БАҚ өкілдері батыс жолдарымен жүріп қайтты

cover

Қазақстанның батысы, нақтырақ айтқанда Ақтөбе, БҚО, Атырау облыстарында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Ұйымдастырушы: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ.

8-12 маусым аралығында өткен турдан Orda.kz тілшісі тігісін жатқызып кең көлемді репортаж дайындады.

9 маусым

Ақтөбе орталық стадионының жанындағы қонақ үйге орналасқан БАҚ өкілдері таңғы ас ішіп, күтіп тұрған екі көлікке отырдық. Бірінші баратын жер: Ақтөбе-Қандыағаш автомобиль жолындағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақ.

Жаңа жол жақсы, бірақ ақылы болмақ

Orda.kz

Ақтөбе-Қандыағаш жолының 11-інші шақырымынан жол жөндеу жұмыстары басталған. Былай айтқанда, Ақтөбе қаласынан 11 шақырым шықсаңыз - даңғыл жолға түсесіз. Қазірге тек негізгі қабаты, яғни асфальт төселген. Оның үстінен тағы бірнеше қабат төселеді деп жоспарланып отыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ компаниясы Ақтөбе облысы филиалының директоры  Мхамбетов Марат Сағымбайұлы жеткілікті түрде мәлімет берді. Қысқаша былай қорытындыладық:

Бірінші санаттағы (4 жолақты) жолдың құрылысы 2021 жылдан бастап қарқынды жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындардың қолданысына әлі берілмеген. Өйткені 89 шақырым жолдың 25 шақырымы ғана дайын. 2023 жылы жұмыс жоспарға сай аяқталуы тиіс. Адамдар әзірге 60-шы жылдары төселген тас жолмен көлік тоздыруына тура келеді. Марат Сағымбайұлының айтуынша, жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.

— Тасжол 4 жолақты болады. Биыл соның 2 жолағы бойынша 89 шақырым жолды пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Яғни, күзге дейін Қандыағашқа дейінгі жолды беруге тырысамыз, - дейді ол.

Жалпылама айтылған мәлімет бойынша жұмыс қарқыны жақсы, еш қиындық жоқ. Ескі жолдан мезі болған жұрт жол үстіндегі БАҚ өкілдерін көріп, көліктерінің дабылын басып өтіп жатты. Бірінші санаттағы жол болғандықтан оның ақылы болуы мүмкін екені де айтылды.

— Дәл қазір Ақтөбе облысында әзірге ақылы жолдар жоқ. «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қандыағаш-Мақат» жолдары аяқталған соң оны ақылы етуге мүдделіміз. Жолдың сапасы жақсы болса, мемлекеттік қаржыландырудан шығу үшін ақылы ету тәжірибесі бар. Осылайша, жолдар өзін-өзі қамтамасыз етеді. Біз автомобиль жүргізушілерімен де бұл мәселені талқыладық. Олар да жол қауіпсіз әрі сапалы болса, ақылы етуіне қарсы емес, - деді Марат Сағымбайұлы.

Orda.kz

Ақтөбенің орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, 2-ші, 3-ші дәрежелі тас жолдар туралы ақпарат алып сапарды жалғастырдық. Баспасөзі туры болғандықтан жолға қатысты ақпаратты ұсынатын спикерлер тізімі бекітілген болды.

Ақтөбе-БҚО облыстарының шекарасынан көлік ауыстырып, Оралға жол тарттық. 300 шақырымды бірнеше сағатта басып өтіп, діттеген жерге жеттік. Жолда орта санаттағы жолдардың жөндеу жұмыстарын көрдік. 2021 жылы төселген асфальттың сиқы құрығанын да байқадық.

Көліктің тізгіншісі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ компаниясы БҚО филиалы директоры орынбасарының айтуынша, мердігер компания жол сапасына екі жыл кепілдік берген. Егер осы уақыт ішінде біткен жұмыстың былығы шықса мердігер кепіл ақшаға қайта жөндеу жұмыстарын жасауы керек болған. Бірақ, бір басқан жерін қайта басқысы келмеген мердігер кепіл ақшаны беріп, келісімшартты үзген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ендігі кезекте есеп-қисап жүргізіп, тендер арқылы басқа мердігер тартуы керек.

Таңертең елдің дауына, үкіметтің сынына қалған «Казталовка-Жәнібек-Ресей шекарасы» бағытындағы автомобиль жолы күтіп тұр. Сондай-ақ «Бисен-Өнеге-Сайқынға» да бағыт түсер деп жоспарладық.

10 маусым, 2022 жыл.

09:30 шамасында мақсат еткен жерге жөнелдік. Сары автобус ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген БАҚ өкілдері, жергілікті тілшілер және «ҚазАвтоЖол» ҰК» компаниясы БҚО филиалының директоры Қазыбек Мамбетов бар.

Сапар басындағы тас жол сапасы жақсы болып, бірден ұйқыға тартты. 100 шақырымды артқа тастаған соң кеңес жылдары төселіп, бүгінге дейін жөндеу емес жамау ғана көрген жолдармен 20 шқ тағы жол жүрдік. Оған себеп жоқ емес. Қазыбек Мамбетовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары қазір жасалса Казталовкаға қиыршық тас пен материал тасып жатқан жүк көліктерінің салмағынан жол қайта баяғы бәз қалпына келуі мүмкін. Казталовкаға жету жолын толық баяндамай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аудартқан автомобиль жолындағы жұмыс барысына тоқталайық.

Сазды жол - елге сор

«Казталовка-Жәнібек-Ресей шекарасы» жолына Тоқаев басты бұрған соң, үкімет сынға алған соң өз қарқынына енген жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қазыбек Мамбетовтың айтуынша, мердігер компаниялар 2023 жылдың күзінде жолды халыққа беру үшін үлгеруге тырысып жатыр. Десе де, үкімет өкілдері келіп кеткен соң да вагон тапшылығы мәселесі шешімін таппаған. Қазіргі таңда төрт орыннан күніне 20-25 вагонға жуық материалдар алынады. Егер оның саны күніне 45-ке жетер болса, белгіленген уақытта жұмысты аяқтап, жолды қолданысқа береді. Демек, қазір белгіленген межеге жету үшін кедергі болып тұрған дүниелер бар.

— Құрылыс материалдары Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданынан алып келеді. Ол жақтан алып келетін екі жол бар. Біріншісі: Атырау облысын айналып, РФ-ке шығып, 1340 шақырым арылықта, сол үшін логистика жағы өте қиын болып тұр. Екіншісі: Орал арқылы келіп, қоймаға түсіріліп, кейін осында жеткізіледі, - дейді Мамбетов.

Екі бағыттағы маңызды жолдардағы жұмысқа  700 адам мен 500 техника жұмылдырылған. Жоспарланған қаражат: 56,6 млрд теңге.

Осы жолға қатысты Тоқаев 2019 жылы нақты тапсырмалар берген. Бірақ, ол өз нәтижесін көрсеткен жоқ. 2019 жылдан 2022 жылға дейін 248 шақырым жолдың тек 55 шақырымы ғана аяқталған. 2022 жылы басшылық құрам ауысып, жұмыс жаңа қарқынмен басталған. Биылдың өзінде 25 шақырымдай жолдың құрылысы бітті. Сонда жалпы саны 80 шақырым ғана аяқталған. Ендігі кезекте материал жеткізуден қосымша қиындықтар туындамаса барлығы ойдағыдай болу керек. 2021 жылы аяқталу керек болған жұмыстың баяу жүруіне бірнеше кедергі болған.

— 2020 жылы пандемия болып, шектеулер көп қойылды. Адамдар келе алмады, материал, техника жағынан қиындық болды. 2021 жылы материалдар қымбаттап, мердігерлер қаражаттан қиналып, жобаға өзгерістер енгізіп, жаңа қосымша келісімшарт жасадық. Келесі қиындық материалды жеткізу. Жобаға 2019-2020 жыл 2 млрд, 2021 де 9 млрд, 2022 де 10 млрд бөлініп, қазір үкімет қолдауымен тағы 5 миллиард бөлініп отыр. Жалпы соммасы 56,6 млрд, - дейді Мамбетов.

Аталған автомобиль жолында мердігер компанияларға қатысты бірнеше қиындықтар болған. Orda.kz ақпараттық-талдамалық порталында алдағы уақытта осы жолға қатысты бөлінген ақша мен тендер туралы ақпаратты жеке зерттеу ретінде жариялаймыз.

«Бисен-Өнеге-Сайқын» автомобиль жолына баруға мүмкіндік болмады. Өйткені 300-ге жуық шақырым жол жүрдік, ал арғы жағы жолсыз мекен еді. Біз қайта сол жолды артқа басып өтіп, жалпы саны 1500 шақырымға жуық жол жүріп, түнделетіп Атырауға жеттік. Таңертең «Атырау-Астрахань» автомобиль жолындағы жұмыстармен танысу үшін тағы жолға шығамыз.

11 маусым

Ресейлік актер, шоумен Станислав Ярушиннің бір видеосынан кейін резонанс пайда болып, билік өкілдері бірден есеп беруге кірісіп кеткен Атырау-Астрахань тас жолына келдік. 2016 жылы түсірілген видеодағы жолдың жағдайын, 2021 жылы жергілікті вайнерлерде видео түсіріп әзіл арқылы жеткізуге тырысқан. Әйтсе де, жөндеу жұмыстары уақытынан кешігіп, әлі күнге дейін созылып келеді. 2022 жылы аяқталады деген 277 шақырым жолдың қазіргі таңда 60 шақырымы ғана қолданысқа берілген. Мына видеоны қарап ортадағы 200 шақырымға жуық жолдың жағдайын бағамдай берсеңіз болады:

Orda.kz

Қазір қалған 217 шақырым жолды жөндеу 4 учаскеге бөлінген. 400 техника мен 500 ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жол бұрын 3-ші санатты болса, қазір 2-ші санатқа ауыстырылған. Жолдың ені - 9 метр.

Жол жөндеу жұмыстарына кедергі болатын құбылмалы ауа-райы

— Осы жылы 30 миллиардқа жуық ақша бөлінді. Жыл соңына дейін игереміз деп ойлаймыз. Егер біздің жоспарларымыз толық орындалар болса, онда біз Құрманғазы ауылынан Атырауға дейінгі жолды асфальт-бетонды жабындымен қолданысқа береміз,- дейді Болатбек Айтбаев.

Бұл жерде де проблема болып тұрған дүние материал жеткізу екен. Болатбек Айтбаевтың айтуынша, инертті материалдардың барлығы темір жол арқылы жеткізілгендіктен вагонмен проблемалар жиі ұшырасады. Сонымен қатар, жұмыстың тоқтап қалуына жоба авторының жіберген қателігі де себеп болған. Қазір басшылық құрам ауысып, гипске арналған жаңа қоспалармен жұмысты бастаған. Ескі қоспаның кесірінен материал сапасы жақсарудың орнына нашарлағаны айтылады.

Болатбек Айтбаев Атырау облысындағы республикалық жол ұзындығы 1125 шақырым болса, соның 17 пайызы ғана қанағаттандырарлықсыз екенін айтты. Демек 67 шақырым жол ғана сөз болып тұр. Көзбен көрген адам ретінде бұл статистикамен келісу қиын.

Жолсызбен де, тас, құм, шаң жолмен де жүріп жөндеу жұмыстары аяқталған Құрманғазы ауылына да жеттік. Баспасөз туры өзі мәресіне жетіп, 12 маусым күні БАҚ өкілдері өз қалаларына аттанды.

Жақында Orda.kz порталында жолға бөлінген қаражат, мердігер компаниялардың құйтырқы әрекеті, орта жолдан тоқтаған жұмыс, мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерді пайдалану арқылы Ақтөбе, БҚО, Атырау облыстарындағы республикалық жолдарға байланысты кең көлемді материал жарияланады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар