Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
Алматы қаласындағы 61993 әскери бөліміне аттанған Темірғали Данияр екі айдан кейін жындыханаға түсті. Өз еркімен әскерге кеткен Данияр екі аптадан соң қысым көргенін ата-анасына айтқан. Сарбаздың анасы Сыражанова Салтанат Orda.kz редакцияcына сұхбат берді.
Ақтөбе қаласының тұрғыны Темірғали Данияр 18 жасқа толған кезде өз еркімен әскери комиссариатқа барып, тексерістен өтіп, 3-тамызда Алматы қаласындағы 61993 әскери бөліміне қабылданып, сарбаз атанды.
«Мен баламның әскерге барғанын қаламадым. Бірақ балам мені тыңдамады. Балам грек-рим күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Әскерге барған алғашқы екі аптада жақсы көңіл күймен хабарласып жүрді. Екі аптадан кейін видеомен сөйлескен кезде құлағы қанап, мақта тығып алған екен. Не болды деп сұрағанымда «Құлағым ауырып жүр. Сержант орындықпен ұрды деп айтты», - дейді анасы.
Даниярдың соққыдан кейін басы айналып, құлағы мен мұрнынан қан кетіп, жағдайы нашарлай бастаған. Арада бір апта уақыт өткеннен кейін ата-анасына хабар келді.
«Маған телефон шалып, балаңыз сөйлемейді, тамақ ішпейді, сөйлете алмай жатырмыз деп хабарласты. Баламыз сөйлемей қалды дегенді естіген соң әкесі баламның жанына кетті», - деді Салтанат.
Анасының айтуынша, әкесі жанына барғаннан кейін де Данияр 3 сағаттай әкесін танымай, басын шайқап тілдесе алмаған. Өз-өзіне келгеннен кейін Данияр әкесімен үйге қатпаймын, осы әскерді аяқтап шығамын деп қарсыласты. Арада бір апта өткеннен кейін Данияр ант қабылдады. Ант қабылдау рәсіміне әкесі жанында болды. Рәсім барысында Данияр өзін ұрған сержантты әкесіне көрсетіп, тіпті суретке де түсіріп алған.
«Балаңыз сөйлемей, тамақ ішпей қалды» деген кезде Алматыға жанына келдім сол кезде балам маған «моншаға кіргізіп алып ұрады» деді. Сол кезде алып кетейін деп едім, қайтуға намыстанып, «өлсем осында өлемін» деп қайтудан бас тартты. Арада біраз уақыт өтіп ант қабылдау рәсіміне келгенімде «Балаңыз тағы сөйлемей қалды» деп айтты», - деді әкесі.
Ант қабылдау рәсімі кезінде Даниярдың әкесінің жанына психолог келіп: «Арыз шағымыңыз бар ма? Бүгін сіздің балаңызды ұрса, ертең басқаның баласын ұрады ғой жасырмай айтсаңызшы» деп сұраған.
«Балам өз еркімен қаламын, әскерді аяқтап шығамын деген соң ешқандай ұрып-соққанын айтпадым. Арада біршама уақыт өткен соң, өз-өзіне қол жұмсап жатыр деп хабарласты», - дейді анасы.
Анасы Салтанат денсаулығына байланысты ота жасатып үйге келген кезде хабар келді. Отадан жаңа шыққан ана денсаулығына қарамай, тәуекелге барып, баласы үшін Алматы қаласына ұшақпен ұшып келді.
«Алматы қаласындағы әскери госпитальге барсам, балам мені танымайды. Менен қашып бұрыш-бұрышқа тығыла береді. Денесі тырысып қалған. Жағдайы өте ауыр болды. Жанында біраз уақыт отырғаннан кейін дәретханаға барып келейін деп сыртқа шығып келсем, бөлмеде балам жоқ. Бөлмелерді қарап жүріп баламды тауып алдым. Баламның жанына барсам бір парақ қыстырып қойыпты, балам жылап тұр екен. «Бұл не қағаз?» деп сұрағанымда психолог: «Бұл балаңыздың «жынды» деген қағазы» деп жауап берді. Жанында тұрған командирі маған мысқылдап, «хабарласатын жеріңізге хабарласыңыз» деп айтты. Маған командирі терезеден секіргелі жатқан жерінен құтқарып қалдым деді. Олар өтірік айтады, баламды өз көзіммен көріп тұрмын ғой, баламның терезеден секірмек түгілі жүруге шамасы жоқ», - деді анасы.
Қазіргі таңда Данияр Астана қаласындағы әскери госпиталдің психиатририялық бөлімінде жатыр. Анасы Астана қаласына келгелі жағдайы жақсарып, сөйлесе бастағанын айтты. Астанадағы психолог дәрігері Даниярдың әбден қорқып, үрейленіп қалғанын айтқан.
2 желтоқсан күні Даниярдың анасына Серік Жанбосын деген кісі хабарласып қорғаныс министрлігіне шақырды. Анасының айтуынша, шақырту себебі арыз шағымды тыңдау екен. Министірлік анасына оны Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімшеге ауыстыруды ұсыныпты. Бірақ анасы да, Даниярда ол тозақ мекеніне барғысы келмейтінін айтты. Қорғаныс мингистірлігінде Данияр жанындағы сарбаздардан қалай қайтып кету жолын сұрастырғанын анасына айтқан. Анасы бұған сенбеймін, себебі балам менің қарсы болғаныма қарамастан әскерге өз еркімен кетті деп отыр.
Анасының жан айқайы
Иә, қазіргі таңда әлеуметтік желіден жігіттерді күштеп әскерге алып кетіп жатқанын көріп жүрміз. Ал, Даниярдың жағдайы тіптен бөлек. Әскерге бару Даниярдың арманы болған. Бірақ командирлер, жалпы жауапты адамдар әскерден кеткісі келіп өз-өзіне қол жұмсады деп, барлық жауапкершілікті Даниярдың мойнына артуда. Әскерге өз еркімен барып жандыханадан бірақ шыққан Даниярдың қолында әскери билет емес «жынды» деген анықтамасы бар. Бейбіт заманда өзі талпынып, Отанымды қорғаймын деп барған спортпен айналысқан, есі де, дені сау сойталдай жігіт - Данияр әскерден жынды болып оралады...
Бүгінгі күні Қазақстанда өршіп тұрған мәселенің бірі осы әскердегі әлімжеттік, қысым көрсету сияқты сорақылықтың әлі де түйіні шешілер емес. Құзырлы мекемелер жастарды көшеден жағасынан алып, әскерге сүйреуді жақсы меңгерген. Оның да саны мен салдарын кім саралап жатыр? Әскерге арманмен кетіп, табытпен оралып жатқан қыршындардың өміріне кім жауапты?! Осыдан кейін қандай есі дұрыс ата-ана аузы барып баласына әскерге бар деп айтады...
Біз бұл оқиғаға қатысты десанттық-шабуылдау әскерлери бөліміне ресми сауал жолдадық. Мақала жарияланған сәтте жауап әлі келіп түспеді. Orda.kz жағдайды бақылауда ұстайды.
Жаңалықтар
- Көлік қыздыруға бес минут жеткілікті- экология министрі
- Маңғыстауда қаза тапқан сарбаз Марат Барқұловтың ісі бойынша бірнеше әскери жазаланды
- Шымкент антикорының бұрынғы орынбасарының соты қаңтарда болады
- Қайырымдылық қордың атын жамылған қылмыстық топ сотталды
- Маңғыстауда мектеп оқушысын ит талап тастады
- Сәкен Бибосынов бокстан ұлттық құрама сапынан шығып қалды
- Фитнес-жаттықтырушысын зорлау: аппеляциялық сот кейінге қалды
- Шерзат ісіндегі маңызды кезеңдердің бірі аяқталды
- «Сатираға байланысты емес»: Полиция QazNews24 паблигінің авторы не үшін қамалғанын айтты
- Қарақалпақ белсендісі неге өз еліне экстрадицияланды?
- Жұмыссыздық: Бүйрегін 9 млн теңгеге саудаламақ болды
- Жетісу облысындағы сарбаз өлімі: ықтимал себептер айтылды
- Сәтбаевтағы экологиялық жағдай туралы премьер-министрге есеп берілді
- Қызылордада жігіт өз әйелін жүкті қылғаны үшін 12 жылға сотталды
- «Журналистерді босатуды талап етті»: Алматыда тағы бір белсенді пикетке шықты
- Қарағанды облысында жолаушылары бар автобус аударылды
- Сатиралық пабликтің авторын қорғаған тағы бір белсенді ұсталды
- Қонақ үйде өрт шықты: 10 адам мерт болды
- Түркістан облысында 1,9 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топ ұсталды
- Митинг өткізу ережелері өзгерді: әкімдік енді негізсіз бас тарта алмайды