Қазақстанда ағзасын ауыстырған 300 адам ДСМ-нің қатесінен өлім мен өмір арасында тұр

cover

2021 жыл Қазақстанда ағзасын ауыстырған адамдар үшін өте үлкен күйзеліспен басталды. Өзгенің бір ағзасын алып, өзіне салдырған адамдарға Денсаулық сақтау министрлігі аса қажетті дәріні мемлекеттік сатып алу тізіміне қоспағанын естігенде, есеңгіреп қалған.

Сондықтан, әлеуметтік желі арқылы дабыл қағып, араша сұрады.

https://www.instagram.com/p/CKBRhgwDqPb/?fbclid=IwAR2QjRM-DlNSzKQ3Au-D5w2uq8xCdzS4bqVBsV_UhcTh4CpQp10w4H6xiCc

ORDA. елдегі бірнеше реципиенттің пікірін тыңдап, олардың құқығын қорғайтын ұйым жетекшілерін тыңдады. Денсаулық сақтау министрлігінің де «қатені мойындаймыз» деген ресми жауабын алды.

Мәселенің мән-жайы

Мәселеге не себеп болғаны түсінікті болу үшін мынаны айта кету керек: Қазақстанда ағза ауыстыруға мұқтаж және трансплантология жасаған адамдар мемлекеттің кепілді көмегін алады. Бұл олардың заңды құқығы. Ал, ағзасын ауыстырғаннан кейін олар өмір бойы күніне екі рет дәрі ішеді. Әйтпесе, оның тәні өзгенің ағзасын сыртқа тебеді. Ең маңыздысы, ол адамдар отадан кейін алған дәрісінің түрі тұрмақ, дозасын ауыстырса, жаңа ағзасынан айрылуы мүмкін. Салдарынан тіпті өліп кетуі мүмкін.

Сондықтан, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылдың 29 тамызында №666 бұйрық қабылдап, сол бұйрықта тайға таңба басқандай «ағзасы мен терісін ауыстырған адамдар өмір бойы бір өндірушіден шыққан дәріні ғана ішуі керек» деп жазған. Бірақ, өз бұйрығына өзі қарсы шыққандай, 2021 жылы мемлектетік сатып алу тізіміне 300 адам ішіп жүрген 25 және 50 мг дозадағы «Сандиммун Неорал®» оригинал дәрісін енгізбеген. Онымен қоймай, олардың орнына Чехияда шығатын арзан балама – «Экорал» мен Үндістанда шығатын одан да арзан «Биорал» дәрілерін қосқан.

«Онсыз да ауыр тағдырымызды қиындатпаңыздар». Реципиенттер неге арзан дәріге қарсы?

Кейіпкерлеріміздің бәрі дерлік олар үшін бұл арзан балама өліммен тең екенін айтады. Өйткені, трансплантолог мамандар отадан кейін қолына қандай дәрі берсе, өмірінің соңына дейін сол дәріні ішу керек. Әрине, амалсыздан арзан дәрі ішуге болады, бірақ, оның салдары азапқа айналуы мүмкін: жаңа ағза жұмыс істемей, адам донор табылғанға дейін қандай қиындықпен өмір сүрсе, сол тітіркенген тағдырға қайта оралады.

- Мен 2013 жылы бүйрек трансплантациясын жасатқанмын. Донор - анам. Қазір менің және мен сияқты ағза трансплантациясын жасатқан реципиенттердің алдағы өмірі, денсаулығы Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайтын шешімге байланысты болып тұр! Мен арзан иммуносупрепивті препараттарды қабылдаудан түбегейлі бас тартамын және қазіргі ішіп жүрген оригинал иммуносупресивті препараттарды балама препараттарға алмастыруға қарсымын! Менің қазіргі денсаулық жағдайым онсыз да қыл үстінде тұр,- дейді бүйрегін ауыстырған Самат Әлиев.

https://web.facebook.com/100014039046375/videos/1082661668878458/

Ол президенттің атына бейнеүндеу жасап, шұғыл түрде шешім қабылданбаса, денсаулығы күрт нашарлайтындығын айтып отыр.

Өзі үшін емес, баласы үшін шырылдаған тағы бір кейіпкер Салтанаттың айтуынша, баласы 3,6 жыл бойы донор күткен. Ақырында, баласына өзі бүйрегін берген. Енді-енді қалыпты өмірге оралдық дегенде, алдымыздан осындай сынақ шықты дейді ол.

- Менің балам 12 жасында ауырды. Ауру бүйрегі істен шықты. 3,6 жыл бойы диализде (жасанды мембрана) болды. Сол 3,6 жылда менің балам не көрмеді. Тіпті, еске алғымызда келмейді. Енді бүйрегін ауыстырып, диализден құтылдық-ау дегенде қиындықтар пайда бола бастады. Біздің өміріміз күреспен өтіп жатыр, қиын тағдырымызды неге қиындата бересіздер? Неге біз сияқты науқастардың дәрісіне кететін ақшаны үнемдеп отырсыздар? Бізге дәрінің арзан баламасы көмектеспейді, дейді әлеуметтік желіде жазба қалдырған Салтанат Байділдаева. 

ДСМ қайырымдылық ақшасына тез арада дәрі сатып алмақшы

Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы бірыңғай дистрибьютордың сатып алатын дәрілерінің арасына тек Үндістанда шығатын «Панимун Биорал» дәрісі мен Чехияда шығатын «Экорал» дәрісі ғана енгенін хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Ботагөз Сыздықова хабарлағандай, біз айтқан №666 бұйрыққа сәйкес, ағзасын ауыстырған адамдар расымен бір өндірушіден ғана шыққан дәрі ішуі керек. Енді неге ол ереже бұзылып, биылғы сатып алуға түпнұсқадағы дәрі енбегенін ДСМ әзірге түсіндірген жоқ. Бірақ, шұғыл түрде науқастарға керек дәріні сатып алғалы жатырмыз дейді. Тек дәрі-дәрмекке бөлінген қаражатқа емес, қайырымды адамдардың ақшасына.

- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамызда қол қойылған №666 бұйрығына сәйкес, ағзасы мен терісін ауыстырған адамдар өмір бойы бір өндірушіден шыққан дәрі ішуі керек. Осы талапты орындау үшін қазір министрлік «СҚ-Фармация» ЖШС-мен бірге тез арада 25 және 50 мг дозада «Сандиммун Неорал» дәрісін сатып алуың жолдарын қарастырып жатыр. Қайырымдылық ақшасына. Дәрі қашан алынып, қалай жететіні туралы министрлік тағы хабарлайды, дейді ол.

ORDA. Денсаулық сақтау министрлігі қандай қаражатқа қанша дәрі сатып алғанын қосымша хабарлайды.

Күнімжан Айдарқызы, Нүр-Сұлтан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар