«Бір топ еркек зорлады» — кәмелеттік жасқа толмаған мектеп оқушысы

Зорлыққа бой үйренген жерлерде – оған төзіммен қарайды.
Эмиль Дюркгейм
Orda.kz бұған дейін Алматы облысының Қарасай ауданында кәмелетке толмаған қызға бір жарым жыл бойы ер адам жыныстық зорлық көрсетіп келгенін, артынша қожалыққа апарып бір топ еркекпен топтасып зорлағанын айтқан құқық қорғаушылар жайлы жазған болатын. Жәбірленуші тарап ҚР президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға арызданды.
Orda.kz тілшісі жәбір көрген қыз бен анасына және зорлық-зомбылыққа ұшырағандарға қолдау көрсететін «One Stop service» — «Бір қадам» жобасының басшысы Айман Омароваға хабарласты. Жобаның басшысы Айман Омарованың және көмекшісі Ләззат Рақышеваның айтуынша Қазақстанда зорлық-зомбылыққа тап болған балалардың саны көбейіп кетті.
Еске сала кетейік, адвокаттар тергеу ісін Қарасай аудандық полиция басқармасы дұрыс жүргізбей жатқанын, тергеуші Әсем Бағыбергенованың тәжірибесі аз екенін айтты. Күдіктілер қамауға алынбай, тек бір күдікті ұсталғанын және полицияның «салғырттығынан» айғақтардың жоғалғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, адвокаттар есірткі қолданып, қожалықта жүретін күдіктілердің ұсталмауы сол маңның тұрғындарына қауіпті деп отыр. Адвокаттардың сөзінше шаруа қожалығы бұрынғы «депутаттың қарамағында» деген қаңқу сөз бар.
«Тыр жалаңаш ояндым»
Оқиға 2024 жылы 4 қаңтарда болды. Адвокаттар Айнұрды (ред. аты өзгертілді) қожалыққа апарып, есірткі беріп, топтасып зорлады деп отыр. Сол оқиғадан соң, қыз жансақтау бөліміне түседі.
Жәбірленуші сөзіне қарағанда, Мирас есімді азамат қыздың қарсы болғанына қарамай, жыныстық қарым-қатынасқа мәжбүрледі. Қыз оқиғадан кейін күйзеліп, өзіне-өзі қол салмақ болды.

«2022 жылы сәуір-мамыр айларында Мирас деген жігітпен таныстым. Жүріп кеттік. Далаға шықтық. Бір күні кездесуге шақырды. Музыка тыңдап, жүріп қайтамыз деді. Көлігімен егінге алып кетті. Онда жеткен соң, көлікті тоқтатып, (мен артқы орындықта отырғанмын) қасыма отырды. Жыныстық қарым-қатынас туралы сұрақтар қойды. «Пәксің ба?» деп сұрады. Мен пәк екенімді айтқанда «сен пәк емессің мен білемін» деді. Жұлқылап, киімдерімді шешіп, сол жерде зорлады. Жыладым...
10-15 күннен кейін мойныма арқан салып, асылып қалайын дедім. Кейін 2-3 рет мені зорлады. Ол кезде анама ештеңе айтпадым. Үйдегілер де, мұғалімдер де сұрады. Менің үндемеген себебім Мирас «Сенің жалаңаш суреттерің бар» деп қорқытқан болатын. «Ел-жұрт көре ме?» деп қорықтым. Алдағы уақытта да мені қорқытып, олар іш деп алкаголь ішкізе бастады», — деді жәбір көрген қыз.
Адвокаттардың жоғалған айғақ деп отырғаны көліктің артқы орындығы. Полиция «әрекетсіздігінен» көлік тез арада табылмады. Ал табылғанда оның артқы орындығы жоқ болып шықты. Кәмелетке толмаған қыз Мирастың кешірім сұрап, алдап, егін басына алып кетіп жүргенін айтты.
«Оқиға болған күні Мирас көлігімен келді. Ішінде бір құрбым бар. Сосын, екі мен танымайтын ересек еркек отырды. «Квартираға барайық» деді. Мен анамнан сұранбағанымды айтып, бармаймын дедім. Бірақ менің сөзіме құлақ аспай, бізді алыстағы шаруа қожалығына алып апарды. Ол жақта бізді тағы да бөтен 3-4 ересек ер дам күтіп алды. Олар ішіп отыр екен. Артынша есірткі қолданды. Қасымдағы менің құрбыма да есірткі берді. 5-10 минуттан соң құрбымның жағдайы нашарлап кетті.
Маған да есірткіні ұсынды. Бас тарттым. Көнбеген соң, менің танысым А. деген бала сыртқа шығайық деді. Көліктің артына отырғызды. С. деген жігіт те ілесе шықты. Есірткіні дайындап берді. «Иіске» деп мойнымнан жұлқыды. Есірткіні күштеп берген соң, мүлде қозғала алмай қалдым. «Су ішкім келеді» деп айтайын десем, айта алмадым. Есімді білмедім. Бір есімді жиғанда тыр жалаңаш төсекте ояндым. Бұлыңғыр... Көп ер адамдардың жүргенін біліп жаттым. Осы бір рет көрген есірткінің өзінен менде шамадан тыс қолдану болып, есімнен қайта тандым. Қайта оянғанымды Мирас та, А. деген бала да, қысқасы мен танитын жігіттер жоқ болды. Тек бөтен еркектер жүрді. Мирастарға хабарласа алмай, әрең хабарласқанда мені боқтап, қара тізімге тығып тастады», — деді жәбірленуші қыз.
«Қызымның арын таптағандарды соттатамын»
Күдіктілер қызды құрбысының үй жағына әкеп, тастап кетіп қалады. Қыздың сөзіне қарасақ, әрең есін жиып үйіне жеткен. Артынша есірткіні шамадан тыс қабылдаған қыз Қарасай аудандық ауруханасына түсті. Қыздың анасы да «қыз зорлады» деген айыппен бір адамның ғана ұсталып, қалғанының ұсталмай отырғанына наразылығын айтты. Сондай-ақ, анасының сөзінше бір топ жігіт пен олардың ата-аналары кешірім сұрап келген. Бірақ қызының арын таптағандарды соттатуға бекініп отырғанын айтты.
«Шаруа қожалығынан есірткі табылды. Бір-ақ күдіктіні ұстады. Күдікті жігіт те басқалары да биоматериалдарын сот сараптамасына беруден бас тартып отыр», — деді жәбірленуші қыздың анасы.
Сондай-ақ, адвокат Раджан Берсінбаев айғақтардың жоғалып кететінін, тергеу барысында әділетсіздіктерге жол берілетінін айтты.
«Бұл шаруа қожалығы облыс мәслихатының экс-депутатының меншігі көрінеді. Ол өз жұмысшыларының бәрін қалқалап отыруы мүмкін. Бір күдіктіні ұстады. Қалған 6 күдікті еркіндікте жүр. Қыздың құрбысы осы оқиғалардың куәгері болып отыр», — деді Раджан Берсінбаев.
Алдағы уақытта бұл істің мән-жайынан хабар беріп отырамыз.
«Ауруын жасырған өледі»
Жыныстық зорлық-зомбылық қылмысы өршіп келе жатқанын және қандай жаза қолданылатынын көрсету керек. Қазақстан Республикасы бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне қарасақ, жыныстық зорлық-зомбылық көрсету қылмысы жыл сайын артып келеді. Назарларыңызға сол статистиканы ұсынамыз.

Қорыта келе айтарымыз, зорлық-зомбылық, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларды қорлау Қазақстанның болашағына балта шабатын қауіпті қылмыс. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Ондай жағдайды бастан өткеріп, ауыр психологиялық соққы алған балалардың қоғаммен ілесіп, өз орнын тауып кетуі оңай емес. Өзіңіз болмаса, жақыныңыз зорлық-зомбылық көріп жүрсе, үндемей қалмаңыз. Жалғыз емес екеніңізді біліңіз. Қол ұшын беруге дайын ұйымдар мен адамдар бар. Жазушы Асқар Сүлейменовтің «Үндемегенің — өтірік айтқаның» деген сөзі бар. Сіз шындықты айтпаған соң, әділетсіздік орнап, қиянат салтанат құрады. Сондықтан зорлық-зомбылық қоғам болып, жеке-жеке адам болып төзбейтін, ашық айтып, күресетін дүние.
Жаңалықтар
- Иран АҚШ базаларына шабуыл жасамақшы: Израильге шабуыл жалғасады
- Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы дрон шоуымен көмкерілді
- Абай облысында сотталғандардан ақша бопсалағандар жазаларын алды
- Олигархтардан қайтарылған активтерден «Отбасы банкке» 50 млрд теңге бөлінбейтін болды
- Иран Израильдің шабуылынан кейін АҚШ-пен ядролық бағдарлама тұрғысындағы келіссөздердің «мәні жоқ» деп мәлімдеді
- Қазақтың еті, шапаны және жабылатын көшелер: Қазақстан Джей Ло-ның келуіне қалай дайындалып жатыр
- Мердігер анықталды: Қазақстанда АЭС-ті «Росатом» салады
- ҚР ҰҚК: Қорғаныс министрлігінің экс-басшысы Жақсылықовқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқан жоқ
- Қазақстандықтар Ираннан Әзірбайжан арқылы эвакуацияланды
- Алматыда рұқсаты бар азаматтардың қаруы тексеріліп жатыр
- Алматы әкімі Bazis-A иесiне сенімді ақтамай отырғанын айтты
- Flydubai Қазақстанға, Ресейге және бірқатар елдерге ұшуларды тоқтатты
- Қазақстан алты елдің үстімен ұшуға тыйым салды
- Тоқаев Трампты туған күнімен құттықтады
- АҚШ Таяу Шығысқа әскери күштерін жөнелтуде
- Иран Израильге жауапты соққы жасады:Тель-Авивке зымырандар атылды
- «Қауіп шиеленісті: Қазақстан СІМ Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
- Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин Қазақстанның су спорты федерациясының бас хатшысы атанды
- Жасырылған құжат: Qazaq Banki-ке ақша салған «ҚазАгро» 21 млрд қаржыдан қалай айырылды?
- Алматы облысында көлік аялдамаға соғылып, екі адам көз жұмды