«Баламды көршісі шақырып әкеткен»: Ақмола облысында жоғалған жеті баланың әкесі үш айдан бері табылмай келеді
Фото: отбасының жеке мұрағатынан алынған
Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Кеңащы ауылында осыдан үш ай бұрын жоғалып кеткен 31 жастағы Айжалғас Қайруллин әлі табылған жоқ. Жеті баланың әкесінің туыстары тергеу барысына көңілдері толмайтынын мәлімдеді. Orda.kz жоғалған ер адамның жақындарымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын білді.
21 қазан Қайруллиндер отбасы үшін қайғылы күнге айналды. Сол күні кешке ауыл тұрғыны Айжалғас Қайруллин үйінен шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Анасы Бақшагүл Дайырованың айтуынша, сол кезде көршісі Азамат Айжалғасты үйінен шақырып әкеткен.
«21 қазан күні кешке көршіміз Азамат баламды үйден шақырып алып кетті. Ауылдағы жалғыз дүкеннен зат сатып алып, кейін мал қосына бет алған. Содан бері Айжалғас жоқ. Азаматтың үйіне барып сұрағанымда, анасы оның мас болып жатқанын айтты. Кешкісін тағы бардым. Сонда Азамат: “Айжалғас қоста қалды, мен сенің балаңды неге тауып беруім керек?” деп жауап берді. Балам сол күйі қайтпады», – деді Бақшагүл Дайырова.
Анасының сөзіне қарағанда, көршісінің 19 жастағы ұлы Айжалғасты сол түні шамамен сағат 12-де көргенін айтқан. Алайда кейін полицияға берген түсініктемесінде бұл сөзінен айнып қалған.
«Үйге келіп: “Көкшетаудан көлікпен оралғанда Айжалғасты көрдім, ол әкемді сұрады. Мен әкемнің мас екенін, үйіне баруы керектігін айттым”,- деді. Бірақ полицияда мұның бәрін түсінде көргенін айтып, сөзінен бас тартты. Негізі көршіміз Азамат жаман адам емес еді, тек ішімдікке салынғаны болмаса, үнемі қолғабыс етіп жүретін. 45 жаста, осы ауылдың тумасы», – деді анасы.
Көршісіне сенгендіктен Бақшагүл Дайырова полицияға бірден емес, 3-4 күннен кейін ғана арыз жазған. Ол баласы өздігінен оралар деп үміттенгенін айтады. Ал көршісі Азаматтың нұсқасы бойынша, Айжалғас жолда көліктен түсіп қалып, ауылға қарай жаяу кеткен. Алайда сол күні басқа бір ауыл тұрғыны қоста Азамат пен бейтаныс малшының ішімдік ішіп отырғанын көрген. Ол жерде Айжалғас болмаған көрінеді.
«21 қазан күні кешкі 19:30 бен 21:30 аралығында, небәрі екі сағаттың ішінде балам ғайып болды. Көршісі бірде қоста қалды десе, бірде жолда түсіп қалды дейді. Ал баласы түнгі 12-де көрдім деп отыр. Іздеу шаралары басында қарқынды жүргендей көрінгенімен, менің арызым бойынша ешкім ұсталған жоқ. Азаматты тек мас күйінде көлік басқарғаны үшін ғана екі рет әкімшілік қамауға алды. Қазір ол бостандықта, өз үйінде отыр», – деді Бақшагүл Дайырова.
Жақындарының айтуынша, Айжалғас мінезі жуас, ешкіммен жанжалдаспайтын тыныш адам болған.
«Тіпті құмалақ та салдырып көрдім, “балаң үйде емес, айдалада” деп айтты. Бір көріпкел: “Сол күні абайсызда өлтіріп алған, оқиға орнында төрт адам болған, біреуі жас”, - деді. Көршіден күдіктенгім келмейді, бірақ ол – менің жалғыз ұлым. Егер тірі болса, біреу алып кеткен болса, қайтарыңыздаршы!», – деді анасы.
Бақшагүл Дайырова баласын тірі қайтарған адамға кез келген сұрағанын беруге дайын. Туысы Бауыржан Дайыровтың пікірінше, Айжалғастың ауылға бара жатып адасып кетуі мүмкін емес.
«Ауыл жазық жерде орналасқан, орман жоқ, түнде көше шамдары жанып тұрады. Біз маңайдың бәрін сүзіп шықтық, көлдерді тексердік. Ешқандай із жоқ. Аудандық полиция бөлімі күдіктіге қатысты айғақ жоқ екенін, тек іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтады», – деді ол.
Айжалғастың артында жеті баласы қалды. Үлкені 4-сыныпта оқиды, кенжесі небәрі бір жаста. Ол жоғалып кетерден бір ай бұрын ғана баласының бесік тойын өткізді. Бұған дейін оның ескертусіз үйден кетуі немесе жанжалға араласуы сияқты жайттар мүлдем болмаған.
Orda.kz редакциясы тергеу барысы туралы Ақмола облыстық полиция департаментіне сауал жолдады.
Ведомствоның мәліметінше, Айжалғас Қайруллиннің қайда екені әлі белгісіз. Іздеу шаралары 2,5 айдан бері тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Далалық аумақтар дрондармен, қызметтік иттермен және арнайы техникамен тексерілген. Кеңащы, Ақбұлақ, Заозерное, Қазанқап ауылдарының айналасы мен жетуі қиын жерлер қаралған.
Сонымен қатар жедел-тергеу шаралары аясында жоғалған күні оны соңғы рет көрген адамдар мен жақын таныстарынан жауап алынған.
«Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айжалғас Қайруллиннің сипаттамасы басқа өңірлерге жолданып, еріктілердің көмегімен әлеуметтік желілерде таратылды. Полиция жоғалған азаматқа қатысты қандай да бір ақпарат білетін жандардан хабарласуды сұрайды», деп мәлімдеді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жаңалықтар
- Министр: Тұрғын үй бағасының зейнетақы жинағына қатысы жоқ
- Әскерде зорландым деп ақша жинаған адам сотталды
- Енді темекі шегетіндер өкпе обырына тегін тексеріле алады
- Тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді: Жүргізуші куәлігі, жаңа сайлау
- Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ректоры ұсталды деген ақпарат тарады
- Дастан Сәтпаев «Челси» сапында дебют жасады
- 31 жастағы ер адам 74 жастағы әйелді пышақтап өлтірді
- Астанада өз бетінше автобус жуып жүрген жігіттің әрекеті мемге айналды
- Нұрай Серікбайдың ісі: Сот алқабилерсіз өтуі мүмкін, жәбірленуші тарап тікелей эфир талап етті
- Жаңа талап: Жүргізуші куәлігін жарамсыз етуге қандай негіз бар?
- Қорапқа салып берді: Жаңа туған үшем Алматы облысындағы ауруханада шетінеп кетті
- Қазақстан қорықтарында 19 орман өрті тұтанды
- Трамп Канададан келетін тауарларға 50 пайыздық баж салығын енгізді
- Тоқаев Испания құрамасын футболдан әлем біріншілігіндегі жарқын жеңісімен құттықтады
- ӘЧ-2026: Испандар жеңісі үшін гауһар тасты 30 алтын жүзік алады
- Павлодар облысында құдыққа түскен алты адам қаза тапты: Марқұмдардың ең жасы 16 жаста
- Әлем чемпионаты – 2026: Турнирдің үздіктері анықталды
- Месси мен Роналду дәуірі аяқталды: 2026 жылғы әлем чемпионаты несімен есте қалды?
- Ескертуге қарамастан КҚК теңіз терминалындағы мұнай танкеріне тағы шабуыл жасалды
- Венесуэладағы жер сілкінісі құрбандарының саны бес мыңнан асты