Боди массаждан түскен ақшаны қорқытып алып отырған Ұлттық ұлан майоры 2 жылға сотталды

cover Фото: gov.kz

Жас қыздарды «жезөкше» ретінде есепке аламын қорқытқан полиция майоры Темур Қасымқұлов жеңіл жазамен құтылды. Ол өрімдей қыздарды масқаралайтынын айтып, эротикалық массаждан түскен ақшаны иемденіп отырған, деп хабарлайды Orda.kz.

Ақтөбе гарнизонының әскери соты боди массажға қатысты іске үкім шығарды. Сотталушы — ҚР Ұлттық Ұлан 6655 әскери бөлімнің аға анықтаушысы Темур Қасымқұлов. 34 жастағы полиция майоры ҚР ҚК 194-бабы 1-бөлігі — «Қорқытып алу» бойынша айыпталды.

Сотталушы Темур Қасымқұлов — Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында туған. Білімі жоғары, отбасы бар, бұрын сотталмаған.

2022 жылдың 7 шілдесі мен 2024 жылғы 4 ақпан аралығында боди массаж жасайтын жәбірленушіден барлығы 1 462 500 теңге ақшаны қорқытып алған. «Kaspi» картасына әртүрлі қомақты қаржы түсіп отырған. Мәліметтер сот кабинетінде ашық көрсетілген. 

Іс материалдарында 17 жастағы қыздардың боди массаж қызметіне үйретілгені айтылады. 
Сотталушы 2019 жылдың 11 қаңтарында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының  №1 қалалық
полиция бөлімі анықтау бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалған.

2022 жылдың 14 қазанынан бастап Ұлттық ұлан қолбасшылығының қарамағына жіберілген. 
Іс материалдарына сүйенсек, боди массажға келген клиенттерді Ә.Әбдіқасымова, Н. Романова, Г. Қуанбайдың қабылдағаны айтылады. Қыздардың біреуінің әмияны жоғалған соң полиция араласа бастайды.

2022 жылдың 16 ақпанында Ақтөбе қаласы Ә.Молдағұлова даңғылы №50 «А» мекенжайындағы пәтерде  азаматша Н.Романованың әмияны жоғалады. Полицияға арыз жазған. «Ұрлық» бабы бойынша тергеу басталған. Қылмыстық істі тергеу сотталушы Қасымқұлов басқарып отырған бөлімшеге жүктелген. Майор Қасымқұлов ертеңіне сол пәтерде Ә.Әбдіқасымованың боди массаж қызметімен айналысатынын анықтайды. 

Әмиян ұрлығына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында боди массаждан қомақты ақша түсетінін білген. Өзінің лауазымын пайдалана отырып, жас қыздарды притон ұйымдастыру бойынша қылмыстық қудалау жасай алатынын айтып қорқытады.

Құқық қорғау органдарының ақпарат алмасу жүйесін пайдаланып, жәбірленуші Ә.Әбдіқасымованың жеке басы мен жақындары туралы мәліметтерді заңсыз жинаған. «Web-интерфейс» іздеу жүйесі арқылы оның отбасына қатысты толық ақпарат шығарған. Оны масқаралайтынын, жезөкшелер есебіне тіркеп қоятынын айтып қорқытады. 

Осылайша боди массаждан түскен пайданың бір бөлігін беріп отыруға көндірген. Әбдіқасымова өмірі үшін қорқып, ақша беріп тұруға келіскен.

Полиция майоры қорқыту арқылы тұрақты әрі қомақты ақша табуды ұйымдастырған. А.Қодықов, А.Әбдіғалиев, С. Бимұратов есімді таныстарына боди массаж жасайтын Ә.Әбдіқасымованы күзеттірген. Бұл күзетшілерге боди массаж жасайтын жәбірленуші Ә.Әбдіқасымованың жүріс-тұрысын бақылап отыру, клиенттер тарапынан келеңсіз жағдайларды болдырмау, түскен қаражатты бақылау
жүктелген.

Бекітілген үш күзетші тәулікке жалға алынған пәтерлерге барып, боди массаждан түскен ақшаның тиісті бөлігін алып отырған. Сотталушы қылмыстық әрекеті әшкере болмау үшін Әбдіқасымоваға пәтерін жалға берген. Қылмыстық қудалау болса, пәтерін жалға беруші тұлға болып танылуды да ойластырған.
Сотталушы Т. Е.Қасымқұлов тағылған айыпты мойындамады. Жәбірленушінің баласы ауырғанда қарызға ақша бердім деп ақталды.  Ал ол қызға күніне 15 000 теңгеге пәтерін жалға бергенін мәлімдейді.

Ал жәбірленуші Әбдіқасымова сотқа берген жауабында, алғашында танысы Тохтиеваның массаж салонында әкімші ретінде жұмысты істегенін айтқан. Кейін ол жерге жарнама бойынша 17 жастағы Жансая есімді қыз келген. А.Тохтиева оны жұмысқа қабылда деп бұйрық береді. Оған массаждың түрлерін үйреткен. 

Кейін Жансаяның әмияны ұрланады. Сол кезде полицияға қоңырау шалады. Алмаз есімді учаскелік полиция инспекторы түсініктеме алып, келесі күні полиция бөліміне келуді айтқан. Участкелік полиция инспекторы «крыша» болу үшін 400 000 теңге сұрағанын, бұл 200 000 теңге бергенін айтты. 
Жәбірленуші полиция бөлімшесінде сотталушы Т.Қасымқұлов қызметтік бөлмесіне кіргізгенін айтқан. Оның жеке куәлігін алып, айқайлап, балағаттап, оларға қандай жұмыспен айналысатындығы туралы білетінін және сол істі жабу үшін, одан 2 500 000 теңге сұрағанын баяндайды. 

Ол сотталушы Қасымқұловтан қорқып, боди массаж қызметінен түскен, пайдасының бір бөлігін беріп отыруға келіскен.

Содан Г.Қуанбай екеуі А.Тохтиевадан кетіп, бөлек пәтер жалдап басқа массаж салонын ашқан. 2022 жылғы мамыр айында оған Т.Қасымқұлов қоңырау шалып, оның артынан «Антикор» аңдып отырғанын айтып, Алматы қаласына кетіп қалуды бұйырған. Сол күндері 130 000 теңге ақша аударған.
Біраз уақыттан кейін Алматы қаласында жүрген кезде, Т.Қасымқұлов оларды Ақтөбеге қайтып шақырып алады.  Т.Қасымқұлов өзінің Батыс-2 шағын ауданында үйіне алып барған. Ол пәтерде жөндеу жасалмаған еді. Т.Қасымқұлов боди массаждан түскен қаражатқа осы пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған. Тапқан табыстарына керек жарақ алғанын айтқан. 

2022 жылдың маусым айында Т.Қасымқұлов өзін жұмыстан шығарып жібергенін айтып, қастарында қонып жүрген. Сотқа куә ретінде боди массаж жасайтын қыздар мен боди массаж алған клиенттер жауап берген. Кейбірі боди жасайтын қыздармен киноға да барған. 

Сот Темур Ерденұлы Қасымқұловты ҚК-нің 194-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Сот оны майор шенінен айырды. 2  жыл бас бостандығынан шектеу жаза тағайындады. Жылына бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартуды міндеттеді.

Жәбірленуші Әбдіқасымованың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. 
Сот Қасымқұловтан жәбірленуші Әйгерім Әбдіқасымованың пайдасына 1 млн теңге моральдық зиян өндіру туралы үкім шығарды. 

Темур Ерденұлы Қасымқұловтан мемлекет пайдасына 1 426 661 теңге 14 тиын процестік шығындар өндіру міндеттелді.  Жәбірленуші Әбдіқасымованың материалдық зиянды өндіру туралы талабы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жіберілді. Сот үкімі 6 мамырда шықты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар