«Аралас мектеп – отаршыл саясаттың көрінісі»: Алматыдағы №224 мектеп аралас бола ма?
Фото: Orda.kz
31 қазан күні Алматы қаласы әкімдігінде үшінші рет ондаған ата-ана мен белсенді жиналды. Олар Бостандық ауданындағы жаңа №224 мектеп тек қазақ тілінде білім беретін оқу орны болуы керек деген талап қойды.
Orda.kz тілшісі әкімдіктегі жағдайды бақылап, ата-аналардың пікірін тыңдап қайтты.
Еске салсақ, бұл мектеп – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған, 2500 оқушыға арналған заманауи әрі ең ірі білім ошақтарының бірі. Алайда оның есігі ашылмай жатып-ақ, оқыту тілі ата-аналар мен билік арасындағы басты тақырыпқа айналды.
«Қазақ мектебін ашуға қандай кедергі бар?»
Кездесуге келген аналардың бірі бұл ауданда қазақ мектебіне бала берудің көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе екенін айтты. Ол сегіз жыл бұрын Ақсай ауданынан Бостандық ауданына көшіп келген. Сол кезден бері таза қазақ мектебін табу қиын болғанын еске алады.
«Сол кезде ауданда жалғыз №140 қазақ мектебі ғана болды, бірақ біздің үй сол шағынауданға кірмеді. Кейін №94 мектепте екі қазақ сыныбы ашылды. Бірақ ол жерде мерекелер түгел орыс тілінде өтеді, Наурыз мүлде тойланбайды. Сонда таза қазақ мектебін ашуға қандай кедергі бар?», – дейді ата-ана.
Оның сөзінше, жаңа №224 мектеп ашылады дегенде ата-аналар қатты қуаныпты. Бірақ көп ұзамай мектептің «аралас» болуы мүмкін деген әңгіме тараған.
«Қазір көптеген ата-ана балаларын жаңа мектепке беруге асықпай отыр. Өйткені мектеп тек қазақ тілінде болады деген нақты кепілдік жоқ. Егер аралас болып кетсе, баяғы жағдай тағы қайталанады», – дейді ол.
Ата-аналармен кездескен білім бөлімінің басшысы Сайран Тәпенұлы ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, мектепке қабылдау 29 қазаннан басталған. 31 қазан күнгі сағат 13:00-дегі жағдай бойынша 1002 өтініш түскен.
«Оның 779-ы қазақ сыныптарына, 223-і орыс сыныптарына. 633 бала осы ауданның микроучаскесіне жатады, олардың 611-і қазақ сыныптарына өтініш берген. Бұл балалар міндетті түрде қабылданады. Қазірдің өзінде 55 қазақ тілді мұғалім жұмысқа қабылданды, тағы 12 ұстаз басқа мектептерден ауысып келеді. Ал орыс сыныптарына әзірге мұғалім табылған жоқ. Сондықтан 2-тоқсаннан бастап №224 мектеп қазақ тілінде жұмысын бастайды», – деді ол.
Бөлім басшысы сондай-ақ, орыс сыныптарына өтініш берген ата-аналарға «кадрлық мәселе шешілгенше балаларды қабылдай алмаймыз» деп түсіндіріліп жатқанын айтты.
Ата-аналар 27 қазандағы кездесуде мектепке шетелден келген балалар қабылданып жатыр деген күдік білдірген еді. Бұл сауалға Сайран Тәпенұлы нақты жауап берді:

«Мұндай ақпарат шындыққа сай емес. Мектептің шетел азаматтарын қабылдауға құқығы жоқ. Егер шетел азаматы білім алғысы келсе, ол жазбаша түрде Білім басқармасына өтініш береді. Өтініш қаралып, бос орны бар өзге мектепке бағытталады. Ал жаңа «Жайлы мектептер» жобасы мұндай категорияға арналмаған», – деді ол.
«Аралас мектеп – отаршыл саясаттың көрінісі»
Кездесуге қатысқан жазушы, қоғам белсендісі Марат Байділдәұлы бұл дауды жай ғана тіл мәселесі емес, ұлттық сана тұрғысынан бағалау керек екенін айтты.
«Біз 1982 жылдан бері Алматыда қазақ тілінде мектеп ашу үшін күресіп келеміз. Кеңес кезінде мектептің бір бұрышынан қазақ сыныбы ашылса екен деп армандайтынбыз. Ал қазір – тәуелсіз елміз. Аралас мектеп – отарлық саясаттың сарқыншағы, қазақты орыстандырудың тәсілі еді. Ендеше, неге тәуелсіз елде сол жүйенің салдарымен өмір сүруіміз керек? Мектеп не таза қазақ, не таза орыс болуы тиіс. Аралас мектептен ұлттың рухы әлсірейді», – дейді жазушы.
Кездесуден кейін ата-аналардың көбі әкімдік өкілдерінің уәдесіне сенімсіздік танытты. Олардың пікірінше, билік әдеттегідей «жұрт тынышталсын» дегендей жылы сөз айтып, уақытша сабырға шақырумен шектелген. Әкімдік «мектеп толық қазақ тілінде жұмыс істейді» деп сендіргенімен, ата-аналар бұрын мұндай уәделердің орындалмай, біраз уақыттан соң мектептің аралас форматқа ауысып кететінін жақсы біледі.
Еске сала кетсек, 27 қазанда Алматы қаласы әкімдігіне Бостандық ауданының ондаған тұрғыны жиналды. Олар әлі ашылмаған №224 жаңа мектептің қазақ тілінде білім беруін талап етті.
Жаңалықтар
- Ливан өлім жазасын жойған алғашқы араб елі болды
- Нұрай Серікбайдың өлімі: Прокурор күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
- Иранның қастандық жасау қаупіне байланысты Трамп ұшағын ауыстыруға мәжбүр болды
- Бір серіктестіктің алты бірдей жұмысшысы құдыққа түсіп қаза тапқан: Полиция үш адамды ұстады
- Бала ауыр халде: Футбол алаңында төтенше жағдай болды
- Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад сырттай өлім жазасына кесілді
- Алматыда күйеуін өлтірген әйел сотта ақталды
- Прокуратура талабымен: Атырау облысында полицейлерді соққыға жығып, бостандықта жүргендер сотталды
- Аичи-Нагоя-2026: Азия ойындарының медальдары таныстырылды
- Қытайлық ғарыш миссиясы сәтсіз аяқталды: Зымыран тасығыш 90 секундта жарылып кетті
- Медициналық сақтандыру қорынан 3,5 млрд теңгеден астам қаржы ұрланған
- Ақсайда түнгі клубта жаға жыртысқандар жазаланды
- «Крыша боламын» деп 30 млн теңге талап еткен ММА жаттықтырушысы ұсталды
- Парсы шығанағында тұрып қалған кемелер әлемді экологиялық апатқа ұшырата ма?
- Бесағашта мас ер адам көшеде қыздарға бейәдеп ұсыныс жасаған
- Астанада полиция қызметкері кәмпитке қақалған баланың өмірін құтқарды
- Елден жаппай ақша алып қашып жатқандар кім? ҰҚК мәлімдеме жасады
- Қазақстандықтар үй сатып алуды азайтты ма? Тұрғын үй нарығында жаңа өзгеріс байқалды
- Өз тойына келе алмаған жұптың тойы экран арқылы өтті
- Үйлену тойында пышақтап өлтірген: Ақтөбе облысындағы сұмдық жайт