім екені көңілде көп күдікті ұялатады.
Мәжіліс vs Астана халықаралық қаржы орталығы
Бұған дейін мәжіліс депутаттары «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қызметін сынап, бұл құрылымды «олигархтардың салықтан жалтаруына мүмкіндік беретін жұмақ сияқты жер» деп атаған еді.
«Тағы бір өзекті мәселе бар. «Астана» халықаралық қаржы орталығы отандық олигархтар үшін офшорлық аймаққа айналды. Орталықтың негізгі мақсаты — шетелдік инвесторларды тарту. Бірақ қатысушылар тізімін қарасаңыз, онда Халық банкі, CentrCredit, Jusan, Freedom, «Қазпошта» сияқты ұйымдардың филиалдарын көруге болады», — деп наразылығын білдірді депутат Ерлан Саиров.
АХҚО базасында 70-тен астам қазақстандық компания тіркелген. Олардың кейбірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың үлесіне иелік етеді.
Үш компания тіркелген пәтер
«Самұрық-Қазынаның» жеке серіктесі әрі жаңа құрылған North Karazhanbas Ltd компаниясының тең құрылтайшысы — MGA Holding Ltd бар болғаны тоғыз ай бұрын, яғни 2025 жылдың 19 ақпанында құрылған. Оның құрылтайшысы — Гүлмарал Мырзағарина.
Ол сонымен қатар «Leopard» сервистік мұнай компаниясының да иесі. Бұл фирма нарықта он сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Алайда Мырзағарина компанияға тек 2019 жылы келген. Ал жеке дара құрылтайшы мәртебесін 2023 жылы алған. Енді қайта MGA Holding Ltd-ке оралсақ.
Компания қызметінің негізгі бағыты — шикі мұнай мен газ өндіру. Оның мемлекеттік келісімшарттары, сот істері немесе қарызы жоқ. Бірақ салық туралы мәлімет жарияланбаған. Бұл жағдай, бәлкім, АХҚО-да тіркелген компанияларға арналған ерекше салық режимімен байланысты болуы мүмкін.
Ең қызығы — мұнай мен газ өндіретін кәсіпорынның жай ғана тұрғын пәтерде тіркелгені. Бірақ одан да таңғаларлық іс бар. Дәл сол мекенжайда, яғни сол пәтерде тағы екі жеке компания тіркелген болып шықты — Metexpo Limited және Yasin N.Z. Holding Ltd. Metexpo Limited бар болғаны бес ай бұрын құрылған, ал Yasin N.Z. Holding Ltd — сегіз ай бұрын, яғни MGA Holding Ltd тіркелгеннен бір күн кейін пайда болған. Алайда бұл компаниялардың құрылтайшылары мен қызмет бағыты әртүрлі. Олар да АХҚО құрамында заң жүзінде тіркелген. Metexpo Limited қонақ үйлер мен мейрамханаларға қызмет көрсету саласында жұмыс істейді, оның иесі — Қайсар Қалқаманов. Ал Yasin N.Z. Holding Ltd — жеке қызметтер көрсететін компания, оның құрылтайшысы — Арман Ералиев.
«Сүттен ақ, судан таза», тек мекенжай ортақ. Салық, сот істері мен мемлекеттік келісімшарттар тұрғысынан алғанда, бұл екі компания да өздерінің мұнай-газ компаниясы, яғни сол пәтерде тіркелген «көршісі» сияқты тап-таза.
Құрылтайшылары да бір қарағанда бір-бірімен еш байланысы жоқтай көрінеді. Бірақ бір ортақ нәрсе бар — бәрі де бір пәтерде тіркелген. Боранбаевтың мемлекетке қайтарған активін басқару үшін жеке серіктесті тартудың не қажеті болғаны белгісіз. Әрине, компаниялар арасындағы үлес көлемі мен жекешелендіру шарттары да әлі күнге дейін беймәлім.
Orda.kz бұл тақырыпты алдағы уақытта да жан-жақты зерттеп, ақпарат таратады.
Автор: Илья Астахов
Жаңалықтар
- Астанада іске қосылардан бұрын LRT жүйесінің қалай жұмыс істейтіні таныстырылды
- Қордайда полиция қызметкерлерін қорлаған адамға айыппұл салынды
- Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов қазақстандықтарға мәлімдеме арнады
- Каспий таязданды, итбалықтар қырылды. Себебі неде?
- Алматы хантавирус жұқтырудың ықтимал жағдайларына дайын — СЭБД
- «Қазмырыш» зауытындағы жарылыстан зардап шеккен адам ауруханада қайтыс болды
- Елдегі экономикалық қылмыс жасағандар «масқара тақтасына» ілінеді
- Құлауға шақ қалған мұнара: Самарқандтағы Ұлықбек медресесін қазақтар бұзған ба?
- НАТО-ның экс-бас хатшысы АҚШ-сыз жаңа демократиялық одақ құруға шақырды
- Шамалғандағы мектепте жасөспірім мұғалімді ұрып тастады
- Шымкентте колонияда жатып бюджеттен 1,3 миллиард қаражат жымқырған әйел әшкере болды
- 2027 жылы Астанада үстел теннисінен Әлем чемпионаты өтеді
- Ким Чен Ын өзі қайтыс болған жағдайда ядролық соққы жасауды заңдастырды
- Көкшетауда көлікпен әйелді жаншып өткен оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды
- Алматыда бір тәулік ішінде рекордтық жауын жауды
- Тоқаев: Ядролық қарусыздану мен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауда күш біріктіру маңызды
- ҚР СІМ: Түркияда қазақ тапқан велосипедші Қырғызстан азаматы
- Нетаньяху Ормуз бұғазы жағдайын дұрыс бағаламағандарын мойындады
- Францияда хантавирус індетін жұқтырған алғашқы жағдай белгілі болды
- Түркияда велосипед мінген қазақстандықты такси қағып, қаза тапты