«Баяғы жартас — бір жартас»: Суға зар болған алматылық диқандардың еңбегін министрлік еш ете ме?
Фото: Orda.kz/ Ислам Әден
Көктемнен бастап тынбайтын, шіліңгір шілденің аптап ыстығында талмай, табан ет, маңдай терімен адал еңбек ететін диқандардың жұмысы оңай емес. Ал бар еңбегіңмен салған егіннің құрғап, еккеніңнің солып қалуын көру — шаруалардың жігерін мұқалтатыны анық. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты егіндерге су жетпей жатқаны туралы айтып егіншілер дабыл қақты. Олардың айтуынша, Алматы арнасынан келетін су қысымы дұрыс болмағандықтан, егінге су дұрыс жетпей жатыр.
Orda.kz тілшісі арнайы Алматы облысы, Байсейіт ауылының маңында тұратын Александр есімді егіншінің егініне барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Су қысымы жоқ
Александрдың сөзінше, барлық егін-алқабына су жету үшін тәулік бойы реттегіш бассейнге су толтырып, қысыммен жіберіп отыру керек. Қысыммен жіберілген су орталық суару жүйесіне емін-еркін жетсе, егінде су жайлы мәселе болмайды.
«Жердің астында үлкен құбыр жатыр. Осы жерден аққаннан соң, ол сол жер асты құбырына түсіп 3-ке бөлінеді. Мына ағып жатқан су келіп, осы жерге жиналуы керек. Ары қарай ақпауы керек. Сол кезде суда қысым болады. Бізде қазір басты мәселе болып тұрған – су қысымының жоқтығы», – деді Александр.
Сондай-ақ, бассейннің жиегі жарылып жатқанын да байқауға болады. Александрдың айтуынша, бұл судың тоқтаусыз ағуынан пайда болған.
«Үлкен Алматы арнасының азайғанын қазір «судың жетіспеуінен» дейді. Ал көктемде олар бізге: «жазда су толығымен беріледі, уайымдамаңыздар», — деген болатын».
«Баяғы жартас — бір жартас»
Александрдың сөзінше, бұл тәулік бойы реттегіш бассейн кеңес үкіметі кезінен бері келе жатыр, талай рет бассейнге жөндеу жұмыстарын жүргізу уәде етілгенімен, әлі күнге дейін қаз-қалпында тұр. Ал су қысымның болмағанына шамамен жарты айдай болған.
«Егінде қазір бидай ғана. Көктемде су жақсы болған, сол кезде біз алып үлгердік. Әрі қарай не болатынын мен айта алмаймын».
Осы мәселені егіншілер су шаруашылығына жеткізген. Александрдың сөзінше, мәселеге су шаруашылығы араласқаннан кейін, жағдай біраз жақсарған. Алайда тек 3-4 күнге ғана жақсарып, кейін «баяғы жартас — бір жартас» күйі қала берген.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің жауабы
Orda.kz тілшісі осы мәселе бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігіне сауал жолдады. Өз жауабында олар Байсейіт ауылы маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері Бартоғай су қоймасынан суарылады. Әзірге Бартоғай су қоймасында су азайғандықтан, олар «су айналымы» режиміне көшкен. Яғни, 6 күн Шелек аймағына су берілсе, 6 күн Үлкен алматы аймағына беріледі.
«Негізгі мәселелердің бірі – ауыспалы егіс алқаптары 50-ден 100 гектарға дейінгі көлемде болып, олар 5-тен 50 гектарға дейінгі ұсақ тауарлы фермерлер арасында бөлінген. Сонымен қатар, ауыспалы егіс сақталмайды, соя немесе жүгері сияқты монодақылдар басым», – деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Сондай-ақ өз жауабында олар «Қазсушар» РМК филиалы магистральдардың су бөлу нүктелерінен қажетті көлемде су беріп отырғанын жазды.
Бүгінде министрлік Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы «Д.А.Қонаев атындағы БАК магистральдық арнасының» ПК-130-дан ПК-138+86-ға дейінгі, ПК-166+70-тен ПК-170+17-ге дейінгі, сондай-ақ ПК-223-тен ПК-226-ға дейінгі учаскелерін қайта жаңарту жобасын әзірленгенін, жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алғанын айтты. Олар бұл жобаны аяқтау 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланғанын да тілге тиек етті.
Байсейіт даласы биыл да шөліркеп тұр.
Су жетіспегеннен шаруалардың табан ет, маңдай тері зая кетеді мүмкін деген қауіп бар.
«Алдағы өнім қалай боларын білмейміз» деген диқандардың уайымы бекер емес. Министрлік су айналымы режимін енгізіп, арналарды қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Бірақ бұл – ертеңгі күннің қамы. Министрлік кіріскенше шаруалардың егіні қурап, еңбегі еш болмаса жарар еді.
Orda.kz оқиғаны бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық