Билікке қарсы ұрандар һәм қоршаудағы белсенділер. Тәуелсіздік күні несімен есте қалды?
Бүгін, Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының құрбандарын еске алу шарасы өтті. Оған қатысқандар арасында билік өкілдері, оппозиция белсенділері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және қала тұрғындары бар.
Елдегі билікшіл "Нұр Отан", "Ақ жол, "Адал", "Ауыл" және Қазақстан халық партияларының өкілдері және қала әкімдігі жылдағы дәстүр бойынша Сәтпаев көшесінің бойында орналасқан Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Артынша Республика алаңында ресми жиын өткізіп, жарты сағатқа жетер жетпес уақытта тарап кетті. Билікшіл топтың ішінде Желтоқсан оқиғасы туралы айтқандар сирек кездесті, ал Жаңаөзен оқиғасы туралы сөйлегендер мүлдем болған жоқ.

Ал түскі сағат 12.00-ге қарай Республика алаңына елдегі оппозициялық ұйымдар – тіркелмеген "Демпартия" мен "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының өкілдері және қоғам белсенділері жинала бастады. Олар алдымен Сәтпаев пен Желтоқсан көшесінің қиылысындағы Желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, марқұмдардың рухына құран бағыштады.



МАМАЙДЫҢ СӨЗІ ҺӘМ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР ӘРЕКЕТІ
Кейін оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай бастаған "Демпартия" өкілдері Тәуелсіздік монументінің алдына барып қаралы жиын өткізді. Алғаш болып сөз сөйлеген Мамай "16 желтоқсан – тәуелсіздік күні емес, қаралы күн болуы тиіс" деді.

"Тәуелсіздік күні – тәуелсіздік декларациясы қабылданған 25 қазан. Сондықтан 16 желтоқсан қасіретті еске алатын күні болуы тиіс. Біз Жаңаөзеннің шындығын әлі күнге дейін ашқан жоқпыз. Ресми мәлімет бойынша, 16 адам қаза тапты дейді, бірақ шын мәнінде қанша адам қаза болды? Кім оқ атуға бұйырық берді? Солардың шындығы әлі күнге шейін ресми ашылған жоқ. Сондықтан біз 16 желтоқсан күні боздақтарымызға, Желтоқсан мен Жаңаөзеннің қаһармандарына тағзым етеміз" деді Мамай.
Ол сөзінің соңында жиналғандарды 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына бойкот жариялап, сол күні алаңға шығуға шақырды.
Мамай сөйлеп болып, микрафонды өз жақтастарына бере бастаған сәтте желтоқсаншы Гүлбаһрам Жүнісова бастаған 10 шақты адам басқа микрафонмен қабаттаса сөйлеп, жиналып тұрған жұртты өздеріне қаратуға тырысты. Желтоқсаншылар Мамай бастаған топқа "Тәуелсіздік күнін митингіге айналдырып жатсыңдар" деп айып тақты.
"Сіздердің мақсаттарыңыз Желтоқсанды тарихтан жою ма? Желтоқсанды тарихтан жоюға біз жол бермейміз. Ертең еске алу күні. Қазақтың тарихында қаралы күн деген жоқ. Бүгін – азалы күн емес, мереке. Әрбір соғыста құрбандық болады. Ал соғыстың жеңісі болмай ма? Өмір бойы қара жамылмақшысыздар ма? Қойыңыздар ондайды" деді желтоқсаншы Гүлбаһрам Жүнісова Мамай бастаған топқа қарата.
Өз кезегінде демпартиялықтар да үнсіз қалмады. Саяси ұйымның белсендісі Абзал Достияров "Бұлар биліктің арандашулары. Тыңдамаңыздар оларды" деді.
Қос топтың текетіресін тыңдап тұрған жұрттың көбі желтоқсаншылар сөйлегенде оларды балағаттап, сөздерін бөлуге тырысты. Желтоқсаншылардың жағасына жабысқандар да болды.
"НҰРСҰЛТАН, ОТАНЫҢДЫ ЖЕМЕ!" ҺӘМ ЖАСАҚ ҚОРШАУЫНДА ҚАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР
Бір-бірімен сөз таластырған қос тараптың кикілжіңі монумент маңынан "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері ұрандатып өткеннен кейін тәмамдалды. Себебі Жанболат Мамай микрафонды алып, "Құрметті ағайындар, ана жақта "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділерін омондар қоршап алыпты. Сол жақа барып, жастарға қолдау көрсетейік" деп өз жақтастарын арнайы жасақтың қоршауында қалған белсенділерге қарай ерте жөнелді, ал желтоқсаншылар монумент маңында қалып қойды.

50-ге жуық полиция жасағы "Демпартия" бастаған топты да қоршап, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділеріне қарай жібермеді.
Осылайша "Әділ сайлау", "Оян, Қазақстан", "Нұрсұлтан, Отаныңды жеме", "Ұмытпаймыз, кешірмейміз" және тағы да басқа билікке қарсы ұран көтерген "Oyan, Qazaqstan" қозғалысынң белсенділері алаңның бір жағында, оларға қолдау көрсеткісі келіп, өздері де полицияның қоршауында қалған "Демпартия" белсенділері алаңның екінші жағында қалды.
Сол маңда жүрген қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, белсенділер "заңды бұзып, ескертілмеген митинг өткізуге оқталғандықтан қоршауға алынған". Бірақ белсенділер бұны жоққа шығарды. Олар "алаңға Жаңаөзен және Желтоқсан оқиғаларының құрбандарын еске алу үшін ғана жиналғанын, билік өздерін арандату үшін әдейі қоршап алғанын" тілге тиек етті.
БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ҚОРШАУДАН ҚҰТЫЛУЫ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ?
Полиция қос ұйымның белсенділерін де үш сағатқа жуық қоршап тұрды. Түскі сағат 15.00 шамасында Рысбек Сәрсенбай бастаған бір топ азамат келіп, әкімдік өкілдерінен белсенділерді бостауды талап етті. Рысбек Сәрсенбай "ешкімге зияны жоқ белсенділерді қоршау – барып тұрған ақымақтық" деп атап өтті.
"Туды желбіретті, ән шырқады, көшемен жүріп өтті, не бүлінді?Қоғамға одан қандай қауіп-қатер төнді? Кімнің денсаулығына зиян келді? Ондай ештеңе болмайды ғой. Сондықтан полицияның бұларды (белсенділерді - ред.) қоршап тұрғаны барып тұрған ақымақтық. Полицияға осындай тапсырма берген президент әкімшілігінде отырған – ақымақтар" деді Сәрсенбай ORDA. тілшісіне.
Бір топ азамат белсенділерді қоршаудан босатуды талап еткен соң полиция жасағы оларды жібергендей болған. Бірақ алаңның екі жағында тұрған белсенділер бір-біріне қарай қадам басқанда, қайтадан қоршауға алынды. Сөйтіп екі топ – Демпартия мен "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері бір-біріне жақындамастан басқа көшелермен тарауға тура келді.
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсенділері қала көшелерімен шерулетіп, ұрандатып, Республика сарайының жанына жеткенде тарап кетті. Мамай бастаған "Демпартия" белсенділері де алаңнан алыстап, жан-жақа тарқасты.
16 желтоқсан – Қазақстанда Тәуелсіздік күні мерекесі. Биыл елдің егенмендігіне 29 жыл толды. Бұған қоса, бұл күні елде 1986 жылы Алматыда совет билігінің шешіміне қарсы бейбіт көтеріліске шығып, жазалаушы әскердің тепкісіне ұшыраған қазақ жастарын және 2011 жылы биліктен еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, полиция атқан оқтан қазақ болған Жаңаөзен мұнайшылары мен тұрғындарын еске алады.
Жаңалықтар
- «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы президентке 3,3 триллион теңгенің 16 жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын айтты
- Әдептік кеңес БҚО-да мас болып қызметтік көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығаруды ұсынды
- Қостанайда қамаудағы бес азаматты сотқа алып бара жатқан полиция көлігі апатқа ұшырады
- Ұлттық ұланның 1 млрд теңгеден астам тұратын жері мемлекетке қайтарылды
- Әскери кафедрада оқығандар екі жылдық қызметке шақырыла ма?
- Елімізде найзағай ойнап, аптап ыстық +43 градусқа дейін көтеріледі
- 62 жастағы әйел 34 әшекейді интим жеріне жасырып, заңсыз өткізбек болған
- Президент Ішкі істер министріне «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді
- Астанада Ақордаға қарама-қарсы орналасқан Триатлон паркінде өрт шықты
- Қайрат Сатыбалдының меншігі болған Kaisar Plaza бизнес-орталығы миллиондарға арзандаса да ешкімге керек болмай тұр
- ДДСҰ және World Population Review дерегі бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы ең көп ішетін елге айналған
- АҚШ-та Қазақстан азаматы терроризм күдігімен ұсталды
- Боралдайда сушидан 19 адам уланып, аруханаға түсті
- СҚО-да жұмыс іздеп барып, далада қаза тапқан тракторшының өлімі туралы не белгілі?
- Израильдік БАҚ: Иран АҚШ-пен келіссөздердің 60 күндік кезеңі арқылы «уақыт ұтуды» көздеп отыр
- G7 құрамындағы елдер Ресейге қарсы санкцияларды күшейтіп, Украинаға көмекті арттырмақшы
- Павлодар облысының тұрғыны өзінің үш жасар қызын өзгеден деген күмәнмен азаптап өлтіріп, өмір бойына сотталды
- Қазақстан мен Чехия полициясы азаматтардың жеке деректерін таратқан халықаралық арнаны әшкереледі
- Жазушы Өтебай Қанахиннің немересінің өлімі қоғамдық резонанс пен депутаттың қозғау салуынан кейін ғана алға жылжыды
- Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесі отырысын өткізді






