Қарағанды облысының 55 тұрғыны сотта айыпталуда

cover

Қарағандыда сот процесі басталды: Сәтбаев қаласының 55 тұрғынының ісі сотта қаралды.

Оларды жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін, «бұзақылық, өртеу, билік өкілдеріне қарсылық көрсету» баптарымен тергелуде, деп хабарлайды Orda.kz тілшісі.

Бірнеше тұрғынға полицейлерге қатысты «зорлық-зомбылық» жасады деген айып тағылды. Көптеген сотталушылар мұны жоққа шығарады.

Оқиғаның басталуы: халық жазалауды өз қолына алды

Бұл соңғы уақытта Қарағанды облысындағы ең шулы сот процестерінің бірі. Сотқа итермелеген жағдайлар бүкіл елде алаңдаушылық тудырды. Оқиға 2020 жылдың 23 шілдесінде Сәтбаев қаласында басталды. Сол уақытта бес жасар қыздың ұрланып, зорланғаны мәлім болды. Бірнеше сағат бойы оны жүздеген адам іздеді. Олардың қатарында полиция, еріктілер, тұрғындар бар.

Нәтижесінде ауыр хәлдегі бүлдіршінді 62 жастағы жергілікті тұрғынның пәтерінен тапты. Ер кісі қызды жасырып, полицияны алдауға тырысқан. Оның үйінің алдына наразы топ жиналды. Жиналғандардың біреуі бірінші қабаттағы терезеден жалаңаш ер адамды көріп қалады. Күдіктінің пәтеріне кіруге тырысқан бірнеше жас жігіт терезелерді шаға бастады. Ондаған адам қылмыскерді өздері жазаламақшы болды.

Дегенмен полиция қызметкерлері баланы ата-анасы мен жедел жәрдем фельдшеріне тапсырды. Ал қалған полиция қызметкерлері күдіктіні «СОБР» арнайы формасын киіндіріп, жасырып алып шықты. Полиция қызметкерлері бұндай шараға күдіктіні наразы халықтан қорғау үшін барғандарын айтады. Полиция қызметкерлері ер адамды наразы топтан құтқарды, бірақ өздері жиналған адамдардан зардап шекті.

Сол түні желіге жарияланған бейнеде бірнеше тұрғындардың билік өкілдерімен төбелескені, полиция қызметкерлерінің жарақатталғаны көрінеді. Әрі қарай, полиция қызметкерлері күдіктіні алып кеткенін біліп, ондаған адам жергілікті полиция бөліміне қарай жылжиды. Жолай ғимараттың бір бөлігін қиратып, көліктерге зақым келтіріп, автобусты өртеп жіберді. Қалаға арнайы жедел әрекет ету қызметкерлері шақырылды. Олар алдымен тәртіпсіздіктерді ұзақ уақыт бақылап қана тұрды. Тек 24 шілде күні таңертең олар көпшілікті таратып, белсенді қатысушыларды ұстады.

55 сотталушы, 63 жәбірленуші

Сот ақпан айында басталды. Кейін тағы бір айыпталушының ұсталғандығына байланысты сот ісі үзілді. Прокурорлар оның ісін жалпы айыптауға қосуды сұрады. Жаңа айыптау актісін жасауға уақыт қажет болды. 16 наурызда процесс қайта басталды. Бірақ айыптаулар әлі оқылмады.

Сот онлайн режимде өтті, бұл процеске қатысушылар мен соттың дауысын ести алмай шағымданған журналистерге көптеген қолайсыздықтар тудырды. Процеске қатысушылар әртүрлі қалаларда. Бір бөлігі Қарағандыда, қалғаны Сәтбаевта. Айыпталушылар да шашыраңқы және әртүрлі ғимараттарда орналасқан. Сондықтан адвокаттар судьяны бәрі жақсы есту үшін процесті бір жерде өткізу туралы өтініш берді.

— Процеске қатысушылардың (судья мен прокурорларды қоса алғанда) бір жерде болуын қамтамасыз етуді сұраймыз, - делінден адвокаттардың мәлімдемесінде.

16 наурызда судья бұл өтінішті қанағаттандырып, сот, хатшы және аудармашы да сотталушылар мен олардың адвокаттары орналасқан абақты ғимаратында болуы үшін ұйымдастыру мәселелерін шешуге уәде берді. Іс бойынша айыпталушылардың бір бөлігі, олардың адвокаттары мен жәбірленушілері Сәтбаев сотымен бейнебайланыс арқылы болады. Отырыс барысында кейбір сотталушылардан тыңдауларды жабық режимде өткізу туралы ұсыныс айтылды, бірақ сот ол ұсыныстан бас тартты.

Істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы қарайды, өйткені сотталушылардың екеуі жасөспірім. 55 сотталушының ішінде 6 әйел адам бар. Тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін барлығы 57 адам айыпталуда, бірақ олардың екеуі әлі күнге дейін іздеуде. 55 адамның 45-і изоляторда қамауда, қалғандары үй қамауында немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат берген. Іс бойынша 63 адам жәбірленуші болып танылды. Оның 50-і-полиция қызметкері, 13-і-азаматтық тұлғалар.

16 наурызда сот талқылауында кейбір сотталушылардың адвокаттары көптеген өтініш жариялады. Қорғаушылардың айтуынша, соққыға жығылмаған, бірақ іс бойынша жәбірленуші болып өтіп жатқан полиция қызметкерлерінің саны күмән тудырады.

Сондай-ақ, адвокаттар тұрғындардың полиция қызметкерлерін ұрып-соққанына негіз болатын дәлелдерді жарамсыз деп тануды талап етті. Адвокаттар өздерінің қорғауындағы кейбір адамдардың бұл іске қатыспағандығын, жай ғана жиналғандар арасында болғандығын мәлімдеді. Прокурорлар бұған керісінше негізделген дәлелдер бар деп есептейді.

— Сатбаев қаласында орын алған тәртіпсіздіктер үлкен қоғамдық шу тудырды және ауыр қылмыс ретінде қарастырылады, — деді сот барысында мемлекеттік айыптаушы.

Сонымен, бүлдіршін қызға қатысты «ұрлау», «зорлау» және «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық» фактілері бойынша сот процесі жабық режимде өтіп жатыр. Қыз баланың жоғалуы туралы ақпарат сол түнгі тәртіпсіздіктерге соқтырды. Сот алқабилердің қатысуымен өтеді. Сотталушылар — егде жастағы ерлі-зайыптылар. Олардың адвокаты ақтауды талап етеді. Үш айыпталушының ішіндегі басты күдікті — 62 жастағы Сәтбаев қаласының тұрғыны сотқа жетпей көз жұмды. Полиция хабарлағандай, тергеу абақтысында болған кезде, яғни 2020 жылдың қазан айында ол өз-өзіне қол жұмсаған.

Авторы: Юлия Дакимова, Қарағанды
Аударған: Мұхит Тұрсынәлі

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар