Болат Назарбаев мешітіне тартылған газ құбыры жарылысқа себеп болды ма?: Бүткіл бір отбасының қазасына қатысты тергеу бір орында тұр

Талдықорғанда Бекпаевтер отбасының үйін қиратқан сұмдық жарылыстан бері екі ай өтті. Ата-анасы қаза тапты, төрт бала ауыр күйік алды. Тергеу тығырыққа тірелді, шенеуніктер үнсіз, газ компаниялары кінәсін мойындамайды. Өрт сөндірушілер газдың қайдан шыққанын әлі күнге дейін түсіндіре алмай отыр. Ал бұған Болат Назарбаев салған мешітің қатысы қандай? Orda.kz тілшісі марқұмдардың ұлымен сұхбаттасты.
31 желтоқсан таңертең Бекпаевтар отбасының үйінде күшті жарылыс болды. Өрт бәрін жалмады. Отағасы Ерлан оқиға орнында қаза тапты, әйелі Дәния ауруханада көз жұмды. Балалары аман қалды, бірақ ауыр күйік алды. 16 жастағы Асан әлі де өмір үшін күресуде.
Туыстарының айтуынша, дәрігерлердің немқұрайдылығынан жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлаған. Жақындары оны Алматыдағы күйік орталығына ауыстыру үшін күресуге мәжбүр болды.
«Дәрігерлер інімнің күн сайын әлсіреп бара жатқанын айтты. Ол қатты салмақ жоғалтты, ал Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада пайда болған төсек жаралары үнемі қанап тұрады. Оған тұрақты түрде қан құйып жатыр. Шынымды айтсам, қазір мені өртке кім кінәлі деген мәселе емес, інімнің жағдайы көбірек алаңдатады. Оған біздің жетім қалғанымызды да айтқан жоқ. Тергеу бір орында тұралап тұр. Сараптама әлі дайын емес.
Ал шын мәнінде, бұл газдың кімге тиесілі екенін және оның қайдан шыққанын бәрі біледі», – дейді қаза тапқан Бекпаевтар отбасының үлкен ұлы Ернұр Жүкенов күйінішпен.


Фото: қаза болған Бекпаевтар
Тергеу тұралап тұр
Ернұрға 23 жаста, жас жігіттің иығына ауыр сынақ түсті. Ол екі ай өтсе де, тергеудің бір орыннан қозғалмағанын айтады. Сараптама әлі аяқталмады, ал билік нақты жауап беруге асығар емес.
Осы уақытта қалада жарылысқа Болат Назарбаев қоры салған мешітке тартылған газ құбырынан болған ақау себеп болуы мүмкін деген болжам қызу талқылануда.
«Мешітке тартылған газ құбыры өрескел бұзушылықтармен жүргізілді – біз мұны өз көзімізбен көрдік. Ол кезде біздің көшеде не асфальт, не электр бағаналары, не су құбыры болмады. Мұның бәрін кейінірек жүргізе бастады. Кім білсін, мүмкін, жер қазу жұмыстары кезінде біреу газ құбырын зақымдаған шығар? Өйткені оларды "Тавиди" ЖШС жер астымен төсеген», – дейді Ернұр.
«Мешіт қосылғаннан кейін ауданда газдың иісі пайда болды. Жергілікті тұрғындар шағымданды, бірақ газ қызметі тек уақытша газ беруді тоқтатумен ғана шектелді.
«Олар жай ғана мешіттің газын өшіріп, кейін біздің газ құбырымызға қосылды. Оны бізге "Qazaqgazaimaq" ЖШС жүргізген. Жаңа жыл қарсаңында ауламызда тағы да газдың иісі шықты», – деп әңгімесін жалғастырды жас жігіт.
Қайғылы оқиғаға дейін отағасы апаттық қызметті шақырған. Мамандар аула, қазандық пен ас үйді тексеріп, ешқандай ақау таппай, кетіп қалған. Арада бір күн өткен соң үй жарылды.
«Жарылыстың эпицентрі – жуынатын бөлме. 31 желтоқсан таңертең дәл сол жерге анам кірген», – деп ауыр күрсінеді Ернұр.
Ол бізді үйіне бастап барып, олардың үйі қосылған газ жүйесінің жағдайын көрсетті.
Үлкен екі қабатты үйдің күлі көкке ұшқан. Ол екі көшенің қиылысында орналасқан бір жағынан «Qazaqgazaimaq» ЖШС-нің газ құбыры өтсе, екінші жағынан «Тавиди» ЖШС-нің магистралі жүргізілген.
Бекпаевтар үйіне тартылған газ құбыры зақымданбаған. Барлық жабдық – есептегіштер, крандар және басқа да құрылғылар – бүтін күйінде қалған.
«Газ компаниясының мамандары қазандықтың дұрыс жұмыс істеп тұрғанын түсінген бойда, газдың сыртқа шығуына ас үйдегі плита себеп болды деп мәлімдеді. Сіз елестетіп көріңізші! Бізде видео бар, тексерушілердің бірі плитадағы вентильді бұрап, анамның газды өшіруді ұмытып кеткенін дәлелдемек болды. Бірақ оның қолынан ештеңе келмеді! Газ плитасына өрттің де әсері тимеген – тек жоғарғы қабаттан аққан еріген пластиктің іздері ғана бар», – дейді Ернұр.
Одан кейін ол пешті көрсетті – ішіндегі кептірілген нан сол күйі қалған. Марқұм анасы оларды Жаңа жылдық дастарқанға дайындаған сияқты.
Газ қызметі не дейді?
Алдымен газ компаниясының өкілдері газдың сыртқа шығуына плита себеп болуы мүмкін деп мәлімдеді. Алайда, плита өрттен зақымданбаған – тек үстіңгі қабаттан аққан еріген пластиктің іздері ғана қалған. Кейін жаңа нұсқа пайда болды, жарылысқа тоңазытқыш кінәлі деген болжам айтылды. Бірақ, ол да бүтін тұр, тіпті ішіндегі тосап пен тұздалған көкөністер де сол қалпы сақталған. Ас үйдегі ыдыс-аяқ пен жиһаз да аман.
Жарылыстың эпицентрі – жуынатын бөлме. Ол көше жақта орналасқан, ал дәл сол жерде «Тавиди» ЖШС-нің газ құбыры өтеді. Газдың су немесе кәріз құбырлары арқылы таралуы мүмкін бе?
«Мүмкін, өйткені мешітке тартылған газ құбыры дәл біздің ауламыздан өтеді. Газ шынымен жуынатын бөлмеге таралуы мүмкін. Бірақ қазір оның рас-өтірігін анықтау қиын. Қыс. Жер қатып қалған. Сарапшылардың айтуынша, "Тавиди" ЖШС-нің газ құбырынан ақау шыққанын білу үшін жерді аса сақтықпен, қолмен қазуға тура келеді, әйтпесе құбырға зиян келуі мүмкін», – деп ой толғайды Ернұр.
«Тауба» мешіті "Тавиди" ЖШС газ құбырына қосылғанын имам Серік Шәріп жоққа шығармайды. Алайда 2024 жылдың сәуірінде компания оларға газ беруден бас тартып, құбырларды кесіп тастаған. Өздерін ақтау үшін олар желіде апат болды деп түсіндірген. Кейін мешіт "Qazaqgazaimaq" ЖШС-нің магистраліне қосылуға мәжбүр болды.
Тағы бір болжамды нұсқа бар, мүмкін, газ пайдаланылмайтын ескі желілерден тараған шығар? Егер олар дұрыс бітелмеген болса, осындай жағдай орын алуы мүмкін бе?!
Шенеуніктер үнсіз
Қайғылы оқиға болған күні жергілікті билік өкілдерінен ешкім отбасына көңіл айтуға келмеді. Қолдау да көрсетілмеді. Тек 40 күннен кейін ғана билік өкілдері туыстарына барып, көмек беруге уәде етті, бірақ әлі күнге дейін ештеңе істеген жоқ.
Осы уақытта отбасы орны толмас қазаны еңсеріп жатқанда, Талдықорған әкімі Ернат Бәзіл коттедж қалашығында жаңа қоныс иелеріне үйдің кілтін табыстап жүрді. Бұл аудан апатқа дейін-ақ құрылыс заңбұзушылықтарымен аты шыққан еді. Оған қоса, жарылысқа аз уақыт қалғанда «Тавиди» компаниясы бұл аймаққа газ жеткізген болатын.
Күдік тудыратын тағы бір жайт
31 желтоқсанда жарылыс болған жерге полиция мен өрт сөндірушілерден бөлек, «Тавиди» компаниясының өкілдері де келген. Олар арнайы техника алып келіп, Бекпаевтар үйінен жоғарырақ жерде жер қазу жұмыстарын шұғыл бастаған, газ құбырларын қазып алып, бұрын Назарбаев мешітіне тартылған газ құбырына тығын орнатқан. Неліктен дәл осы күні демонтаж жүргізілді? Бұл ықтимал заңбұзушылықтарды жасыру әрекеті емес пе?
Сұрақ көбейіп барады, алайда тергеу әлі күнге дейін алға жылжыған жоқ. Марқұмдардың туыстары газ компаниясы мен жергілікті билік бір-бірін қорғап отыр деп есептейді.
Orda.kz редакциясы Талдықорған әкімдігіне, «Тавиди» және «Qazaqgazaimaq» компанияларына ресми сұраныс жолдады.
Жаңалықтар
- 2025 жылы Түркістанда Ислам институты ашылады
- Маңғыстау облысындағы жерасты Бекет-Ата мешіті көгілдір отынмен жылитын болды
- Трамп: Әлемде менен басқа Путинді тоқтата алатын ешкім жоқ
- Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай 42 мың адам мерейтойлық медаль алады
- Еліміздің үш облысында су басу қаупі бар
- Украина мәселесі Украинасыз талқылануда: Эр-Риядта АҚШ-Ресей келіссөздері басталды
- Алматы әуежайында билет беру кешікті, «Эйр Астана» ұшағы Бакуде апатты жағдайда қонды
- Оңтүстік Корея елдегі орман өртін – ұлттық апат деп жариялады
- Экрем Имамоғлы Түркия президенттігіне үміткер атанды
- Ким Чен Ын Кремльге Украинаға қарсы соғыста «бекем» қолдауға уәде берді
- Көкшетауда ақ кимешекті аналар шеруі рекорд орнатты
- АҚШ пен Украина арасындағы Эр-Риядтағы келіссөздер аяқталды
- Ақтау көшелерінен 350 текше метр су шығарылды
- «Ең үлкені 100 жаста»: Ақтауда ұлттық киім киген 5 мың адамның басын қосқан кім?
- Депрессия салдарынан атыраулық әйел екі баласын тұншықтырып өлтірді
- Алматыдағы «Ақсай» су қоймасы 80 пайыз дайын
- Отанымыздың табиғатын сақтау тақырыбында «Жер сағаты» акциясы өтті
- Жауын-шашын салдарынан Маңғыстау облысын су басты: Халық зардап шегуде
- Алматы облысында қар көшкіні жүрді
- Елшілік Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады