«Бала қайтыс болған күні анасы араққа сылқия тойып келді»: 12 жастағы бала неліктен суицид жасады ?

cover Фото: Orda.kz/ Перизат Жарылқасын

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Саймасай ауылында 12 жастағы бала есік алдында тапа-талтүсте жіпке асылып қалды. Бұл оқиға әлеуметтік желіде елді елең еткізді. Небәрі 6-сынып оқитын баланы мұндай қадамға біреу итермеледі ме? Әлде бұл өзінің шешімі ме? Немесе кездейсоқ болған қайғылы оқиға ма? 

Orda.kz тілшісі Саймасай ауылына барып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасыдан мән-жайды сұрастырды.

Марқұм бала 27 қазанда үйінің есігінің алдында күнделікті ойнап жүрген әткеншегінің жібіне асылған күйде табылды. Туыстарының айтуынша, дәл сол сәтте үйде үлкендерден ешкім болмапты. 

Бұл туралы алғашқы болып әлеуметтік желіге НеМолчиKZ қорының басшысы Дина Таңсәрі жариялаған. 

«Бұған дейін көршілері бізге хабарласып, анасын ата-аналық құқығынан айыруды сұраған еді. Отбасында үш бала бар. Олардың ортаншысы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған болуы мүмкін. Көршілері биыл 1 ақпанда бізге көмек сұрап жүгінген болатын. Біз отбасының мекенжайы мен тегін нақтылап, барлық ақпаратты жасөспірімдерге қарайтын полицияға жолдадық. Кейін көршілер бізге алғыс айтып, полицияда тексеріс басталғанын хабарлады. Біз де аздап сабамызға түскен едік. Бірақ, өкінішке қарай, бекер тынышталған екенбіз», – деді Таңсәрі.

Журналистер Саймасай ауылында марқұм бала оқыған А.Байтұрсынов атындағы орта мектебіне барды. Білім мекемесінің директоры Назгүл Сарымбаева баланың отбасы аз қамтылған, яғни тұрмысы нашар деп тіркеуде тұрғанын және мектеп жақтан тұрақты түрде тексеріс болғанын айтты. Сонымен қатар, марқұмның мектепте тәртібі де, тазалығы да мұнтаздай болғанын жеткізді.

Фото: Orda.kz II Перизат Жарылқасын
Фото: Orda.kz II Перизат Жарылқасын

 

«6 В сыныбында оқитын 12 жастағы бала себепсіз  сабақтан қалмайтын. Тап-таза жүретін. Мектепте баланың тәртіпсіздік танытып көзге түскен кезі болмады. Жалпы отбасыға келер болсақ, олар аз қамтылған отбасы ретінде тіркеуде тұрды. Сонымен қатар, тұрмыстық жағдайы санитарлық нормалардың төмендігі бойынша да бақылауда болды. Тіркеуде нақты 2025 жылдың 27 қаңтарынан бері тұрады. Содан бері біз ай сайын тұрақты түрде баланың отбасына барып тексеріп тұрдық. Ол туралы толтырылған АКТ-лер де бар, соңғы тексеріске 29 қыркүйекте, сосын 15 қазанда бардық», – деді Сарымбаева.

Мектеп директоры «баланың анасы мен өгей әкесі ішкілікке салынған, ал өгей әкесі балаға жиі қол көтеріп, тіпті жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Қаңтар айында полицияға ата-анасы ішеді деген арыз түскен соң барып тексеріс жүргіздік. Ол ақпарат жалған болып шықты. Біз бір емес, бірнеше рет барғанымызда ата-анасының ішімдік ішкенін, не мас болғанын көрмедік. Ал тұрып жатқан үйлерінің қалпы жақсы деп айта алмаймын. Алайда біз тіркеуге алғаннан бері олар өздері жайлап жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылу кіргізе бастады. Балалардың жатар орны да болды. Тұрмыстық жағдайы төмен екенін әрі санитарлық жағдайлары да төмен екенін айтып, бақылап отырдық», – деді мектеп директоры.

Сондай-ақ, мектепте буллиңке ұшырамағанын әрі бала өгей әкесімен тұрғаны үшін де арнайы тіркеуде болғанын айтты. Марқұмның анасы қазіргі күйеуімен азаматтық некеде үш жыл өмір сүріп, тек былтырдан бері заңды некеге тұрған. Өгей әкесі жеке кәсіпкерлікте жалданып тұрақты жұмыс істесе, анасы көлік жуатын орталықта екі күн істеп, екі күн демалған. Жалпы отбасында үш бала бар. Үлкені Қаракемер кәсіптік колледжінде оқиды, кішкентайы осы мектепте 4-сыныпта оқиды екен. 

Мектеп директоры:

«Тәртібі жақсы, оқуы қанағаттандырарлық болған баланың осылай қайтыс болғанына өзімз де аң-таңбыз, біз ешқандай алдын алатындай жайтты байқамадық», – деп қысқа қайырды.

«Менің ағам маскүнем де, педофил де емес»

Мектептен шыға салып марқұмның үйіне бардық, есік алдында көршілері мен ет жақын туыстары тұрды. Сәлден соң баланың денесін мәйітханадан әкеліп, есік алдында марқұмды ақтық сапарға шығарып, арулап қою үшін дайындалып жатты. Баласын соңғы сапарға шығарып салуға көрші ауылда тұратын туған әкесі де келді. Жиналған көпшілік арасынан оқиғаның мән-жайын жақыннан білейік деп баланың туыстарын әңгімеге тарттық. Журналистердің сұрағына жауап беруге өгей әкесінің қарындасы Елена Маматханова шықты. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде тараған ағасы туралы «ішкілікке салынған, педофил, баланы ұрды-соқты» деген сөздер ешқандай да факт емес. Оның айтуынша бұл жабылған жала. Ол «шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқандарды жазалау» керегін атап өтті.

Фото: Orda.kz II Перизат Жарылқасын
Фото: Orda.kz II Перизат Жарылқасын

 

«Менің ағамды араққа салынған, балаларға қорлық көрсетті деп айтып жатыр. Бәрі жалған. Ағам арақты аузына татып алған емес, жасырмаймын анасы мейрам күндері ішкенімен, былайғы күндері салынып ішеді деп айта алмаймын. Менің ағам өзінің туған баласы болмаса да мейіріммен қарады, қазір қайғыдан өзін қоярға жер таппай жүр. Талай рет құзырлы органдар келіп тексерген. Олар не маскүнем, не педофил болса, не тіркеуде болса құжатпен дәлелдесін. Осы жалған ақпаратты таратқандар заң алдында жауап берсін. Үйдің жайына келер болсақ, бұл жерде бірнеше ай бойы жөндеу жүріп жатқан соң осындай халде тұр», – деді Маматханова.

Келіншектің айтуынша, бұл үйге балалармен ойнауға өзінің ұл-қыздары да жиі келіп тұрған. Күнделікті ішер асы болған отбасы ешқандай таршылық көрмегенін айтты. Алайда, баланың өгей әкесінің қарындасы отбасының аз қамтылған отбасы ретінде тіркеуде тұрғанынан хабарсыз болып шықты.

Маматханованың журналистерге айтқан бар уәжі — ағасы жайлы  НеМолчиKZ қорының әлеуметтік желідегі айтқандарын жоққа шығару болды.

Ары қарай біз отбасының күнделікті көріп жүрген көршілерінен жағдайды сұрастырдық. НеМолчиKZ парақшасына 800-ге жуық жазылған пікірдің арасында «осы отбасымен бір көшеде тұрамыз» деп, ата-анасының араққа салынғанын, балалардың еш қараусыз әрі үсті-бастары кір болып көшеде талай рет көргенін жазғандар болды. Марқұм баланың кішкентай інісімен бір сыныпта оқитын қыздың анасы, бір үйден кейінгі үйде тұратын көршісі Марина Луценка баланың анасы шынында да ішімдік ішіп жүретінін, тіпті соңғы кезде онысы жиілеп кеткенін айтты. 

«Ең сұмдығы анасы бала қайтыс болған күні де араққа сылқия тойып келді»

«Бұл отбасымен көрші болғанымызға үш жылдай болды. Мен олармен тікелей араласпаймын. Алайда, менің кіші қызым осы отбасының ең кішкентай баласымен 4-сыныпта бірге оқыған соң, көрші болып тұрған соң, жағдайларын білемін. Қызымның айтуынша бала төртінші сыныпта оқыса да, не дұрыс оқи алмайды, не сабаққа жөнді қатыспайды. Үнемі аш жүретін. Мен қызыма: «мектепке тіске басар алсаң, Димаға да ала кет» деп айтамын. Кішкентай баласының үстінен үнемі жаман иіс шығып, кір-қожалақ болып жүреді. Біз талай рет отбасына таза киімдер де бердік. Жалпы отбасы аз қамтылған, өгей әкесінің ішкілікке салынғанын нақты айта алмаймын. Бірақ анасының кәдімгідей арақты жиі ішетінін күнделікті көреміз. Ең сұмдығы анасы бала қайтыс болған күні де араққа сылқия тойып келді. Жалпы отбасында балаға тиісті назар аудармаған соң осылай болып отыр деп ойлаймын», – деді көршісі. 


Луценканың айтуынша, ерлі-зайыптылардың өзара төбелескендерін бірнеше рет естіпті.

Фото: Orda.kz II Перизат Жарылқасын
Фото: Orda.kz II Перизат Жарылқасын

Бала омбудсмені Зәкиева мен НеМолчиKZ Таңсәрі арасындағы дау

Жасөспірімнің қазасынан кейін әлеуметтік желілерде балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мен «НеМолчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі арасында ашық қайшылық туындады.

Зәкиева өз кеңсесіне бұл отбасы туралы қордан ешқандай хабар түспегенін және омбудсменнің полиция мен қорғаншылық органдары жұмысына бақылау жасауға өкілеттігі жоқ екенін айтты.

Оған жауап ретінде Таңсәрі Зәкиеваны жауапкершілікті өзінен ысыруға тырысты деп айыптап, «НеМолчи» қорының мемлекеттік қолдаусыз жұмыс істейтін ерікті ұйым екенін еске салды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «НеМолчи» қоры көршілердің 2025 жылдың ақпан айында өздеріне жүгінгенін және отбасындағы ауыр жағдайлар туралы хабарлағанын мәлімдеген еді. 

Дина Таңсәрінің Orda.kz-ке берген пікірінде, кеше журналистердің Саймасай ауылына баратыны белгілі болған сәтте-ақ, әкім сол үйге адамдарды жіберіп, тазалық жұмыстарын бастағанын айтты. Сондай-ақ, әкім ауыл чатына  кіріп, «жалған ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылады», деген хабарлама жазыпты, содан  ауыл тұрғындарының артық ауыз ақпарат айтуға қорқып отырғанын да жеткізді.

«Үйге жиһаз жіберді, бірнеше кілем алып келді, тіпті велосипед те жеткізді. Мұның барлығын бізге ауыл тұрғындары жазып жатыр. Мен сізге дәлел ретінде бүкіл хат алмасуды жібере аламын, бірақ жариялауға рұқсат бермеймін, себебі ішінде жеке деректер өте көп. Қазір біздің пікірлердің астында да кейбір батыл адамдар бар — олар ашық түрде жазып жатыр. Иә, бәрі солай болды, жиһаз да, кілем әкелгенін растап жатыр. Бірақ, мені ең қатты қорқытқаны  26 қазан күні кешкі сағат жетілер шамасында сол отбасында анасының қатты жылаған дауысы шыққан. Ал ертесіне бала асылып қалды. Біз бұл жағдайдың  26 қазанның кешінде басталғанына сенімдіміз», – деді Таңсәрі. 

Таңсәрінің айтуынша, баланың өлім уақытын, оның қандай жарақат алғанын, сараптама не тіркегенін анықтау қажет еді, бірақ бүгін оны өте тез жерлеп тастады.

Құзырлы органдар не дейді?

Алматы облысының білім басқармасы Саймасай ауылындағы 13 жастағы оқушының өліміне қатысты түсініктеме берді. Өз үйінің жанында өзіне қол жұмсаған оқушы жайлы әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

«Ата-анасы тарапынан зорлық-зомбылық, ішімдікке әуестік немесе қысым көрсету фактілері анықталған жоқ. Отбасы 2024 жылдан бері санитарлық жағдайына байланысты профилактикалық есепте тұрған. Оқу жылының басында жүргізілген тексеру нәтижесінде тұрмыс жағдайы қанағаттанарлық деп танылған», — деді басқарма өкілдері.

Білім басқармасының айтуынша, аудан әкімінің орынбасары, прокурор, «Жанұя» орталығы мен қамқоршылық органдарының өкілдері, мектеп пен психологтардан құралған мобильді топ жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті істің қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша іс қозғалған.

«Аталған факт бойынша қылмыстық іс тіркелді. Барлық тергеу әрекеттері Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіліп, оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған. Істі тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», — деп мәлімдеді ведомство.

Бұл оқиға Orda.kz редакциясының бақылауында. Алдағы уақытта тергеу барысы туралы қосымша ақпарат береміз. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар