Әскердегі кезекті өлім: Миы жаншылған сарбаз өз-өзін екінші рет қалай ата алды?

cover Коллаж Orda.kz

Әскерде борышын өтеп жүрген Қайсар Сұлтанов қызметін атқару барысында «алдымен миына мылтықпен оқ атып, арада алты минут өткен соң, орнынан тұрып жартылай мыжылған миымен өз басынан тағы да бір оқ атып өз-өзін өлтірді» дегенге сенесіз бе? Әрине, сену өте қиын. Әділдікке қолы екі жыл бойы жетпей келе жатқан марқұм Сұлтановтың анасы мен адвокаты қанды қол қылмыскерлердің жазасын алмағанына наразы екенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.

Марқұм Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова мен заңгер Инга Иманбай тергеудің шығарған қорытындысына, яғни, «Қайсар өз басынан екі рет атып суицид жасаған» дегенге сенбейтінін және оқиғаның мән-жайын журналистерге баяндап берді. 

Оқиға, 2023 жылы Астана қаласында Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде болды. Осы уақытқа дейін іс үш рет суицид жасалды деп жабылған екен. Алайда осыдан екі ай бұрын іске қатысты тергеу қайта ашылыпты. Осы екі жылда марқұм сарбаздың анасы Тілеубергенованың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Ақыры іс қайта-қайта жыбыла берген соң, ұлымен бірге сол кезде әскери борышын өтеген сарбаздар борыштарын өтеп қайтқан соң, солардың үйлерін аралап Қазақстанның түпкір-түпкіріне барып шыққан. Оған себеп — дәл оқиға болған күннің ертесіне анасы әскери бөлімге барып мән-жайды білмек болғанда, марқұм қайтыс болған кезде бір ғимаратта болған сарбаздар жауап бергенде қорқып, үрейленіп тұрғаны байқалған. 

«Жалпы осы оқиға болардың алдында мен бір күн бұрын баламды бір күндік демалысқа алып кеттім. Сол кезде әскери бөлімнің ішінде киімін ауыстырып жатқанда мен анасы ретінде үсті-басында көгерген жері жоқ па деп тексеріп шыққаным есімде. Ол кезде баламның тұла бойында ешқандай жарақат, не көгерген жерін көрмедім. Ал ертесіне ол бөлімге оралғанда мен осындай қаралы хабар алдым. Балам осыған дейін әскердің қару-жарақ сақталатын бөлімінде кезекшілікке шығып жүрген, оны маған ұлым айтты. Менің бір үлкен күдігім бар. Бәлкім балам сол қару-жарақ бөлімінде көруге болмайтын заңсыз іс-әрекеттерді көріп қойған болар. Соны маған айтып қойды ма деп күдіктеніп, куәгердің көзін жоймақ ниетте баламды өлтірді деп ойлаймын» , – деді Тілеубергенова. 

Үш рет жабылған істің қайта ашылуына себеп — марқұмның анасы барлық дәлел мен дәйекті өзі екі жылда пішен ішінен ине іздеген жандай жинап прокуратураға апарғаны. Ол дәлелдерін ұсынып шырылдаған соң ғана тергеуді қайта ашыпты. Ендігі анасының мақсаты осы жолы ашылған істі қайтадан жаппай шындыққа түбі жету. 

«Баламмен бірге болған сарбаздардың Қазақстан бойынша аралап үйлеріне дейін бардым. Көкшетау, Шымкент, Балқаш, Тараз. Шымкенттегі бір жігіт сол түні ғимаратта болған оқиғаны айтып берді. Оның айтуынша, оқтың даусы естілген дәл сол ғимаратта екі сарбаз болған. Алайда кезекші бөлімнің басшысы болған Оспанов атты азамат Сұлтановқа хабарласпай, тек осы Шымкеттінк балаға рациямен байланысқа шығып: «бәрі дұрыс па?» деп сұраған екен. Менің күдігім де осы ол неге сол ғимаратта екі сарбаз бар екенін біле тұра бірнің ғана жағдайын біледі. Ал ғимаратқа барғанда менің ұлымнан басқа сарбаздарды шығарып алған. Дәл менің балам өлетінін алдын ала қайдан біледі?», – деді марқұмның анасы.

Осы істі қолға алған заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, бұл істе суицид емес, тікелей адамды қасақана өлтіру әркеті болғанын айту үшін арнайы бір сарапшы болудың қажеті жоқ. Бәрі «тайға таңба басқандай» сот-медициналық сараптаманың қорытындысында көрініп тұр. 

«Қайсар Сұлтановтың өлімі үшін әлі ешкім жауап берген жоқ әрі толық дені дұрыс тергеу де болмаған. Екі рет басына оқ тиген өлімді суицид деп жауып тастады. Яғни, тергеу «өзін-өзі өлтірді» деп отыр. Қалайша адам өзінің басына бір емес екі рет оқ ата алады? Қайсарды біреу арнайы қасақана өлтіргенін айту үшін не сарапшы, не арнайы бір заңгер болудың қажеті жоқ. Себебі адам өзінің басына екі рет оқ ата алмайды. Жалпы Қазақстан тарихында істе «өзін-өзі атты» деп айтылатын, «үш рет атқан» Заманбек Нұрқаділовтің ісін ғана білеміз. Ал енді сот-медициналық сараптаманың нәтижесімен нақты айтсақ, екі оқ та басына тиген, бірінші оқ пен екінші оқтың арасында алты минут өткен. Сенесіз бе, бір емес, алты минут. Ал бірінші оқтан кейін оның миының жартысы шашылып кеткен. Сонда ойлаңызшы, ол не деген құдірет сонша?! Қайсарды алты минуттан соң мыжылып кеткен миымен орнынан қайта тұрғызып өз-өзін басынан тағы бір рет мылтықпен атқызған. Бұл ешқандай логикаға жатпайды», – деді Иманбай.

Сәуле Тілеубергенова елімізде күн ара сарбаз өлімі қаптап тұрғанда шындыққа жету қиын екенін айтты. Ол өзінің Қазақстанда бейбіт заманда шырылдап жүрген жалғыз ана емес екенін біледі.

«Мен осылай жүрген жалғыз ана емеспін. Баласын әскерге жіберіп, боталап қалған ана Қазақстанда көп. Бізге бір көмек қолын созар адамдар да жоқ, әр қылмыстық істі осылай екі-үш жылға созбалақтағанға әбден үйреніп алған. Қазақстанда сарбаз өлсе болды, айтар сөздері дайын тұрады. Не суицид, не менингит деп жауып тастайды. Мен баламды осылайша өле қалсын деп туған жоқпын. Ешбір ана ондай ниетте дүниеге сәби әкелмейді», – деді шырылдаған ана.
Фото II С.Тілеубергенова отбасылық архив
Фото II С.Тілеубергенова отбасылық архив

 Заңгер Иманбай істі адам өлтіру бабымен қозғау қажет екенін алға тартты. Оның айтуынша, істің қайта қозғалғанына үш ай болғанымен қайтадан «өзін-өзі өлтіру» бабы бойынша қозғалыпты. Негізінен істі қылмыстық кодекстің 99-бабы «адам өлтіру» бойынша қозғау қажет дейді.

«Жалпы бұл істі тергеуде көптеген қателер кеткен. Сондықтан арнайы тергеу тобының құрылуын талап етеміз. Іске байланысты видеолар толық емес, кейбірі өшірілген. Оқиға орнынан саусақ іздері де алынбаған. Бақылау камерасындағы бейнежазбаларды кім өшірді? Кім Қайсардың терезедегі қанын сүртті? Неге мылтықтың шүртпесі мен терезедегі қол іздерін алғызған жоқ? Ең бастысы кім қылмысты жасырды? Осы сұрақтарға жауап керек», – деді Инга Иманбай.

Соңғы екі-үш аптада елде сарбаздардың жұмбақ өлімі тағы да жиілей түсті. Көп жағдайда тергеу қортындысы бәрін «суицид» не «денсаулық жағдайы» деп көрсетеді. Қайсар Сұлтанов ісіне байланысты Orda.kz Астананың әскери прокуратурасына ресми сауал жолдады. Ресми жауап алған соң жариялаймыз.
 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар